Периодонттың жедел қабынуы
Қабынудың бұл түрі жедел дамиды және клиникалық белгілері тез ауысып отырады. Осыған байланысты қабыну үрдісінің дамуын екі кезеңге бөлу (уыттану және жалқықтану) негізді деп келісуге болады.
Периодонттың жедел қабынуы, уыттану сатысы неесе алғашқы сатысы (фаза интоксикации). Уыттану сатысы қабыну үрдісінің алғашқы кезеңінде байқалады және сырқат тістің өз бетімен сыздап толассыз ауыруымен сипатталады. Сырқат тіспен ас шайнағанда, қарсы тісі тигенде ауыру сезімі күшейе түседі. Бастапқы кезде тісі сырқат адам мазаландырған тісін анық көрсете алады. Температуралық тітіркендіргіштер ауыру сезімін күшейте немесе бәсеңдете әсер ете алмайды. Қарап тексергенде, сырқат тісте тісжегі қуысы анықталады және ол сауыт қуысымен байланысқан. Сүңгілеп байқағанда ауыру сезімі жоқ, тік қағып байқағанда ауыру сезімі бар. Тіс төңірегіндегі жұмсақ тіндер ешқандай өзгеріске ұшырамаған. Кейде тіс қуысы жабық болуы мүмкін және тістің ЭҚ 100 мка жоғары болады. Химиялық заттар немесе дәріден дамыған периодонттың жедел қабынуы кезінде сырқат тісте уақытша немесе тұрақты пломбы тұруы мүмкін.
Патологиялық анатомиясы. Микроскопиялық зерттеу кезінде периодонт тінінде қан тамырлардың кеңейіп, қанға толғаны (воспалительная гиперемия) байқалады. Тамырлар төңірегіндегі тінде сарысулы жалқықтың сіңуіне байланысты домбығу байқалады (воспалительный отек). Сонымен қатар бірлі-жарымды полинуклеарлармен бірге лимфоциттерден және гистоциттерден тұратын қантамырларға жақын орналасқан жасушалар шоғыры (клеточные инфильтраты) анықталады.
Қабыну үрдісінің толастамай, одан әрі күшеюіне байланысты жасушалық метаболизм бұзылып, сүт қышқылы жиналуы әсерінен тіндерде ацидоз дамиды. Мұның өзі қантамырларының өткізгіштігін жоғарылатып, жалқықтануды күшейтеді және лейкоциттердің сыртқа шығуына жағдай туғызады.
1-сурет. Периодонттың жедел қабынуы, жалу сатысы .сайт-http://mnogozubov.ru/ |
Қарап тексергенде сырқат тісте тісжегі қуысы анықталады, сүңгілеп байқағанда ауыру сезімі болмайды, сауыт қуысы көбінесе ашық. Температуралық тітіркендіргіштер ауыру деңгейіне ешқандай әсер етпейді. Сауыт қуысы жабық болған сирек жағдайда тістің ЭҚ 100 мка жоғары. Кейде тісте ұлпа қабынуын емдеу сатысында қойылған уақытша пломбы болуы да мүмкін. Қағып тексергенде сырқат тіс қатты ауырады (барлық бағытта), аздап қозғалмалылы боладыар. Тіс төңірегіндегі қызыл иектің кейде қызарып домбыққаны байқалады, түбір ұшы аймағындағы ауыспалы қатпарды сипап тексергенде ауырады.
Кейбір жағдайларда жақ сүйегін қоршаған жұмсақ тіндерде коллалатеральды домбығу байқалады, ауыспалы қатпар тығызданып (жасушалық инфильтрат пайда болуы нәтижесінде) тегістелгені анықталады. Осыған орай дер кезінде стоматологиялық көмек көрсетілмесе, тіс аймағындағы периостың жедел қабыну белгілері дамиды. Бұл кезде организмнің реактивтілігіне байланысты дене қызуы көтеріліп, тісі сырқат адамның басы ауырып, жалпы жағдайы нашарлайды. Кейде қанда да өзгерістер орын алуы мүмкін (лейкоцитоз – 15-20*109/л, ЭШЖ-жоғарылайды). Сырқат тіс жақтағы төменгіжақ асты, кейде иекасты лимфа түйіндері ұлғайаяды жіне ауырады.
Жоғарғы кіші және үлкен азу тістер периодонтындағы жалқық Гаймор қуысына өтіп, онда қабыну үрдісін туындатуы мүмкін.
Периодонттың жедел қабынуы 2-3 тәуліктен екі аптаға дейін созылады және диагнозын нақтылау аса қиындық тудырмайды. Периодонттың жедел қабынуының уыттану сатысын пародонттың жедел шектеле қабынуынан, қызылиек бүртігінің жедел қабынуынан (папиллит) ажырата білу керек. Ал жалқықтану сатысын ұлпаның жедел іріңді қабынуынан, периодонттың созылмалы қабынуының өршуінен, пародонтальдық абсцесстен ажырату керек. Бұл аурулардың сараптамалық диагностикасын студенттер өз беттерімен құру керек. Пародонттальдық абсцесс туралы мәлімет беруге болады. Бұл кезде абсцесс дами бастаған қызылиек қатты сыздап немесе солқылдап ауырады (кейде тісі ауырғандай болады), тіс аздап қозғалмалы болады. Қарап тексергенде тіс сауыты көбіне бұзылмаған (кейде тісжегі қуысы болуы мүмкін), көлденең қағып тексергенде ауыру сезімі бар, температуралық тітіркендіргіштерге жауап береді, төңірегінде әр түрлі тереңдікте пародонтальдық қалта болады. Қызыиек қатты қызарып, томпиып ісінеді, сипап тексергенде қатты ауырады, консистенциясы тығыз немесе орталық аймағында жұмсарғаны және “былқылдау”белгісі (симптом флюктуации) байқалады. Кейде пародонтальдық қалтадан іріңді жалқық шығады. Тістің рентгенсуретінде абсцесс аймағындағы альвеола өсіндісінде пародонттың қабынуына тән өзгерістер анықталады. Ал периодонттың жедел қабынуы кезінде рентген суретте 1-2 тәуліктен кейін-ақ өзгерістер байқалады және олар тісті қоршаған кемік сүйектің рентгенайқындылығының төмендеуімен сипатталады (сүйек майындағы инфильтраттану үрдісіне байланысты).
Патологиялық анатомиясы.Периодонт қабынуының жалқықтану сатысы кезінде қабыну ошағындағы тіндерде лейкоцитарлық инфильтраттану үдей береді. Микроскопиялық зерттеу кезінде қабыну белгілерімен қатар тінде полиморфты-ядролы лейкоциттермен жаппай инфильтраттану байқалады. Лейкоциттердің қан тамырларынан көптеп периодонт тініне ауысуы оның ыдырауға ұшырап, іріңді ошақтың (бір немесе бірнешеу) пайда болуына әкеп соғады. Іріңді ошаққа (іріңдікке) жақын жатқан периодонт, сүйек және қызылиек аймақтарында реактивті қабыну үрдісі (қызару және домбығу) анықталады. Сүйек қабы (периост) қалыңдаған, кейде іріңді жалқықтың әсерінен сылынып кеткен, сүйек майында қанға толу және ошақты іріңдеу үрдістері орын алған).
Сонымен қатар қабыну ошағының төңірегіндегі альвеола сүйегінің сорылуға ұшыраған аймақтарында жасушалы-талшықты құрылымдардың пайда болғаны байқалады. Қабыну ошағынан алыстау орналасқан сүйек тінінде жасушалы элементтердің көбеюі орын алған. Жедел қабыну ошағында қышқыл мукополисахаридтің мөлшері көбейеді, керісінше бейтарап мукополисахаридтің мөлшері өзгеріске ұшырамайды. Ал қалыпты және қабыну инфильтратындағы жасушаларда рибонуклеопротеиндердің мөлшері бастапқы кезде жоғарылап барып, кейінірек төмендейді.
Периодонттың жедел қабынуының жалқықтану сатысы кезінде дәрігерлік жәрдем дер кезінде көрсетілмесе, жиналған жалқық шығуға жол іздей бастайды. Ең тиімді жолы түбір өзегі арқылы өтіп, жалқықтың сауыт қуысына жиналуы (түбір ұшы тесігі кең болған жағдайда), периодонт саңылауы арқылы өтіп, қызылиек сайымен сыртқа бөлінуі (сурет), тіс ұясының түбір ұшы аймағындағы қатты сүйек қабатын бұзып, кемік сүйек арқылы өтіп, сүйек қабығы астына жиналуы немесе жұмсақ тіндерге өтіп, қабыну үрдісін туындатуы (одонтогендік қабынбалы үрдістер).