Су факторымен байланысты аурулардың алдын алу
Су тұтынуға байланысты әр түрлі аурулардың алдын алу мақсатында, гигиена мамандары ауыз су сапасына қойылатын бірқатар талаптар дайындады.Біріншіден, ауыз су эпидемиялық және радиациялық жағынан қауіпсіз болуы тиіс, екіншіден, химиялық құрамы жағынан зиянсыз болуы керек, үшіншіден, органолептикалық қасиеттері (түсі, исі, т.б.) жағымды болуы керек. Бұл талаптар келесі іс-шаралар кешенін орындау нәтижесінде жүзеге асырылады:
- заңнамалы гигиеналық шараларды орындау;
- су көзін таңдау;
- су көзінің санитарлық-қорғаныш аймағын (ЗСО) ұйымдастыру;
- суды тазарту, зарарсыздандыру және өңдеудің арнайы әдістерін қолдану;
- су құбыры жүйесін санитарлық қорғау.
Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жүйесінің екі түрі бар:
· орталықтандырылған жүйесі – бұл, су көздерінен механикаландырып су алуды, оның сапасын жақсартуды (тазарту, зарарсыздандыру және өңдеу) немесе онсыз, суды сақтауды, ауыз су пайдаланатын орындарға беруді қарастыратын, елді мекендерді сапалы ауыз сумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге арналған шаралар мен құрылғылар, құрылыстар және су құбырларының кешені болып табылады.
· орталықтандырылмаған (жергілікті) жүйесі – бұл, ауыз суды тұтынатын орындарына жеткізіп бермейтің, жалпы халық пайдалану үшін ашық немесе жеке адамдардың пайдалануындағы құрылыстардан тұрғындардың өз бетімен су алуына арналған жүйе.
Сумен қамтамасыз етудің орталықтандырылған жүйесі су құбырларын орнату арқылы жүзеге асырылады. Су құбырлары деп, су көздерінен механикаландырып су алуды, оның сапасын жақсартуды (тазарту, зарарсыздандыру және өңдеу) немесе онсыз, суды сақтауды, ауыз су пайдаланатын орындарға беруді іске асыратын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге арналған инженерлік құрылыстар кешенін айтады. Қазіргі кездегі су құбырлары ашық және жер астылық су көздерінің суын пайдалана алады. Ашық су көздерінің суымен қамтамасыз ететін құбырлар:
а) су алатын құрылыстан;
б) суды жоғары көтеретін сору қондырғысынан;
в) судың сапасын жақсартуға арналған құрылыстан;
г) су құбырлары жүйесінен тұрады.
Құрылыстардың су құбырлар жүйесіне дейінгі бұл кешенінің барлығы бас құрылыстар деп аталады. Суды су көздерінен алу үшін, өзен ағысының бойымен елді мекеннен жоғары ұйымдастырылатын арнайы су қабылдағышты қолданады.
Жер асты су көздерінен орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесі, негізінен, кішігірім ауылдық елді мекендер, қалалардың жекелеген аудандары, кейде жеке мекемелер үшін ұйымдастырылады. Оның артықшылықтары: бұл жердегі су барлық ластаушылардан сенімді қорғалғандықтан, суды тазартудың қажеттілігі, әдетте, туындамайды; су алатын орның елді мекеннің өзінде немесе оған жақын жерде орналастырады.
Су алу үшін, жер астындағы су тұтатын горизонтқа дейін жететін вертикалды шахталар түріндегі, бұрғылағыш артезиан ұңғымаларын құрады. Бұрғылау кезінде алынған топырақ шахтаға түспеу үшін, шахтаның қабырғаларын бекітетін айналдыра сақиналар қойылады. Ұңғымадан суды тартып алу үшін, оған сорғыш орнатады. Бұндай су құбырларының санитарлық қауіпсіздігінің кепілдігі, жүйенің, әсіресе, айналдыра қойылған сақиналардың қосылған жерінде, жақсы герметизациялануы болып табылады.
Орталықтандырылмаған ауыз су-шаруашылық мақсатында сумен қамтамасыз ету үшін жер асты сулары пайдаланылады. Тұрғындарды және шаруашылық- тұрмыстық нысандарды сумен қамтамасыз ету, су алатын құрылыстарға арнайы құрал-жабдықтарды (тарату жүйесі жоқ ұңғымаларды, шахталық және құбырлы құдықтарды, бастау каптаждарын) орнату арқылы жүзеге асырылады.
Ұңғымалар, құдықтар мен бастау каптаждарын орнату үшін қажетті орындар геологиялық, гидрогеологиялық мәліметтер негізінде таңдалып алынады.
Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің су көздерін ластанудан қорғау мақсатында, Қазақстан Республикасының санитарлық заңнамасы бойынша сумен жабдықтайтын су көздерінің санитарлық қорғау зонасы (СҚЗ) орнатылған, СҚЗ су көзінің жанындағы, санитарлық режимі ерекше, аумақ болып табылады.
СҚА үш белдеуден тұрады:
- бірінші белдеу (қатаң тәртіптегі) су алатын орынды және су алу құрылыстарын ластанудан және зақымданудан қорғауға арналған, оған су алатын орындары мен су алу құрылыстары орналасқан аумақтар кіреді;
- екінші және үшінші белдеулер (шектейтін) шаруашылық-ауыз су мақсатында сумен қамтамасыз ететін су көздерінің микробиологиялық және химиялық ластануының алдын алуға арналған аумақтарды қамтиды.
СҚА белдеулерінің шекараларын орнату:
- сумен жабдықтау көздерінің түріне (жер бетілік немесе жер астылық);
- ластану сипатына (химиялық, микробтық);
- жер бетілік ластанудан табиғи қорғалу деңгейіне (жер асты су көзі үшін);
- гидрогеологиялық немесе гидрологиялық жағдайларына байланысты.
Орталықтандырылған сумен жабдықтауда ауыз судың сапасы, су тарату жүйесіне берілер алдында, сонымен қатар, сыртқы және ішкі су құбырлары жүйесінің су алынатын жерлерінде, гигиеналық нормативтерге сай болуы тиіс.
Ауыз судың эпидемиялық тұрғыдан қауіпсіздігі микробиологиялық және паразитологиялық көрсеткіштері бойынша, 4.3-кестеде көрсетілген нормативтерге сәйкес, бағаланады.
Жалпы микроб саны (ЖМС) бактериологиялық әдіс арқылы зерттелетін 1 мл судағы микроағзалар колониясының өсу санымен анықталады. ЖМС 50- аспауы керек. Жалпы колиформды бактериялар бойынша зерттеу 12 ай (1 жыл) бойына жүргізіледі, бұл кезде сыртқы және ішкі су құбырлары жүйесінің су алынатын жерлерінен алынған су сынамаларының саны 100 –ден кем болмауы керек және олардың 95% нормативтен аспауы керек.
Кесте
Орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ететін жүйедегі ауыз су сапасының микробиологиялық және паразитологиялық көрсеткіштері (28.06.2004 ж. ҚР ДМ санитарлық-эпидемиологиялық нормалары мен ережелерінен)
Көрсеткіштері | Өлшем бірліктері | Норматив-тері |
Жалпы микроб саны | 1 мл-дегі колония түзетін бактериялар саны | 50-ден артық емес |
Жалпы колиформды бактериялар | 100 мл- дегі бактериялар саны | Жоқ |
Термотолерантты колиформды бактериялар | 100 мл-дегі бактериялар саны | Жоқ |
Колифагтар | 100 мл-дегі түймешек түзетін (бляшкообразующие) бірліктерінің саны(ТТБ) | Жоқ |
Сульфитредуцирлеуші клостридийлердің споралары | 20 мл-дегі споралар саны | Жоқ |
Лямблиялардың цисталары | 50 л-дегі цисталар саны | Жоқ |
Термотолерантты (ыстыққа төзімді) колиформды бактерияларды, 100 мл суға үш рет зерттеу жүргізіп, анықтайды. Анықталған нәтижесі теріс болуы керек. Колифагтар мен лямблия цисталарын анықтау тек жер бетілік су көздерінен сумен жабдықтау жүйелерінде, суды тарататын жүйеге беру алдында, ал сульфитредуцирлеуші клостридийлердің спораларын - суды өңдеу технологиясының тиімділігін бағалау кезінде жүргізіледі. Бұларды анықтау нәтижелері де теріс болуы тиіс.
Ауыз судың химиялық құрамы бойынша зиянсыздығы, оның құрамындағы химиялық заттардың мөлшері - табиғи суларда ең жиі кездесетін зиянды химиялық заттардың, сондай-ақ, антропогенді текті зиянды заттардың нормативтеріне сәйкес келуімен анықталады. Химиялық кұрамы бойынша ауыз судың сапасын бағалайтын көрсеткіштерге жалпылама көрсеткіштер, табиғи суларда ең жиі кездесетін және жаһандық таралу алған антропогенді зиянды органикалық және бейорганикалық химиялық заттар, суды өңдеу үрдісінде суға қосылатын және соның нәтижесінде суда түзілетін зиянды химиялық заттар, адамның іс-әрекет нәтижесінде сумен қамтамасыз ететін су көздеріне түсетін зиянды химиялық заттар жатады (4.4., 4.5., 4.6., 4.7. – кестелер).
Ауыз су құрамында 1- және 2- қауіптілік класына жататын және зияндылықтың санитарлық-токсикологиялық белгісі (с.-т.) бойынша нормаланған бірнеше химиялық заттар анықталған кезде, суда анықталған әрбір заттың концентрациясының әр қайсысына тиісті ШРЕК-не қатынасының қосындысы 1-ден аспауы тиіс (суат суларының сапасына қойылатын талаптар сияқты). Есептеу келесі формула бойынша жүргізіледі:
С1факт/ С 1рұқсат + С2факт. / С 2рұқсат... + Сn факт / С n рұқсат ≤ 1
мұндағы - С1, С 2, Сn – 1- және 2- қауіптілік класына жататын жеке химиялық заттардың концентрациялары: факт. – фактіге негізделген; рұқсат– рұқсат етілген.
Кесте.
Орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ететін жүйедегі ауыз су сапасының жалпылама көрсеткіштері (28.06.2004 ж. ҚР ДМ санитарлық-эпидемиологиялық нормалары мен ережелерінен)
Көрсеткіштері | Өлшем бірліктері | Нормативтері (шектік рұқсат етілген концентрациялары – ШРЕК), артық емес |
Сутектік көрсеткіш | рН мәндері | 6-9 аралығында |
Жалпы минералдануы (құрғақ қалдығы) | мг/л | 1000 (1500) |
Жалпы кермектілігі | ммоль/л | 7,0 (10) |
Перманганаттық тотыққыштығы | мг/л | 5,0 |
Мұнай өнімдері, барлығы (жалпы) | мг/л | 0,1 |
Беттік белсенді заттар (ББЗ), анионды-белсенді | мг/л | 0,5 |
Фенол индексі | мг/л | 0,25 |
Кесте.
Орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау жүйесіндегі ауыз судың бейорганикалық заттары бойынша көрсеткіштері (28.06.2004 ж. ҚР ДМ санитарлық-эпидемиологиялық нормалары мен ережелерінен)