Тік ішектен термометрді 10 минуттан кейін алып, көрсеткішін алу қажет
8.Термометрді дезинфицирленген ерітіндісі құйылған ыдысқа салу қажет.
Температураны тәулігіне 2 рет өлшейді: таңертең аш қарынға (06.00 – 09.00) және кешке соңғы тамақты қабылдар алдында (17.00 – 19.00), қажет болса – әр 2-3 сағатта. Өлшер алдында науқас тыныштық жағдайында 10-15 минут болуы керек. Сонымен қатар, тамақ ішкеннен кейін бір сағаттан соң өлшеген дұрыс болады.
Цельсий бойынша 37°С -тан жоғары дене температурасы жоғарылағанда, үлкендерде және балаларда әр көтерілген градусқа тыныс қозғалысы жиілігі 4 тыныс алуға жоғарылайды, үлкен адамдарда пульс —минутына 8—10 соққыға, ал балаларда минутына 20 соққыға жоғарылайды.
Тері қабатының жағдайын бағалау
Тері жамылғысы жағдайын бағалау кезінде оның түсіне, пигментация немесе терінің түлеуі, бөртпелер, тыртықтар, тырналулар, ылғалдығы және серпімділігі, сонымен бірге ойық жараның пайда болуы және басқа да ақаулы элементтердің бар-жоқтығына көңіл бөлеміз. Тері жамылғысының түсі тамырлардың қанға толу дәрежесіне, қалыңдығына және терінің тұнықтығына байланысты. Дені сау адамдардың терісі бозғылт-қызғылт түсте болады. Аурулар кезінде ол бозарған, қызарған, көгерген, сарғайған және т.б. болуы мүмкін.
Тері түсі
Бозарған тері түсі тері тамырларының қанға толуы жеткіліксіз болуына байланысты болады (тамыр түйілуі, қан кету салдарынан қан көлемінің азаюы, анемия).
Терінің қызаруы (қызарған жер) қысқа уақытқа болуы мүмкін (ұялу, ашулану, қобалжу), психикалық қозу әсерінен болады. Бір аймақтың қабыну процесі болғанда, дене температурасы көтерілгенде, жылы процедуралардың әсерінен қан тамырлардың кеңеюінде және теріге қанның келуінде, бірқатар дәрілік заттарды қолданғаннан кейін (никотин қышқылы, нитроглицерин және басқ.) және басқалары кезінде болуы мүмкін.
Тері жамылғысының көгеруі (көгерген түс) қанның оттегімен нашар қанығуы немесе қанайналымның баялауына байланысты болады. Көгеру жалпы және жергілікті болады. Жалпы көгеру өкпе, жүрек аурулары кезінде кездеседі. Бұл кезде терісі көгілдір-көк немесе қара-күлгін түсте болады. Жергілікті көгеру тамырда қанның іркілуі мен оның кері ағуының қиындауы салдарынан болады. Егер еріннің, мұрын, құлақ ұшының, құлақ қалқанының, бетінің көгеруі болса, оны акроцианоз деп атайды.
Қола тәрізді түс зат алмасу бұзылыстары (бүйрек үсті безі жеткіліксіздігі), инфекциялар, онкологиялық ауруларда кездеседі.
Терісі мен шырышты қабаттың сарғаюы өт пигменттерінің (билирубин) тері және шырышты қабатта жиналуы салдарынан болады, ол өт жолының бітелуі (өт тас ауруы кезінде таспен, рак кезіндегі ісікпен), бауыр аурулары (гепатит, цирроз) немесе эритроциттердің гемолизі (бұзылуы) кездерінде бауырдан өт бөлінуі бұзылуынан дамиды. Терінің сарғаюы көп мөлшерде кейбір дәрілік заттарды (акрихин, хинин және басқ.) қабылдауда, бірқатар тағамдарды (сәбіз, цитрустар) қолданғанда болуы мүмкін, бірақ бұл кезде көздің склерасы сарғаймайды.
Тері жамылғысын қарағанда бөртпе бар-жоқтығына көңіл бөлу қажет, ол жұқпалы аурулардың көрінісі болуы мүмкін (везикулалар, күлдіреу, түлеу және басқ.).
Әлсіреген және қажыған ауыр жағдайдағы науқастарда терінің өлі еттену ошақтары- ойық жаралар пайда болады. Науқасты тыңғылықты қарау дер уақытында ойық жараның бірінші белгілерін анықтауға мүмкіндік береді және әрі қарай дамуының алдын-алу үшін емді бастау қажет.
Терінің ылғалдылығы.Дені сау адамдардың қалыпты жағдайда терісі сәл ылғалды болады, бірақ физиологиялық терлеу кең ауқымда тербеледі. Дені сау адам терісінің аздаған ылғалдылығы, тер бездерінен үнемі микроскопиялық сұйықтық тамшылары бөлінуіне байланысты болады. Эмоционалды және физикалық күш түскенде, тамақ ішкеннен кейін, жоғары температурада және қоршаған орта ылғалды болғанда, тері ылғалдылығының жоғарылауы болады. Құрғақ ыстық ауа-райында, сұйықтықты қолдануды шектегенде тері ылғалдығы төмендейді. Қолтық астында ылғалдылық үнемі жоғары болады. Жасқа, тер бездерінің семуіне байланысты тері ылғалдығы төмендейді, құрғақ болады. Тер бөліну бұзылыстарының ең жиі себептері болып табылады: қызба, шок, орталық және вегетативті нерв жүйесі аурулары, жұқпалы, соматикалық және эндокриндік аурулар, интоксикациялар.
Тургор (тері серпімділігі) - бұл терінің серпімділігі мен керілу көрсеткіші, ол тәулік ішінде функционалды және физиологиялық жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Әдетте жас ұлғайған сайын тері тургоры біршама төмендейді (қарт адамдарда бірден төмендеген). Тургордың төмендеуі - дистрофияда, созылмалы интоксикацияда, жедел асқорыту бұзылыстарында, ағзаның сусыздануында, несеп айдайтын заттарды қабылдағанда және басқалары кезінде басты диагностикалық синдром. Айығу кезінде тері тургоры тез қалпына келеді.
Тіндердің тургорын санның ішкі бетінің барлық тері қабатын, тері асты қабатын және бұлшық еттерін басқанда анықталады.
· егер қатпар тез және толық жазылса -тері тургоры жақсы деп есептеледі;
· егер қатпар баяу, бірақ толық жазылса -тері тургоры төмендеген;
· егер қатпар біраз уақытқа дейін жазылмаса, онда тургоры бірден төмендеген.
Тургордың қалпына келуі науқастың айығуының бір критериі болып табылады.