Ауыз ағзалары мен тіндерін қарап тексеру
Көріп тексеру әдісінің негізгі мақсаты –дәрігер-стоматологқа шағым айта келген адамның бет-жақ аймағындағы патологиялық үрдісті анықтау.
Көріп тексеру белгілі қалыптасқан жүйемен (схемамен) жүргізіледі: а) сырттай тексеру (внешний осмотр); б) ауыз ағзаларын және тіндерін тексеру (осмотр органов полости рта). Стоматологиялық науқасты күндізгі жарықта немесе жақсы жасанды жарық берілген бөлмеде тексерген қолайлы.
Сырттай тексеруді бет пішінін көріп тексеруден бастайды және бет пішінінің тепе-теңдігіне (симметриялылығына), ондағы домбығу, ісіну, жаңа құрылымдардың пайда болып тепе-теңдіктің бұзылуы сияқты үрдістерге, бет терісінің түсіне, мұрын-ерін қатпарларының дұрыс орналасуына, беттің әр бөлігінің биіктігіне, ерін жиектерінің түсіне, бөгде құрылымдардың бар-жоқтығына үлкен мән береді.
Беттің екі жағының тепе-теңдігінің (симметриялылығының) бұзылуы көп жағдайларға байланысты. Бет-жақ аймағындағы әр түрлі қабыну үрдістері, әртүрлі ісіктер мен домбығулар (Квинке домбығуы, коллатеральды домбығу), жұмсақ және қатты тіндердің жарақаттан зақымдануы кезінде бет пішінінің өзгеруі (асимметриялылығы) байқалады. Сонымен қатар ішкі бездер қызметінің бұзылысы кезінде де (микседема, акромегалия) қалыпты тепе-теңдік бұзылады. Қалқанша бездің қызметі жоғарылаған кезде көз алмалары сыртқа теуіп (экзофтальм), аталмыш бездің көлемі ұлғайып, құстың жемсауына ұқсайды (зоб, Базед ауруы).
Бет әлпетін қарап тексергенде тері бетінің түсіне, рельефіне (бетіндегі ірілі-ұсақты құрылымдарға) мән берген жөн. Егер науқас ауыздың кілегейлі қабығындағы өзгерістер немесе бөртпелерге шағым жасаса, дененің басқа аймақтарындағы теріні де мұқият тексеріп шығу керек. Себебі, көптеген тері аурулары кезінде ауыздың кілегейлі қабығымен қатар көздің және мұрынның кілегейлі қабығы да жиі жарақаттанады.
Науқастың бет әлпетін мұқият тексеріп алғаннан кейін ауыз қуысын немесе ауыз ішін көріп тексеруге кіріседі және оны еріннің қызыл жиектері мен езуден бастайды. Жоғарғы және төменгі ерін жиектерінің түсі ашық- қызыл, алқызыл және бозғылт-қызғылт түсті болып келеді. Көбінесе ол адамның нәсіліне, қан тамырларының орналасу деңгейіне де байланысты болады. Қалыпты жағдайда еріндер жиегі таза, жақсы майланған, сондықтан көп құрғамайды. Кейбір адамдарда ұсақ май бездері өте беткей орналасуы мүмкін. Бұл жағдайда олардың май бөлу қызметі жоғарылап, бездер денешіктері ұлғаяды және мүйізгектенетін эпителий қабаты астында ұсақ ақсары түйіршіктер түрінде орын аладыі немесе топтаса орналасып, ақшыл-сұр немесе ақшыл-сары түсті аймақтар құрайды. Мұның өзі кейде косметикалық ыңғайсыздық туғызуы мүмкін және олар патологиялық құрылымдар ретінде қабылданады (лейкоплакия, қызыл жалпақ теміреткі).
Ерін жиектерінің түсіне, рельефіне және құрғақтығына мән береді. Ауыз іші екі бөліктен: ауыз кіреберісінен (предверие рта – vestibulum oris) және нағыз ауыз қуысынан (собственно ротовая полость – cavum oris propria) тұрады. Ерін жиектерінен кейін ауыз кіреберісіне ауысады және оны екі жақ тістері бір-бірімен толық тістесу жағдайында, ерін мен ұрттарын еркін ұстатып, жоғарғы ерінді көтеріп, төменгі ерінді түсіріп, ұртты стоматологиялық айнаның көмегімен сыртқа соза тарта отырып тексереді. Аталған аймақтардың кілегей қабығының түсіне, рельефіне, ылғалдылығына, қозғалмалылығына көңіл аударады. Көпшілік жағдайда кілегей қабық беті тегіс келеді, ал кейбір адамдарда көбінесе төменгі еріннің кілегей қабығы бетінде аздаған кедір-бұдырлық байқалады. Ол ұсақ сілекей бездерінің аздап ұлғаюына (гипертрофия) немесе беткей орналасуына байланысты болады. Бұл жағдайда олардың шығару түтіктерінің аузын ұсақ қызғылт нүктелі тесіктер түрінде байқауға болады және біраз уақыт күтсе олардан шып-шып етіп мөлдір ұсақ тамшылар шыға бастайды (ұсақ бездерден бөлінген сілекей). Ұрттың кілегей қабығын тексерген кезде жоғарғы екінші үлкен азу тіс тұсында аса үлкен емес конусқа ұқсас бүртікті құрылымды байқауға болады, оның ұшында құлақ маңы сілекей безінің шығару түтігі (Стенонов проток) ашылады. Кейде ұрт кілегей қабығының беті тегіс болмай, азу тістердің ұрт беттерінің батуы әсерінен тістердің іздері (отпечатки зубов) қалып қоюы мүмкін (ұрт кілегейлі қабығы домбыққан кезде). Сонымен қатар оның артқы бөлігінде ретромолярлық кеңістікке жақын, диаметрі 1-2 мм ақшыл сары тары дәніне ұқсас кілегейлі қабық бетінен көтерілмейтін түйіншектерді байқауға болады. Бұл құрылымдарды Фордайс денешіктері (тельца Фордайса) деп атайды. Олар көбіне кілегейлі қабықты қаттырақ созған кезде көрінеді және кейбір дәрігер-стоматологтар оларды «қызыл жалпақ теміреткі» кезінде пайда болатын түйіншектер (папулалар) екен деп қателеседі.
Екі жақ ұрт пен еріндердің кілегей қабығынан кейін жоғарғы және төменгі ауыспалы қатпарларға ауысады. Олардың қозғалмалылығына, ауыз кіреберісінің биіктігіне, ерін үзбелерінің (уздечки губ) орналасу деңгейіне көңіл бөледі. Өте жоғары немесе төмен орналасқан ерін үзбелері ортаңғы күрек тістер араларының ашылуына (диастема) және пародонт тіндерінің әлсіреуіне әкеліп соғуы мүмкін.
Тістердің толық тістесу жағдайында жоғарғы тістер қатарының төменгі тістер қатарына қатынасын немесе тістем жағдайын анықтау қажет. Соңғы кезде қолданылып жүрген жүйе бойынша тістем (прикус) физиологиялық және патологиялық болып екі түрге бөлінеді. Жиі орын алатын физиологиялық тістем-ортогнатиялық тістем.Тістемнің түрлері ортопедиялық стоматология кафедрасында терең талданады. Тістем жағдайын анықтағаннан кейін қызылиекті көріп тексеруге мән береді. Қалыпты жағдайда қызылиек бозғылт-қызыл түсті, тіс мойнын тығыз орай орналасқан. Қызылиек бүртіктері немесе тістераралық қызылиек бүртіктері де бозғылт- қызыл түсті, пішіндері ұшы тістердің шайнау бетіне қараған конусқа ұқсас. Тіс мойыны мен қызылиек жиегі арасындағы аса терең емес тар саңылау қызылиек сайы (десневая борозда) деп аталады. Ертеректе оны тіс-қызылиек қалтасы деп атаған. Пародонтта патологиялық үрдістер дамыған кезде қызылиек сайы эпителийі түбірді бойлай өсіп (тістің айналма байламы бұзылғаннан кейін), пародонтальдық (тіс-қызылиек) қалтаның пайда болуына әкеп соғады. Арнаулы миллиметрлік бөліктерге бөлінген сүңгілердің көмегімен пародонтальдық қалтаның жағдайын (тереңдігін, ішінде жалқықтың, грануляциялық тіннің бар-жоқтығын, қызылиек асты тіс тасын) анықтайды. Қызылиекті мұқият тексерген кезде оның түсіне, бүртіктерінің пішініне, көлеміне, рельефіне үлкен мән беру керек.
Бұл аталған көрсеткіштер қызылиектегі қабыну үрдісіне ( бар болған жағдайда) толық сипаттама бере алады (катаральды, өліеттеніп-жаралана және өсе қабынулар). Бұл қабынулардың ағым ерекшеліктері (жедел, созылмалы және өршу сатылары), шектелуі немесе жайылу ауырлығы (жеңіл, орта және ауыр) туралы да мәлімет алуға болады. Егер пародонт ауруларының белгілері анықталса, оны емдеуді қажеттілігін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (Всемирная организаиця здравоохранения - ВОЗ) ұсынған CPITN (индекс нуждаемости в лечении болезней пародонта – пародонт ауруларын емдеу қажеттілігінің көрсеткіші) ұсынған көрсеткішін қолданып анықтайды.
CPITN (Community Periodontal Index of Treutment Needs) – көрсеткішін бағалау төмендегі кодтардың көмегімен анықталады: 0- аурудың белгілері жоқ; 1- сүңгілеген кезде қызылиектің қанағыштығы аны0талады; 2- қызылиекасты және қызылиекүсті тастың болуы; 3 – тереңдігі 4-5 мм пародонтальдық қалта бар; 4 – тереңдігі 6 мм-ден жоғары пародонтальдық қалта бар. Бұл үшін 10 тістің (17, 16, 11, 26, 27, 37, 36, 31, 46, 47) төңірегіндегі пародонт жағдайын анықтайды. Көрсетілген топтағы тістер екі жақ тістері пародонтының жағдайы туралы толық мәлімет алуға мүмкіншілік береді және төменде берілген формуласын
17/16 11 26/2
47/46 31 36/37 алты ұяға (ячейкаға) бөліп, 6-тіске тән өзгерістерді белгілейді. Бұл ұяшықтарға немесе сол тістер төңірегіндегі өзгерістерді белгілейтін кодтың немесе баллдың ең жоғарғысын қояды және әр жақтың екі азу тістері үшін (17, 16; 26, 27 және 36, 37; 46, 47) бір-ақ көрсеткішті алады. Мысалы, 17-тістің төңірегіндегі қызылиек қанағыш (код - 1), ал 16-тісте тіс тасы бар (код - 2), сонда оларды көрсететін торға «2» саны қойылады.
Егер осы тістердің біреуі жоқ болса, онда көрші тісті белгілейді. Егер ұяға кіретін екі тістің екеуі де жоқ болса, ұя арқылы диагональ сызық жүргізіледі және ол көрсеткішті анықтауға қатынаспайды.
Пародонт тіндерін көріп тексеру сүңгінің көмегімен жүргізіледі және қызылиектің қанағыштығы, қызылиекасты және қызылиекүсті тіс тасы анықталады. Пародонтальдық қалтаның тереңдігін арнаулы өлшемі бар ұшы доғал немесе түймелі сүңгімен (пуговчатый зонд) тексереді. Сүңгілеп тексерген кезде пародонт тіндеріне түсетін күш 25 граммнан аспау керек. Бұл күш салыстыра келгенде түймелі зондпен қолдың үлкен саусағының (басбармақтың) тырнағының астына басқан кезде ешқандай ауыру сезімін немесе ыңғайсыздық тудырмайтын күшке тең. Қызылиектің қанағыштығы сүңгілеп тексергенде бірден немесе 30-40 секөнд өткеннен кейін білінеді.
Ауыз тазалығының деңгейін немесе ауыз гигиенасының жағдайын анықтау ондағы ағзаларда кездесетін патологиялық үрдістердің себебі мен салдары турлы мәлімет алуға көп мүмкіндік береді. Ауыз тазалығының көрсеткіші (индекс гигиены – ИГ) немесе гигиеналық индекс (ГИ) Гринн-Вермильон (1964) және Федоров-Володкина (1970) сынамаларын жүргізу арқылы анықталады. Бұл сынамаларды жүргізу әдістерімен студенттер стоматологиялық аурулардың алдын алу (профилактика стоматологических заболеваний) курсынан таныс.
Қызылиекте әр түрлі ісіктер мен ісінулер (припухлости) және домбығулар (отеки) кездесуі мүмкін. Солардың бірі – пародонтальдық абцесс. Көбінесе ол қызылиекте жыланкөзбен тесіледі. Мұндай жыланкөз түбірұшы периодонтында созылмалы патологиялық үрдістер дамыған жағдайда да кездесуі мүмкін. Оларды бір-бірінен ажырату үшін рентгендік тексерудің маңызы зор.