Сімдіктердің өсу кезеңдері
Өмірінің ұзақтығына қарай өсімдіктер бір, екі және көпжылдық болуы мүмкін. Біржылдық өсімдіктер бір жылдан да аз уақыт тіршілік етіп, гүлдеп, жеміс беріп, сонан соң бүтіндей тіршілігін жояды. Демек, біржылдық өсімдік те, монокарпты өсімдіктер тобына жатады. Яғни тұқымды өсімдіктер. Бұлар тіршілігінде бір ақ рет жеміс беретін өсімдіктер. Екі жылдық өсімдіктер де (қант қызылшасы, сәбіз және т.б.) монокарптыларға жатады.
Көпжылдық шөптесін және ағаш өсімдіктерді екі жылдан артық өмір сүреді де, жыл сайын өздерінің бүршіктерінен қайта дамиды. Бұл өсімдіктер тобын поликарптылар, яғни өзінің өмірінде көп рет жеміс беретін өсімдіктерге жатқызады.
Бірақ табиғатта көпжылдық өсімдіктер қатарында да, монокарптылар кездеседі. Тек біржылдық өсімдіктерден айырмашылығы вегетациялық кезеңі ұзақ жылдарға созылады. Көпжылдық шөптесін монокарптыларға күрделігүлділер және шатыршагүлділер тұқымдастарының көптеген өкілдері жатады. Бұл өсімдіктер орташа жылдай жетаған (дегелек) түрінде өмір сүріп, сосын гүлдеп, жеміс байлап (бір рет) онан соң тіршілігін жояды.
Өсімдіктер де басқа организмдер сияқты, өз онтогенезінде жасына қарай физиологиялық өзгерістерді, олардың тамыр және өркендер жүйесінің біртіндеп алмасуына вегетативтік және генеративтік мүшелерінің ара қатынасының өзгеруінен байқауға болады. Бірақ өсімдіктің абсолютті дәл жасын анықтау оңай емес, өйткені даму барысында мүшелердің тұрақты алмасуы ескіргендері тіршілігін жойып, ыдырап, жаңалары пайда олып отырады. Сондықтан, «тіршілік циклы» деген ұғым енгізу қажет болады. Өсімдіктің тіршілік циклы оның бүкіл онтогенезі, ол тұқымдағы ұрықтың дамуынан бастап индивидтің және оның барлық вегетативтік ұрпағының табиғи тіршілігін жоюға дейінгі аралық.
Өсімдіктердің тіршілік циклдарын төрт кезеңге бөлуге болады:
1. Жасырын (лантенттік)-бірінші толыстық кезеңі.
2. Прегенеративтік-тұқымның өсуінен бастап дербес организмде ересек өсімдіктерге сәйкес жапырақтардың, өркендердің және тамырлардың басым болуына дейін.
3. Генеративтік-генеративтік өркендердің пайда болуынан бастап, олардың кенет азаюына дейін.
4. Постгенеративтік-тіршілік формасының қарапайымдалуы, генеративтік өркендердің болмауы, бірте-бірте жалпы тірі өркендердің болмауы.
2.3. Өсімдіктердің көбеюі
Көбею туралы жалпы түсінік. Барлық тірі организмдер сияқты өсімдіктерге де қоректену, тыныс алу, қимыл, тітіркену, өсу, даму және көбею сияқты қасиеттер тән. Бұл қасиеттер бір-бірімен өте тығыз байланысты. Осының ішінде көбею өзінің биологиялық мәні тұрғысынан басқа қасиеттерден ерекше. Өйткені көбею кезінде негізінен аналық особьке ұқсас жаңа организмдер пайда болады.
Көбею — тірі организмнің жеке санының артуы, өзінен кейін ұрпақ қалдырып, түрдің сақталып, табиғатта таралуын қамтамасыз ету қасиеті. Көбею барысында өсімдіктердің кейбір түрлерінде особь сандарының артып, өз ортасында кең таралып, жаңа кеңістіктерді қамтиды. Бұл прогрессивті түрлерге тән. Ал кейбіреулерінде особь саны тұрақты, олардың таралу кеңістігі, ареалы көлемін ұлғайтпайды не кемітпейді.
Өсімдіктердің келесі бір түрлерін особь сандары, соған сәйкес олардың таралу кеңістігі үнемі кеміп отырады. Бұл регрессивті түрлерге тән. Бұлар табиғи түрінде жойылып кетеді.
Көбеюдің үш кейпін ажыратады. Олар: жынысты көбею, жыныссыз көбею және вегетативтік көбею. Жынысты көбею кезінде жаңа организм әр түрлі жыныс жасушаларының қосылуынан пайда болады. Жыныссыз көбеюде жаңа организм жыныс тұрғысынан жіктеле қоймаған бір жасушаның өзінен жетіледі. Вегетативтік көбеюде жаңа организмге бастаманы вегетативтік мүшелер, олардың бөліктері және түр өзгерістері (метаморфоз) береді.
Жоғары сатыдағы сабақты-жапырақты өсімдіктер тамыр атпалары, тамыр сабақтары, мұртшалар, желілері (көген сабақтары), түйнектері, столондары, жуашықтары, өнімтал бүршіктері арқылы табиғи вегетативтік жолмен көбейеді.
Көптеген сүректі өсімдіктер және біраз шөптесін өсімдіктердің кейбіреуі тамыр атпалары (тамырдың эндогенді қосалқы бүршіктерінен өскен жас өркеңдер) арқылы көбейеді. Эндогенді бүршіктер жанама тамырлар сияқты жетіледі. Қосалқы бүршіктерден өсіп шыққан жас өркендер көбейіп, тез тарайды. Мәдени түрінде мұндай өсімдіктер тамыр атпалары арқылы көбейтіледі. Тамыр атпалары арқылы көптеген сүйекті жемістер — қара өрік, шие, алма, сол сияқты терек, тал, көк терек, қандағаш, жөке, ақ қараған, серігүл, сиыр бүлдірген көбейеді. Шөптесін өсімдіктерден — сүттіген, шырмауық, бақбақ, желкек, қалуен т.б.
Төсемелі желі сабақты өсімдіктерде оның ылғалды топырақпен жанасқан жерінде жатаған өсімдіктердегі сияқты қосалқы бүршіктерінен жас өркендер пайда болады. Желі сабағы арқылы көбею асқабақ тұқымдастарының өкілдеріне тән. Мысалы, колдан отырғызған асқабақ, қауын, қарбыз, қияр желілеріне өсімдік вегетациясының соңында ылғалды топырақ төгіп, сонымен жанастыру арқылы көбейтуге болады.
Қолдан вегетативтік көбейту. Қолдан вегетативтік көбейту ерте заманнан қолданылып келе жатқан әдіс. Қолдан вегетативтік көбейтудің бірнеше жолы бар. Соның бірі — телу әдісі.
Телу дегеніміз бір өсімдіктің бүршікті бөлігін екінші өсімдіктің денесіне ұластыру. Телуді кейде трансплантация деп те атайды. Өз тамырыңда өсіп тұрған өсімдікті телітуші (подвой) деп, ал оған әкеліп ұластырылатын бүршігі бар бөлікті телінуші деп атайды.
Телу үшін өсімдіктер таңдап алынады да бірнеше мынадай талаптар орыңдалуы қажет: телінушінің өткен жылдары жаппай гүлдеп, мол жеміс берген, ауруға шалдықпаған сау бұтақтары алынады, телітушінің тамыр жүйесі жақсы жетілуі, телінушіден шыққан өркендерді қоректі затпен қамтамасыз ете алатындай қуатты болуы керек; ауруға шыдамды, ортаның қолайсыз әсеріне төтеп берерліктей болуы қажет.
Осындай шарттар орындалғаңда ғана жақсы нәтижеге жетуге болады, Мысалы, жеміс-жидекті өсімдіктерден жүзімді алайық. Оның аса қауіпті ауруы — филлоксера. Жүзімнің өнімін төмендетіп жіберетін осы дерт. Ғалымдар мәдени жүзімнің сорттарын жабайы жүзімге телу арқылы бұл аурудан құтқарды. Өйткені жабайы жүзім тамыры филлоксера ауруына төтеп бере алады. Сол сияқты раушан гүлін итмұрынға теліп телітушінің хош иісті, әсем гүлдерін алуға болады. Осы қасиеттеріне бола негізінде ғалымдар лимон, мандарин, алхоры, алманың мәдени сорттарын өзді-өзінің жабайы түріне теліп олардың жаңа сорттарын алды.
Компоненттер бір-біріне тез ұласуы үшін телінуші мен телітушінің түзуші ұлпасы — камбий, тағы басқа аттас ұлпалары бір-бірімен сәйкес келуі қажет. Компоненттердің арасындағы енген жасушалардан пайда болған қабат біртіндеп айналасындағы тірі жасушаларға сіңіп кетуі, телінетін екі өсімдік жүйелілік тегі жағынан бір-біріне жақын болуы керек. Алшақ болса, оңайлықпен теліне қоймайды және күткен нәтижені бермейді. Мысалы, екі тұқымдасқа жататын өсімдіктерге қарағанда бір туыстың екі түрі өзара тез ұласады.
Тамыр атпаларынан көбейту - тамырдағы қосалқы бүршіктерден жер бетіне өсіп шыққан өркендерді аналық өсімдіктерден бөліп алып өсіру. Бұл түбін ажыратып көбейтуге ұқсас, айырмашылығы өз тамырында өсіп тұрған аналық өсімдікті орнынан қозғамай тамыр атпаларынан өсіп шыққан жас өркенді бөліп алып өсіреді. Таңқурай, алхоры, шие, қара бүлдірген, мойыл, терек т.б. өсімдіктерді осы жолмен көбейтуге болады.