Эндоскоптар мен олардың құрал-саймандарын дезинфекциялау, стерильдеу алдында тазарту және стерильдеу

Стерильді емес эндоскопиялық манипуляциялар кезінде (өзінің микробтық көрінісі бар ағза қуысына табиғи жолдар арқылы эндоскоп енгізілген кезде) пайдаланылатын эндоскоптар үшін өңдеу кезеңдері алдын ала тазартуды, соңғы тазартуды, жоғары деңгейдегі дезинфекцияны және микроағзалармен екінші рет ластануды болдырмайтын жағдайларда сақтауды қамтиды.
Стерильді эндоскопиялық манипуляциялар кезінде (хирургиялық араласулар кезінде пайдаланылатын стерильді құрал-саймандарды олардың каналдары арқылы енгізу, эндоскоптарды стерильді қуыстарға енгізу, жарамен, қанмен жанасу) пайдаланылатын эндоскоптар пайдаланылғаннан кейін алдын ала тазартуға, стерильдеу алдында тазартуға, стерильдеуге және микроағзалармен екінші рет ластануды болдырмайтын жағдайларда тікелей сақтауға жатады.
Эндоскопиялық манипуляциялар кезінде пайдаланылатын эндоскоптардың құрал-саймандары барлық жағдайларда алдын ала тазартуға, стерильдеу алдында тазартуға, стерильдеуге және микроағзалармен екінші рет ластануды болдырмайтын жағдайларда сақтауға жатады.
Аспаптар мен құрал-саймандар әрбір зерттеуден кейін бөлшектеледі, қаннан, сілемейден және басқа да қоспалардан щеткамен тазартылады және дезинфекциялау ерітінділерімен өңделеді.
Инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарға пайдаланылатын эндоскоптар мен олардың құрал-саймандары тиісті инфекция кезінде және нақты препаратты қолдану жөніндегі әдістемелік нұсқауларда ұсынылған режимдер бойынша соңғы немесе стерильдеу алдындағы тазарту алдында алдын ала тазартудан кейін қосымша дезинфекцияға жатады. Қолданылатын дезинфекциялау құралдары органикалық ластануды бекітетін әсерге ие болмауы тиіс. Эндоскоптар мен олардың құрал-саймандарын өңдеуді орындайтын медицина қызметкері міндетті түрде жеке халат киюі және инфекция жұқтырылған материал мен дезинфекциялау құралдарының теріге түсуін болдырмайтын жеке қорғаныш құралдарын (қолғаптарды, бетперделерді, көзілдірікті немесе қалқаншаларды) пайдалануы тиіс.
1. Алдын ала тазарту.
Бұл емшара аяқталғаннан кейін дереу орындалатын өңдеудің ең бірінші кезеңі – пациенттің денесінен эндоскопты алып тастау. Оның басты міндеті эндоскоптың беттерінде және каналдарында жаппай ластануларды болдырмаудан тұрады. Алдын ала тазарту емшара орындалған сол үй-жайда жүргізіледі; эндоскоп жарық көзіне және эндоскопиялық сорғыға қосылған күйінде қалады. Алдын ала тазарту қол тәсілімен жүзеге асырылады. Бұл кезең эндоскоптың жұмыс бөлігін (ластануды бекітпейтін) жуу құралының ерітіндісіне батырылған сулықпен (басқару блогынан бастап шеткі ұшына қарай бағытта) сүртумен, эндоскоп каналдары арқылы жуу құралын айдаумен аяқталады. Эндоскоптарды алдын ала тазарту үшін медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерильдеу алдында тазартуға рұқсат етілген құралдар белгіленген тәртіппен қолданылуы тиіс. Құрамында ферменттер бар жуу құралдары эндоскопиялық аппаратураны тазарту үшін қолайлы құралдар болып табылады.
Сулықтар пайдаланылғаннан кейін неғұрлым төзімді қоздырғыштың режимі бойынша вирустарға, бактерияларға (туберкулездің микобактерияларын қоса алғанда) және Кандида грибоктарына қатысты тиімді құралдармен дезинфекцияланады.
Алдын ала тазарту аяқталғаннан кейін жуу ерітіндісіне батыру алдында эндоскоптың герметикалығын тексеру міндетті түрде жүргізіледі. Бұл рәсім су ағатын жерді іздейтін арнайы құрылғының көмегімен жабдықты өндірушінің ұсынымдарына сәйкес орындалады. Ағатын жер анықталған кезде эндоскоп дезинфекциялауға жатады және жөндеуге тапсырылады.
Эндоскопты және оның құрал-саймандарын алдын ала тазарту эпидемияға қарсы қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, жүргізілуі тиіс.
2. Соңғы тазарту.
Жарық көзінен және сорғыдан ажыратылған эндоскопты одан әрі өңдеуді жүргізілетін жеке үй-жайға ауыстырады. Осы жерде жуу және дезинфекциялау ерітінділері бар ыдыстар мен жуу-дезинфекциялау жабдығы болады. Осы бөлмеде кемінде үш раковина болуы тиіс: олардың біреуін персоналдың қолын жууға бөлу және оны басқа мақсатта пайдаланбау керек. Жұмыс істейтін персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үй-жай желдеткішпен (жақсысы сорып-шығаратын) жарақталуы тиіс. Бұл әсіресе, егер эндоскоптарды өңдеу кезінде құрамында альдегидтер (атап айтқанда глутарлы) бар және олардың булануы салдарынан тыныс алу жолдарына айқын әсер ететін құралдарды пайдаланған болса, өзекті болады.
Соңғы тазартуды және өңдеудің кейінгі кезеңдерін орындау кезінде медицина қызметкері су өткізбейтін халат немесе алжапқыш, зақымдалмаған қолғаптар, бетперде, көзілдірік немесе қалқанша киеді.
Эндоскопты жуу ерітіндісіне батыру алдында эндоскоптан барлық алмалы-салмалы бөлшектер мен элементтер (клапандар, бітеуіштер және басқалар) ажыратылады және оларды жуу құралының ерітіндісіне батырады, жуу ерітіндісіне батырып қояды және арнайы немесе жұмсақ щеткалармен тазалайды.
Толық тазартуды орындау үшін эндоскопты жуу ерітіндісіне толық батыру қажет. Ерітіндіге батыруға жатпайтын эндоскоптарды айналыстан алып тастау керек: бұл үлгілер барабар өңдеу жүргізуге мүмкіндік бермейді және пациенттерге инфекция жұқтыру тәуекелін тудырады.
Эндоскоп жуу ерітіндісіне батырылғаннан кейін оның сыртқы беттерін сулықтың көмегімен мұқият тазалайды. Содан кейін каналдың диаметріне дәл сәйкес келетін (эндоскоптың құрамына кіретін) арнайы щеткалардың көмегімен каналдардың ластануын кетіреді. Бұл ретте щеткаларды басқару блогында орналасқан каналдардың кіру жолына енгізеді және бір қозғалыспен каналдың барлық ұзындығы бойымен жүргізеді. Каналдың қарама-қарсы ұшынан көрінген кезде щетканы мұқият тазалайды және тек тазартып болғаннан кейін ғана щетка каналдан шығарылады. Каналды тазарту каналдың шығу жолынан көрінетін щетка таза болғанға дейін жалғасады. Бұдан әрі каналдарды толтыру үшін адаптерлерді (тазалауға арналған адаптерлерді) каналға жалғайды және толық батырылған эндоскоптың каналдары арқылы каналдар ластанудан жуылғанға дейін жуу ерітіндісін өткізеді.
Щеткалар жуу құралының сол ерітіндісінде тазартуға жатады.
Соңғы тазарту кезеңі дұрысында стерильдеу алдындағы тазартуға ұқсас және осы мақсатта рұқсат етілген құралдарды пайдалану болжанады. Оны орындаудың мұқияттылығы жоғары деңгейдегі кейінгі дезинфекцияның тиімділігінің кепілі болып табылады.
3. Стерильдеу алдындағы тазарту.
Эндоскоптар мен олардың құрал-саймандары стерильдеу алдында (соңғы тазарту бөлімінде көрсетілгендей) қолмен немесе белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген қондырғыларды, жуғыш машиналарды пайдалана отырып тазартуға жатуы мүмкін. Ыдыстарға эндоскопты және тескіш-кескіш құрал-саймандарды бір мезгілде батыру ұсынылмайды, себебі бұл эндоскоптың жұмыс бөлігін зақымдауды болдыруы мүмкін.
Ферментативті жуу құралдарын пайдалану эндоскоптарды тазартудың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Ферменттер ластануды, оның ішінде кепкен және бекітілген ластануды белсенді түрде ыдыратады, сондай-ақ биоқабыршақты (эндоскоптар каналдарында дамитын және сыртқы әсерлерге өте төзімді микроағзалар колонияларын) жояды. Ферменттерді пайдалану щеткалармен механикалық тазартуды айтарлықтай жеңілдетеді, ал қол жетуі қиын аймақтарда оны алмастырады. Ферментативті жуу құралының ерітінділерін қолдану алдында тікелей дайындау және бір рет пайдалану керек. Бұл олардың ең жоғары белсенділігін қамтамасыз етеді.
Тазарту кезеңі эндоскоптың сыртқы бетін, каналдарын және алмалы-салмалы элементтерін ауыз сумен жуумен аяқталады. Бұл рәсімнің мақсаты – дезинфекциялау ерітіндісінің ластануын және оның тиімділігінің төмендеуін болдырмау үшін эндоскоп пен оның каналдарынан жуу құралының қалдықтарын толығымен шығару. Эндоскопты және алмалы-салмалы элементтерді жуу ыдыстарда да сол сияқты ағынды судың астында жүргізілуі мүмкін. Осы рәсім жүргізілетін раковина медицина персоналының қол жууы немесе дезинфекцияланған эндоскоптарды жуу үшін пайдаланылмауы тиіс.
Эндоскопты дистилденген сумен жуу аяқталғаннан кейін аспаптың барлық каналдарына (шприцтің немесе арнайы құрылғының көмегімен) қысыммен ауа үрлейді, ал эндоскоптың сыртқы бетін сулықпен құрғатады. Суды кетіру дезинфекциялау құралының сұйытылуын болдырмау үшін қажет.
Эндоскоптарды тазарту алгоритмі:
1) басқару блогынан шеткі ұшына қарай қозғала отырып, эндоскоптың енгізетін бөлігін және басқару блогын сүрту;
2) «су/ауа» каналын сумен жуу, содан кейін 10 секунд ішінде ауамен үрлеу;
3) биопсиялық/аспирациялық каналдар арқылы дезинфекциялау құралын аспирациялау;
4) барлық клапандарды ағытып алу және оларды бөлек тазарту;
5) арнайы щетканы пайдалана отырып, шығу жолын, биопсиялық/аспирациялық каналдың шығу жолын тазарту. Содан кейін эндоскоптың шеткі ұшын абайлап тазарту;
6) каналдарды тазарту үшін щетканы мыналар:
енгізілетін бөліктің биопсиялық шығу жолы,
аспирациялық шығу жолы және одан әрі әрбір енгізу алдында жалғастырғыш кәбіл (щетканы тазарту) арқылы өткізу.
Эндоскоптарды жуу алгоритмі:
1) ыдысқа эндоскопты батыру және каналдарды (каналдық суландырғыштың (С-3) немесе оған ұқсас құралдардың көмегімен) жуу:
жуу ерітіндісімен, содан кейін
дистилденген сумен жуу.
2) барлық каналдардан қалған сұйықтықты шығару, «су-ауа» каналдары арқылы ауа үрлеу
3) аспирациялық, биопсиялық/аспирациялық каналдар арқылы ауаны аспирациялау. Жуғыш машинаны пайдалану ұсынылады.
4. Жоғары деңгейдегі дезинфекция.
Эндоскопты ерітіндіге батыру алдында қолданылатын дезинфекциялық ерітіндінің пайдалануға жарамдылығына (ерітіндінің дайындалған күнін, сыртқы түрін тексеру) көзбен қарап көз жеткізу қажет. Ластанған, түсі мен мөлдірлігін өзгерткен ерітінділер пайдалануға жатпайды. Дезинфекциялау ерітіндісіндегі әсер ететін заттың шоғырлануын бақылау және ол жоғары деңгейдегі дезинфекцияны жүргізу үшін жеткілікті екендігіне көз жеткізген орынды. Бұл ретте әдістемелік нұсқауларда көрсетілген химиялық әдістер, экспресс-бақылау үшін әзірленген индикаторлық тестілер пайдаланылуы мүмкін. Егер бақылау нәтижелері әсер ететін заттың шоғырлануының төмендегені туралы куәландырса, ерітінді одан әрі пайдалануға жатпайды және көп рет пайдаланудың рұқсат етілген көлемі өткенге дейін төгілуі тиіс.
Тазартылған және кептірілген эндоскоп пен алмалы-салмалы бөлшектер (эндоскопқа жалғамастан) дезинфекциялау құралының ерітіндісіне оның барлық элементтерін толығымен жауып тұратындай етіп батырады. Эндоскоптың ең шығыңқы бөлшегінің үстіндегі дезинфекциялау ерітіндісінің қалыңдық қабаты 1 см кем болмауы тиіс. Адаптерді пайдалана отырып, барлық каналдарды дезинфекциялау құралымен толтырады. Егер каналдардан ауа көпіршіктерінің пайда болуы тоқтаса, ерітіндіні айдауды тоқтатуға болады. Жоғары деңгейдегі дезинфекция уақытын каналдарды толтыру аяқталуы бойынша есептейді.
Жоғары деңгейдегі дезинфекция нақты дезинфекциялау құралын қолдану жөніндегі әдістемелік нұсқауларда көрсетілген режимдерге сәйкес жүргізіледі. Дыбыстық сигналы бар таймерді пайдалану экспозициялық ұстауды бақылауды жеңілдетеді.
Жоғары деңгейдегі дезинфекция үшін спороцидті әсері бар және эндоскопиялық жабдықты өңдеуге рұқсат етілген құралдар қолданылады. Химиялық ерітінділермен стерильдеу режимімен салыстырғанда жоғары деңгейдегі дезинфекция кезінде тек экспозициялық ұстау уақыты ғана қысқартылады. Ерітіндінің шоғырлануы, оның температурасы және басқа да параметрлер ерітінді стерильдеу үшін пайдаланылатын жағдайдағыдай болып қалады. Жоғары деңгейдегі дезинфекция, сондай-ақ химиялық стерильдеу үшін ерітіндіде концентраттарды емес, дайын ерітінділер түрінде шығарылатын құралдарды пайдаланған артығырақ. Бұл қажетті шоғырланудағы ерітіндіні дайындау кезінде өз кезегінде тиімсіз өңдеуге әкеп соқтыратын қателіктер мен сәйкессіздіктерді болдырмауға көмектеседі.
Эндоскоптарды дезинфекциялау жүргізілетін ерітінділері бар ыдыстардың тығыз жабылатын қақпағы болуы және эндоскопты батырғаннан кейін және каналдар толтырылғаннан кейін дереу жабылуы тиіс. Өңдеу рәсімдерінің арасында сол сияқты ыдыстар дезинфекциялау ерітіндісінің булануы мен ластануын болдырмау үшін қақпақтармен жабылуы тиіс.
Глутарлы альдегид негізіндегі құралдар жоғары деңгейдегі дезинфекция үшін неғұрлым кеңінен қолданылады. Эндоскоптарды ыдысқа батыру арқылы қолмен өңдеуді орындау кезінде құрамында глутарлы альдегид бар құралдың температурасы бөлме температурасындай (20-250С) болуы тиіс. Оны қыздыру кезінде альдегидтің ауаға көп мөлшерде бөлінуі болады, бұл адамның ағзасына кері әсер етеді. Қазіргі уақытта жоғары деңгейдегі дезинфекция үшін әсер ететін басқа заттардың, мысалы орто-фтальді альдегид және сірке су қышқылы негізіндегі дезинфекциялау құралдары әзірленеді және қолданылады. Орто-фтальді альдегидтің глутарлы альдегидпен салыстырғанда айтырлықтай ықтимал басымдығы болады. Ол рН кең диапазонында өте тұрақты, микробтық белсенділігі өте жоғары ғана емес, сонымен қатар көзге және мұрын жолдарына тітіркендіргіш әсер етпейді. Бұдан басқа, орто-фтальді альдегид қолдану алдында белсендіруді қажет етпейді.
Экспозициялық ұстау аяқталуы бойынша эндоскоптың барлық беттері мен каналдары және алмалы-салмалы элементтер дезинфекциялау құралының барлық іздерін кетіру үшін сумен мұқият жуылады. Бронхоскоптар дистилденген сумен жуылады. Гастродуоденоскоптарды, ларингоскоптарды, колоноскоптарды және ректоскоптарды ауыз сумен, оның ішінде микробиологиялық көрсеткіштері бойынша ауыз суға сәйкес келетін болса, құбыр суымен жууға болады. Жоғары деңгейдегі дезинфекциядан кейін эндоскоптарды жуу үшін пайдаланылатын судың сапасын микробиологиялық бақылау жүйелі жүргізілуі тиіс.
Эндоскопты жуғаннан кейін барлық каналдарға қысыммен ауа жіберу арқылы олардан суды шығарады. Жақсылап кептіру және микроағзалардың көбеюуінің алдын алу үшін каналдарды 700-тық спиртпен жуады. Спиртпен өңдеу дезинфекциялауды алмастырмайды, тек ылғалды толық кетіруге мүмкіндік береді. Эндоскоптың сыртқы беті мен алмалы-салмалы элементтер таза сүлгілердің немесе дәке сулықтардың көмегімен кептіріледі. Егер эндоскоп жуық арада 3 және одан көп сағат ішінде пайдаланылмаса, каналдарды спиртпен жуу және ылғалды толық кетіру ерекше маңызды.
Тазарту және дезинфекциялау кезінде пайдаланылатын керек-жарақтарды (щеткаларды, жалғастырғыштарды, ерітінділерге арналған ыдыстарды) өңдеудің дұрыстығы эндоскоптардың деконтаминациясының тиімділігіне айтарлықтай әсер ету мүмкіндігін ескеруі қажет. Каналдарға және алмалы-салмалы элементтерге арналған щеткаларды әрбір пайдаланғаннан кейін тазарту және дезинфекциялау керек. Бұл үшін эндоскоптарға пайдаланылған құралдарды пайдалануға болады. Жуу және дезинфекциялау құралдарының жұмыс ерітінділері бар ыдыстар да сол сияқты жаңа ерітіндімен толтыру алдында өңделуге жатады.
Дезинфекциялаудан кейін эндоскоптарды жууға арналған суы бар ыдыстарға ерекше назар аудару керек, себебі олар пациенттің инфекция жұқтыруына әкеп соқтыратын микроағзалармен ластануы мүмкін. Бұл ыдыстар (жұмыс ауысымы аяқталуы бойынша) дезинфекциялауға жүйелі түрде жатуы тиіс.
Эндоскоптың каналдарын жуу және дезинфекциялау ерітінділермен, сондай-ақ сумен толтыруды жеңілдету үшін эндоскоптарға қоса берілетін арнайы құрылғыларды пайдалану керек. Егер осы мақсат үшін шприц пайдаланылса, онда ол эндоскоппен бір мезгілде өңдеудің барлық кезеңінен өтуі тиіс. Егер осы шприц эндоскоппен бір мезгілде дезинфекциялау құралының ерітіндісіне батырылмаған болса, жоғары деңгейдегі дезинфекциядан кейін эндоскопты соңғы жуу үшін каналдарын жуу ерітіндісімен және сумен толтыру үшін сол бір шприцті қолдануға болмайды. Бұл эндоскоптың ластануына және кейіннен пациенттің инфекция жұқтыруына алып келеді.
5. Стерильдеу
Стерильді эндоскопиялық манипуляциялар кезінде пайдаланылатын құрал-саймандарды өңдеу кезеңдері жоғары деңгейдегі дезинфекция кезіндегідей сақталады, бірақ соңғы тазартудың орнына стерильдеу алдындағы тазарту жүргізіледі.
Эндоскопиялық аппаратураны стерильдеу құралдары мен әдістерін таңдау кезінде эндоскоптар мен құрал-саймандарды өндіретін компанияның ұсынымдарын назарға алу керек. Бұл жабдықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Әртүрлі үлгілер мен маркалардағы эндоскоптарды өңдеу технологиясының кейбір ерекшеліктері болуы мүмкін, бірақ жоғарыда көрсетілген кезеңдердің жүйелілігін сақтау және олардың әрқайсысын кез келген эндоскоптар үшін орындау міндетті.
Егер құрал-саймандар жоғары температурада өңдеуге төзімді болса, онда стерильдеу алдындағы тазарту, кейіннен ағынды және дистилденген сумен жуу, кептіру және тиісті қаптамалаудан кейін оларды булау әдісімен стерильдейді, содан кейін хирургиялық құрал-саймандар сияқты сақтайды.
Эндоскопия кезінде қолданылатын эндоскоптар мен құрал-саймандар автоклавтауға жатпайтын жағдайларда, олар төменгі температурада стерильденеді. Бұл үшін белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген химиялық құралдардың ерітінділері, газдық әдіс және төменгі температуралы плазма қолданылуы мүмкін.
Эндоскопиялық жабдықты химиялық құралдардың ерітінділерімен сапалы стерильдеу үшін нақты препараттарды қолдану жөніндегі әдістемелік нұсқаулармен регламенттелген өңдеу режимдерін қатаң сақтау керек.
Химиялық құралдардың ерітінділерімен стерильдеу жүргізу кезінде эндоскоптарды, клапандарды, бітеуіштерді, құрал-саймандарды, щеткаларды ерітіндіге толық батырады. Эндоскоптың қаптамасы бетіндегі ауа көпіршіктерін стерильді сулықпен шығарады. Эндоскоптың барлық каналдарын ауа тығындарын болдырмай, ерітіндімен мәжбүрлеп (стерильді шприц немесе басқа да керек-жарақтардың көмегімен) толтырады.
Эндоскоптар мен олардың құрал-саймандарын химиялық құралдар ерітінділерінің көмегімен стерильдеуді стерильді эмальданған (эмальын зақымдамай) немесе жабылатын қақпақтары бар пластмассалы ыдыстарда жүргізу керек.
Ерітінділермен стерильдеуді жүргізу кезінде барлық манипуляцияларды асептикалық жағдайларда жүзеге асыру керек. Стерильдеу үшін және стерильді бұйымдарды құралдардың қалдықтарынан жуу кезінде пайдаланылатын ыдыстарды булау әдісімен алдын ала стерильдейді. Жууға арналған суды булау әдісімен стерильдейді. Бұйымдарды ерітіндіден алу үшін стерильді корнцангтар, пинцеттер, каналдардан стерильдеу ерітіндісі мен суды шығару үшін стерильді шприцтер пайдаланылады. Персонал стерильді қолғаптармен жұмыс істейді.
Құрал-саймандарды орамада төменгі температурада стерильдеуге болады, ол бұйымдардың стерильділігін (сақтау мерзімі орамаға байланысты) ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Бұл үшін сутегі асқын тотығының төменгі температурадағы плазмасымен немесе этиленнің газ тәріздес тотығымен стерильдеуге арналған арнайы технологиялар мен жабдық пайданылуы мүмкін. Газдық стерильдеу 1-2 сағат бойы 20-250С температурада және 70 % жуық ылғалдылықта формалин буында зарарсыздандыру жүргізілетін арнайы камерада жүргізіледі. Бактерияның споралары 48 сағатқа дейінгі экспозиция кезінде жойылады. Стерильдеу алдындағы тазартудан кейін кептірілген құрал-саймандарды қағаз пакеттерге орайды және мұқият тұмшалайды. Құрал-саймандарды 150 мг/дм3 дозада этиль спиртіндегі формальдегид ерітіндісінің буымен стерильдеу осы қосымшаға 9-тармақта көрсетілген әдістемеге сәйкес дайындалған этиль спиртіндегі формальдегидтің дайын ерітіндісімен жүргізіледі. Стерильдеуге ұстау аяқталуы бойынша формальдегидтің қалдығын аммиактың 23 %-дық сулы ерітіндісімен бейтараптандырады. Параформалинді камералар металл керек-жарақтарды өңдеу кезінде тиімді. Формальдегидтің аппараттардың поликомпозитті қабықшаларымен, эндоскоптарды дайындау кезінде қолданылатын синтетикалық шайырлармен ұзақ уақыт жанасуы кезінде олардың құрылымы өзгереді, бұл олардың кейіннен бұзылуына алып келеді. Фиброэндоскоптар мен құрал-жабдықтарды газдық стерильдеудің неғұрлым тиімді тәсілі этилен тотығын пайдалану болып табылады. Этилен оксидімен стерильдеу 38-600С температурада, атмосфераның 25-50 % ылғалдылығында және газдың 450-670 мг/мл шоғырлануында арнайы тұмшаланған камерада жүргізіледі.6-10 сағатты алатын экспозиция кезінде вегетацияланатын микроағзалар да, сол сияқты құрал-саймандардың бетіндегі және эндоскоптардың каналдарының саңылауындағы олардың споралары толық ыдырайды. Бірақ фиброэндоскоптардың құрамына кіретін полимерлердің газ сіңіру және оны ұзақ уақыт ұстау мүмкіндігі бұл әдістің тәжірибеде кеңінен қолданылуын айтарлықтай шектейді.
Автоклавтау – құрал-саймандарды 120-1400С температурада және 2 атмосфераға дейінгі қысымда 30-40 минут бойы стерильдеуді қамтамасыз ететін тәсіл. Бұл стерильдеу әдісі кезінде барлық бактериялар, грибоктардың мицелиялары ғана емес, сонымен қатар микроағзалардың споралары да жойылады. Автоклавтаумен өздерінің технологиялық сипаттамалары бойынша жоғары температураға төзімді құрал-саймандар мен керек-жарақтарды ғана (магнитті экстракторлар, фогрцепттер мен автоклавтауға арналған сабы бар басқа да құрылғылар) өңдеуге болады. Автоклавтауға болатын керек-жарақтардың әдетте арнайы таңбасы және ең жоғары рұқсат етілген температураның индикациясы болады. Өзінің құрамында көп резеңке және полимерлік бөлшектері бар фиброэндоскоптар автоклавтаумен стерильдеуге бейімделмеген.
Ультрадыбыстық стерильдеу – керек-жарақтар мен қосымша эндоскопиялық құрал-саймандарды өңдеудің жоғары тиімді әдісі. Микрокавитацияның көмегімен ультрадыбыстық стерильдеу кезінде 10-40 секунд ішінде форцепттерді, диатермиялық ілмектерді, коагуляторларды сыртқы ластан, қаннан, қатып қалған тіндердің фрагменттерінен тазалап қана қоймай, сонымен қатар стерильділікке қол жеткізуге болады. Бұл тәсіл, әсіресе, ұзақ эндоскопиялық операциялар (полипэкгомия, папиллосфинктеротомия және т.б.) үдерісінде жиі пайдаланылатын құрал-саймандарды тез тазарту және стерильдеу үшін пайдалану кезінде тиімді. Фиброэндоскоптарды ультрадыбыспен өңдеу кезінде соңғылары резонанстық тербелістердің әсерінен бұзылады, сондықтан бұл тәсілді күрделі және мұқият пайдаланатын техника үшін қолдануға болмайды.
Салқын химиялық дезинфекциялау (стерильдеу). Құрал-саймандарды, сол сияқты фиброэндоскоптарды өңдеудің бұл тәсілі қазіргі кезде неғұрлым кең таралған. Бұл өңдеудің салыстырмалы қарапайымдылығына, экспозицияның аз мерзіміне (дезинфекциялауды жүргізу үшін 10-20 минут және стерильдеу үшін 10 сағат), әдістің қолжетімділігіне байланысты. Өңдеуді бактериостатикалық және бактерицидті сұйықтықтардың ерітінділеріне эндоскоптарды (аппараттың техникалық ерекшеліктеріне байланысты) ішінара немесе толық батыру арқылы жүргізіледі. Белсенді зат ретінде катионды үстіңгі-белсенді заттар мен органикалық емес буферлі жүйелері бар қоспадағы глютаральдегидтердің немесе калий персульфаттардың ерітінділері неғұрлым жиі пайдаланылады. Дезинфекциялау препараттарын дезактивациялау үшін этанолдың 70 %-дық ерітіндісі қолданылады. Химиялық ерітінділермен және этиленнің газ тәріздес тотығымен салыстырғанда сутек асқын тотығының төменгі температурадағы плазмасымен стерильдеу циклінің ұзақтығы айтарлықтай қысқа (1 сағатқа жуық), ал процестің өзі персонал мен қоршаған орта үшін қауіпсіз болады.
Эндоскоптарды стерильдеу алгоритмі:
1) стерильдеу үшін ерітіндіге эндоскопты батыру;
2) стерильдеуге қажетті экспозицияны ұстау;
3) эндоскопты ыдысқа батыру және каналдарды стерильді сумен жуу;
4) эндоскопты кептіру;
5) эндоскоптарды бөзден жасалған стерильді қапқа салу.
6. Сақтау.
Жоғары деңгейдегі дезинфекция немесе стерильдеу аяқталғаннан кейін эндоскоптар эндоскопиялық манипуляциялар жүргізу үшін дереу пайдаланылуы мүмкін. Егер мұндай қажеттілік болмаса, онда олар стерильді мата тыстарда тігінен ілінген күйінде ілгіштерде немесе осы мақсат үшін арнайы жасалған желдетілетін шкафтарда сақталады. Тек осындай күй эндоскоптың каналдарында микроағзалардың өсуі мен көбеюіне жағдай жасайтын ылғалдың жиналуына мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, эндоскоптарды сақтау үшін екі қабатты стерильді жаймаға немесе стерильді жаймалар төселген бикстерге орауға болады. Мұндай күйде олар 3 тәулік бойы сақталады. Эндоскоптың жұмыс бөлігіне зақым келтіретін шектен тыс бұралуы және иілу мүмкіндігі болатындықтан, эндоскопты биксте немесе сөреде жиналған күйде сақтамаған жөн. Қайта ластану тәуекелі болғандықтан, эндоскопты тасымалдауға арналған чемоданда сақтамау керек. Сақтау кезінде алмалы-салмалы элементтер біріктірілмейді және жеке сақталады. Ұзақ (3 тәуліктен астам) сақтаудан кейін эндоскопты қолдану алдында қайта өңдеу (жоғары деңгейдегі дезинфекция немесе стерильдеу) керек.
Эндоскоптарды өңдеу бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейін осы мақсаттар үшін рұқсат етілген кез келген жуу дезинфекциялау құралын пайдалана отырып, үй-жайды ылғалды жинау жүргізу, содан кейін үй-жайды желдету, ал персонал қолына гигиеналық өңдеу жүргізуі қажет.
7. Эндоскоптарды соңғы/стерильдеу алдында тазарту сапасын бақылау.
Денсаулық сақтау ұйымдарында өзін-өзі бақылау аптасына 1 реттен сиретпей жүргізіледі, журналға тіркей отырып бөлімшенің аға мейіргері ұйымдастырады. Соңғы стерильдеу алдында тазартудың сапасын бақылау үшін қанның қалдық саны бар болуына азопирамдық сынаманы, жуу құралының сілтілі компоненттерінің қалдық санының бар болуына фенолфтолеинді сынаманы пайдаланады.
Тазалау сапасын тексеруге құрал-саймандық канал және жұмыс бөлігінің иілгіш сыртқы беті жатады. Жұмыс бөлігінің иілгіш сыртқы беті азопирам ерітіндісіне батырылған дәке сулықпен сүртіледі. Құрал-саймандық каналдың «кіру» және «шығу» саңылауларына реактивке батырылған мақта таяқшаларын аздаған тереңдікте енгізеді және каналда 1 минутқа қалдырады, содан кейін шығарып алады.
Қатты эндоскоптар мен функционалды каналдары жоқ құрал-саймандардың тазалығын жұмыс бөлігін реактивке батырылған дәке сулықпен сүртіп немесе тамшуырдың көмегімен реактивтің 3-4 тамшысын жұмыс бетіне тамызу арқылы тексереді.
Функционалдық каналдары бар құрал-саймандардың тазалығы сапасын тексеруді реактив бар түтікке құрал-сайманның жұмыс бөлігін батыру, каналға шприцтің көмегімен 0.5-1,0 мл реактивті енгізу және оны дәке сулыққа немесе мақта тампонына сығу арқылы жүргізіледі.
Қанға немесе жуу құралдарының сілтілі компоненттерінің қалдық санына реактиві бар оң сынама болған жағдайда, бақылаудағы бұйымдар теріс нәтиже алғанға дейін қайта өңдеуге жатады.
8. Эндоскоптарды жоғары деңгейдегі дезинфекция және стерильдеу сапасын бақылау.
Денсаулық сақтау ұйымдарының бактериологиялық зертханасы бақылауды айына бір рет жүргізеді. Мұндай зертханалар болмаған жағдайда, бақылауды зерттеудің осы түрлері үшін аккредиттелген кез келген басқа зертханалар жүзеге асыруы мүмкін. Бір уақытта жоғары деңгейдегі дезинфекцияға жатқызылған немесе бір әдіспен стерильденген эндоскоптардың 1 % -ы (бірақ әр атаудың кемінде 1 эндоскопы) бақылауға жатады.
Құрал-саймандарды жоғары деңгейдегі дезинфекция және химиялық (ерітінділермен немесе газдық) әдіспен стерильдеу сапасын бақылау құрал-саймандарды жуғаннан немесе бейтараптандыру үдерісі аяқталғаннан кейін жүргізіледі.
Құрал-саймандарды жоғары деңгейдегі дезинфекция және стерильдеу сапасын бақылау үшін сынамаларды жинау асептика қағидаларын сақтай отырып, шайынды алу әдісімен жүргізіледі. Ішкі каналдары бар құрал-саймандарды жұмыс бөлігі жағымен стерильді суы немесе изотонды ерітіндісі бар түтікке салады және стерильді шприцтің көмегімен каналды стерильді ерітіндімен 4-5 рет жуады. Эндоскоптар мен құрал-саймандардың сыртқы жұмыс бетінен шайынды натрий хлоридінің 0,9 %-дық ерітіндісімен немесе стерильді сумен ылғалданған стерильді дәке сулықтармен алынады. Әрбір сулықты қоректік ортасы бар жеке түтікке салады.
Жоғары деңгейдегі дезинфекция және стерильдеу ішек таяқшасының тобы бактерияларының, алтын түстес стафилококк, көк ірінді таяқша, Кандида тұқымдас грибоктар мен басқа да шартты-патогенді және патогенді микроағзалардың өсуі болмаған кезде тиімді деп саналады. Микроазалардың өсуі болған кезде, жоғары деңгейдегі дезинфекция мен стерильдеу қанағаттанғысыз деп саналады және дезинфекциялау мен стерильдеу қайталанады.
Микрофлораға сынамаларды мынадай жерлерден алған орынды:
1) эндоскоптың енгізілетін бөлігі;
2) биопсиялық қысқаштар, басқа да құрал-саймандар;
3) ерін тіреуіш;
4) сору клапандары, «су-ауа»;
5) биопсиялық канал;
6) эндоскоптың оптикалық бөлігі;
7) жоғары деңгейдегі дезинфекциядан және стерильдеуден кейін жууға арналған ыдыс;
8) кіші жұмыс үстелі;
9) шаю ерітінділеріне арналған ыдыс;
10) медицина қызметкерінің қолғабы;
11) стерильді жаймалар, халаттар, сулықтар;
12) персоналдың антисептикалық өңдеуден кейінгі қолы.
9. Этил спиртінде формальдегид ерітіндісін дайындау.
Этил спиртінде формальдегид ерітіндісін дайындау үшін параформ мен ректификат этил спирті пайдаланылады.
1 кг (1,25 дм3) ерітіндіні дайындау үшін техникалық таразыға (10 мг дейінгі дәлдікте) 400 г параформды және 600 г этил спиртін (760 см3) өлшейді. Апараформ бөлігін шлиф бар колбаға салады және этил спиртін құяды. Колбаны кері тоңазытқышпен жалғайды және ішіндегіні параформ толық ерігенге дейін (5-6 сағат) қайнатады. Дайындалған ерітіндіні сүзгіден өткізеді және талдау жасайды.

«Дезинфекция, дезинсекция мен
дератизацияны ұйымдастыруға және
жүргізуге қойылатын санитариялық-
эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидаларына
11-қосымша

Наши рекомендации