Балалар мен жасөспірімдердің денсаулық жағдайын бағалау. Денсаулық топтары.
Балалар мен жасөспірімдердің денсаулық жағдайын зерттеу мен бағалау, жоғарыда көрсетілгендей, С.М. Громбах ұсынған белгілерге сәйкес жүргізіледі. Бір баланың денсаулығы да (жеке адам денсаулығы) және бүкіл балалардың да денсаулығы (қоғамдық денсаулық) сипатталынады.
Балада созылмалы аурулардың болуы немесе болмауы жөнінде педиатрдың және арнаулы саланың мамандарының жоспарлы медициналық тексерулерінің мәліметтері мен медициналық көмек алуға келу бойынша анықталған аурушаңдық деректері бойынша біледі.
Ағзаның қарсы тұру қабілеті, өткен жылдағы балада болған жедел аурулардың және созылмалы аурулардың асқынуларының сандары бойынша бағаланады. Жиі ауыратын балаларға, бір жылда 4 немесе одан көп рет ауыратындар жатады.
Мүшелер мен жүйелердің функционалдық жағдайы клиникалық–функционалдық зерттеу әдістерімен анықталады.
Жүйкелік–психикалық даму деңгейін, арнайы тесттердің (Керн–Ирасек тесті, монометриялық тест, әріптердің дыбысын дұрыс шығаруын бағалау және басқалар) көмегімен психоневролог анықтайды.
Дененің даму деңгейі кешендік және центильдік зерттеу және бағалау әдістерінің мәліметтері бойынша анықталады.
Алынған деректер негізінде балаларды 5 денсаулық тобының біреуіне жатқызады. Балалар мен жасөспірімдерді денсаулық топтарына бөлу, тиісті сауықтыру шараларын жүргізуге, диспансерлік бақылауға алуға, дене шынықтыру тәрбиесі мен еңбекке баулудың көлемі мен түріне түзету енгізуге, емдеу–алдын алу шараларының тиімділігін бағалауға және т.б. мүмкіндік береді.
Бірінші денсаулық тобына дені сау, созылмалы аурулары, кемтарлығы, ақаулары жоқ, дене дамуы мен жүйкелік–психикалық дамуы жасына сәйкес, үйлесімді, сирек ауыратын, функционалдық ауытқулары жоқ балалар жатады.
Екінші денсаулық тобына дені сау, созылмалы аурулары жоқ, бірақ кейбір функционалдық және морфологиялық ауытқулары бар балалар, сондай–ақ, биологиялық жасы күнтізбектік жасынан артта қалған эндокриндік патологиясы жоқ және дене массасы жеткіліксіз немесе артық, жиі және ұзақ ауыратын балалар жатады.
Үшінші денсаулық тобына, функционалдық мүмкіншіліктері сақталған, компенсация сатысындағы жүре пайда болған созылмалы аурулары және туа біткен патологиясы бар балалар, сондай–ақ оқуға немесе еңбекке қабілеттілігін бұзбайтын, дене кемістіктері және жарақаттануларының едәуір салдары бар, балалар жатады.
Төртінші денсаулық тобына функционалдық мүмкіншіліктері төмен, субкомпенсация сатысындағы жүре пайда болған немесе туа біткен созылмалы аурулары бар балалар, сондай–ақ, оқуға немесе еңбекке қабілеттілігін бұзатын, дене кемістіктері және жарақаттануларының едәуір салдары бар, балалар жатады.
Бесінші денсаулық тобына функционалдық мүмкіншіліктері айқын төмендеген, декомпенсация сатысындағы жүре пайда болған немесе туа біткен ауыр созылмалы аурулары бар балалар, сондай–ақ мүгедектікке әкеп соғатын, дене кемістіктері және жарақаттануларының едәуір салдары бар балалар жатады.
Созылмалы аурулар кезіндегі компенсация дәрежесі патологиялық үрдістің таралуы, оның жыл бойындағы асқынуларының жиілігі, интеркуррентті аурулардың жиілігі, ағзаның функционалдық мүмкіншіліктері төмендеуінің айқындылығы бойынша анықталады. Аурудың компенсациялық түрде өтуі кезінде, әдетте, бір-екі мүшелер мен жүйелердің зақымдалуы байқалады, асқынулар сирек – жылына 1 ретке дейін, ремиссия кезеңі – ұзақ, функционалдық мүмкіншіліктері сақталған, интеркуррентті аурулардың сирек қосылады және жеңіл өтеді, ағзаның жалпы жағдайы мен ахуалының айқын бұзылыстары байқалмайды.
Субкомпенсация сатысы, үрдістің басқа мүшелер мен жүйелерге таралуымен, аурудың жиі асқынуларымен (жылына–2–3 рет дейін) және интеркуррентті аурулардың жиі қосылуымен, реконвалесценция кезеңінің ұзаққа созылуымен, сондай–ақ, ағзаның функционалдық мүмкіншілігінің төмендеуімен сипатталады. Декомпенсация кезінде бұзылу үрдістері көптеген мүшелер мен жүйелерге таралады, ремиссия кезеңі – қысқа, ағзаның функционалдық мүмкіншіліктері күрт төмендеген, соның салдарынан, мұндай балалар басқа адам күтім көрсетуін қажет етеді және балалар мен жасөспірімдерге арналған жалпы салалық мекемелерге қатыспайды.
Компьютермен жұмыс істеу кезіндегі зиянды жақтарын көрсетіңіз. Астенопияның профилактикасы, ДК (дербес компьютер) жұмыс жасау ұзақтығы.
Компьютерлермен жұмыс істеу кезіндегі зиянды факторлар және олардың қолайсыз әсерінің алдын алу.
Қазіргі кезде компьютерлеу қоғамдық өмір мен адам өмір мен адамның іс әрекетінің барлық салаларын қамтыған. Сонымен бірге, қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды енгізу, адам ағзасына қолайсыз факторларының әсер ету мүмкіншілігінен айырылмаған болып шықты. Компьютерлермен жұмыс істейтін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде көңіл аударуды қажет ететін мәселе пайда болды. Бұл мәселе, компьютермен жұмыс істеуді жиі үй жағдайында да жалғастыруына және оның ұзақтығын бақылауға мүлде мүмкіншілік болмайтынына байланысты, одан да күрделене түседі.
Компьютерлермен жұмыс істеу кезінде адамға факторлардың бірқатар кешені әсер етеді, олар:
1. Электромагниттік сәулеленулер:
· инфрақызыл, радиожиілік (5-тен 440 кГц дейін), ультракүлгін және рентген диапазондарындағы;
· электростатикалық өріс;
· жиілігі 50 Гц электромагниттік өріс
2. Көзге көрінетін факторлар;
3. Жұмыс операцияларын орындаумен, жұмыс орнын, қимылдарды және жұмыс кезіндегі дене қалпын ұйымдастырумен байланысты факторлар;
4. Микроклиматтық факторлар, ауа ортасының сапасы, жарықтану дәрежесі;
5. Шу, діріл.
Факторлардың бірінші екі тобының әсер ету қарқындылығы мен сипаты көбіне мониторлардың түріне байланысты: ол электронды-сәулелі түтікті ме (ЭСТ), сұйық кристаллды ма (СК), плазмалық па немесе басқа түрлері ме. Электронды сәулелі түтікті мониторлардағы электромагниттік сәулелену көздеріне дисплей схемасының жоғары вольтты элементтері, электронды-сәулелі түтік және монитордың экраны жатады. Дисплейден сәулеленетін радиожиілік диапазонындағы электромагниттік өріс 5 Гц-тен 400 кГц дейінгі жиілікте болады, соған байланысты толқын ұзындығы да үлкен болады, сондықтан да экран алдында жұмыс істейтіндерге электрлік және магниттік құрамдастары жеке-жеке әсер етеді. Ол жұмыс орындарының индукция зонасында, яғни қалыптаспаған магнитті өрісте болуымен түсіндіріледі, себебі толқын ұзындығы өте үлкен, бірнеше жүздеген метрлерге дейін жетеді, ал индукция зонасыгың шегарасы шамамен толқын ұзындығының бөлігіне тең аралықты қамтиды.
Бейнедисплейлік терминалдардан шығатын радиожиілікті электромагниттік өрістің, ультракүлгін, инфрақызыл сәулеленулердің және электростатикалық өрістің қарқындылығы төмен болады, әдетте экраннан 30-50 см қашықтықта олардың деңгейі ШРЕД-тен аспайды. Сонымен бірге, электронды сәулелі түтікті мониторлармен жұмыс істегенде 2-6% жағдайларда электростатикалық өрістің кернеулілігі ШРЕД-тен 2-20 есеге дейін, ал 9-15% жағдайларда электромагниттік өрістің электрлік құрамдасы ШРЕД- тен 4-тен 10 есеге дейін, магниттік құрамдасы ШРЕД- тен 1,5 есе артық болғаны да байқалады.
Медициналық қызметкерлердің еңбек гигиенасының мағынасын жазып көрсетіңіз. Мамандығымен байланысты, кәсіптік аурулар профилактикасын тізіп көрсетіңіз.
Еңбек үрдісінде адам өндірістік үрдіс технологиясының ерекшеліктерімен, микроклимат жағдайларымен, орындалатын еңбек іс әрекеттерінің сипатымен байланысты әр түрлі факторлардың әсеріне ұшырайды. Бұл факторлардың көпшілігі өздеріне тән патологияның – кәсіби аурулардың - дамуына себеп болуы, сонымен қатар, этиологиясы кәсібі емес аурулардың ағымын ауырлатуы немесе олардың пайда болуының қауіп-қатер факторы болуы, адам ағзасының қарсылық күшін төмендетуі, ұрпақтарының денсаулығына қолайсыз әсер етуі мүмкін.
Еңбек іс әрекетінің адам ағзасына тигізетін теріс салдарының алдын алудың ғылыми негіздерін және практикалық шараларын дайындаумен еңбек гигиенасы айналысады. Ол өндірістік орта мен еңбек үрдісінің факторларын, олардың адам денсаулығына әсерін зерттейді және алынған ғылыми мәліметтер негізінде жұмысшылардың денсаулығын сақтау, кәсіптік аурулардың алдын алу, сонымен бірге, жұмысшылардың кәсіптік емес ауруларының өршуі мен олардың асқынуының алдын алу мақсатында еңбек жағдайын жақсарту жөнінде шаралар дайындайды.
Өндірістік орта деп, адамның өндірістегі еңбек әрекеттері жүзеге асырылатын ортаны түсінеді. Адамға өндірістік орта өндірістік үрдіс факторлары, табиғи-климаттық (ықшам климаттық) факторлар, сонымен қатар, еңбектің жалпы санитарлық жағдайларымен байланысты (рационалды емес және жеткіліксіз жарықтандыру, қанағаттанарлықсыз тұрмыстық жағдайлар, жоспарлау және т.б.) факторлары арқылы әсер етеді.
Өндірістік үрдіс факторлары — бұл өндірістік үрдіс технологиясына, қолданылатын жабдықтарға, қондырғыларға байланысты факторлар. Мысалы, антибиотиктер өндірісінде технологиялық үрдіс бірнеше кезеңдерден тұрады. Басында ферментерлерде, содан кейін инокуляторларда тұрақты температурада антибиотиктердің продуценттерін – микроскопиялық саңырауқұлақтарды, бактерияларды өсіреді. Олар түзген антибиотиктер дақылдық (культуральная) сұйыққа өтеді, сұйықты ашық сүзгі-сыққышта (фильтр-пресстерде) мицелий мен балласт заттардан тазартады. Содан кейін, одан антибиотикті бөліп алады да әр түрлі еріткіштердің көмегімен немесе ион алмастыру әдісімен тазартады. Алынған өнім буландырып-кептіретін агрегаттарда кептіріледі, содан кейін стерильді флакондарға өлшеніп салынады немесе таблеткаланады.
Барлық кәсіптік ауруларды этиологиялық белгілері бойынша келесі топтарға бөледі:
1. Химиялық факторлардың әсерінен болатын аурулар: жедел және созылмалы уланулар, қатерлі ісіктер, аллергоздар, тері зақымдалулары.
2. Физикалық факторлардың әсерінен болатын аурулар: шу және діріл аурулары, жедел және созылмалы сәуле ауруы, катаракта, дененің қатты қызуы мен қатты салқындауы және басқалары.
3. Өнеркәсіптік аэрозольдердің әсерінен пайда болатын аурулар: шаң бронхиттері, пневмокониоздар, жоғарғы тыныс жолдарының аурулары және басқалар.
4. Еңбек үрдісі факторларының әсерінен туатын аурулар: қимыл үйлесімі бұзылатын невроздар, моно- және полинейропатиялар, радикулиттер, бурситтер, аяқ көк тамырларының варикозды кеңеюлері, кұшейе түсетін алыстан көрмеушілік, ларингиттер және басқалары.
5. Биологиялық факторлардың әсерінен пайда болатын аурулар: әр түрлі инфекциялар мен паразиттік инвазиялар, саңырауқұлақтар тудыратын зақымданулар және басқалар.
Пайда болу уақытына байланысты кәсіптік аурулар мен уланулар жедел және созылмалы болуы мүмкін.
Өндірістік факторлардың өте үлкен концентрацияларында немесе деңгейлерінде бір рет әсер еткеннен кейін немесе бір ауысым ішінде бірнеше мәрте әсер еткеннен кейін дамитын аурулар жедел кәсіптік аурулар деп аталады. Жедел кәсіби аурулар, мысалы, қандай да бір өнеркәсіптік удан улану, адам денсаулығының ауыр бұзылуларына және жиі өлім жағдайларына алып келуі мүмкін. Созылмалы кәсіптік аурулар зиянды фактордың жедел әсерінің салдарын тудыратын концентрациялары мен деңгейлерінен едәуір аз, бірақ рұқсат етілгенінен жоғары концентрациялар мен деңгейлерінде көп рет ұзақ әсер етуі кезінде дамиды.