Ызылиектің өліеттеніп жаралана қабынуын емдеу
Қызылиек қабынуының бұл түрінің негізгі себебі микроорганизмдер болғандықтан, жергілікті емдеу шараларының құрамында бактерияларға қарсы дәрілер қолданған жақсы нәтиже береді. Қызылиегі өліеттеніп-жаралана қабынған науқасты емдеу кезінде көзделетін мақсаттар: ауыру сезімін азайту, өліеттену үрдісін және қабынудың қызылиектен ауыздың басқа аймақтарындағы кілегей қабыққа жайылуын шектеу, жараның жазылуын жылдамдату,жергілікті және жалпылай ммунитетті көтеріп, аурудың қайталанбауын қамтамасыз ету.
Емдеу жоспары:
· Ауыру сезімін басу (аппликациялық немесе аэрозольанестезияны, қажет болса инъекциялық анестезияны қолдану). Аппликациялық анестезия үшін новокаиннің 2% ертіндісі, лидокаиннің 2-10% ертінділері, тримекаиннің 2% ертіндісі және 10% лидокаин-эорозоль пайдаланылады.
· Құрамынан хлор мен оттегі иондары бөлінетін және нитрофуран қатарындағы (фурагин, фурацилин, фуразолидон) антисептиктердің жылы ертінділерімен ауыз ішін, тістераралық кеңістіктерді мұқият жуып тазалайды.
· Тіс беттеріндегі жұмсақ және қатты шөгінділерді алып, қызылиекті өліеттенген тіндерден тазалайды (антисептиктерге малынған мақта анжымен сүртіп, немесе экскаватормен қырып алады. Қажет болса зарарсыздандырылған кішкентай өткір қайшыларды пайдалануға болады). Толық ыдырай қоймаған өліетті тіндерді ыдырату үшін ферменттер ертіндісімен (трипсин, химотрипсин, лидаза, лизоцим, лизоамидаза) жарақат ошағына аппликат жасауға болады. Осы мақсатта Ируксол жақпасын да қолданған тиімді.
· Өліеттен тазарған жара беттеріне құрамында антибиотиктер немесе антибактериальды дәрілер, кортикостероидтар бар жақпалардан аппликат қояды. Ол үшін құрамында фурацилин, синтомицин, анестезин бар «Фастин-1» және «Фастин-2», фунгицидті және фунгистатикалық әсері бар 3% октатион жақпасы, құрамында метронидазол бар «Метрагил-Дента», «Гиоксизон» жақпаларын пайдалануға болады. Жаралы ошақта саңырауқұлақтардың дамуына қолайлы жағдай туатын болғандықтан, құрамында саңырауқұлақтарға қарсы әсер ететін дәрілер бар жақпаларды да (нистатин, леворин, клотримазол, Ларинден-А жақпалары) пайдалануға болады.
Қызылиектің өліеттеніп-жаралана қабынуын емдеу үшін құрамында норсульфазол, стрептоцид, тимол, эвкалипт және жалбыз майлары, спирт, қант, глицерин, тұрақтандырушы беткейлік-белсенді заттар бар «Ингалипт-аэрозоль» қолданса, емдеу шаралары өте тиімді болады.
Ауызды жуып-шаюды, қызылиекке дәрілерден аппликат қоюды күніне 3-4 рет қайталаған жөн. Науқас 3-4 рет дәрігер-стоматологқа күніне келе алмайтын болғандықтан, мүмкіндігінше жергілікті емдеу шараларын жүргізуді өзінің үйреніп алғаны дұрыс (оларды уйінде өзі қайталау үшін).
Емдеу шаралары дұрыс жүргізілген жағдайда 2-3 күннен кейін-ақ қызылиектегі жаралы ошақ өліеттен тазарып, қабыну үрдісінің беті қайта бастайды. Бұл кезде құрамында кортикостероиды бар жақпаларды қолдануды тоқтатып, жараның жазылуын жылдамдататын жақпаларды (3% солкосерил, 5-10% метилурацил, 3% апилак жақпалары, 1-2% тезан, алой линименттері) пайдалана бастайды.
Ауруды жалпылай емдеу.
Егер науқас адамның дене қызуы жоғары болса, оны төмендететін дәрілер (аспирин, парацетомол, пирамидон және соңғы кезде әртүрлі фирмалар ұсынып жүрген әртүрлі ауырусыздандырушы және дене қызуын төмендетуші дәрілер қоспалары), антибактериалдық дәрілер (трихопол, флагил, бисептол), қажет болса анэоробтарға қарсы антибиотиктер тағайындайды. Трихополды 10 күн қатарынан қабылдау керек: алғашқы төрт күнде 0,25 г. 3 рет, қалған 6 күнде 0,25 г. күніне екі рет қабылдау қажет. Организмнің уыттануы мен сенсибилизациялануына да қарсы әрекет жасау керек. Ол үшін антигистаминдік дәрілер, гипосенсибилизациялаушы препараттар – кальций глюконатын, натрий тиосульфатын тағайындайды. Организмнің уыттануын азайту үшін жылы минералды суды, таңқурай тоспасы (варенье) қосылған шайды көбірек ішу керек.
Жергілікті иммунитетті көтеру үшін көпвалентті антигенді кешен – «Имудон» тағайындау қажет. Имудон сілекейдің фагоцитоздау белсенділігін күшейтіп, ондағы лизоцимнің мөлшерін жоғарылатады, күніне бір таблеткадан 8 рет ауызға салып сорады. Организмнің жалпы иммунитетін көтеру үшін витамин-минералды кешендер, иммунал тағайындаған тиімді болады.
· Физиотерапиялық емдеу шараларын (лазер, ультракүлгін сәулелерін, ультражоғары жиіліктегі айнымалы ток - УВЧ) алғашқы күннен бастап тағайындауға болады.
· Мүмкіндігінше тағамды жиі қабылдау керек; тағам көбіне быламық, сорпа, жас көкөністерден жасалған салат түрінде болғаны дұрыс және ас қабылдар алдында ауызға анестетиктер ертіндісін ұрттап алып, 5-7 минөт ұстап тұру арқылы қызылиекті уақытша жансыздандырып алған жөн.
· Қабыну үрдісі толық басылғаннан кейін ауыз ішін сауықтырып, сырқатынан сауыққан адамға ауыз гигиенасын дұрыс сақтауды үйретіп, ақыл-кеңес беру керек.
Ескерту: қызылиектің өліеттене – жаралана қабынуының жайылған және ауыр түрімен сырқат адам аурухана жағдайында емделгені нәтижелі болады және әртүрлі асқынулар (іріңді лимфоаденит, абсцесс, флегмона) туындамайды.