Сұрақ: Дінге шақыруды (дағуатты) неден бастау керек?
Жауап:
Біз бүкіл ғибадат-құлшылықтарымызды Пайғамбарымыздан және оның сахабаларынан үйренеміз. Басқаларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару да - құлшылық (ғибадат). Демек, мұны да Пайғамбарымыздан үйренеміз. Абдуллаһ ибн Аббас риуаят еткен хадисте, Пайғамбарымыз Муаз ибн Жәбәлды Йеменге жіберіп тұрып: «Сенің ең бірінші шақыратының - «лә иләһә илләЛлаһ» болсын» деген. Ал басқа риуаятта: «Таухидке шақыр», - деген (Бухари, Муслим). Бұл хадистен дағуатты Аллаһтың бірлігіне, тек жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық қылуға шақырудан бастау және Аллаһтан басқа құлшылық қылынатын барлық нәрседен қайтару - Сүннет екенін түсінеміз. Пайғамбарымыздың тарихына қарасақ, ол құрайыш мушриктеріне дағуатты «намаз оқыңдар, ораза тұтыңдар» деп бастамаған, «тек бір Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар» деп, таухидке (бірқұдайшылыққа) шақырудан бастаған.
Сұрақ: Таухид (бірқұдайшылық) ғылымын оқып үйренудің артықшылығы неде?
Жауап:
Бұл жерде бірнеше артықшылығын айта кеткен жөн:
Жәннәтқа кіру, яғни Жәннәтқа тек бірқұдайшыл (муаххид), Аллаһқа ешкімді де, еш нәрсені де ортақ етпейтін (ширк етпейтін) адамдар ғана кіреді.
Бұған дәлел Аллаһ Тағаланың мына сөздері: «Расында Мариям ұлы Мәсихты Аллаһ дегендер кәпір болды. Негізінде Мәсих: «Әй, Израил ұрпақтары! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. (Ол) Менің Раббым әрі сендердің Раббыларың! Өйткені, кім Аллаһқа серік қосса, расында Аллаһ оған Жәннәтты харам етеді. Оның орны - Тозақ оты. Сондай-ақ, залымдар үшін жәрдемші жоқ».(әл-Мәидә; 72)
Ъитбән ибн Мәлик риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз былай деп айтқаны жеткізіледі: «Кім Аллаһтың дидарын (жүзін) қалап, шын жүрегімен сеніп,«лә иләһә илләЛлаһ» (Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ) деп айтса, Аллаһ оған Тозақты харам етеді».(Бухари, Муслим).
Тозақтан құтылу.
Бұған да дәлел болып Аллаһ Тағаланың: «Расында Мариям ұлы Мәсихты Аллаһ дегендер кәпір болды. Негізінде Мәсих: «Әй, Израил ұрпақтары! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. (Ол) Менің Раббым әрі сендердің Раббыларың! Өйткені, кім Аллаһқа серік қосса, расында Аллаһ оған Жәннәтты харам етеді. Оның орны - Тозақ оты. Сондай-ақ, залымдар үшін жәрдемші жоқ»,- деген сөздері табылады. (әл-Мәидә; 72)
Әнәс ибн Мәлик деген сахаба риуаят еткен ұзын хадисте Пайғамбарымыз былай деді: «Қиямет күні болғанда адамдар қатты толқиды. Кейін барлығы жиналып Адам Пайғамбарға (оған Аллаһтың сәлемі болсын) барады да: «Раббыңның алдында бізге шапағат ет!» - деп өтінеді. Сонда Адам өзінің шапағат ете алмайтынын айтып: «Ибраһимге (оған Аллаһтың сәлемі болсын) барыңдар, расында ол Аллаһтың халилі (сүйіктісі)», - дейді. Кейін адамдар Ибраһимге келеді, сонда ол да шапағат ете алмайтынын айтып: «Сендер Мусаға барыңдар, ақиқатында Аллаһ онымен тікелей сөйлескен», - дейді. Муса да өз кезегінде шапағат ете алмайтынын айтып, адамдарға: «Исаға барыңдар, шынында ол - Аллаһтан болған рух», - дейді. Иса да шапағат жасаудан бас тартып: «Сендер Мухаммадқа барыңдар», - деп маған жібереді. Сонда олар маған келгенде: «Мен сендерге шапағат етемін», - деп айтамын да, Аршының астына келіп, Ұлы да, Құдіретті Раббыма иіліп сәжде қылып, шапағат етуге рұқсат сұраймын. Содан соң Аллаһ Тағала мені шабыттандырып, бұрын ешкімге ашпаған, Өзіне ғана арналып айтылатын тамаша мадақ сөздерді маған ашады». Сонда маған: «Ей Мухаммад! Көтер басыңды. Сұра, сен сұрағаныңды аласың. Шапағат етуді сұра, шапағатшы боласың!» - делінеді. Сонда мен: «Ия Раббым! Менің үмметім! Ия Раббым! Менің үмметім! Ия Раббым! Менің үмметім!» - деп айтамын. Кейін маған: «Кімнің жүрегінде тарының дәніндей иманы болса, соларды Тозақтан шығар!» - делінеді. Мен барып солай істеймін. Сосын тағы да Раббыма сәжде жасап, мадақ айтамын. Сол кезде маған тағы да: «Ей Мухаммад! Көтер басыңды. Сұра, сен сұрағаныңды аласың. Шапағат етуді сұра, шапағатшы боласың!» - дейді. Мен сол кезде: «Ия Раббым! Менің үмметім! «Ия Раббым! Менің үмметім! Ия Раббым! Менің үмметім!» - деймін. Сол уақытта маған: «Кімнің жүрегінде шаңның тозаңындай иманы болса, соларды Тозақтан шығар!» - делінеді. Мен барып тағы солай істеймін».(«Сахих» әл-Бухари)
Әнәс ибн Маликтің басқа риуаятындағы осы хадистің жалғасында Пайғамбарымыз сөзінжалғастырып былай деді: «Кейін мен тағы да Раббыма сәжде жасап, мадақ айтамын». Маған тағы да: «Ей Мухаммад! Көтер басыңды. Сұра, сен сұрағаныңды аласың. Шапағат етуді сұра, шапағатшы боласың!» - делінеді. Мен: «Ия Раббым! Маған «Лә иләһа илләЛлаһ» деп айтқан адамдарға шапағат етуге рұқсат бер», - дегенімде, Аллаһ субханә уа Тағалә былай дейді: «Өзімнің Пәктігіммен, Ұлылығыммен, Әзиздігіммен ант етемін! Мен «Лә иләһа илләЛлаһ» деп айтқандарды міндетті түрде Тозақтан шығарамын».(«Сахих» Бухари).