Бап. Жеке еңбек шартын жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзудың негiздерi

Жеке еңбек шарты:
1) ұйым (заңды тұлға) таратылған, жұмыс берушiнiң (жеке адамның) қызметi тоқтаған;
2) қызметкерлердiң саны немесе штаты қысқартылған;
3) жеке еңбек шартының қолданылу мерзiмi немесе сынау мерзiмi iшiнде қызметкердiң жеткiлiктi бiлiктiлiгiнiң болмауы не белгiлi бiр жұмысты жалғастыруға кедергi келтiретiн денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын қызметiне немесе орындайтын жұмысына сәйкессiздiгi аңғарылған;
4) жүктiлiгi және бала тууы бойынша демалыста болу уақытын есептемегенде, еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында сол ауру бойынша еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзiмi белгiленбесе, жұмысқа қатарынан екi айдан астам уақыт бойы келмеген жағдайда бұзылуы мүмкiн. Аурулар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. Еңбек қабiлетiн еңбекте мертiгуiне немесе кәсiптiк ауруға байланысты жоғалтқан қызметкердiң жұмыс орны (қызметi) еңбек қабiлетi қалпына келгенге немесе мүгедектiк анықталғанға дейiн сақталады;
5) қызметкер ұйыммен бiрге басқа жерге ауысудан бас тартқан;
6) осы Заңның 23-бабының 2-тармағына сәйкес неғұрлым жеңiл жұмысқа ауыстырудан қызметкер бас тартқан;
7) еңбек жағдайларындағы өзгерiске байланысты жұмысты жалғастырудан бас тартқан;
8) егер қызметкер тәртiптiк жаза алған болса, ол еңбек мiндеттерiн дәлелдi себептерсiз қайталап орындамаған;
9) қызметкер еңбек мiндеттерiн бiр рет өрескел бұзған жағдайда бұзылуы мүмкiн.
Қызметкердiң еңбек мiндеттерiн бiр рет өрескел бұзуына: бiр жұмыс күнi iшiнде дәлелсiз себеппен қатарынан үш сағат және одан да көп уақыт бойы жұмыста болмауы; жұмысқа алкогольден, есiрткiден, уыттанудан масаң күйде келуi; жұмыс күнi iшiнде алкогольден, есiрткiден, уыттанудан (соларға ұқсас заттардан) масаң жағдайды туғызатын заттарды пайдалануы; қызметкердiң еңбектi қорғау немесе өрт қауiпсiздiгi не көлiкте жүру қауiпсiздiгi ережелерiн, жарақат алу мен аварияларды қоса алғанда, ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкiн болатындай бұзуы; жұмыс орнында заңды күшiне енген сот үкiмiмен немесе қаулысымен анықталған мүлiктi ұрлауы (соның iшiнде ұсақ заттарды) жатады; ( Z970206 (7-бап 33)-34) тармақшаларды қараңыз)
10) егер iс-әрекетi оған жұмыс берушi тарапынан сенiмiнiң жоғалуына негiз болса, ақшалай немесе тауарлық құндылықтармен тiкелей қызмет ететiн қызметкер кiнәлi iс-әрекет жасаған;
11) тәрбиешiлiк мiндеттi атқарушы қызметкер аталған жұмысты жалғастырумен сыйыспайтын жат қылық жасаған;
12) қызметкерге еңбек мiндеттерiн атқаруымен байланысты белгiлi болған мемлекеттiк, қызметтiк, коммерциялық мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария еткен;
13) осы Заңның 21-бабына және осы баптың 5) тармақшасына сәйкес басқа жұмысқа уақытша ауыстырған жағдайда қызметкер жұмыстан бас тартқан;
14) Бұрын осы жұмысты орындап келген қызметкер сот шешiмiмен жұмысына қайта алынған;
15) қызметкерге мемлекеттiк құпияларға рұқсат беру тоқтатылған жағдайда жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзылуы мүмкiн.
Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2001.12.06. N 260 Заңымен , 2004.12.23. N 20 Заңымен.

27-бап. Жұмыс берушiнiң бастамасымен жеке еңбек
шартын бұзу мүмкiндiгiн шектеу

1. 26-баптың 1), 2), 5) және 7) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша жұмыс берушi жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда қызметкерге жеке еңбек шартының алдағы уақытта бұзылатыны туралы оның бұзылуынан кемiнде бiр ай бұрын жазбаша түрде ескертуге мiндеттi.
Жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша жеке еңбек шартын:
1) осы Заңның 26-бабының 1), 5), 8), 9), 10), 11), 12), 14) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктi әйелдермен, бiр жарым жасқа дейiнгi баласы бар әйелдермен (растайтын құжаты болған жағдайда);
2) осы Заңның 26-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз және жыл сайынғы еңбек демалысында болған кезде бұзуға жол берiлмейдi.
Қызметкердiң орындалатын жұмысқа денсаулық жағдайы бойынша сәйкес келмеуi салдарынан оның еңбек мiндеттерiн тиiсiнше орындауға кедергi жасайтын еңбек қабiлеттiлiгi ұдайы төмендеген кезiнде, не егер еңбек мiндеттерiн орындау қызметкердiң өзiне терiс әсер ететiн немесе айналасындағылар үшiн қауiптi болса, еңбек шарты бұзылуы мүмкiн.
Қызметкердiң денсаулық жағдайы бойынша еңбек мiндеттерiн орындауды жалғастыруға мүмкiндiгi болмауы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысымен расталуға тиiс. ( V021937 , 3-3-тарау қараңыз)
2. Осы Заңның 26-бабының 1) және 2) тармақшаларында және 30-бабының 1) тармақшасында көзделген негiздер бойынша жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс берушi қызметкерге орташа айлық жалақысы мөлшерiнде өтемақы төлейдi. (P001942 ( 2-тарау 16-тармақты қараңыз)
3. Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда өтемақылық төлемдердiң басқа да жағдайлары мен мөлшерi белгiленуi мүмкiн.
4. Осы Заңның 26-бабының 3) тармақшасына сәйкес қызметкердi жұмыстан шығаруға негiз болатын аттестаттау жүргiзген кезде аттестаттау комиссиясының құрамына мiндеттi түрде сол ұйым қызметкерлерiнiң өкiлдерiнен комиссия мүшесi енгiзiледi.
5. Кәсiподақ мүшесi болып табылатын қызметкермен еңбек шартын осы Заңның 26-бабының 2), 3), 8) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша бұзу, сол ұйымның кәсiптiк одақ органының дәлелдi пiкiрi ескерiле отырып жүргiзiледi. ( Z931400 қараңыз)
Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.

28-бап. Жеке еңбек шартының қызметкердiң
бастамасы бойынша бұзылуы

1. Қызметкер жеке еңбек шартын бұзатындығы туралы кемiнде бiр ай бұрын жұмыс берушiге жазбаша түрде ескерте отырып, оны бұзуға құқылы.
Ескерту мерзiмi бiткен соң қызметкер жұмысын тоқтатуға құқылы. Жұмыс берушi жұмыстың соңғы күнi қызметкердiң талап етуi бойынша еңбек кiтапшасын және оның басқа да құжаттарын беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасы мен ұжымдық шартқа сәйкес оған тиесiлi барлық сомалар төлемiн жүргiзуге мiндеттi. (P001942 ( 3-тарау 18-тармақты қараңыз)
2. Тараптардың келiсiмi бойынша жеке еңбек шарты ескерту мерзiмi бiткенге дейiн бұзылуы мүмкiн.
Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.

29-бап. Жұмысқа қайта алу

Жеке еңбек шарты заңсыз негiзде бұзылған не басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған жағдайда еңбек дауын қарайтын орган қызметкердi бұрынғы жұмысына қайта алғызуға тиiс. ( V001071 (11, 23-тармақтарды қараңыз)
Жеке еңбек шартының заңсыз бұзылуына байланысты бұрынғы жұмысына қайта алынған қызметкерге амалсыздан жұмыссыз жүрген барлық уақыты бiрақ алты айдан аспайтын уақыт үшiн орташа табысы төленедi. ( P001942 қараңыз)
Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.

30-бап. Жеке еңбек шартын тараптардың еркiне байланысты
емес мән-жайлар бойынша тоқтату

Жеке еңбек шарты тараптардың еркiне байланысты емес мынадай мән-жайлар бойынша:
1) қызметкердi әскери қызметке шақырған кезде құжатын көрсеткенде үш күн мерзiмде;
2) қызметкер жазаға тартылған сот үкiмi заңды күшiне енген жағдайда бұрынғы жұмысты жалғастыру мүмкiндiгi болмағанда;
3) қызметкер қайтыс болған жағдайда, сондай-ақ сот қызметкердi қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеттi деп таныған жағдайда;
4) сот қызметкердi әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi , соның салдарынан қызметкердiң бұрынғы жұмысын жалғастыруға мүмкiндiгi жоқ деп таныған жағдайда тоқтатылуға тиiс.
Соттың үкiмi, шешiмi заңды күшiне енген күн немесе қайтыс болған күн осы баптың 2)-4) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша еңбек шартының бұзылған күнi болып табылады.

31-бап. Жұмыстан шеттету

1. Нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген жағдайларда уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың талап етуi бойынша жұмыс берушi қызметкердi өз құзыретi шегiнде сол органдар жасаған қаулылар мен шешiмдер негiзiнде жұмыстан шеттетуге мiндеттi.
2. Жұмыс берушi заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда:
1) жұмысқа алкогольден, есiрткiден, уыттанудан масаң күйде келген немесе жұмыс күнi iшiнде осындай масаң жағдайды туғызатын затты пайдаланған;
2) еңбек қорғау ережелерi бойынша емтихандар тапсырмаған; ( V043394 қараңыз)
3) жеке басын қорғаудың жұмыс берушi берген керектi құралдарын пайдаланбаған;
4) егер ол заңдарға сәйкес мiндеттi болса, медициналық тексеруден өтпеген; ( V011630 ; V032556 ; V042780 қараңыз)
5) авариялық жағдайға ұшыратуға, еңбектi қорғау, өрт қауiпсiздiгiнiң не көлiктегi қозғалыс қауiпсiздiгiнiң ережелерiн бұзуға әкеп соқтыруы мүмкiн ic-әрекеттер жасаған қызметкердi жұмыстан шеттетуге мiндеттi.
3. Жұмыстан шеттету кезеңiне жалақы сақталмайды.
4. Қызметкердi жұмыстан шеттету оған негiз болған себептер анықталғанға және (немесе) жойылғанға дейiнгi мерзiмге жүзеге асырылуы мүмкiн.
Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.

3-тарау. Ұжымдық шарт

32-бап. Ұжымдық шарт жасасу туралы шешiм қабылдау
құқығы

1. Бiр немесе бiрнеше жұмыс берушi (олардың өкiлдерi) және бiр немесе бiрнеше қызметкерлердiң өкiлдерi ұжымдық шарттар жасасу мақсатымен келiссөздер жүргiзедi.
Ұжымдық шарт жасасу жөнiндегi келiссөздердi бастау туралы ұсыныспен екiншi тараптан хабарлама алған тарап он күн мерзiм iшiнде оны қарауға және келiссөздерге кiрiсуге мiндeттi.
2. Жұмыс берушi ұжымдық шарттар жасасатын тараптардың барлық өкiлдерiмен келiссөздер жүргiзедi. ( K010155 қараңыз)
3. Ұйымда бiрнеше кәсiптiк одақтар болған кезде олар келiссөздер жүргiзу, ұжымдық шарттың жобасын дайындау және оған қол қою үшiн бiрыңғай өкiлдi орган құра алады. Бұл ретте олардың әрқайсысына бiрыңғай орган құрамында келiссөздер жүргiзу жөнiнде өздерi аттарынан өкiлдiк етiлетiн кәсiптiк одаққа мүше қызметкерлер санына тепе-тең өкiлдiк принципi негiзде өкiлдiк етуге құқық берiледi.
Кәсiптiк одақтың мүшесi болып табылмайтын қызметкерлер жұмыс берушiмен өзара қарым-қатынаста өз мүдделерiн бiлдiру үшiн кәсiподақ ұйымының органына да, сол сияқты өзге де өкiлдерге уәкiлеттiк беруге құқылы.
4. Келiссөздер жүргiзiлетiн уақытқа келiссөздер жөнiнде екiжақты комиссия құрылады, оған екi жақтан да тең мөлшерде өкiлдер енедi.
Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.

33-бап. Ұжымдық шарттың мазмұны және құрылымы

1. Ұжымдық шарттың мазмұнын келiссөздер жөнiндегi екiжақты комиссияда тараптар белгiлейдi.
Ұжымдық шартта бiлiм беру ұйымдарын бiтiрушiлер қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген жағдайда оларды жұмысқа қабылдау туралы талап болуы мүмкiн.
2. Ұжымдық шарт:
оның қолданылу мерзiмi туралы;
орындалуын бақылау тәртiбi туралы;
шарт талаптарының орындалмағаны үшiн жауапкершiлiк туралы;
өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi туралы ережелердi қамтиды.
3. Ұжымдық шарттардың ережелерi қызметкерлердiң құқығын шектемеуi, еңбек жағдайларын нашарлатпауы және заңдарда белгiленген кепiлдiктердi бұзбауы керек.
Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.

Наши рекомендации