Мұрын сүйектерінің сынықтары

Анатомиялық тұрғыдан қарағанда мұрын сыртқы мұрын және мұрын қуысна бөлінеді. Сыртқы мұрын беттің ортасында орналасып, оның пішіні сүйек және шеміршекті құрылысына байланысты әртүрлі болады. Сыртқы мұрынның маңдаймен жалғасқан жерін мұрын түбірі дейді, төменірек мұрын жотасы орналасқан, ол мұрын ұшымен шектеледі. Бүйір бетінің төменгі жағында танауды шектеп тұратын қанатшалары орналасады.

Мұрын сүйектері көбіне соққы бүйірінен тигенде сынады. Бұл жағдайда сынық соққы тиген жағында ішіне қарай (ортаңғы сызыққа), ал қарама-қарсы бетінде сыртқа қарай ығысады. Егер соққы алдынан артқа қарай тисе мұрын сүйектері маңдай, жоғарғы жақ сүйектерімен жалғасқан жіктері бойымен сынады және мұрын пердесі зақымдануы мүмкін. Мұрын сүйектері кеңсіріктің, мұрынның қорымша қуыстарының, көз ұясы сүйектерінің, бас қаңқасының алдыңғы шұңқырында негізінен қатарласып сынуы мүмкін.

Носовтың мұрын сүйектері сынықтарының жіктелуі клиникада қолдануға өте қолайлы.

1. Мұрын сүйектерінің сынық бөліктері жылжымай және сыртқы мұрынның деформацияланбай (ашық, жабық) сынуы.

2. Мұрын сүйектерінің сынық бөліктері жылжып және сырткы мұрынның деформацияланып (ашық, жабық) сынуы.

3. Мұрын пердесінің зақымдануы.

4. Мұрын пердесінің ашылған кітап тәріздес болып зақымдануы.

Мұрын сүйектері сынған науқастар ауыру сезіміне, косметикалық ақауға, мұрынмен тыныс алудың нашарлауына, кейде бастың айналатынына, лоқсуына шағым айтады. Мұрын сүйектері мидың зақымдануымен қосарлана жарақаттануы мүмкін, сондықтан зақымдану жағдайын және оның организмге әсерін мұқият тексеріп анықтау қажет. Мұрын сынуының ең айқын белгілерінің бірі одан қан ағуы. Сырттай қарап тексергенде мұрынның жұмсақ тіндерінің қатты ісінгені, төменгі қабақтың, сыртқы мұрынның теріасты клетчаткасының, төменгі және жоғарғы қабақ конъюнктивасының қанталағаны көзге түседі. Саусақпен басып тексеру тәсілі сүйек сынықтарының жылжымалығын, ығысып кеткен сүйектердің үшкір қырларын, сықырлауын, мұрын қуысының шырышты қабаты зақымданған жағдайда пайда болған теріасты эмфиземасын анықтауға мүмкіндік береді.

Қатты ісінген жұмсақ тіндер мұрын сүйектерін саусақпен басып тексеруге қиындық тудырады. Белгісі бары-жоғын анықтау үшін гаймор қуысының алдыңғы қабырғасын, алмұрт тәріздес тесіктің қырларын, көз ұясының төменгі қырларын саусақпен тексеру қажет. Алдыңғы риноскопия әдісі қан кеткен, тыныс алуға кедергі жасайтын жерлерді, мұрынның шырышты қабатының жағдайын, мұрын пердесінің ақауын-деформациясын анықтауға мүмкіндік береді.

Сынықтың бар-жоғын, оның сын-сипатын, орналасқан жерін және сынықтардың ығысуын алдыңғы және бүйір проекциясында жасалған рентгенограммадан анықтауға болады.

Мұрын сүйектері сынған науқастарға көмек көрсетуге артқы немесе алдыңғы тампондау әдісімен қан тоқтату және сынықтарды орнына салу іс-әрекеттері кіреді. Мұрын сүйектері сынғанда жұмсақ тіндер жарақаттанса алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізу керек.

Мамандандырылған көмек көрсеткенде барынша сыртқы мұрынның пішінін орнына келтіріп, оның физиологиялық қызметін жөндеуді мақсат ету керек. Мұрынның шырышты қабатын 1-2% дикаин немесе 5% кокаин ертіндісімен және сынық сызығы өтетін жердің жұмсақ тіндерін 2% лидокаин, тримекаин немесе новокаин ерітіндісін ендіру арқылы жансыздандырады.

Сынық бөліктерінің жылжыған, жылжымаған, ашық немесе жабығына қарамай сынықты мұрын ішінен (эндоназалды) салады. Ол үшін мұрын қуысына, басына дәке оралған Кохер қысқашының немесе элеватор үшын кіргізіп сынықтарды, сынық бағытына қарама-қарсы бағытқа итеріп орнына салады. Осы іс-қимылдармен бірге- екінші қолының саусақтарымен сынық бөліктерін орнына дұрыс орныққанын бақылап тұрады. Сынық бөліктері қайта ығысып кетпес үшін отадан соң жоғарғы және ортаңғы мұрын тыныс жолдарына 7-8 күнде вазелинмен майланған йодоформды тампонмен толтырады, ал тыныс алуға мүмкіндік беру үшін мұрынның төменгі тыныс жолына хлорвинилді түтік салынады. Мұрынның сыртқы бүйірлеріне дәкеден жасалған тығыз білік қойылып, олар жабысқақ тартпамен бекітіледі. Уақытында көрсетілген көмек жақсы функционалдық және косметикалық нәтиже береді. Науқастың жұмысқа жарамсыздығы 10 күнге созылады.

Наши рекомендации