Жіті вирустық гепатиттердің сыныптамасы
1. Берілу механизмі бойынша вирустық гепатиттер мыналарға бөлінеді:
1) энтеральдық берілу механизмі бар вирустық гепатиттер:
- А жіті вирустық гепатиті;
- Е жіті вирустық гепатиті.
2) парентеральдық берілу механизмі бар вирустық гепатиттер:
- В жіті вирустық гепатиті;
- Д жіті вирустық гепатиті;
- С жіті вирустық гепатиті.
3) этиологиясы анықталмаған вирустық гепатиттер.
2. Жіті вирустық гепатиттердің (бұдан әрі – ЖВГ) түрлері:
1) субклиникалық – аурудың клиникалық көріністері жоқ, науқастардың қанында аланинаминотрансферазаның (бұдан әрі – АЛТ) көп болуымен вирустардың өзіндік маркерлері анықталады;
2) инаппаранттық – клиникалық-биохимиялық белгілердің толық болмауымен өтеді, бірақ адам организмінде иммунологиялық, функциялық және морфологиялық өзгерістер байқалады. Вирустардың өзіндік маркерлері анықталады;
3) манифестік – жіті вирустық гепатитке тән субъективтік және объективті клиникалық симптомдар негізінде диагностикаланады. ЖВГ-нің манифестік түрлерінің сарғаю алдындағы (продромалдық), сарғаю (өршіген) және сауығуды қамтитын циклдық ағымы бар. Сарғаю алдындағы кезең тұмау тәрізді, астеновегетативтік, диспепсиялық, артралгиялық және аралас синдромдармен білінетін клиникалық симптомдар жиынтығымен сипатталады. Ауру өршіген кезеңде тері қабаттары мен шырышты қабықшалардың сарғаюы, гепатомегалия пайда болады;
4) типтік сарғаю циклдық – аурудың 3 кезеңінің нақты ара жігін ажырату арқылы сарғаюдың цитолиттік синдромдармен үйлесуі;
5) холестатика компоненті бар типтік сарғаю – сарғаю барынша қарқынды, жоғары билирубинемия, елеусіз трансаминаземия, сілтілік фосфатаза (бұдан әрі – СФ) көрсеткішінің жоғарылау үрдісі бар. Аурудың сарғаю кезеңі айтарлықтай ұзақ болады;
6) типтік емес сарғаю (холестатикалық) – сирек, орта жастан асқан науқастарда байқалады. Сарғаю терінің қатты қышынуымен қарқынды болады.
Гипербилирубинемия, гиперхолестеринемия, СФ мен гаммаглютаминтранспептидаза жоғарылайды. Сарғаю кезеңінде эритроциттер мен субфебрилитеттің шөгу жылдамдығының арту үрдісі бар;
7) типтік емес сарғаю белгісі жоқ – аурудың әлсіз білінетін жалпы көріністерінде бауырдың ұлғаюы арқылы және оның функцияларының бұзылуының субъективті белгілері кезінде сарғаюдың толығымен болмауымен сипатталады. Вирустық гепатиттердің өзіндік маркерлері АЛТ деңгейінің жоғарылауымен үйлеседі. Көбіне олар А вирустық гепатиті кезінде байқалады;
8) жіті циклдық – 1-1,5 ай ішінде вирустың репликациясы (көбеюі) тоқтайды, ол организмнен шығарылады да толық санация басталады. А және Е гепатиттері үшін бұл аурудың типтік ағымы. В, С және Д гепатиттері кезінде – ықтимал варианттардың бірі болады;
9) ЖВГ-нің жіті прогредиенттік ағымы – вирустың белсенді репликациясы фазасы 1,5-3 ай сақталады. Инфекциялық процестің аяқталуы күрделі: не сауығумен аяқтала отырып не организмнің санациясы, не созылмалы ағымға айналуына әкеледі. В, С және Д гепатиттері кезінде негізінде прогредиенттік ағым болады. А және Е гепатиттері кезінде ауыр преморбидтік фонында созылмалы түрі байқалады, алайда науқас толығымен аурудан айығады.
3. ЖВГ-нің ағымы жеңіл, ауырлығы орташа және ауыр дәрежеде болуы мүмкін:
1) жеңіл дәреже – улану болмайды немесе ол аз ғана білінеді. Сарғаю жеңіл. Протромбиндік индекстің (бұдан әрі - ПИ) шамасы қалыпты нормада. Ішіндегі жалпы билирубин 100 микромоль/литрден аспайды.
2) орташа дәреже – бірқалыпты білінетін улану симптомдарымен сипатталады. Сарғаю орташа білінеді. ПИ 65%-ға дейін төмендейді. Ішіндегі жалпы билирубин 100 - 180 микромоль /литр шегінде.
3) ауыр дәреже – орталық жүйке жүйесінің айқын улануы, ұйқының бұзылуы, желігу немесе ұйқышылдық, селқостық, анорексия, қайталап құсу, геморрагиялық синдром, қарқынды сарғаю, тахикардия, диурездің тәуліктік азаюы, ПИ 55%-дан төмен болады. Жалпы билирубин 180 микромоль/литрден артады, жалпы билирубиннің 1/8-ін еркін фракция құрайды. Қан сарысуының альбумині 47-45%-ға дейін төмендейді, гаммаглобулиндер артады. Көбіне ауыр ағым В және Д гепатиттері кезінде байқалады. А, С және Е гепатиттері кезінде ауыр түрлердің үлесі (жүкті әйелдерден басқа) айтарлықтай аз.
4. Қатерлі ағым бар – фульминанттық гепатит. Массивті және субмассивті бауыр некрозы бар фульминанттық (қатерлі) гепатит.
Аса жіті нұсқа бауыр комасының дамуымен және аурудың 1-8 күндерінде өліммен аяқталумен ЖВГ-ның шынайы фульминанттық ағымына сәйкес келеді.
Жіті нұсқасы – ұзақтығы аурудың басталуынан бастап 28 күнге дейін.
Жітілеу (субмассивтік) нұсқа, мұнда бауыр некрозының алдында энцефалопатияға дейінгі 15 күн – 12 апта мерзімінде ЖВГ-ның қалыпты ағымы болады.
5. Асқынған ЖВГ – жіті бауыр энцефалопатияның және жаппай геморрагиялық синдромның дамуы бар жіті бауыр қызметінің жеткіліксіздігі:
1) ісік және бас миының ісінуі
2) жаппай асқазан-ішектен қан кету;
3) жіті бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, жіті тыныс алу функциясының жеткіліксіздігі;
4) жайылған қайталама инфекция.
Вирустық гепатиттердің нақты этиологиялық диагнозы тек науқастың қан сарысуында өзіндік маркерлерді анықтау жолымен ғана белгіленеді.