Туберкулезге қарсы қолданылатын дәрілер

Туберкулезге қарсы дәрілерге туберкулез микобактериясының өсіп көбеюін тоқтататын және оның вируленттігін азайтатын дәрілер жатады. барлық түрінде туберкулезге қарсы дәрілер қолданылады, олар туберкулез микобактериясына бактериостатикалық әсер етіп, олардың өсіп-өнуін тоқтатады. Бірақ емдеу кезінде дәрілерге тұрақты микробтардың жаңа түрлері пайда болуы мүмкін, сондықтан емді кешенді түрде бірнеше дәрілерді қосып жүргізу керек.

Туберкулезге қарсы дәрілер ретінде кейбір антибиотиктер /стрептомицин, рифампицин, канамицин, циклосерин/ және синтетикалық дәрілер /изониазид, фтивазид, этамбутол т.б./ қолданылады.

Барлық туберкулезге қарсы дәрілер екі топқа бөлінеді:

1) І –ші қатардағы препараттар (негізгі)

2) ІІ –ші қатардағы препараттар (резервтегі)

І қатардағы препараттарға туберкулез қоздырғышына белсенділігі жоғары, адамға уыттылығы /токсикалық әсері/ төмен дәрілер жатады. Ал ІІ –ші қатардағы препараттарға белсенділігі төмен, уыттылығы /токсикалық әсері/ жоғары дәрілер жатады. ІІ-ші қатардағы препараттар І-ші қатардағы препараттарға микобактериялардың тұрақтылығы пайда болғанда қолданылады.

І қатардағы препараттарға стрептомицин, рифампицин, изониазид, оның туындылары, этамбутол, пиразинамид жатады.

ІІ қатардағы препараттар - этионамид, капреомицин, офлаксацин, циклосерин, натрий парааминосалицилаты

Стрептомицин сульфаты кең спектрлі антибиотик. Туберкулез микобактериясына белсенділігі жоғары. Басқа туберкулезге қарсы дәрілермен қосып туберкулездің әртүрлі формасында қолданылады /антибиотиктер тақырыбын қараңыз/

Рифампицин /Rifampicinum/. Шығарылатын түрі: капсула 0,05; 0,15г

Кең спектрлі антибиотик, туберкулезге қарсы белсенділігі стрептомициннен күшті. Рифампицинге тұрақтылық тез пайда болады, сондықтан оны басқа туберкулезге қарсы дәрілермен /стрептомицинмен, изониазидпен т.б./ бірге қосып қолданады.

Жағымсыз әсері: аллергиялық реакциялар, диспептикалық бұзылулар, бауырдың, ұйқы безінің қызметінің бұзылуы, лейкопения, зәрді, қақырықты қызыл түске бояйды.

Қолдануға болмайды: бауыр, бүйрек қызметінің бұзылуы, жүктіліктің алғашқы айлары, препаратқа жоғары сезімталдық.

Изониазид /Тубазид/-Isoniazidum. Шығарылатын түрі: таблетка 0,1; 0,3г. Синтетикалық туберкулезге қарсы препарат.

Химиялық құрамы бойынша изоникотин қышқылының гидразиді. Изониазид туберкулез қоздырғышына белсенділігі жоғары, туберкулездің барлық түрлерінде қолданылады. Стрептомицин мен рифампициннен айырмашылығы ол микроорганизмдердің басқа түрлеріне әсер етпейді. Изониазид асқорыту жолынан жақсы сіңеді және организмнің барлық тіндеріне оңай өтеді. Әсер ету ұзақтығы 6 сағаттан 24 сағатқа дейін созылады.

Жағымсыз әсері: бас ауыртады, бас айналтады, жүрек тұсын ауыртады, жүрек айнытады, құстырады, терінің аллергиялық реакцияларын, орталық және шеткері жүйке жүйесінің асқынуларын туғызады /ұйқысыздық, полиневриттер/, бауырға, бүйрекке токсикалық әсер етеді, ішкі бездердің қызметін бұзады. Асқынулардың алдын алу үшін Б тобының витаминдері

/пиридоксин, тиамин/ және глутамин қышқылы қолданылады.

Эпилепсияда, бауыр, бүйрек ауруларында, атеросклерозда, полиемиелитте қолдануға болмайды.

Фтивазид /Phthivazidum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,3; 0,5г.

Асқазанда ыдырап, изониазидке айналады. Уыттылығы /токсикалық әсері/ изониазидтен төмен, науқастар жақсы көтереді. Қолданылуы изониазидке ұқсас.

Пиразинамид /Pirazinamidum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,5г.

Басқа дәрілермен бірге қосып қолданылады.

Жағымсыз әсері: аллергиялық реакциялар, бауырды зақымдайды.

Этамбутол /Ethambutolum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,1; 0,4г.

Басқа дәрілермен бірге қосып туберкулездің әртүрлі түрінде қолданылады (рифампицинмен қосып өкпе туберкулезінде қолданылады).

Жағымсыз әсері: диспептикалық өзгерістер, көздің көру қабілеті нашарлайды, тері бөртеді, депрессия пайда болады, препаратты тоқтатқан соң 2-8 аптадан кейін біртіндеп кетеді.

Этионамид /Ethionamidum/. Шығарылатын түрі: таблетка 0,25г.

Туберкулездің әртүрлі формасында қолданылады.

Жағымсыз әсері: аллергиялық реакциялар, диспептикалық өзгерістер, ұйқы бұзылады, тәбетті нашарлатады, арықтатады. Қосымша әсерлерді азайту мақсатында никотин қышқылын, пиридоксин қолданылады.

Капреомицин /капастат/- Capreomycinum. Шығарылатын түрі: флакон 1г. Бұлшық етке 1г күніне 1 рет енгізіледі.

Туберкулезге қарсы қолданылатын антибиотик. І қатардағы препараттардың әсері болмағанда өкпе туберкулезінде қолданылады.

Жағымсыз әсері: бүйректі зақымдайды, уытты нефрит туғызуы мүмкін, құлақтың есту қабілетін нашарлатады, бауырдың қызметін бұзады, аллергиялық реакциялар, қанның құрамын өзгертеді.

Жас балаларға, екі қабат және емізетін әйелдерге қолдануға болмайды.

Парааминосалицилат натрийі / Natrii para-aminosalicylas/ ПАСК

Шығарылатын түрі: ұнтақ; таблетка 0,5г; флакон 250; 500мл 3% ертінді.

Туберкулезге қарсы әсер ету механизмі сульфаниламидтерге ұқсас. ПАСК туберкулез микобактериясының өсуіне қажетті пара-аминобензой қышқылының антогонисі болып келеді. Тек туберкулез микобактериясына бактериостатикалық әсер етеді, басқа микроорганизмдерге әсер етпейді. Стрептомицинмен және изониазидтермен салыстырғанда туберкулезге қарсы әсері әлсіз. Сол себептен ПАСК және оның туындылары өз бетінше тағайындалмайды, басқа препараттармен бірге қосып туберкулездің әртүрлі түрлерінде қолданылады.

Жағымсыз әсері: аллергиялық реакциялар, диспептикалық өзгерістер, бауырға, бүйрекке, қалқанша безге уытты әсер етеді.

Бауыр, бүйрек ауруларында, қалқанша бездің гипофункциясында, ойық жараларда, жүрек кемшілігінде қолдануға болмайды.

Наши рекомендации