Ызылиектің жедел катаральды (талаурап) қабынуы
2-сурет. Қызылиектің жедел катаральды қабынуы |
Қызылиегі жедел қабынған науқас қызылиегінің қатты сыздап немесе кернеп ауыратынына, тағам шайнағанда күшейе түсетініне, қанағыштығына, ауызынан нашар иіс шығатынына шағымданады.
Қарап тексергенде қызылиек қатты домбыққан және алқызыл түстенген, беті тегіс және жылтыр, бүртіктерінің, көлемі үлкейіп, ұштары доғалданған, оңай қанағыш келеді (2-сурет). Сипап басып тексергенде қызылиек қатты ауырады. Тіс сауыттары көпмөлшерде жұмсақ қақтармен жабылған. Аймақтық лимфа түйіндері ұлғаюы мүмкін.
3-сурет. Қызыл иектің созылмалы катаральды қабынуы |
Тістер беттеріне көп мөлшерде жұмсақ қақтар жиналған, ал мойын бөліктерінде қатты шөгінділер де кездеседі. Шиллер-Писарев сынамасы оң, қызылиек сұйықтығының мөлшері жоғарылағын және ауыз сұйықтығына көшкен лейкоциттер саны да көбейген. Кулаженко сынамасын жүргізген кезде теріс қысым әсеріне қызылиек капиллярлары өткізгіштігінің жоғарылағаны анықталады.
Қызылиек сұйықтығы сандық және сапалық өзгерістерге ұшырайды. Фильтрлейтін немесе сорғыш қағаз жолағының көмегімен алынған сұйық мөлшері де (Ненов сынамасының көмегімен) қабынудың ауырлығына байланысты жоғарылайды. Мысалы, РМА-индексі 0-10% болғанда қызылиек сұйықтығының салмағы 0,17 мг (қалыпты пародонт кезінде 0,03 мг), РМА индексі 10-20% болғанда – 0,23 мг, а РМА 40% дейін жоғарылағанда – 0,37 мг болады.
Қызылиектің катаральды созылмалы қабынуы кезінде қабынуы үрдісі шектеулі (1-2 тістің аймағында) немесе жайылған болуы мүмкін. Қабынудың ауырлығы патологиялық үрдістің қызылиек аумағын қамту деңгейіне байланысты, жеңіл дәрежесі кезінде тек қызылиек бүртіктері қабынады, орта дәрежесі кезінде қызылиек бүртіктері мен қызылиек жиегі қабынады, ал ауыр дәрежесі кезінде қабыну үрдісі альвеолалық бөлігіне де ауысады. Осыған байланысты РМА көрсеткіші қабынудың жеңіл дәрежесі кезінде 30% дейін, орта дәрежесінде – 30-60%, ауыр дәрежесінде 60% жоғары болады.
Қызылиектің созылмалы катаральды қабынуының өршуі кезінде қызылиекте өздігінен және тағам шайнағанда ауыру сезімі пайда болып, қызылиек оңай қанайды, көбірек домбығып, ашық-қызыл немесе қызыл-қошқыл түстенеді. Барлық жағдайларда тістер бетінде көп мөлшерде жұмсақ қақтар мен қатты шөгінділерді анықтауға болады.
Қызылиектің созылмалы катаральды қабынуы кезінде науқастың жалпы жағдайы, шеткейлік қан құрамы өзгеріске ұшырамайды. Рентгенсуретте тістераралық қалқан сүйектер өзгеріске ұшырамай, тығыз сүйек қабатының (компактная кость) бүтіндігі сақталады.
Қызылиектің созылмалы катараьлды қабынуы кезіндегі төмендегідей патоморфологиялық өзгерістер орын алады: жабынды эпителийдің мүйізгектенуінің бұзылуы нәтижесінде паракератоздану байқалады. Сонымен бірге акантоздану және вакуольді дистрофиялану үрдістерін де анықтауға болады.
Дәнекер тін қабатында домбығу (отек) және қызару (гиперемия) үрдістері тікелей эпителий астында және тіс-қызылиек бекімі аймағында жиірек кездеседі.
Қызылиек сайы аймағында лимфоидты жасушалардан, гистиоциттерден, сегменттіядролы лейкоциттерден тұратын инфильтрат ошақтары орналасады. Коллагенді талшықтар қалыңдап, жуан шоғырларға бірігіп, дистрофиялық өзгерістерге ұшырауы байқалады. Эпителийдің тікенекті қабатында гликогеннің, дәнекер тін қабатында гликозамингликандар мөлшерінің жоғарылағаны анықталады.
Ескерте кететін жай, кейде қызылиектің созылмалы катаральды қабынуы бар адам қызылиегінің қанағыштығына аса мән бермейді (кейде өз бетімен басылып кететіндіктен) және дәрігер-стоматологқа бара бермейді. Сондықтан бұл жағдай көбінесе профилактикалық тексерулер немесе дәрігерге басқа шағымдармен келген кезде анықталуы мүмкін.
Егер қызылиектің созылмалы катаральды қабынуына тиімді емдеу шаралары жүргізілмесе, пародонт тіндерінің қорғаныс қасиеті төмендеп, пародонттың күрделі ауруларымен (қызылиектің өсе қабынуы, өліеттене жараланып қабынуы, пародонттың созылмалы жайыла қабынуы) асқынуы мүмкін.