Пародонт аурулары кезінде болатын әртүрлі асқыну үрдістері
Пародонт ауруларының нәтижесінде (көбіне емдеу жүргізілмеген немесе тиімді жүргізілмеген жағдайларда) көптеген патологиялық ауытқулар дамуы мүмкін. Оларды шартты түрде жергілікті және жалпылай дамитын асқыну үрдістері деп бөлуге болады.
Жергілікті үрдістер: тістердің мойын аймақтарының ашылуы нәтижесінде дамитын тістің қатты тіндерінің аса сезімталдығы, тіс ұлпасының ретоградтық қабынуы, пародонтальдық киста, шектелген остеомиелит және лимфоаденит. Сирек жағдайларда бет-жақ аймақтарында абсцестер және флегмоналар да асқыну ретінде кездесуі мүмкін. Жергілікті асқыну үрдісіне тістер мойнында пайда болатын сынаға ұқсас ақауларды да жатқызуға болады. Бұл ақаулар пародонтоз кезінде көбірек кездеседі. Сондықтан олар пародонт тіндерін қанмен қамтамасыз ететін тамырлардың қызметінің ауытқуы барысында тістердің қатты тіндерінің трофикасының бұзылуы нәтижесінде пайда болады деп ұйғаруға әбден болады.
Аталған асқынулардың ішінде жиірек кездесетіні – ұлпаның ретроградтық қабынуы. Ол көбінесе ұлпаға инфекцияның пародонтальдық қалталардан цемент сорылуы нәтижесінде ашылған түбір аймағындағы дентин өзекшелері арқылы, түбір өзегінің тармақтары (дельтовидные разветвления макроканала) немесе түбір ұшы тесігі арқылы өтуі нәтижесінде дамиды.
Сонымен қатар ұлпаның ретроградтық қабынуы пародонтта хирургиялық емдеу шараларын (пародонтальдық қалталарды қырып-тазалау немесе кюретаждау, гингивотомиялау, гингивэктомиялау, радикальды операциялар) жүргізгеннен кейін де кездеседі. Бұл кезде ұлпасы қабынған тістердің сауыты көбіне бұзылмаған. Сондықтан ұлпа қабынуын анықтау біраз қиындықтар туғызады. Ұлпаның бұл қабынуын периодонттың қабынуынан, үштік нерв тармақтарының невритінен, невралгиясынан ажырата отырып, қосалқы тексеру әдістерін (температуралық тітіркендіргіштермен әсер ету, электрқозғыштығын зерттеу, рентгендік тексеру) кеңінен қолдана отырып анықтауға тура келеді.
Пародонт қабынуының жиі өршіп, пародонтальдық абсцестердің пайда болуы альвеола өсіндісінің және жақ сүйегінің шектелген остеомиелитін (жедел және созылмалы) туындатуы мүмкін.
Жалпы асқынулар. Оларға пародонт қабынулары кезінде тиімді емдеу шараларының жүргізілмеуі нәтижесінде тістердің ерте қозғалмалы болып, өз беттерімен түсуінен және жұлынуынан пайда болатын тіс қатарының ақаулары шайнау қызметі төмендетуі нәтижесінде асқазан-ішек жолының аурулары жатады. Пародонттағы созылмалы қабыну, пародонтальдық қалталардағы жойылмаған инфекция көзі организмнің созылмалы уыттануы мен сенсибилизациялануын туындатады. Сонымен қатар қабыну үрдісі жойылмағандықтан ауыздан үнемі жағымсыз иістің шығуы, тістердің қозғалмалы болып, орындарынан ауытқулары эстетикалық және шайнау қызметінің бұзылуынан туындайтын қолайсыздық (дискомфорт) орталық жүйке жүйесінің қызметінің ауытқуын (невроз, дистония) туындатуы мүмкін.
Пародонт ауруларын емдеу
Пародонт ауруларын емдеу шараларының нәтижелілігін қамтамасыз ету үшін дәрігер-стоматолог (пародонтолог) негізгі 5 қағиданы ұстанғаны тиімді. Олар төмендегілер: кешендік (комплекстность), дәйектілік немесе бірізділік (последовательность), жүйелілік (систематичность), жекетұлғалық (индивидуальность) және белсенділік (активность).
Кешендік қағида патологиялық үрдістің себебіне, даму механизміне, ауырлығына байланысты этиопатогенездік, симптоматикалық емдеу шараларын қарастырады. Сондықтан кешенді емдеу құрамына жергілікті емдеу әдістері (терапиялық, хирургиялық, ортопедиялық, физиотерапиялық) және жалпылай емдеу шаралары кіргізілгені өте жақсы нәтиже береді.
Бірізділік немесе дәйектілік қағидасы жүргізілетін емдеу шараларының белгілі бір реттілікпен орындалуын қарастырады.
Пародонт ауруларын емдеу бір ғана емдеу курсын жүргізумен шектелмейді. Жақсы нәтижеге ие болу үшін емдеу курсын белгілі бір уақыттан кейін қайталап отыруға тура келеді және жүйелілік қағидасын сақтау негізінде іске асырылады.
Жеке тұлғалық қағидасы пародонт ауруы бар адамның (индивидумның) жеке басындағы ерекшелігін, бойында созылмалы жүйелі сырқаттардың бар-жоғын ескере отырып, емдеу шараларын дұрыс таңдап алуға негіз береді.
Белсенділік қағидасы дәрігер мен пародонт ауруы бар нақастың бір-бірімен жақсы түсіністігін қамтамасыз етеді. Жоғарыда көрсетілген қағидаларды дәрігер дұрыс сақтап, ауруды емдеу кезінде жоғары белсенділік көрсетсе, пародонты сырқат науқас та емдеу үрдісіне қызығушылық танытып, әрбір тағайындалған емдеу шараларын дер кезінде қабылдауға тырысады.
Жоғарыда айтылған емдеу қағидаларын дұрыс сақтап, емдеу шараларын тиімді жүргізу үшін пародонты сырқат науқасты емдеу жоспары дұрыс құрылуы керек. Бұл жоспарға пародонттағы қабыну үрдісін жоюға, тіс-жақ сүйек жүйесінің қызметі мен эстетикалық ауытқуларын қалпына келтіруге, организмнің жалпы жағдайын жақсартып, қорғаныс қабілетін жоғарылатуға арналған шаралар толық енуі керек.