Тамақ өнімдері құрамындағы В1, В2, РР, В6, В12, және фолацинның мөлшері

Өнімдер В1 дәр, мг/100г В2 дәр., мг/100г РР, мг/100г В6 дәр., мг/100г В12 дәр, мкг/100г Фолацин мкг/100г
1. Майлы өнімдер: Қой еті Сиыр еті Шошқа еті І санатқа жататын тауық еті Тауық жұмыртқасы Бауыр Сиыр сүті Майлы сүзбе Карп   0,08-0,09 0,06-0,07 0,40-0,52 0,07 0,07 0,37 0,04 0,05 0,14   0,14-0,16 0,15-0,18 0,10-0,14 0,15 0,44 - 0,15 0,30 0,13   3,8-4,1 4,7-5,0 2,2-2,6 7,7 0,19 15,0 0,10 0,30 1,50   0,30-0,32 0,37-0,39 0,30-0,33 0,52 0,14 0,80 0,05 0,11 0,17   - 2,60-2,80 - 0,55 0,52 0,40 1,00 1,5   5,10-5,50 8,40-8,90 3,10-4,10 4,30 7,0 160,0 5,0 35,0 -
2. Нан ашытқысы 5,0 4,0 40,0 5,7  
3. Өсімдік өнімдері Қара нан Қара бидай ұннан дайындалған нан Қара құмық жармасы Сұлы жармасы Қызыл бұрыш Картоп Сарымсақ   0,18   0,23 0,43 0,49 0,10 0,12 0,08   0,08   0,09 0,20 0,11 0,08 0,07 0,08   0,67   3,40 4,19 1,10 1,00 1,30 1,20   0,17   0,29 0,40 0,27 0,50 0,30 0,60   -   - - - - - -   30,0   26,0 32,0 29,0 10,0 8,0 -

В2 дәруменінің әсерінен орталық және шеткі жүйке жүйелердің, бауырдың, асқазан-ішек жолдарының қызмет атқару жағдайы жақсарады.

В2 дәруменінің ағзаға жеткіліксіз түсуі кезінде арибофлавиноз дамиды. Оған тән симптомдар: дене массасы артуы, бойының өсуінің төмендеуі, әлсіздік, тез қажу, еріндерінде тігінен тұрған жарылулар, ісінулер, гиперемия, жараға айналуы (хейлоз), езуінде эрозия, жарылулар (ангулярлық стоматит) пайда болуы. Терісі құрғақ, қабыршақтанған, мұрнының қанаттарында және құлақтарының артында себореялық экзема түріндегі терінің өзгерістері, тілі қара қошқыл-қызыл түсті, ісінген, тілінің беті майда түйіршікті «географиялық тіл» болып көрінеді. Әрі қарай, көзінде өзгерістер дамиды: жарыққа қарай алмау, жас ағу, көз тамырларының кеңейіп қызаруы, қасаң қабығының бұлыңғырлануы (конъюнктивит, блефарит), жарыққа және түрлі-түстерге сезімталдығының төмендеуі пайда болады. Гипохромды анемия дамуы, инфекцияға қарсылық күшінің төмендеуі мүмкін.

В2 дәруменінің ағзаға қажеттілігі, емшек еметін жастағы балаларға тәулігіне 0,4-0,6 мг-нан, 11-17 жастағыларға -1,5-1,8 мг/тәулік, үлкен адамдарға – 1,5-2,4 мг/тәулік. В2 дәрумені едәуір мөлшерде жануар текті азықтардың құрамында – етте, бауырда, жұмыртақада, сүтте және сүт өнімдерінде, ашытқыларда, сондай-ақ дәнді дақылдарда, бұршақ тұқымдастарда, гүлді орамжапырақта, көк пиязда, бұрышта едәуір мөлшерде болады (8.11.- кесте).

Ниацин (В3-, РР- дәрумені, никотин қышқылы). Тотығу – тоықсыздану реакцияларында маңызды роль атқарады. Жасушалық зат алмасуы үшін өмірлік маңызы бар, себебі, тіндік тыныс алуда үлкен маңызы бар НАД және НАДФ ферменттерінің құрамына кіреді.

Ағзада ниацин триптофаннан синтезделеді, триптофанның никотин қышқылымен бірге жеткіліксіздігі пеллагра дамуына әкеп соғады. Пеллагра теріде, шырышты қабықшаларда, орталық нерв жүйесінде, асқазан-ішек жолдарыында пайда болатын симптомдармен сипатталады. Айқын аздәрумендіктің толық синдромы стоматитті және глосситті, іш өтуді, дерматиттерді және психикалық бұзылыстарды (үш «Д» - дерматит, деменция, диарея) қамтиды.

Ниациннің емшек еметін жастағы балаға қажеттілігі – тәулігіне 6-7 мг, 1-6 жастағыларға – 10-13 мг/тәулік, 7-17 жастағыларға – 16-20 мг/тәулік, үлкен адамдарға – 16-28 мг (8.2.,8.3.- кестелер).

Әдетте, тағам рационы дәнді дақылдар, бұршақ тұқымдастар, ет, балық, сорпалық өнімдер, жұмыртқа, көкөністер есебінен РР- дәруменімен жеткілікті қамтамасыз етілген (8.11.- кесте).

Пеллагра біржақты жүгерімен тамақтану кезінде пайда болуы мүмкін, оның құрамындағы ниацин, асқазан-ішек жолдарында нашар сіңетін түрінде болады. Амин қышқылдарының дисбалансы да белгілі бір роль атқаруы мүмкін. Мысалы, Индияда құрамында лейцині көп тарымен тамақтанатын адамдардың арасында көп таралған.

В6- дәрумені (пиридоксин). Қосылыстардың жақын тектес тобын – пиридоксин, пиридоксаль және пиридоксаминді біріктіреді. Олардың бәрі ағзада пиридоксальфосфат түзіп, фосфорланады. Пиридоксальфосфат трансаминазалардың және басқа да амин қышқылы алмасуын іске асыратын, атап айтқанда, амин қышқылдарын декарбоксильдеуді және қайта аминдеуді, оксиаминқышқылының және цистейінің дезаминделуін, триптофанның ниацинге айналуын және глютамин қышқылының алмасуын іске асыратын ферменттердің коферменті қызметін атқарады.

В6 дәрумені линоль қышқылынан биологиялық тұрғыдан белсенділігі жоғары арахидон қышқылының түзілуіне қатысады, липотропты әсер етеді және склерозға қарсы белсенділік қасиеті бар.

Қан түзілу үрдісінде пиридоксин үлкен роль атқарады. Оның жетіспеушілігі кезінде, лейкопоэздің төмендеуі мен анемия дамуы мүмкін.

В6 дәруменіне тәуліктік қажеттілігі ақуызға байланысты. Емізулі балаларда - 0,4 мг, 14-17 жаста - 2 мг дейін, үлкен адамдар үшін - 2 мг құрайды (8.11.- кесте).

Пиридоксин әр түрлі тағамдарда кең таралғандықтан, бұл дәруменнің толық жеткіліксіздігі өте сирек кездеседі. Гиподәрумендік белгілері балаларды жасанды тамақпен тамақтандырғанда, қызба мен инфекциясы бар науқастарда, асқазан-ішек жолдарының созылмалы ауруларында, пиридоксин-антогонистерімен (фтивазид, тубазид, т.б.) емдегенде байқалады.

Пиридоксиннің жетіспеушілігі, орталық жүйке жүйесінің бұзылуын (ашушаңдық, ұйқышылдық, полиневрит), тері мен шырышты қабықтардың зақымдануын (себореялық дерматит, ангулярлы стоматит, глоссит, хейлоз, конъюнктивит) тудырады, балаларда сіңір тартылуы, эпилептикалық конвульсия, гипохромды анемия болуы мүмкін.

Пиридоксиннің көздері -өсімдік және жануар өнімдері болып табылады, оларда бұл дәруменнің мөлшері көп болмаса да, ағзаға қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті (8.11.- кесте).

Фолацин (фоль қышқылы). Тетрагидрофоль қышқылы гистидин, метионин, т.б. амин қышқылдарының айналуларға түсуі кезінде, пуриндік және пиримидиндік нуклеотидтердің биосинтезі кезіндегі біркөміртекті топтарды тасымалдау үрдістерінде кофермент ретінде қатысады. Ол гем мен порфириннің түзілуін реттейді және белсенді етеді.

Фолацин жетіспегенде, балаларда мегалобласты анемия, алиментарлық макроцитарлық анемия, тропикалық спрудамуы мүмкін. Көбінесе, оның жетіспеушілігінің себебі, тамақ құрамында аз кездесуі мен сіңірілуінің бұзылуынан болады. Сонымен қоса, бұндай жағдайлар фолациннің сіңірілуін төмендететін дәрі-дәрмекті (бисептол, метотрексат, т.б.) көп қолданғанда, дәруменнің эндогенді синтезінің белсенділігін төмендететін бауыр ауруларында, фолациннің қажеттілігі жоғары болатын сәби жасындағы балаларда және қатерлі ісіктер кезінде пайда болады.

Балаларда тәуліктік қажеттілік- 40-200 мкг, ересектер үшін - 200 мкг құрайды (8.11.- кесте). Фоль қышқылы салыстырмалы түрде жапырақты дақылдарда (петрушкада- 117 мкг%, шпинатта - 53 мг%, бауырда -160 мг%, ашытқыда - 1470 мкг% көп, ал басқа өнімдерде оның үлесі аз. Ұзақ кулинариялық өңдеу фолациннің бұзылуына әкеледі.

Кобаламиндер (В12 дәрумендер). В12 дәруменінің барлық белгілі биохимиялық қасиеттері кофермент қызметін атқаратын метилкобаламин және аденозинкобаламин арқылы жүзеге асады.

Біріншісі, нуклеин қышқылдарының метаболизміне, екіншісі пропионаттың алдынғы өнімінің ыдырау жүйесіне қатысады.

В12 дәруменінің аш ішекте сіңірілуі үшін Кастл деп аталатын ішкі фактордың болуы керек. Оны асқазанның шырышты қабықшасының париетальді жасушалары бөледі, ол дәруменді ішектің шырышты қабықшасы арқылы тасымалдайды.

В12 дәрумені жетіспеушілігі кезінде, пернициозды анемия және жұлынның артқы бүйір бағаналарының склерозы және дегенерациясымен байланысты неврологиялық бұзылыстар дамиды.

В12 дәрумені тапшылығы, көбінесе ащы (жіңішке) ішек ауруларында ( целиакия, спру, қатерлі ісіктер) сіңірілудің бұзылуымен, құрт (гельминт) ауруларында ішкі фактордың бұзылуымен, эндокринопатия мен гастроэктомия кезіндегі ішкі фактор бөлінуі төмендеуімен, т.б. байланысты. В12 дәруменінің жетіспеушілігі, вегетерианецтерде көп кездеседі, себебі, бұл дәрумен тек жануар өнімдерінде ғана кездеседі.

В12 дәруменінің тәуліктік қажеттілігі, емізулі жаста -0,3-0,5 мкг, 11-17 жаста- 3 мкг дейін, үлкен адамдарда қажеттілігі - 3 мкг.

В12 дәрумені құрамында көп болуымен ерекшеленетіндер, сиыр бауыры (60 мкг%), бүйрек (25 мкг%), шошқа бауыры (30 мкг%). Басқа өнімдерде оның үлесі аз: етте 2-6 мкг%, балықта 1-3 мкг%, сүтте 0,4 мкг%, сүзбеде 1-2 мкг%.

Майда еритін дәрумендер. А дәрумені. А дәрумені тобына ретинол, ретинил-ацетат, ретиналь, ретиной қышқылы, т.б қосылыстар жатады (8.9. -кесте). А дәрумені ретиналь түрінде түрлі-түсті, күндізгі және тұнгі көруді қамтамасыз ететін торлы қабықтың көру пигменттерінің простетикалық тобы болып табылады. А дәруменінің басқа түрі – ретинильфосфат жасуша мембраналарының гликопротеидтерінің түзілуі кезінде қант қалдықтарын тасымалдаушысының коферменті қызметін атқарады.

А дәрумені жас ағзалардың қалыпты өсуі мен дамуы үшін, эпителий тіндерінің қалыпты жағдайын сақтап тұру үшін, көру актісін реттеу үшін және жасушалрдың антигендік құрамының тұрақтылығын иммундық бақылау үшін керек.

А дәруменінің біріншілік жетіспеушілігі, әдетте, құрамында А дәрумені мен каротиндері бар тамақ өнімдерін аз қабылдау салдарынан тамақта ұзақ уақыт болмау себебінен және А дәруменінің сорылуын қамтамасыз ететін рациондағы ақуыздың, майдың, Е дәрумені мен және басқа нутриенттердің жетіспеушілігі нәтижесінде дамиды.

А дәруменінің екіншілік жетіспеушілігі, ақуыз-энергия жетіспеушілігі, ұйқы безі, бауыр, асқазан ішек жолдарының аурулары кезінде А дәруменінің тасымалдануы, қорға жиналуы және сіңірілуінің бұзылуы кезінде пайда болады.

А дәруменінің жетіспеуі немесе сіңірілуінің бұзылуы, түрлі түс қабылдауының, қараңғы жағдайға бейімделуінің бұзылуына - гемералопияның (тауық соқырлығы) дамуына әкеледі. Сонымен қатар, тері, тыныс жолдарының, көздің, асқорыту, зәр шығару жолдарының шырышты қабықшаларының эпителийлерінің метаплазиясын, яғни қалыпты эпителийдің көпқабатты жалпақ мүйізденетін эпителийге айналуын дамытады. Бұл конъюктиваның ксерозын, ал ауыр жағдайда, көздің қасаң қабығының қабынуын тудырады, тері құрғайды, шаш фоликулаларының мүйізденуі және гиперкератозы дамиды. Эпителий метаплазиясы нәтижесінде, тіндердің инфекцияға төзімділігі төмендейді, жоғарғы тыныс жолдарының, өкпенің, бүйректің, асқорыту жүйесінің қабыну аурулары жиілейді.

А дәруменінің жеткіліксіздігі салдарынан, ағзаның әр түрлі антигендерге иммундық жауабы әлсірейді, өйткені, ретинойдтардың әсер ететін жері Т-хелпер жүйесі. Соның салдарынан А дәруменінің жетіспеушілігі, антибластомды резистенттілікті төмендетіп, қатерлі ісіктердің дамуына мүмкіндік тудырады. Эпидемиологиялық зерттеулер көрсеткендей, ретинолмен және β-каротинмен аз қамтамасыз етілген кезде, тоқ ішектің қатерлі ісіктері көбейеді.

Адам жас болған сайын А дәруменінің жетіспеушілігінің салдары ауыр болады. Балалардағы алғашқы белгілері - көз бен терінің зақымдануы, инфекцияға қарсылықтың төмендеуі, кейін өсу және даму үрдістері баяулайды. Ауыр жағдайларда өлімге әкеліп соғуы мүмкін.

А дәруменін көп қолдану, жедел немесе созылмалы гипердәрумендікке әкелуі мүмкін. Әсіресе, оның жедел түрі емдеу мақсатында тағайындалған А дәруменінің үлкен мөлшерін (100000 мкг дейін) қолданғанда, балаларда жиі байқалады және ол бас ми қысымының көтерілуі, құсу белгісімен көрінеді.

Құрамында А дәрумені көп су жануарларының - ақ аю, кит, тюленьнің бауырын тамаққа қолдану А дәруменінің гипердәрумендігін дамытады және ол бас айналумен, ұйқышылдықпен, құсумен, диплопиямен, есі шатасуымен, бауырдың зақымдануымен сипатталады.

Созылмалы гипердәрумендік, әдетте, емізулі жастағы балаларда тәулігіне 6000-20000 мкг, қабылдағанда бірнеше жетіден кейін, ал жасы үлкендеу балаларда тәулігіне 33000 мкг дейін бірнеше ай бойына қолданғанда байқалады. Оның алғашқы белгілері - терінің құрғауы, мүйізденуі, ерні жарылуы, шаштың түсуі. Кейін, бас сүйек ішілік гипертензия дамиды, көк бауыр мен бауыр үлкейеді, кортикальды гиперостоз бен артралгия байқалады.

А дәруменіне қажеттілік, тек ретинолмен ғана қамтамасыз етіліп қоймай, сонымен қатар бауыр мен жіңішке (ащы) ішектің шырышты қабықшасында А дәруменіне айналатын, продәрумен А - өсімдіктердегі каротиноидтардың (a-, b- каротиноидтары, криптоксатин, т.б.) ағзаға түсуінің есебінен де қамтамасыз етіледі. Каротиноидтардың А дәрумендік белсенділігі, ретинолға қарағанда төмен. Ең бағалысы -b-каротин, белсенділігі басқа каротиндерден екі есе артық, ретинолға қарағанда алты есе төмен, яғни 1 мкг ретинолдың белсенділігі 6 мкг каротиноид белсенділігіне тең.

Ағзаға А дәруменінің қажеттілігі, ретинолмен қатар каротиноидпен де қамтамасыз етілетіндіктен, А дәруменіне физиологиялық қажеттілік ретинолдық эквивалентпен сипатталады, оның 1 мкг-сі ретинолдың 1 мкг-не немесе каротиннің 6 мкг-не тең.

А дәруменінің емізулі жастағы балаларға қажеттілігі, үлкен адамдарға қарағанда 6-7 есе жоғары, орта есеппен 70-100 мкг/кг дене массасына (400 мкг/тәулік), үлкен адамдарға - 14-15 мкг/кг. Балалардың келесі жас шақтарында оның қажеттілігі, емізулі жастағыға қарағанда төмендегенімен, үлкен адамдарға қарағанда жоғары болып қалады.

А дәрумені, тек жануар текті өнімдерде ғана кездеседі. Бұл дәруменнің қоры ағзада жиналады, негізінен бауырда. Бауыр қоры ересектерде 1-2 жылға жетеді, сондықтан олардағы жетіспеушілік онша байқалмайды, ал балалар бауыры А дәруменін көп мөлшерде жинай алмайтындығынан, оның жетіспеушілігі тез дамиды. А дәруменінің негізгі көздері- балық майы (19 мг%), жануарлардың және теңіз балықтарының бауыры (4-8 мг%); ал сары майда (0,4-0,5 мг%), жұмыртқада (0,4 мг%) және сүтте (0,025 мг%) ол азырақ.

Жасыл жапырақты және сары көкөністер каротиноидтарға бай: сәбіз (2-7 мг%), қызыл бұрыш (2 мг%), шпинат (4-5 мг), салат (1,8 мг%), қызанақ (0,7-1 мг%) және т.б. Олар тамақта оңай еритін өсімдік майлары болған жағдайда тез сіңеді.

Д дәрумені (кальциферолдар). Д дәруменінің негізгі өкілдері адам терісіне ультракүлгін сәулелері әсер еткенде 7-дегидрохолестериннен түзілетін эргокальциферол (Д2 дәр.) мен холекальциферол (Д3 дәр.). Д дәрумені прогормон болып табылады. Одан ағзада гормондық қасиеті бар әр түрлі белсенді метаболиттер түзіледі: 1,25-диоксихолекальциферол және 24,25- диоксихолекальциферол. Д дәруменінің атқаратын қызметі, нақ осы қосылыстармен байланысты: ішекте сорылу, бүйрек түтікшелеріндегі кері орылуы және сүйек тінінен шығарылуы үрдісі кезінде жасушалық кедергілер арқылы, Са++ иондары мен бейорганикалық фосфаттың тасымалдануы жүреді.

Д дәруменінің жетіспеушілігі, көбінесе күн сәулесінің жеткіліксіздігінен, рационда Са++ иондарын байланыстыратын хелаты бар дәнді дақылдары басым, дәрумендері аз болуынан және сүтті аз қолдану себебінен дамиды. Рахиттің Д дәруменіне – тәуелді тұқым қуалайтын түрлері де кездеседі.

Д дәрумен тапшылығы кезінде, балаларда рахит, үлкен адамдарда остеомаляция дамиды. Олардың патогенезі бір, ал клиникасы мен морфологиялық белгілері әр түрлі, ол өсіп келе жатқан және қалыптасқан сүйек тіндерінің арасындағы айырмашылығына байланысты.

Рахит, жас баланың қатпаған еңбегінің қатаюы мен тіс шығуының кешігуімен, сүйек деформациясы және жұмсаруымен, аяқ сүйектері мен омыртқаның қисаюымен сипатталады. Бұл өзгерістердің барлығы, өсіп келе жатқан сүйектердің кальцийленуінің бұзылуымен және эпифиз шеміршектердің гипертрофиясымен байланысты.

Д дәруменінің үлкен мөлшері де улы әсер етеді, Д гипердәрумендікке әкеп соғады. Кальциферолға сезімталдығы өте жоғары балаларда, улану құбылысы тәулігіне 25-50 мкг қолданғанда дамуы мүмкін. Д дәруменін қолданудың барлық жағдайында да, кальцийдің қандағы мөлшерін анықтау керек, өйткені оның деңгейі дәруменді артық мөлшерде қолданғанда өседі.

Д дәруменін көп қолдану, гиперкальциемияға, Са-дың тәжі тамырларында, жұмсақ тіндерде, артерияның ішкі қабатында, сүйек тіндерінде жиналуына, бас сүйегі мен қаңқаның ерте қатаюына, кардиосклерозға, гипертонияға, бүйректің солуына әкеп соғады. Гипердәрумендіктің бастапқы симптомдары – тітіркенгіштік, әлсіздік, ұйқының бұзылуы, тәбеттің бұзылуы, терлегіштік, кейде белсенді рахиттің белгілері ретінде қате бағалануы мүмкін, сол себептен Д дәруменінің мөлшерін азайту орнына көбірек береді. Кальцификаттың түзілуімен, бүйрек патологиясының басталуымен уланудың салдары қайтымсыз болуы мүмкін.

Д дәруменінің қажеттілігі (1 МЕ=0,025мкг эргокальциферол) емізулі жастағы және 1-3 жастағы балаларға тәулігіне -10 мкг, ал жасы ұлғайған балалар мен үлкен адамдарға – 2,5 мкг дейін (8.2.,8.3.- кестелер). Өсімдік өнімдерінде Д дәрумені жоқ. Жануар өнімдерінің ішінде, ең көбі балық майында 125 мкг%, треска бауырында – 100 мкг%, атлантикалық шабақтарда – 30 мкг%, жұмыртқада – 4,7 мкг%, сары майда – 1,3-1,5 мкг%, сиыр бауырында – 2,5 мкг%, сүтте – 0,05 мкг%.

Е дәрумені (токоферол). Бұл топқа a,- b,- g,- d- токоферолдарды жатқызуға болады, олардың ішіндегі ең белсендісі -a-токоферол. Бұл қосылыстардың негізгі қызметі - антиоксиданттылық. Биологиялық мембраналардың қанықпаған липидтерін, липидтердің бос радикалды асқын тотығуы үрдістерінен қорғап, жасуша мембраналарының бүтіндігін сақтап тұрады.

Токоферол ақуыздың, креатин мен креатининнің алмасуына қатысып, кейбір пептидазалардың белсенділігін тежеп, ақуыз бұзылуының алдын алады. Бұл дәрумендердің жыныс бездері мен бұлшық ет тіндерінің дамуы мен қызметіне үлкен әсері бар.

Е дәруменінің жетіспеушілігі кезінде, гемолиз, креатинурия, бұлшық еттерде цериодтың шоғырлануы байқалады және оның дистрофиясы дамиды. Е дәруменінің ұзақ уақыт жетіспеуі, сперматогенездің және ұрық түтікшелерінің дегенеративті өзгеруіне әкеп соғады.

Токоферолдар тағамдық азықтардың құрамында көп кездесетіндіктен, оның біріншілік гипо-, аздәрумендігі өте сирек кездеседі. Ол емізулі жастағы балаларды қанықпаған майлары көп қоспалармен тамақтандырған кезде және ақуыз - энергия жеткіліксіздігі кезінде кездеседі. Екіншілік жетіспеушілік мальабсорбция синдромы кезінде дамуы мүмкін.

Е дәруменінің қажеттілігі, емізулі жаста -3-4 мг токоферол эквивалентін (т.э) құрайды, 14-17 жаста-12-15 мг т.э., сонымен қоса жыныстық жетілу кезінде ер балаларға (15мг) қажеттілігі қыздарға (12 мг) қарағанда, жоғары (3- кесте). Ер адамдарға – 10, әйелдер үшін – 8 мг/тәулік.

Токоферолдар жануар текті өнімдерде де, өсімдік өнімдерінде де кездеседі. Әсіресе, онымен өсімдік майлары бай: соя майында – 114 мг%, мақта майында – 99 мг%, күнбағыс майында – 67 мг%. Нанда – 2-4 мг%, жармаларда – 2-9 мг%, кейбір көкөніс, жемістерде Е дәрумені азырақ кездеседі - 0,1-0,2 мг%. Жануар өнімдерінде ол сары майда - 1,5-2,5 мг%, жұмыртқада – 1-3 мг%, етте – 0,7-2 мг% кездеседі.

К тобының дәрумендері (филлохинондар). Препротромбиннің және басқа да ақуыздардың молекуласындағы глютамин қышқылының қалдықтарын карбоксильдеу реакциясын жүзеге асыратын ферменттер жүйесінің простетикалық тобының құрамына кіреді, бұл оған кальцийді байланыстыратын қасиет береді. Сонымен, бауырда қан ұю факторларының: ІІ (протромбиннің), VІІ (проконвертиннің), ІХ (Кристмас факторының), Х (Прауэр-Стюарт факторының) пайда болуы К дәруменіне байланысты.

Әдетте, К дәруменін ағзадағы ішек микрофлоралары синтездейді. Жаңа туылған балаларда алғашқы 5 күнде біріншілік К – адәрумендігі дамуы мүмкін, себебі, ішекте оны түзетін микрофлора әлі толығымен қалыптаспаған. Өсімдік майларын көп мөлшерде қабылдаған кезде, өт жолдарының механикалық бітелуінен он екі елі ішекке өт түсуі тоқтауының салдарынан, К-дәрумені жеткіліксіз сіңуі себебінен, екіншілік К-адәрумендігі жиі кезедседі. Сондай-ақ, антибиотиктерді ауыз арқылы қабылдаған кезде де, ішек микрофлораларының К- дәруменін эндогенді синтездеуі тежелуі мүмкін.

К дәруменінің жетіспеушілігі, қан ұюының нашарлауымен, қан ағуымен және гипопротромбинемиямен байқалады. К дәруменінің қажеттілік нормасы (1991 ж.) “Тамақтану нормаларында” нормаланбаған. АҚШ-та мынадай мөлшерлермен шектелген: 6 айға дейін - 5 мкг тәулігіне, 6-12 айға дейін - 10 мкг, 1-3 жаста - 15 мкг, 4-6 жаста - 20, 7-10 жаста - 30, 11-14 жаста - 45, 15-18 жаста - 65 мкг (ер адамдарға - 70-80 мкг, әйелдерге - 65 мкг). К дәрумені өсімдік, жануар тағамдарында кездеседі: шпинатта – 4,5 мг%, томатта – 0,4 мг%, картопта – 0,08 мг%, түсті орамжапрақта - 0,06 мг%, жұмыртқада - 0,02 мг%, етте – 0,15 мг%.

Наши рекомендации