Бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
ЖАЛПЫ БӨЛІМ
Бөлім. Жалпы ережелер
Тарау. Негізгі ережелер
бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адамның тіршілік ету ортасы (бұдан әрі - тіршілік ету ортасы) - табиғи, антропогендік және әлеуметтік факторлардың, адамның тіршілік ету жағдайын белгілейтін ортаның (табиғи және жасанды) жиынтығы;
2) АҚТҚ - адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышы;
3) анонимдік қарап тексеру - адамды тұлғасын сәйкестендірмей медициналық қарап тексеру;
4) әскери-медициналық қызмет - мемлекеттік органдардың әскери немесе арнаулы қызметтің болуы заңмен көзделіп, осы органдардың қызметін медициналық қамтамасыз етуге арналған және оларға бағынысты болатын әскери бөлімшелерінің, сондай-ақ оларға ведомстволық бағынысты мекемелер мен бөлімшелердің жиынтығы;
5) әскери медицина - әскери-медициналық қызметтің әскерлерді бейбіт және соғыс жағдайында медициналық қамтамасыз етуді өзіне мақсат тұтатын, ғылыми білімдер (ғылыми-практикалық пәндер кешені) мен практикалық қызметтің жүйесін білдіретін медицина және денсаулық сақтау саласы;
6) бас миының біржола семуі - үлкен ми сыңарын, діннің, көшірмесін, орта ми мен мишықты қоса алғанда, мидың бүкіл қатпарының семуімен қатар жүретін, бас миы жүйке клеткаларының интегралдық функцияларын толық жоғалтуы;
7) бейінді маман - клиникалық бейіндегі белгілі бір мамандық бойынша сертификаты бар, жоғары медициналық білімді медицина қызметкері;
8) вакцинадан кейінгі асқыну - организмде вакцина кезеңіне байланысты ауыр, тұрақты патологиялық өзгерістердің клиникалық белгілері;
9) вакцинадан кейінгі реакция - организмде вакцина кезеңіне байланысты тұрақты емес патологиялық өзгерістердің клиникалық және зертханалық белгілері;
10) дәрілік заттар - аурулардың профилактикасына, оларды диагностикалауға және емдеуге, сондай-ақ организмнің күйі мен функцияларының өзгеруіне арналған фармакологиялық белсенді заттарды білдіретін немесе олардан тұратын заттар: дәрілік субстанция, табиғи текті дәрілік шикізат, дәрілік ангро- және балк өнімдері, дәрілік препараттар, иммунобиологиялық медициналық препараттар.
Дәрілік заттарға парафармацевтикалар теңестіріледі;
11) дәрілік заттар айналымы саласындағы субъектілер - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
12) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың бөлшек саудасы - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен ережелерге сәйкес жүзеге асырылатын, сатып алумен (әкелуден басқа), сақтаумен, бөлумен, түпкі тұтынушыға өткізумен (әкетуден басқа), жойып жіберумен байланысты фармацевтикалық қызмет;
13) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың көтерме саудасы - көлемі шектелмей, жойып жіберілмей денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен ережелерге сәйкес жүзеге асырылатын, сатып алумен, сақтаумен. әкелумен, әкетумен және өткізумен (дәрілік заттарды халыққа өткізуді қоспағанда) байланысты фармацевтикалық қызмет;
14) дәрілік заттарды дайындау - дәріханаларда дәрілік түрлерді дайындаумен, сондай-ақ дәрілік субстанциялар алумен, дайындалған дәрілік заттарды сақтаумен, сапасын бақылаумен, ресімдеумен және өткізумен байланысты фармацевтикалық қызмет;
15) дәрілік заттардың саудалық атауы - дәрілік зат тіркелетін атау;
16) дәрілік заттың медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың сапасы - дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мақсаты бойынша әрекет етуші қабілетіне әсер ететін қасиеттері мен сипаттамаларының жиынтығы;
17) дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған дәрілік заттың атауы;
18) дәрілік формуляр - денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекітетін, тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттардың жеткілікті мөлшері болуға міндетті ұйымның бейіні ескеріле отырып қалыптастырылған дәрілік заттардың тізбесі;
19) дәстүрлі медицина - дәстүрлермен бекітілген әдістерге негізделген медицина саласы және медициналық қызметкерлердің қызметі;
20) денсаулық - аурулар мен дене кемістіктерінің болмауы ғана емес, тұтастай тәни, рухани (психикалық) және әлеуметтік әл-ауқаттылық жағдайы;
21) денсаулық сақтау - аурулардың алдын алуға, әрбір адамның дене және психикалық саулығын сақтап, нығайтуға, оның белсенді ұзақ жылдық өмірін қолдауға, оған денсаулықтан айырылған жағдайда медициналық көмек көрсетуге бағытталған саяси, экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми, медициналық, санитариялық-гигиеналық және індетке қарсы сипаттағы шаралар жиынтығы;
22) денсаулық сақтау жүйесі - қызметі азаматтардың денсаулық сақтау мен медициналық көмек алу құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау субъектілерінің жиынтығы;
23) денсаулық сақтауды басқару органдары - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтау ісін мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, медициналық қызметтер органдары;
24) денсаулық сақтау ұйымы - денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
25) денсаулық сақтау саласындағы медициналық сараптама (бұдан әрі - денсаулық сақтау саласындағы сараптама) - денсаулық сақтау қызметтің әртүрлі салаларында құралдардың, әдістердің, технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің деңгейі мен сапасын белгілеуге бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралардың жиынтығы;
26) денсаулық сақтау саласындағы стандарттау - стандарттарды, талаптарды, нормаларды, нұсқаулықтарды, ережелерді, сондай-ақ процестердің, медициналық технологиялар мен көрсетілетін қызметтердің сипаттамаларын әзірлеу, енгізу және сақталуын қамтамасыз ету арқылы денсаулық сақтаудағы реттіліктің оңтайлы дәрежесіне және сапа деңгейіне қол жеткізуге бағытталған басқарушылық қызмет;
27) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналымы, медициналық қызметтер көрсету сапасын бақылау саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
28) денсаулық сақтау стандарты - медициналық және фармацевтикалық қызмет саласындағы ережелерді, жалпы принциптер мен сипаттамаларды белгілейтін құжат;
29) диагностика - аурудың диагнозын қоюға бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешені;
30) динамикалық бақылау - денсаулықтың жай-күйін жүйелі түрде қадағалау және медициналық ұйымдарда халыққа емдеу-профилактикалық көмек көрсету;
31) донор - донорлық қан, оның компоненттері, өзге де донорлық материал (оның ішінде шәует, аналық жасуша) алу жүргізілетін, сондай-ақ реципиентке транспланттау ушін тіндер және (немесе) ағзалар (ағзалардың бөліктері) алынатын адам, адамның мәйіті, жануар;
32) емдеу - аурудың барысын жоюға, бетін қайтаруға және (немесе) жеңілдетуге, сондай-ақ олардың асқынуын болғызбауға бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешені;
33) ерікті емделу - науқастың немесе оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылатын емдеу;
34) жалған дәрілік зат - құрамы, қасиеттері және басқа да сипаттамалары бойынша түпнұсқаға немесе дайындаушының қайта өндірілген дәрілік затына (генерикке) сәйкес келмейтін, заңға қайшы және әдейі қолдан жасалған этикеткамен жабдықталған дәрілік зат;
35) жеке медициналық кітапша - міндетті медициналық қараулардың нәтижелері жұмысқа жіберілу туралы белгі қойылып енгізілетін, халықтың декреттелген тобының өкіліне берілетін жеке құжат;
36) ЖҚТБ - жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісі - адамның қорғаныш жүйесінің АҚТҚ-дан қатты зақымдануынан болған патологиялық белгілер байқалатын АҚТҚ жұқтырғышының соңғы сатысы;
37) жұқпалы және паразиттік аурулар - тіршілік ету ортасы биологиялық факторларының адамға әсер етуі және аурудың науқас адамнан, жануардан сау адамға берілу мүмкіндігі себепті туындайтын және таралатын адам аурулары;
38) инвазиялық әдістер - адам организмнің ішкі ортасына ену жолымен жүзеге асырылатын диагностикалау мен емдеу әдістері;
39) йод тапшылығы аурулары - ағзаға йодтың жеткіліксіз түсуіне және организмнің йодты жеткіліксіз қорытуына байланысты қалқанша без функциясының бұзылуынан болатын организмнің патологиялық жай-күйі;
40) кәсіптік ауру - қызметкердің өз еңбек (қызмет) міндеттерін атқаруына байланысты қызметкерге зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған созылмалы немесе қатты ауру;
41) клиникаға дейінгі зерттеулер - адамның денсаулығы үшін ерекше әсер етуін және (немесе) қауіпсіздігін зерттеу мақсатында сыналатын заттарды немесе физикалық әсерді, аурулар профилактикасының, диагностикасы мен емдеудің құралдарын, әдістері мен технологияларын зерттеу жөніндегі химиялық, физикалық, биологиялық, микробиологиялық, фармакологиялық, токсикологиялық және басқа эксперименттік ғылыми зерттеулер немесе зерттеулер сериясы;
42) қоғамдық денсаулық - қоғамның азаматтардың салауатты өмір салтын сүруіне. Аурулар мен жарақаттардың прфилактикасына, сондай-ақ тіршілік ету ортасының қолайсыз факторларының әсерін болғызбауға күш салуын көрсететін, халыңтың психикалық, тәни және әлеуметтік әл-ауқатының кешенді сипаттамасы;
43) маманның сертификаты - адамның нақты мамандық бойынша кәсіптік практикалық медициналық немесе фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға даярлығын растайтын белгіленген үлгідегі құжат;
44) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау - халықтың денсаулығы мен тіршілік ету ортасын сақтау және өнімдердің, процестердің, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасын бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу жөніндегі қызметі, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің және гигиеналық нормативтердің сақталуын бақылау;
45) клиникалық сынау - субъект ретінде адам қатыстыра отырып, аурулар профилактикасы. диагностикасы мен емдеу құралдарының әдістері мен технологияларының қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау немесе растау үшін жүргізілетін зерттеу;
46) консилиум - кемінде үш дәрігердің қатысуымен диагноз қою. емдеу тактикасын айқындау және ауруды болжау мақсатында науқас адамды зерттеу;
47) контрацепция - қаламаған жүктіліктің алдын алу әдістері мен құралдары;
48) құпия медициналық куәландыру - тексерілетін адамның жеке басы мен куәландыру нәтижелерінің дәрігерлік құпиясын медициналық қызметкердің сақтауына негізделген, адамды қарап тексеру;
49) мамандандырылған медициналық ұйымдар - мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ұйымдар;
50) мәжбүрлеп емдеу - сот шешімінің негізінде жүзеге асырылатын, науқасты стационарлық емдеу;
51) медицина қызметкерлері - медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;
52) медициналық-әлеуметтік оңалту - науқасты отбасылық және қоғамдық өмірді қоса алғанда, жұмысқа араластыруға арналған медициналық, әлеуметтік және еңбек іс-шараларын кешенді пайдалану арқылы науқастар мен мүгедектердің денсаулығын қалпына келтіру;
53) медициналық иммунобиологиялық препараттар - жұқпалы және иммундық (аллергиялықты қоса алғанда) аурулардың өзіндік профилактикасына, оларды диагностикалау мен емдеуге, иммунологиялық әдістердің көмегімен басқа да аурулар мен физиологиялық жай-күйлерді диагностикалауға арналған, сыртқы орта объектілерінде инфекциялық агенттер мен олардың антигендерін индикациялауға арналған препараттар, иммундық жүйе арқылы емдік әрі профилактикалық әсерін тигізетін (алу тәсіліне қарамастан) қан препараттары;
54) медициналық көмек - халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешені;
55) медициналық көмектің сапасы - көрсетілетін медициналық көмектің халықтың сұранысына, ғылым мен практиканың қазіргі заманғы даму деңгейіне, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкестік өлшемі;
56) медициналық қызмет - жоғары немесе орта кәсіптік медициналық білім алған жеке тұлғалардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған кәсіптік қызметі;
57) медициналық мүлікке арналған табель - әскери бөлім (корабль) штатына табельдің медициналық мүлікпен жабдықтаудың тиісті нормаларын санамаланған немесе тиісті саны көрсетілген тізбесі енгізілген бөлімі;
58) медициналық мақсаттағы бұйымдар - профилактикалық, диагностикалық және емдеу іс-шараларын жүргізу үшін пайдаланылатын бұйымдар мен материалдар: медициналық құрал-саймандар, стоматологиялық, шығындық, таңу және тігін материалдары, бекітетін таңғыштар мен құралдар, көзге салынатын және көру қабілетін түзейтін линзалар, диагностикалық реагенттер және басқалар;
59) медициналық оңалту - организмнің бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға. ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені;
60) медициналық техника - аурулардың профилактикасы, диагностикасы, емделуі, медициналық оңалту, медициналық сипаттағы ғылыми зерттеулер үшін медициналық мақсатта жекелеген, кешенді немесе жүйелі түрде қолданылатын аппараттар, жабдықтар, аспаптар;
61) медициналық ұйымдар - негізгі қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдары;
62) медициналық қызметтер көрсету - медицина қызметкерлерінің нақты адамға қатысты профилактикалық, диагностикалық емдеу немесе оңалту бағыттылығы бар іс-қимылы;
63) медициналық куәландыру - жеке тұлғаны онда ауру бар немесе жоғын белгілеу немесе растау, сондай-ак денсаулық жағдайын, әрекетке қабілеттілік, еңбекке қабілеттілік, кәсіптік және өзгеде жарамдылық дәрежесін айқындау мақсатында қарап тексеру;
64) негізгі (өмірлік маңызы бар) дәрілік заттар - халықтың басымдықты сұранысына, техникалық регламенттердің және стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттар талаптарына сай келетін, қауіпсіздігі мен клиникалық және экономикалық тиімділігі жөнінен қолданыстағы ұқсастарының алдында басымдықтары бар, тиісті дәрілік түрлерде жеңіл қолжетімді дәрілік заттар;
65) тәуекелді бағалау - жұқпалы және паразиттік ауруларды қоздырғыштардың немесе жұқтырғыштардың ену және таралу ықтималдығына, сондай-ақ қоршаған орта факторларының халықтың денсаулық жағдайына теріс әсеріне және осыларға байланысты ықтимал медициналық-биологиялық және экономикалық салдарларға ғылыми негізделген баға беру;
66) парафармацевтиктер - құрамында емдік мөлшердегі дәрілік заттар бар биологиялық белсенді қоспалар;
67) патенттелген дәрілік заттар - пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының патенттік заңнамасымен қорғалатын бірегей дәрілік заттар;
68) пациент - көрсетілетін медициналық қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке адам;
69) протездік-ортопедиялық көмек - мүгедектерді протездік- ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі медициналық- техникалық көмектің мамандандырылған түрі және оларды пайдалануды үйрету;
70) профилактика аурулардың туындауын, аурудың ерте сатыда асқынуын болдырмауға және ағзалар мен тіндердің орын алған асқынуларын, бұзылуларын бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені;
71) психиканың бұзылуы (ауру) - адамның бас миы жұмысының бұзылуына байланысты психикалық қызметінің бұзылуы;
72) реципиент - донорлық қан немесе оның компоненттері құйылатын, ер немесе әйел адамның донорлық материалы (шәует немесе аналық жасуша) енгізілетін не донордан алынған ағза (ағзаның бөліктері) немесе тіндер транспланттау жасалатын пациент;
73) санитариялық-карантиндік бақылау - адамдар мен жүктердің Мемлекеттік шекара арқылы етуі кезінде ел аумағына жұқпалы және паразиттік ауруларды, сондай-ақ адам денсаулығына қауіптілігі ықтимал заттар мен өнімді кіргізуге жол бермеу мақсатында өткізілетін, жүктердің санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйін және адамның жай-күйін бақылау;
74) санитариялық-қорғаныш аймағы - елді мекендегі арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ өнеркәсіп орындары мен басқа да өндірістік, коммуналдық және қоймалық объектілерді жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуін әлсірету мақсатында бөліп тұратын аумақ;
75) санитариялық-індетке қарсы (профилактикалық) іс-шаралар -тіршілік ету ортасы факторларының адамға зиянды әсерін жоюға немесе азайтуға, жұқпалы, паразиттік аурулардың пайда болуына және таралуына, жаппай улануды болдырмауға бағытталған шаралар;
76) санитариялық-эпидемиологиялық жағдай - белгілі бір уақытта белгілі бір аумақтағы халықтың денсаулығы мен тіршілік ету ортасының жай-күйі;
77) скрининг - аурудың таралуының немесе науқастанған адамдардың "тәуекел" топтарын анықтау мақсатында халыққа жаппай түрде стандартталған сауалнама, қарап тексеру және/немесе зертханалық-құралдық зерттеулер жүргізу;
78) тәуелсіз сарапшы - денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу ушін белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке немесе заңды тұлға;
79) тегін медициналық көмектің кепілді көлемі (бұдан әрі - ТМККК) - Қазақстан Республикасының азаматтарына көрсетілетін медициналық қызметтің Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбесі бойынша бірыңғай медициналық көмектің көлемі;
80) транспланттау - тілдерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу, сіңістіру;
81) туберкулездің жұқпалы түрі - науқас адамның сыртқы ортаға туберкулез бактерияларын бөліп шығаруына байланысты айналадағы адамдарға қауіп төндіретін ауру;
82) улану - тіршілік ету ортасының химиялық, биологиялық және өзге де факторларының қатты (бір мезгілді) немесе созылмалы (ұзақ) әсер етуі кезінде туындайтын адамның ауру жағдайы;
83) ұрпақты болу денсаулығы - адамның толымды ұрпақты өмірге келтіру қабілетін көрсететін денсаулығы;
84) фармацевтикалық қызмет объектілері - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік қағидаларға сәйкес жұмыс істейтін дәріхана, дәріхана пункті, дәріхана қоймасы, дәрілік заттарды уақытша сақтау қоймасы, оптика дүкені, медициналық техника және медициналық мақсаттағы бұйымдар дүкені, медициналық техника және медициналық мақсаттағы бұйымдар қоймасы, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника өндіру жөніндегі ұйымдар;
85) халықтың денсаулығына қауіп төндіретін өнім - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген, қолданылуы немесе пайдаланылуы кезінде адамның денсаулығына зиянды әсер етуі мүмкін өнімнің түрлері;
86) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызмет - мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық қызметі органдары мен ұйымдарының азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған, өзіне мемлекеттік санитариялық- эпидемиологиялық бақылауды, гигиеналық оқытуды, санитариялық- карантиндік бақылауды. радиациялық бақылауды, санитариялық- эпидемиологиялық нормалауды, тәуекелді бағалауды, санитариялық- эпидемиологиялық мониторингті, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы біріктіретін қызметі;
87) ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттар - белгілі бір жағдайларда және белгілі бір шоғырлануы адамның немесе адамдардың келешек ұрпақтарына зиянды әсерін тигізуі мүмкін, қолданылуы мен пайдаланылуы санитариялық-эпидемиологиялық ережелермен әрі нормалармен (бұдан әрі-санитариялық ережелер) және гигиеналық нормативтермен регламенттелетін заттар:
88) фармацевтикалық қызмет - денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылатын, дәрілік заттардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын қамтамасыз етуді, дәрілік заттардың өндірісін, жасалуын, жойылуын және өткізілуін (бөлінуін) қамтитын қызмет;
89) тағам өнімдерін байыту (фортификациялау) - тағамдық құндылығын арттыру және адамда тапшы болуынан туындаған аурулардың профилактикасы мақсатында тағам өніміне оны өндіру немесе қайта өңдеу кезінде дәрумендерді, минералдарды және басқа да заттарды енгізу;
90) темір тапшылығы анемиясы - организмге тағам өнімдері құрамында темірдің жеткіліксіз түсуіне, асқазан-ішек жолдарының, несеп жыныс жүйесінің және қан жүйесінің кейбір созылмалы аурулары кезінде темірді жоғалтудың артуына, темірге деген жоғары сұранысқа негізделген организмнің патологиялық жай-күйі;
91) темір тапшылығы анемиясының профилактикасы - темір тапшылығы анемиясының алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүйесі;
92) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы -тіршілік ету ортасының адамға зиянды әсер ету факторлары жоқ және оның тіршілік етуіне қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетін кездегі халық денсаулығының жай-күйі;
93) хирургиялық стерилизациялау - нәтижесінде әйел немесе еркек ұрпақты болу қабілетін жоғалтатын хирургиялық операция.
94) шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин - жұқпалы аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған әрі кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің ерекше режимін көздейтін шаралар;
95) індет - жұқпалы аурулардың әдетте тіркелетін науқастану деңгейінен айтарлықтай жоғары жаппай таралуы;
96) эвтаназия - аурудың беті бері қарамайтын жағдайда, науқастың қандай да бір іс-әрекетпен немесе құралдармен, соның ішінде дәрілік немесе өзге де заттарды енгізу арқылы, сондай-ақ өміріне дем беріп тұрған жасанды шараларды тоқтату арқылы өз өлімін жеделдету туралы өтінішін қанағаттандыру;
97) эпидемиологиялық маңызды объектілер - шығаратын өнімі және (немесе) қызметі Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптары бұзылған жағдайда халық арасында тамақтан уланулардың және жұқпалы аурулар таралуының пайда болуына әкеп соғуы мүмкін объектілер.
2. Өзге терминдердің мазмұны осы Кодекстің жеке баптарында айқындалады.