ЖаҚ-бет аймаҒыныҢ Қабыну аурулары
Бет-жақ аймағының қабыну кезеңдері хирургиялық емдеуді қажет ететін көп таралған ауруларға жатады. Олар басқа стоматологиялық ауруларға қарағанда жиі еңбекке қабілетін төмендетуге, науқасты ауруханаға жатқызуға себепкер болып, адам өміріне қауіп туғызады. Соңғы жылдары медицинаның жетістіктеріне қарамастан бұл аурулардың ауыр түрлері жиі кездесіп жүр. Біздің зерттеулеріміздің қортындысы жәнеде Қазақ Ұлттық Медицина Университеті хирургиялық стоматолгия кафедрасының мәліметтері бойынша осы аурулар 30-40%-дан 60-65%-ға дейін (Оразалин Ж.Б., Мырзабеков О.М., Сабданалиев А.М., 2003), ММСИ клиникасында 6-8%-ке (Васильев В.А. Анастасов К, 1964), Киев клиникасында 15-25% (Бернадский Ю, И. 1970) т. б. кездеседі.
Көптеген ғалымдар мұның себебін жиі қолданылып жүрген антибиотиктерге қабыну қоздырғыштары төзімділігінің жоғарылауымен түсіндіреді. Жиі қоздыратын ауыз қуысындағы микроорганизмдер ішінде іріңді кокктар, сирек-анаэробтар, саңырауқұлақтар, туберкулез микобактериясы, бозғылт трепонема т.б. болып табылады. Қоздырғыштар түріне қарай арнайы емес (іріңді) және арнайы (актинамикоз, туберкулез, сифилис, сібір жарасы) болып бөлінеді.
Инфекция көзі мен таралу жолына қарай одонтогенді, одонтогенді емес деп бөлінеді. Одонтогенді емес қабыну кезеңдері тонзилогенді, риногенді, отогенді, травмалық (зақымдау), гематогенді, лимфогенді, контактылы (жанама) болып бөлінеді.
Фурункул, карбункул, тілме бөлек бір топ құрайды. Қабыну кезеңдерінің келіп шығу себептері-этиологиялық факторы көп жағдайда (96-98%) одонтогенді инфекция, яғни микроб агенті инфекциялы тіс қуысынан алдымен түбір ұшы периодонтына, содан соң көптеген майда тесіктер арқылы тіс ұяшығы қабырғаларынан тіс ұяшығы-альвеолды өсінді мен жақ сүйегі кемігіне тарайды. Сонымен қатар сүйек тіндеріне инфекция түсу көзі болып тіс маңы іріңді кисталары, альвеолит, маргиналдық периодонтиттер т.б. табылады. Тек 2-4% жағдайда одонтогенді емес инфекция болады, яғни гематогенді, лимфогенді, контактылы т. б. (М. А. Груздев, 1979).
Жедел ағымды одонтогенді инфекцияны жиі ақ не алтын түсті стафилококк өз бетімен немесе басқа кокктармен қосыла отырып қоздырады. Одонтогенді қабыну кезеңі көптеген жағдайларға-факторларға тығыз байланысты, жекелеген түрде күрделі дамиды.
Соңғы кездегі зерттеулер бойынша остеомиелит дамуында жүйке- нерв жүйесінің, организм сенсибилизациясының, эндокринді жүйе мен циркуляторлық бұзылыстардың маңызы бар. Тағы да организмнің арнайы реактивтілік деңгейі маңызды жағдай-фактор болып табылады.
Одонтогенді остеомиелиттің келіп шығуы-патогенезі арнайы бөлімде талданған.
Одонтогенді қабыну кезеңдерінің келіп шығуы-патогенезімен қоса жіктелуі туралы сұрақ та қаралған. Жедел ағымды қабыну кезеңдерін жіктеу жөнінде 3 негізгі көзқарас бар.
Бірнеше зерттеушілер (С. Н. Вайсблат, А.Е. Верлоцкий, В.И. Лукьяненко, П. П. Львов, А. А. Лимберг, В. М. Уваров т. б.) периодонтит, периостит, остеомиелит, жұмсак, тіндер флегмонасы жақ сүйектері остеомиелитінің, яғни бір ғана аурудың кезеңі деп санайды. Бұл ғалымдардың пікірі бойынша периодонт, сүйек қабығы, сүйек кемігін қоршаған тіндер бір-бірімен физиологиялық және анатомиялық тығыз байланысты болғандықтан одонтогенді жедел ағымды периодонтит, периостит, флегмона деп бөлуге негіз жоқ. Олар жедел периодонтитті жақ сүйегінің одонтогенді остеомиелитінің бастапқы сатысы деп қарайды.
Екінші бір топтағы ғалымдар (Б.Б.Брандебург, И.Г.Лукомский т.б.) периодонтит пен остеомиелитті жедел ағымды одонтогенді қабыну кезеңі қатарынан бөледі. Периостит пен қоршаған тіндер флегмонасын остеомиелиттік кезеңінің құрама компоненті деп қарайды. И. Г. Лукомский периоститті төменгі ақыл тістердің қиналып шығуынан немесе периосттың жарақат-травма алуынан дамиды деп анықтайды.
Үшінші топтағы ғалымдар (В. Ф. Войно-Ясенецкий, А, В. Евдокимов, Г.А. Васильев, И. М. Старобинский т.б.) қазіргі клиникалық, морфологиялық, анықтауларға орай және емдеу әдісін анықтау мақсатында нақты барлық жедел ағымды одонтогенді инфекциялардың салыстырмалы-нақтамасын-дифференциялдық диагностикасын жүргізуді ұсынады.
А. И. Евдокимов, Г. А. Васильев (1964) жеке жедел ағымды одонтогенді іріңді периодонтит, жедел ағымды іріңді периостит, жақ сүйектер остеомиелиті, остеофлегмона деген сияқты нозологиялық формаларды қарайды. Олар жедел ағымды іріңді қабыну кезеңінің пайда болуы инфекциялық локустың периодонттан басқа тінге көшуіне байланысты деп санайды, мысалы: сүйек қабығына, сүйекке, жақ сүйектері маңындағы басқа тіндерге ауысады. Сонда одонтогенді кезеңдердің барлығы бір-бірімен тікелей байланысты, яғни сандық өзгерістермен қоса сапалық өзгерістер де туындайды. Осының бәрі ауру көрінісі мен табылған патологиялық өзгерістерден өз бейнесін табады.
ПЕРИОДОНТИТ
Бұл тіс ұяшығы мен тіс түбірі арасындағы жұмсақ тіндерде (периодонт, түбір қабығы, тіс байламы) жүретін қабыну ауруы.
Периодонтит инфекциялық және инфекциялық емес болуы мүмкін. Инфекциялық емес түріне жедел ағымды немесе созалмалы жарақаттан - жарақаттық, тіс емдегенде қойылған дәрі-дәрмектен болған медикаментоздық периодонтиттер жатады.
Инфекцияның ену жолы мен патологиялық ошақтың орнына байланысты түбір ұшының және маргиналдық периодонтиттер болады.
Инфекция периодонтқа әртүрлі жолмен енеді. Жиі инфекция көзі өлген ұлпа тіндері болады. Яғни тамақты шайнағанда немесе асқынған тісжегіні емдеу кезінде түбір инесімен іріңді әрі қарай периодонтқа итеріп жіберуден микрофлора периодонтқа өтеді де периодонтит дамиды.
Сирек жағдайда инфекция қызыл иек жиегінен, яғни қызыл иек қалтасының түбінен еніп маргиналды периодонтит тудырады. Кейбір ғалымдар бұл кезеңді парадонт ауруларына жатқызады.
Сонымен қатар инфекция гематогенді және лимфогенді жолмен (грипп, ангина, тиф т.б.) енеді.
Төртінші жағдайда гайморит, остеомиелит, гингивостоматит, перикоронариттің жалғасы болып дамиды.