Сұрақ: Таухид әл-улухия дегеніміз не?

Жауап:

Аллаһты құлшылық етуде жалғыздау. Құлшылық дегеніміз – Аллаһ жақсы көретін және разы болатын ашық және жасырын амалдар мен сөздер. Ашық амалдар - фиқх, шариғат амалдары, мысалы: намаз, ораза, зекет, хаж, дағуат, жихад, құрбан шалу және т.б. сияқты. Жасырын амалдар: ниет, ихлас, қалау, дәмету, Аллаһ үшін жақсы көріп, жек көру, үміт ету, қорқу, тәуекел ету т.б. «Аллаһ» деген атау араб тілінің «илаһ» деген сөзінің алдына алиф пен ләм әріптерін жалғау арқылы шыққан. Ал «иләһ» деген сөздің араб тіліндегі мағынасы: «Тек Оған ғана құрметпен және махаббатпен құлшылық қылынатын Зат» дегенді білдіреді.

Аллаһ Тағала: «Әй, адам баласы! Сондай сендерді де, сендерден бұрынғыларды да жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар, әрине сақтанған боларсыңдар. Ол сондай Аллаһ сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әр түрлі өсімдіктерден ризық шығарды. Сондықтан, біле тұра Аллаһқа серік қоспаңдар»,- деді. (әл-Бәқара; 21-22) Ибн Касир осы аяттың тәпсірінде:«Осыларды жаратқан Зат ғана құлшылыққа лайықты», -дейді.

«Тәңірлерің - бір-ақ тәңір. Одан басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ. Ол аса Қамқор ерекше Мейірімді».(әл-Бәқара; 163)

«Шын мәнінде мешіттер Аллаһқа ғана тән. Ендеше Аллаһпен қатар ешкімнен еш нәрсе тілемеңдер».(әл-Жин; 18)

Бұл аятта Аллаһ Өзінен басқа ешкімнен еш нәрсе тілемеуді бұйырады, тіпті ол ең ұлы періште, немесе Пайғамбар, әулие, жын болса да. Сондықтан, біз күн сайын намаздарымызда бірнеше рет «йякә нәғбуду уә йякә нәстәғин («тек Саған ғана құлшылық қыламыз әрі тек Сенен ғана жәрдем сұраймыз)» деп айтамыз. Демек бала беру, денсаулық беру, ауруларға шипа беру, жолды ашу, бақытты ету, бәледен сақтау, жақсылықты келтіріп, жамандықты кетіру сияқты нәрсенің барлығы тек бір Аллаһтың қолында. Ендеше, осы нәрселерді өлген адамдардан сұрап жүрген кісілер «Аллаһқа иман келтірдім» деген сөздерінде шыншыл ма? Өлген адамдар кім болмасын, олардан дұға етіп, тілеуге, сұрауға болмайды, тіпті Пайғамбарымыз өзінің қабіріне келіп, өзіне дұға жасауға қатты тиым салып кетті. Бұған дәлел: Пайғамбарымыз : «Өз Пайғамбарларының қабірлерін құлшылық жасайтын орындарға айналдырған халықтарды қарғыс атсын!» - деді. (Бухари 425)

Аллаһ Құранда өлілердің естімейтіндігін, олардан дұға тілеу - Аллаһқа серік қосу екендігін айтты:

«Шынында сен өлілерге естірте алмайсың».(ән-Нәмл; 80);

«Тірілер мен өлілер тең емес. Рас Аллаһ әлде кімді қаласа, естіртеді. (Мухаммад) сен қабірдегі біреулерге естірте алмайсың».(әл-Фәтыр 22);

«Олар - өлі, тірі емес. Сондай-ақ, қашан тірілетіндерін білмейді».(ән-Нәхл; 21).

Аллаһ Пайғамбарға: «Өлілерге естірте алмайсың», - дегеннен кейін, Аллаһпен тартысып: «Қабірдегілерден сұрауға болады», - деп жүрген адам қалайша мұсылман болады?

Немесе: «Мен әруақтарға құлшылық қылмаймын, тек солардың құрметімен, солар арқылы Аллаһтан сұраймын», - деген кісілер «Тек Саған ғана құлшылық қыламыз және тек Сенен ғана жәрдем сұраймыз» деген аятқа Қиямет күні не деп жауап бермек? Ондайлар туралы Аллаһ: «Олар Аллаһтан өзге өздеріне зиян не пайда бермейтін нәрселерге құлшылық жасап: «Оларды, Аллаһтың қасында шапағатшы етеміз», - дейді. (Мухаммад): «Сендер Аллаһқа, көктердегі әрі жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бересіңдер ме?» - де. Аллаһ олардың қосқан серіктерінен пәк, жоғары», -деген.(Юнус; 18)

Бұл аятта Аллаһ Өзіненбасқа пайда да, зиян да бермейтін біреуден дұға жасап сұрауды ширк (серік қосу) деп атады, өйткені, пайда мен зиян тек Жалғыз Аллаһтың қолында (иманның алты шартының соңғысы - бүкіл жақсылық пен жамандық Аллаһтан деп сену). Ал, Нисә сүресінің 48-аятында Аллаһ өзіне серік қосуды (ширкті) ешкімге кешірмейтінін айтты:

Аллаһ Өзіне ортақ (серік) қосуды жарылқамайды да, бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды (одан төмен күнә). Сондай-ақ, кім Аллаһқа ортақ (серік) қосса, расында жала қойып, зор күнәлі болды».

Сондай-ақ, дәрежесі ширк сияқты амалдар да мәңгілік Тозақта қалдырады. Мысалы, оларға: «Құдай жоқ», - деу, немесе «Аллаһты, Ақыретті кім көріпті, барлығы бос нәрсе», - деу; Аллаһтың белгілі бір затты не істі тыйым салғанын (харам еткенін) біле тұра, оларды рұқсат етілген (халәл) деу, немесе керісінше Аллаһ халәл еткенді харам ету; сондай-ақ, «Құран - Аллаһтың сөзі емес, оны Пайғамбар өзі жазған», - деу және осы сияқты үлкен күпірлік (куфр) болып табылатын сөздер мен амалдар жатады.

Наши рекомендации