Сұрақ: Таухид әл-асмаъй уас-сифат дегеніміз не?

Жауап:

Таухид әл-әсмәи уәс-сифәт дегеніміз – Аллаһ Өзін Құранда қандай есімдермен атап, қалай сипаттаған болса және Пайғамбарымыз Аллаһты қандай есімдермен атап, қандай сипаттармен сипаттаса, біз де тура солай етіп оларды ешнәрсеге ұқсатпай және жоққа да шығармай, сондай-ақ: «қалайша?» демей, өзгертпей иман келтіруіміз. Себебі кәләмға (фәлсәфаға) ілесуші көптеген адасқан топтар Құран мен Сүннетте келген Аллаһтың есім-сипаттарын нақылдан (Құран мен Сүннет) бұрын ақылға салып, Аллаһтың сипаттарын ең алдымен өзгелерге ұқсатты, сосын оларды жоққа шығарды, кейін: «Қалайша?» - деп сұрақ қойды да, соңында бұл сипаттардың мағынасын өзгертті. Ал бұлай істеу – Пайғамбарымыздың және оның Әбу Бакр, Омар, Осман, Али сияқты және басқа сахабаларының жолына сәйкес келмейді. Өйткені, Пайғамбарымыздың қоштасу қажылығында жүз мыңнан астам сахабалар қатысқанын ескерсек, олардың біреуінен Аллаһтың есім-сипаттары туралы аят-хадистер келгенде, олар сипаттардың мағынасын өзгеге ұқсатқандығы, яки жоққа шығарғандығы, «бұл сипаты менің ақылыма сыймай жатыр, оны «қалайша түсінемін?» - деп сұрақ қойғандығы және ақылға сиятынын қалдырып, симағанының мағынасын өзгерткендігі туралы бірде-бір хадис келмеген. Керісінш, Али ибн Әбу Талиб (Аллаһ оған разы болсын): «Егер дін ақылға салынатын болғанда, біз масихты мәсінің үстінен емес, астынан тартуымыз керек еді, бірақ бізге үстінен тарту бұйырылды», - деген, яғни Аллаһтың есімдері мен сипаттары Құран мен хадисте қалай келген болса және Аллаһ пен Оның Пайғамбары басқа аят, хадисте «оның мағынасы былай» деп айтпаған болса, онда оларға тура солай иман келтіру - міндетті болады.

Аллаһтың есім-сипаттарына қатысты мына үш қағиданы кім түсініп, білсе, Аллаһ қаласа, ешқашан адаспайды:

1) Аллаһтың ешбір сипаты жаратылыстарының сипатына ұқсамайды. Бұған Құран мен Сүннеттен дәлелдер:

«Оған ұқсайтын ешнәрсе, ешкім жоқ. Ол Аллаһ әр нәрсені Естуші, толық Көруші».(әш-Шура; 11).

«Расында, Аллаһ күйеуі жайында Аллаһқа шағымданып, сенімен тартысқан әйелдің сөзін естіді. Аллаһ екеуіңнің сөйлескендеріңді естиді. Күмәнсіз, Аллаһ толық естуші, тым қырағы».(әл-Мужәдәлә; 1).

Ибн Касир осы аяттың тәпсірінде имам Бухари мен имам Ахмад Айша анамыздан риуаят еткен хадисті келтірген. Ол хадисте былай деп баяндалған: «Бүкіл дауыстарды естуші Аллаһқа мақтау-мадақтар болсын! Тартысушы әйел Пайғамбарымызға келіп, онымен сөйлескенде, мен бөлменің бұрышында отырып, ештеңе естімедім. Сонда Аллаһ: «Расында Аллаһ, күйеуі жайында Аллаһқа шағымданып, сенімен тартысқан әйелдің сөзін естіді» деген аятты түсірді».

Сондай-ақ, Құранда былай деп келеді:

«Аллаһқа мысал бермеңдер (Аллаһты еш нәрсеге теңемеңдер). Негізінде Аллаһ әр нәрсені біледі, сендер білмейсіңдер».(ән-Нәхл; 74);

«Ол сияқты басқа біреуді білесің бе?»(Марьям; 65);

«Әрі Оған ешкім тең емес». (әл-Ихлас; 4).

2) Аллаһ Тағала Өзін атаған есімдері мен сипаттары және Пайғамбарымыз Аллаһты атаған есімдері мен сипаттары Аллаһтың Ұлылығына сәйкес болуы керек.

Бұған дәлел: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір Тәңір жоқ. Ол Мәңгі Тірі, толық Меңгеріп тұрушы. Ол қалғымайды да, ұйықтамайды. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән. Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Олар Оның қалауынан өзге еш нәрсе білмейді. Оның Күрсісі көктер мен жерден кең. Оған ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Ол өте Биік, аса Зор, Ұлы».(әл-Бәқара; 255).

«Ол Аллаһ - Әуелгі әрі Соңғы(әр нәрседен бұрын ежелден бар әрі мәңгі қалады, соңы жоқ). Және Ол(әр түрлі дәлелдермен)Көрнеу әрі(ақыл жетпейтін)Көмес(ғайып). Сондай-ақ, Ол - әр нәрсені толық Білуші» (әл-Хадид; 3);

«Ол сондай Аллаһ, Одан басқа құлшылыққа лайықты ешбір Тәңір жоқ. Көместі(ғайып)де, көрнеуді(ашық)де біледі. Сондай-ақ, Ол аса Рахымды, ерекше Мейірімді. Ол сондай Аллаһ, Одан басқа құлшылыққа лайықты ешбір Тәңір жоқ. Ол - Патша, өте Пәк, Есендік беруші, Қорғаушы, тым Үстем, аса Өктем, өте Ұлы. Аллаһ олардың қосқан ортақтарынан пәк. Ол Аллаһ - Жаратушы, жоқтан Бар етуші және Бейнелеуші. Есімдердің ең көркемдері Оған тән. Көктер мен жердегі әрбір нәрсе Оны ұлықтап, мақтайды. Ол өте Үстем, аса Дана».(әл-Хашр; 22-24)

Сүннеттен дәлел: Әбу Хурайрадан имам Муслим жеткізген хадисте «Пайғамбарымыз бізге төсекке жатқаннан кейін: «Жеті қат көктің Раббысы әрі ұлы Аршының Раббысы. Сондай-ақ, біздің және барлық нәрселердің Раббысы, дән мен дәнекті жарушы, Тәурат, Інжіл және Құранды түсіруші Аллаһ! Сен Әуелгісің, өйткені Сенен бұрын еш нәрсе болған емес. Сен көрнеусің, Сенің үстіңде еш нәрсе жоқ. Сен Жасырынсың, Сенің астыңда еш нәрсе жоқ. Бізді қарызымыздан құтқарып әрі кедейліктен сақтап, байыта көр!» - деп айтуды бұйырды».

3) Аллаһтың сипаттарының қандай, қалай екенін білемін деп, терең кетуге болмайды. Өйткені жаратылыстар оған құдіретті емес, яғни Аллаһты көрген ешкім жоқ, Оны салыстыратын еш нәрсе жоқ және Аллаһ пен Пайғамбары бізге оның қандай екенін айтқан жоқ.

Бұған дәлел: «Өйткені Аллаһ олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Басқалар Оны толық білмейді».(әт-Таһа; 110);

«Көздер Оған жете алмайды. Ол көздерді көреді және Ол өте Жұмсақ, толық Білуші».(әл-Әнғам; 103)

Әрбір ақыл-есі бүтін, саналы адам, өзінің көруі, естуі, білуі, ақылы сияқты сипаттарының шектеулі екенін біледі. Мұндай саналы кісі, өзінің ақылы жетпейтін істерге араласпайды. Ал Аллаһтың сипаттарының қандай екендігіне дәлелсіз араласудан тіптен қорқады. Сондықтан қысқа ақылына салып, Аллаһтың сипаттарының мән-мазмұнын бұрмаламай, Құранда Аллаһ Өзін қандай сипаттармен сипаттаса, тура солай иман келтіреді.

Наши рекомендации