Сурет. Жартылай бокстың жоспары
1- палата; 2 –санитарлық жүйе; 3- бөлімшеден кіретін жердегі шлюз; 4 – тамақ беруге арналған терезе; 5 –бөлімшеден кіретін есік; 6 –қарайтын терезе.
Боксталған палаталар, негізінен, балалар бөлімдерінде қолданылады, төсектерінің арасында, биіктігі 2-2,5 м қалқа қойылады, палатаға кіреберісте шлюз орнатылады. Ішек инфекциялармен және жұқпалы гепатитпен аурғандарды кәдімгі палаталарда орналастырады.
Бөлімнің ішкі жоспарлануы (емдеу кабинеттерінің, санөткізгіштер, кіретін-шығатын есіктерінің орналасуы) «таза» (ауруханадан жазылып шыққан адамдар, медицина қызметкерлері) және «лас» (жұқпалы аурулары бар адамдарды, қабылдау, күту, микробтармен ластанған материалдар мен заттарды қабылдау, сақтау) ағымдарының бір-біріне қосылмауын қамтамасыз етуі керек. Осы ағымдардың әр қайсысына арналған, кіретін есігі, баспалдағы, лифттері болуы керек. Дәліздерінің жоспарлануының да, маңызы зор. Палаталары дәліздерінің екі жағында орналасқан, құрылысы тіпті бокстардан тұратын бөлімдердің өзінде қолданылмауы тиіс. Өйткені, дәліздің екі жағында орналасқан бөлмелер инфекциялармен айқасып ластануы мүмкін. Осыған байланысты, жұқпалы аурулар бөлімінде бір дәлізді, палаталары бір жағында орналасқан құрылысы рационалды болып табылады.
Жоспарлау шараларына палата терезелерін дұрыс бағыттау да жатады. Әрине, жұқпалы аурулар бөліміндекүн сәулесінің бактерицидтік әсері өте маңызды екеніне күман жоқ, бірақ терезелерінің максималды инсоляция түсетін жаққа қарай бағытталуы, бөлмелердің қызып кетуіне әкеп соғады, бұл дене қызуы көтерілген науқастарға қолайсыз әсер етеді, оның үстіне, микрофлоралардың көбеюіне мүмкіндік туғызады. Сондықтан, терезелері оңтүстікке, оңтүстік-шығысқа және шығысқа бағытталуы қолайлы саналады.
Санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар инфекция көзін анықтап, оқшаулауға, аурухана ортасының ластануының алдын алуға және қоздырғыштардың таралу механизмін үзуге бағытталған. (10.5-кесте). Ауруханаларда аурухана ішілік инфекцияларды тұрақты түрде инфекциялық бақылау жүргізетін жүйе ұйымдастырылады, оның міндетіне инфекция көзін анықтау және оқшаулау, инфекция пайда болған жағдайларда эпидемиологиялық тексеру, жұғуының себебін және механизмін анықтау, қоздырғышты анықтау және қажетті шараларды дайындау кіреді. Ерекше күрделісі, бактерия тасымалдаушылармен күресу мәселелерін шешу. Бактерия тасымалдаушыларды анықтау үшін, жүйелі түрде медициналық тексерулер жүргізеді, қажет болған жағдайда санация жасайды. Бірақ адамдардың аурухана ортасында тұрақты түрде болуының салдарынан санациядан кейін де, қоздырғыштардың қайта жұғуы мүмкін. Бактерия тасымалдаушы науқастарда клиникалық белгілері жоқ кезде, анамнез жинау барысында пікірге келуі мүмкін, сол кезде қажетті тексерулер жүргізіледі. Анықталмаған жағдайда, мұндай адамдар жасырын инфекция көзі ретінде қала береді.
Маңызды санитарлық-эпидемияға қарсы шараларға, аурухананың ішкі ортасы ластануының алдын алу және қоздырғыштың берілу механизмін үзу жатады. Бұл сұрақты шешуде бөлмелердің, жихаздардың, медициналық құрал-жабдықтардың максималды тазалығын сақтаудың үлкен маңызы бар. Жуғыш және дезинфекциялаушы заттарды қолданып, еденін жууды, жихаздарын, терезелерін, есіктерін сүртуді қамтитын, аурухана бөлімінің барлық бөлмелерін жуып-жинау, күнделікті, тәулігіне кем дегенде 2 рет, қажет болған жағдайда одан да жиі жүргізіледі. Инфекция жұғуы ықтимал заттардың беттерін (тұтқалар, еден, төсектер, т.б.) хлорамин ертіндісімен немесе басқа дезинфекциялаушы заттардың ерітіндісімен суланған шүберекпен сүртеді. Әрбір сулы жуып-жинаудан кейін және ағымдағы пайдалану үрдісінде, операция жасайтын, жара таңатын бөлмелердің, әйелдер босанатын залдардың, реанимациялық палаталардың, жаңа туған балалар палаталарының, ем-шара бөлмелерінің, жұқпалы аурулар бокстарының ауасын 30 минут бойына ультракүлгін сәулемен зарарсыздандыру жүргізіледі. Терезелері ішінен сирек дегенде, айына 1 рет және ластануына байланысты жуылуы тиіс, сыртынан 4 – 6 айда, кем дегенде 1 рет. Асхана мен буфетті әрбір тағам қабылдаудан кейін жинап - жуады. Басқа бөлімдерден айырмашылығы, жұқпалы аурулар бөлімінде ыдыс-аяқ пен тағам қалдықтарын алдымен зарарсыздандырады, содан кейін ыстық сумен жуып, кептіреді. Әр түрлі жұқпалы аурулар кезінде қолданылатын зарарсыздандыратын заттар мен зарарсыздандыру әдістері тиісті нұсқаулармен анықталады.
Аптасына, кем дегенде 1 рет, ал науқастан шыққан заттармен ластанған жағдайда, тез арада іш киім мен төсек орнын ауыстыру қажет. Акушерлік стационарларда (босану блоктарында және туған балаларға арналған асептикалық режимдегі бөлмелерде) стерильді іш киімдер мен төсек жапқыштар қолдану керек. Жұқпалы аурулар, обсервациялық және хирургияның іріңді бөлімдеріндегі науқастардың киімдерін, төсек жапқыштарын жуу алдында, дезинфекциялайды.
Унитаздарды, писсуарларды, ванналарды, қол жуғыштарды күн сайын зарарсыздандырып отырады. Әжет ыдыстары, жылытқыштар, астыға салатын оралымдары, әрбір науқастан кейін дезинфекцияланады.
Ауруханалық инфекцияның алдын алуда, жеке бас гигиенасын және асептика ережелерін сақтау өте маңызды. Ауруханаға жұмысқа алынатын адамдардың барлығы міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Ас блогында жұмыс істейтін адамдар мен науқастарға тікелей қызмет көрсететін кіші медицина қызметкер, ай сайын медициналық тексерулерден өтеді, ал алты айда 1 рет бациллотасымалдаушылыққа тексеріледі. Жұқпалы аурулармен ауырған, инфекциялы жарасы бар, терісінде, жоғарғы тыныс жолдарында және басқа жерлерінде іріңді аурулары бар, жедел респираторлық аурулары бар адамдар жұмысқа жіберілмейді. Науқастарға қызмет көрсететін медициналық персонал, күн сайын және кенеттен ластанған жағдайларда ауыстырып киюге жеткілікті жұмыс киімдерімен (халаттар, телпек, косынка, шәркей, т.б.) қамтамасыз етілуі қажет. Киімдерін өзінің жеке шкафтарында сақтайды, жуу орталықтандырылған, бірақ науқастардың киімдерінен бөлек. Акушерлік және жұқпалы аурулар бөлімінде, операциялық блокта сабақ өтетін студенттер және басқа бөлімдерден келген дәрігер-консультанттар, техникалық және әкімшілік қызметкерлері де, ауыстырып киетін санитарлық киіммен қамтамасыз етілуі қажет.
Медицина қызметкерлері жұмысқа келгенде, сыртқы киімін шешіп, қолын сабындап жуады, содан кейін өзіне арналған жұмыс киімін (халаттар, телпек, орамал, аузына және мұрнына дәкеден жасалған таңғыштарын, шәркейлер, т.б.) киеді. Жұқпалы аурулар бөлімінің және басқа кейбір бөлімдердің қызметкері жұмысқа келгенде және кетерінде санитарлық өткізгіштен өтеді. Операциялық және босану залдарында жұмыс істейтін қызметкер де, жұмысты бастаудың алдында міндетті түрде, санитарлық өңдеуден өтеді. Операцияға қатысатын медицина қызметкерлері қолдарын хирургиялық өңдеуден кейін, операция жасайтын бөлмеде стерильді киім, бахилла, маска киіп, жұмыс істейді. Стерильді ауыз-мұрын таңғыштарды (маскаларды) әйелдер босанатын залдарда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері де қолданады.
Дәрігерлер, медбикелер, акушеркалар әрбір науқасты қараудың алдында немесе ем-шаралар жасау алдында және «кір» жұмыстар (бөлмелерді жуып-тазалау, науқастардың киімдерін ауыстыру, дәретханаға барғаннан соң, т.б) орындағаннан кейін, міндетті түрде қолдарын екі рет сабындап жууы тиіс. Әр түрлі медициналық ем-шаралар (дәрі егу, қан алу, қан тамырларына сүңгі түтік (катетер) салу, трансфузия жасау, қынаптық ректалды зерттеулер, т.б.) жүргізу кезінде медицина қызметкері жұмысты стерильді қолғап киіп істеуі тиіс. Науқастарды қарағаннан немесе ем-шара жасағаннан соң, қолғабын шешпей тұрып, қолын сабындап жууы, шешкеннен кейін, қайтадан өңдеуі қажет. Жұқпалы аурулары бар науқастарға қызмет көрсеткен кезде және әр түрлі емдеу манипуляцияларын жүргізу алдында және жүргізіп болғаннан соң, қолдарын 2 минут бойына дезинфекциялаушы ертіндімен өңдейді. Жұмыстары асептиканы қатал сақтауды қажет ететін, хирургиялық, акушерлік қызметкер және басқа да медицина қызметкерлерінің қолдары бекітілген талаптарға сәйкес өңделеді. Дәрі егу кезінде шприцтен жұғуын болдырмау үшін, қолданылған инеге қақпақшасын қайтадан кигізуге, инелерді ауыстыруға тыйым салынады. Қолданылған шприцтерді, инелерді системаларды алдын ала зарарсыздандырып барып, өртеп, жояды немесе өндірістік өңдеуге жібереді.
Стационарға жататын науқастар қабылдау бөлімінде, санитарлық өңдеуден өтулері қажет, сонан соң іш киімдер, пижамалар, палатада киетін аяқ киім беріледі, жеке жағдайларда таза үй киімін киюге рұқсат беріледі. Әрбір науқастың жеке бас гигиеналық заттары (тіс щеткасы, ыдыстары, қасығы, қырынатын құралдары, т.б.) болуы керек.
АІИ көзі тағамдық заттар да болу мүмкіншілігіне байланысты, АІИ алдын алу жөніндегі санитарлық - эпидемияға қарсы шаралардың ішінде, аурухананың ас блоктарының құрылысына, жабдықталуына, санитарлық жағдайына, азық-түліктердің өңделуіне, дайын тағамдарды үлестіруге, жеке бас гигиенасына және асхана қызметкерлерінің денсаулық жағдайына қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын бақылау маңызды орын алады. (VIII тарау).
Қатты тастандылар, эпидемиологиялық тұрғыдан өте қауіпті, осыған байланысты, әрбір ауруханада оларды жинап, сақтауға, залалсыздандыруға арналған дұрыс ойластырылған және жоспарланған жүйе болуы керек.
Стационардың санитарлық жағдайын және режимін, аурухана ішілік ортасының бактериялармен ластануын, дезинфекциялау және стерильдеу тәртібінің сапасын тұрақты түрде жүргізілетін мониторинг арқылы, барлық қойылған талаптардың орындалуы бақыланады. Сонымен қатар, осы талаптардың дұрыс орындалуы, медицина қызметкері мен науқастардың гигиеналық салауаттылығына байланысты. Яғни, медицина қызметкерлері бұл салада үнемі өздерінің мамандық біліктілігін жоғарылатуы керек. Науқастар арасында санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізудің де, маңызы үлкен, себебі, олардың гигиеналық тәртіпті сақтауы да, аурухана ішілік ортаның микробтармен ластану дәрежесін төмендетеді.
Санитарлық-техникалық шаралар, атап айтқанда, бөлмелерді желдету мен кондиционерлеу, АІИ алдын алу жөніндегі шаралардың міндетті түрде жүргізілетін элементі болып табылады, себебі, солардың арқасында аурухана бөлмелеріндегі ластанған ауаның таза ауамен алмасуы, ауаның биологиялық және химиялық ластану деңгейінің төмендеуі қамтамасыз етіледі. Аурухананың әр түрлі бөлімшелерінде желдетуді ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері бар, бірақ негізгі міндеті, ауаны тазарту және «лас» зоналардан «таза» зоналарға ауа массасының ағынын болдырмау. Мысалы, жұқпалы аурулар ауруханаларында ғимараттың әрбір қабатына, палаталық секцияға және басқа да жанындағы бөлмелерге ауаны өз алдына бөлек механикалық қоздырғыштары бар, енбелі желдету жүйесі арқылы беріп отырады. Бокстардан және жартылай бокстардан тұратын секцияларға енбелі ауа, оның таза зонасы ретіндегі тек дәліздеріне ғана беріледі. Дәлізден ол, бокстар мен жартылай бокстарға енеді. Олардың әрқайсысынан ластанған ауаны шығару үшін, өз алдына жеке каналдары мен шахталары, гравитациялық қоздырғыштары және дефлекторлары бар сормалы желдету түрімен жабдықталады. Енбелі және сормалы ауа алмасу есесі бірдей -2,5. Егер, енбелі ауа сормалы ауадан көп болса, ластанған ауа бокстардан көрші бөлмелерге ығыса бастайды. Егер, сормалы ауа көп болса, бокстарға ауа дәлізден ғана емес, сонымен қатар басқа бокстардан да, сорылып енеді. Осылайша, ластанған ауа ағымы енуінің алдын алады.
АІИ спецификалық алдын алу, белсенді және пассивті алдын алудан тұрады. Белсенді түрі- вакцинация жасау, науқастарды иммунизацилау, пассивті түрі– гамма-глобулин, стафилококк анатоксинін және басқаларды егу арқылы ағзаның иммундық күшін сақтауға бағытталған.