Мәселенің өзектілігі

Чингаева Г.Н.

Бүйректің созылмалы ауруы

Оқу құралы

Алматы, 2011

УДК 616.61-002.2053.5

БКК 57.3:569я 73

Ч 63

РЕЦЕНЗЕНТТТЕР:

Қанатбаева Ә.Б.– ҚазҰМУ емдеу факультетінің неонатология курсы мен балалар аурулары кафедрасының профессоры, м.ғ.д., ҚР бас балалар нефрологы

Хусаинова Ш.Н.– ҚР ДМ Педиатрия және балалар хирургиясы Ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, м.ғ.д., профессор

Ч 63Чингаева Г.Н. Бүйректің созылмалы ауруы. Оқу құралы. – Алматы. – 2009. – 50 бет.

ISBN978-601-246-102-2

Оқу құралында бүйректің созылмалы ауруының қазіргі кездегі этиологиясы, патогенезі, диагностикасы мен сатыларына байланысты қолданылатын ем ерекшеліктері қарастырылған.

Оқу құралы емдеу ісі және жалпы медицина факультетінің резиденттеріне, студенттеріне, интерндерге арналған.

ББК 57.3:569я 73

«Медициналық білім және ғылымның инновациялық технологиялары Республикалық орталығы» комиссия мүшелерімен қарастырылып, баспаға жіберуге мақұлданған.

№ 5 хаттама «24» мамыр 2010ж.

Ó Г.Н. Чингаева, 2010ж.

Ысқартулар тізімі

БСА - Бүйректің созылмалы ауруы
БТЖ - Бүйректің терминалды жетіспеушілігі
БАЕ - Бүйрек алмастыру емі
NKF - Ұлттық бүйрек қоры (National kidney Foundation)
K/DOQI - Бүйректі емдеу нәтижелігінің сапасын бағалайтын ұйым (Kidney/diseases outcome quality initiative)
NAPRTCS - Бүйрек зерттеулерінің және біріккен зерттеулер ұйымының солтүстік америкалық педиатриялық регистрі
USRDS - АҚШ бүйрек мәліметтерінің жүйесі (United States Renal Data System)
ГН - гломерулонефрит
ФСГС - фокалді-сегменттік гломерулосклероз
ШСЖ - шумақтық сүзгі жылдамдығы
ҚНМ - қабілетті нефрондар массасы
ШС - шумақтық сүзгі
Cr - креатинин
Al - альбумин
ҚД - қант диабеті
АГ - артериалдық гипертензия
МАУ - микроальбуминурия
ААФт - ангиотензин-айналдырушы фермент тежегіші
АҚ - артериалдық қысым
АГД - антигипертензивті дәрілер
АРА - ангиотензин рецепторларының антагонистері
АРБ - ангиотензин рецепторларының бөгеушілері
ПТГ - паратиреоидты гормон
ЭПО - эритропоэтин
ЭЫП - эритропоэз ынталандырушы препараттар
ГД - гемодиализ
ПД - перитонеалді диализ

Мазмұны

Қысқартулар тізімі ……………………………………………………..  
Жоспар …………………………………………………………………  
Кіріспе ……………………………………………………………………  
БСА таралуы ………………………………………...  
БСА-ң эпидемиологиялық сипаты ……………………..  
Балалардағы БСА нәтижелері……………………………………………  
БСА-ң анықтамасы, критерийлері, жіктелуі …………………………...  
БСА-ң диагностикалық критерийлері……………………………...  
БСА бар науқастарды емдеу……………………………………………...  
БСА емінің негізгі қағидалары  
Бүйрек қызметін жоғалту жылдамдығын баяулату……………………  
Бүйрек қызметінің жедел төмендеу қаупін азайту ………………….  
Бүйректің созылмалы ауруының асқынуларын анықтау және емдеу…..  
Бүйрек алмастыру еміне науқастарды дер кезінде дайындау……...  
Қорытынды …………………………………………………………………  
Тест тапсырмалары………………………………………………………..  
Қолданылған әдебиеттер тізімі ……………………………………..  

Кіріспе

Мәселенің өзектілігі

Бүйректің созылмалы ауруы (БСА) – қазіргі таңда ең өзекті медициналық және әлеуметтік мәселелердің бірі. Бүйректің созылмалы ауруларының сиректігі жөнінде дәстүрлі көзқарас бүгінде толық қайта қарастырылды. Халық арасында ауқымды зерттеулерде бүйрек аурулары жиі жасырын ағымда таралып, тек бүйректің терминалды жетіспеушілігінде (БТЖ) ғана клиникалық көрініс беретіні анықталды. Бұл жағдайда бүйрек зақымдалуының белгілері – микроальбуминурия/жекелеген протеинурия және шумақтық сүзгі жылдамдығының төмендеуі. Эпидемиологиялық зерттеулердің нәтижелері бойынша БСА бар науқастар арасында БТЖ «айсбергтің қалқып тұрған шыңымен» теңеледі. БСА-ның ерте сатылары бар науқастар саны БТЖ дамыған науқастардан 50 есе көп екен.

БСА таралуының артуы, науқастардың ерте мүгедектікке ұшырауы өзекті әлеуметтік мәселеге жатады. Бүйректің терминалды жетіспеушілігі бар науқастар саны 2001 жылы 1 479 000 болса, 2004 жылы 1 783 000-ды құрады (өсім сипаты ≈ 7%/жылына). Яғни диализ қабылдайтын науқастар саны жыл сайын үздіксіз өсуде. Егер 1990 жылы бүйректің алмастыру емін (БАЕ) 426 000 адам қабылдаса, 2000 жылы – 1 065 000, 2004 жылдың соңында – 1 800 000 адамды құрады. Болжам бойынша 2010 жылы бұл топ науқастар саны – 2 095 000 жетті.

БАЕ бағасының қымбаттығынан, әлемнің 80% халқы шоғырланған аймақтарда бұл емнің қол жету қиыншылығы жалпы тәжірибелік денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселесіне айналып отыр. Солтүстік Американың БТЖ еміне жұмсаған қаражаты 2002 жылы 25,2 млрд. долларды құраса (1 жыл ішінде 11% өсті), 2010 жылы 29 млрд-қа жететіні болжанған.

Науқастарда БСА нәтижелерін жақсарту мәселесінің шешімі ұйымдасқан халықаралық бірлестікті талап етеді. Осы өзекте аурудың таралуын бағалау, дамуының алғышарт қауіп факторларын және БСА-ң ерте сатыларын дер кезінде анықтау, сонымен қатар қолайсыз нәтижелерін тауып, түзету қажет. Қазіргі таңдағы нефрология алдында кем дегенде 3 үлкен мәселе тұр. Біріншіден, бүйректің созылмалы ауруы бар науқастар санының өсуі байқалады. Екіншіден, БСА этиологиялық және патогенетикалық емінің нәтижелері көп жағдайда толымсыз болып қалуда. Үшіншіден, алғашқы екі фактордың қосарлануы бүйректің алмастырушы емін қажет ететін науқастар санының өсуіне алып келді. Оған қоса СБЖ бар науқастарда БТЖ-ны екіншілік алдын алудың көп жыл бойы қолданылған әдісі де БАЕ санының өсуіне әсер етті. Бұрынғы кезде бүйрек қызметінің белгілі бір межеден төмендеуінен кейін бәрібір БАЕ қолдану қажеттігіне байланысты бүйрек тінін қорғауға бағытталған арнайы емді қолдану қажетсіз деп саналатын. Сонымен қатар БАЕ емінің технологиясының соңғы жылдары үздіксіз жақсаруына байланысты диализ емін қабылдайтын науқастар өмірінің ұзақтығы едәуір ұзара түсті. Аталғанның барлығы диализ орындары мен донорлық мүшелерге деген мұқтаждықтың артуынан қыруар қаражаттың жұмсалуына алып келді. Тіпті жоғары дамыған елдерде емге қажет қаржы және ұйымдастыру мәселелері бюджет мүмкіншіліктерінен асып кетті. БСА үдеуін және асқынуларының дамуын тежеудің (рено-, кардиопротекция) стратегиясында ең қажет алғашқы қадам – бүйректің созылмалы ауруының (зақымдалу дәрежесінің сатысы бойынша) бірыңғай жіктемесін құрастыру.

1995ж. АҚШ Ұлттық Бүйрек Қоры (NKF/USA) бүйрек аурулары бар науқастар жағдайын жақсартуға бағытталған стратегия аясында диализ емінің сапасын жақсарту инициативті тобын (Dialysis Outcomes Quality Initiative – DOQI) құрды. Бұл топ диализ емін қабылдайтын науқастар мен диализ дәрігерлеріне клиникалық Тәжірибелік Ұсыныстарды шығаруға бағытталған. 1997ж DOQI шығарған Ұсыныстар диализ емін қабылдайтын науқастар емінің сапасы мен нәтижесіне елеулі әсер көрсетті. K/DOQI 2002 жылы «бүйректің созылмалы ауруы» терминологиясын ұсынды. K/DOQI тобы жыл сайын БСА анықталуы мен емінің негізгі бағыттарын толықтырып отырады.

Сонымен, БСА қазіргі таңда тәжірибелік нефрология мен денсаулық сақтау жүйесінің ірі мәселесі болып отыр. Балалардың басым бөлігінде БСА ерте дамиды. Негізгі себебі – бүйректің туа біткен даму ақаулары, олар балаларда БСА үдеу себептерінің жартысын құрайды. БСА терминалды сатысының баламасы – бүйрек трансплантациясы, алайда дамып жатқан елдерде денсаулық сақтау жүйесінде қаржы тапшылығы мен өлім-жітімнің жоғары деңгейіне байланысты бүйректің алмастыру емімен шектелуі БТЖ бар науқастардың санына елеулі әсер етеді.

БСА таралуы

Бұқаралық ірі регистрлер мәліметтері бойынша БСА таралуы кемінде 10%-ды құрап, бірқатар топтарда 20% және одан жоғары жиілікте кездеседі (қарттар, қант диабетінің 2 типі). Егер салыстыратын болсақ: жүректің созылмалы жетіспеушілігі халықтың 1%-да, бронх демікпесі ересектердің 5%-да, қант диабеті – 4-10%-да, артериалдық гипертензия – 20-25%-да кездеседі (1 сурет). Балалар популяциясында БСА эпидемиологиясы туралы мәліметтер шектеулі. Педиатрияда БСА эпидемиологиясы негізінен бүйрек жетіспеушілігінің кеш сатыларын сипаттайды, себебі БСА ерте сатылары жиі симптомсыз өтеді немесе анықталмайды.

Мәселенің өзектілігі - student2.ru

USRDS, 2008

1 сурет – АҚШ бүйрек жетіспеушілігінің динамикасы

Балаларда БСА-мен аурушаңдық пен оның таралуы бойынша мәліметтерді жинау зерттеудің жастық тобындағы және бүйрек жетіспеушілігінің дәрежесінің сипатының сан алуан болуына байланысты қиындатылады. АҚШ-та БСА туралы мәліметтерді 2 жерден алуға болады:

- Бүйрек зерттеулерінің және біріккен зерттеулер ұйымының солтүстік америкалық педиатриялық регистрі (NAPRTCS)
- АҚШ бүйрек мәліметтерінің жүйесі (USRDS). 2005 жылдың желтоқсан айына дейін БСА диагнозы қойылған 6400 аса науқастар туралы мәлімет жиналған.

Наши рекомендации