Көптүбірлі тістер периодонтының созылмалы қабынуын емдеу

Көптүбірлі тістерде периодонттың созылмалы қабынуын емдеудің нәтижелілігі түбір өзектерін жақсы өтетіндей етіп кеңейтумен және оларды жақсы пломбылаумен тікелей байланысты.

Бірінші қабылдау. Тісжегі қуысын егеп тазалап, сауыт қуысын ашып, өтетін өзектен ұлпа ыдырандысын алып, антисептиктер ертіндісімен жуып кептіреді және эндодонттық аспаптармен өңдеу арқылы өзек қабырғасындағы жұмсарған және толық минералданбаған дентин қабатын (предентин) қырып алып, өзекке конусқа ұқсас пішін береді. Түбір ұшы тесігін ашып кеңейткен соң, өтетін өзекті уақытша пломбылауға болады, өтпейтін өзектердегі ұлпа ыдырандысын зарарсыздандыру үшін өзек сағаларында антисептиктер ерітінділерімен мақта анжы қалдырып, уақытша пломбымен жабады.

Екінші қабылдау. Емделуші адам екінші қабылдауға 2-3 күннен кейін келеді. Егер ешқандай шағымы болмаса, уақытша пломбыны алып, нашар өтетін өзектердің өтетін бөліктерін ұлпа ыдырандысынан тазартады және кеңейтуге әрекет жасайды. Нашар өтетін өзектердің түбір ұшы тесігі деңгейіне дейін өтетіндігін тереңдік өлшегіштің (глубиномер) көмегімен немесе түбір инесімен анықтайды (түбір инесінің ұшы периодонтқа жеткенде ине кіріп кеткендей ауыру сезімі пайда болады).

Қажет болса өзекте ине қалдырып, тістің рентген суретін жасау арқылы немесе «Foramatron» типтес электрондық апекслокаторды қолданып анықтайды. Қазіргі таңда барлық стоматологиялық емдеу мекемелерінің ондай аппаратқа қолдары жете бермейді. Эндодонттық аспаптармен кеңейтілген және антисептиктермен өңделіп, кептірілген өзектерді пломбылайды және олардың қатарына бірінші қабылдауда уақытша пломбыланған өзектер де кіреді. Бұл қабылдауда өту және кеңейту мүмкіндігі жоқ өзектерді импрегнациялау әдісімен өңдейді немесе электрофорездеу, депофорездеу әдістерін жүргізіп уаөытша пломбы қояды.

Ұлпа қабынуына қарағанда, периодонт қабынуы кезінде өзектер инфекцияға өте бай болғандықтан электрофорездеу әдісін бірнеше қабат (кем дегенде 3-4 рет) жүргізген тиімді болады.

Үшінші қабылдау. Тісі сырқат адам үшінші қабылдауға да 2-3 күннен кейін келеді (импрегнизациялау әдісі жүргізілген жағдайда). Бұл кезде нашар өтетін өзектерде қайтадан импрегнациялау немесе электрофорездеу әдісі жүргізілгеннен кейін өтетін бөліктері пломбыланады, ал тіптен өтпейтін өзектердің аузына антисептикалық қойыртпақтардың (резорцин-формалин қойыртпағы және б.) шамалы мөлшері қойылып нығыздалады, аралық төсем төселген соң, тісжегі қуысы тұрақты пломбымен жабылады.

Көптүбірлі тістердің қисық түбірлерде орналасқан өте тар және өңдеу жағдайы қиын (аузы нашар ашылады, алыс орналасқан тістер) өзектерін кеңейту және пломбылау мүмкіндігі ылғи бола бермейді. Сондықтан мұндай тістерде және көпке дейін уақытша пломбымен жабуды көтермейтін тістерде (зубы не выдерживающих герметизм) трипсинмен электрофорездеу әдісін жүргізген жөн. Ол үшін кристалды трипсиннің 0,5% ерітіндісін қолданады және оны 5 мг трипсинді сілтілі буферлі сұйыққа еріту арқылы дайындайды. Бұл сұйықтың құрамына 6,2 г бор қышқылы, 7,4 г калий хлориді, 3,0 г NaOH (едкий натрий – натрий сілтісі), 500 мл дистилденген су кіреді. Сұйық pH-ның оңтайлы көрсеткішіне байланысты трипсин тіс тіндеріне қарқынды түрде және терең сіңеді.

Дәрігер-стоматологтың емдеу тәжрибесінде периодонттың созылмалы қабынуымен қатар оның өршуі де жиі кездеседі. Сондықтан өршу үрдісін периодонттың жедел қабынуынан ажыратып, емдеу тактикасын дұрыс қолдана білу керек. Бірінші қабылдауда түбір өзегі арқылы периодонтта жиналған жалқыққа жол ашу қажет. Қажет болса ауыспалы қатпарға тілік жасап, жалпылай ем тағайындайды. Өршу үрдісі басылғаннан кейінгі емдеу кезеңдерін жүзеге асыру үшін периодонттың созылмалы қабынуын емдеу тактикасын ұстанады.

Түбір өзектерін өту мүмкіндігі болмаған жағдайда (түбірлері қисық, ертеректе өзектер металл штифтермен, цементтермен пломбыланған) хирургиялық әдістер қолданады.

Периодонттың созылмалы қабынуын консервативтік емдеудің барысы көбінесе түбір өзегін пломбылаудың сапалылығына байланысты. Өзек жақсы пломбыланған жағдайда периодонттағы қабыну үрдісі біртіндеп жойылып, сорылған сүйек тіні қалпына келе бастайды. Жүргізілген емнің нәтижесін 3- 6-9 және 12 ай өткен соң анықтау қажет (оған дейін өршу белгілері мазаламаса), себебі, бұзылған сүйек тіні баяу қалпына келеді және көп жағдайда организмнің жалпы жағдайына да байланысты. Периодонттағы созылмалы қабыну ошағы организмнің созылмалы сенсибилизациялануының көзі болып саналатындықтан, сырқат тісті емдей бастаған уақыттан бастап және әрбір үш айдан соң периодонтты қоршаған сүйек тіні қалпына келгенге дейін десенсибилизациялаушы, организмнің реактивтілігін, иммундық қорғанысын күшейтетін дәрілермен және кальцийқұрамды препараттармен жалпылай емдеу курсын жүргізіп тұрған тиімді болады.

Кейбір жағдайларда консервативтік емдеу әдісі нәтижесіз болуы мүмкін. Олардың себептері төмендегідей:

· түбір өзектері сапасыз және жартылай пломбыланған;

· шайнау кезінде тіске қысым көбірек түседі (патологиялық тістем немесе көп тістері жұлынған, протез қойылған);

· түбір ұшындағы қабыну ошағы пародонтальдық қалтамен байланысқан;

· егер көрші тісте ұлпа өліеттенген болса, кистогранулема және киста кезінде сүйек тіні қалпына келмейді;

· жалпы иммундық реактивтілік төмен.

Наши рекомендации