Жұмыс. Жүректің қызметіне температураның әсері
Автоматия дегеніміз – бұл қандай да бір мүшенің өзінде пайда болатын импульстердің әсерінен оның ырғақты жиырылуы. Организмнен бөлініп алынған жүрек қолайлы жағдайларда ұзақ уақыт бойына өзінің дұрыс ырғағын сақтап, жиырыла алады. Бұл жиырылуды жүректің автоматиясы деп атайды. Жүректің өткізгіш жүйесі оның автоматиясын қамтамасыз етеді. Бақа жүрегінің өткізгіш жүйесіне веноздық синуста орналасқан синус түйіні (Ремак түйіні) жатады. Веноздық синус – бұл төменгі және жоғарғы қуыс веналарының қосылған жері. Жүректің екінші түйіні атриовентрикулярлық түйін (Биддер түйіні). Ол жүрекше мен қарыншаның аралығында орналасқан. Жүректің өткізгіш жүйесінің әр бөлігіндегі автоматияның дәрежесі әр түрлі. Жүрек автоматиясында синустық түйіннің бастаушы роль атқаратындығын дәлелдеу үшін температурамен әсер ету тәжірибесі жүргізіледі. Бақа жүрегінің әр бөлімін жеке-жеке қыздырып немесе суытатын болсақ, жүректің жиырылу жиілігі тек синус аймағына температуралық әсер еткенде ғана өзгеретіндігін байқауға болады.
Жұмысты орындау: Бақаны қозғалмайтындай етіп операциялық тақтайшаға бекітеді. Жүрегін ашып, оны перикардтан босатып, үзбесі кесіледі. Жүректің қалыпты соғу жиілігін санап алады. Веноздық синусқа суық пробирканы тигізгенде жүректің соғу жиілігінің азайғанын байқаймыз. Жүректің соғу жиілігі қалпына келгеннен кейін ыстық сулы пробирканы веноздық синусқа тигізіп, жүректің жиырылу жиілігінің артқандығын байқаймыз. Жүректің ұшына ыстық, содан кейін суық пробирканы бассақ, жүректің соғу жиілігі өзгермейді. Бұл жүректің соғу жиілігі синустық түйінге байланысты екенін көрсетеді.
Тәжірибеде алынған мәліметтер кестеге жазылады.
Жүректің жиырылу саны | |||
Қалыпты жағдайда | Жылу әсері | Суық әсері | |
Веноздық синус | |||
Жүректің ұшы |
Жұмыс.
Станниус тәжірибесі
Жүректің автоматиясында жеке түйіндердің маңызын анықтау үшін Станниус әдісімен лигатураны байлау тәжірибесі жүргізіледі. Автоматия негізінен синоатриалдық түйінде басталады.
Жұмысты орындау: Қимылсыздандырылған бақаны шалқасынан бекітіп, кеуде қуысын ашып, жүрегін перикардтан босатады. Финдер инесін пайдаланып лигатураны (жіпті) қолқа буылтығының астынан өткізіп жүректі ұшынан көтеріп жоғары қарай аударып тастайды. Бір минуттағы жүректің жиырылуын санап алады да, лигатураны веноздық синус пен оң жақ жүрекше аралығынан байлайды. Бірінші (I) лигатура дұрыс байланса, жүрекше мен қарыншаның соғуы диастола кезеңінде тоқтап қалады да, синус сол бұрынғы қалпындағы жиілікпен жиырыла береді. Веноздық синустың жиырылуын санап алады. Біраз уақыт өткеннен кейін Биддер түйіні автоматиясына байланысты жүрекше мен қарынша өз беттерімен баяу жиырыла бастайды. Бірақ, осы жағдайды күтпей, бірінші лигатурадан кейін жүрекше мен қарыншаның арасынан екінші лигатураны өткізіп байлайды. Екінші (II) лигатура Биддер түйінін механикалық түрде тітіркендіреді. Лигатура орналасуына байланысты жүректің қызметі үш түрлі болу мүмкін:
1) Лигатура Биддер түйінінен жоғары байланса, тек қана қарынша жиырылады;
2) Лигатура Биддер түйінінен төмен байланса, тек қана жүрекше жиырылады;
3) Лигатура Биддер түйінінің ортасынан байланса, жүрекше де, қарынша да бірдей жиырылады. Екінші (II) лигатураны байланғаннан кейін жүректің соғу жиілігі азайады.
Жұмыc.
Экстрасистола
Қарыншаны систола кезінде тітіркендірсе ешқандай жауап болмайды. Ал қарыншаның диастоласы кезіндегі тітіркендіру кезексіз жиырылуды тудырады, оны экстрасистола деп атайды. Кардиограмманы қарасақ, экстрасистоладан соң қалыптағыдан ұзақ үзіліс байқалады. Бұл үзілісті компенсаторлық үзіліс деп атайды. Компенсаторлық үзілістің пайда болуы жүректің кезекті бір циклы түсіп қалуына байланысты Синус түйінінен шыққан импульс экстрасистолаға келеді. Бұл уақытта қарынша абсолюттік рефрактерлік мезгілде болады да, кезекті импульс қабылданбайды. Сондықтан бір цикл орындалмайды (іске асырылмайды).
Жұмысты орындау: Бақаны қимылсыздандырып операциялық тақтайшаға бекітіп, кеуде қуысын ашып, жүрегін перикардтан босатады. Тақтайшаны штативке бекітеді. Энгельман рычагіне байланған ілгекпен жүректі ұшынан іліп алып, кардиограмманы жазып алады. Диастола (рычаг төмен түскен кезде) кезінде қарыншаны электр тогымен тітіркендіреді. Экстрасистола мен компенсаторлық үзіліс жазылып алынады. Содан кейін қарыншаны систола (рычаг жоғары көтерілгенде) кезінде тітіркендірсе,
экстрасистола пайда болмайды.