Жүрек жетіспушілігі кезінде қолданылатын дәрілер
Бұл жерде жүрек жетіспеушілігінде қолданылатын қол жетілімділік дәрілік препараттар қарастырылған. Маңыздысы, Сіз дәрігеріңізбен сырқатыңызға байланысты қабылдап жатқан дәрілер туралы күмәнді сұрақтарыңыз туған жағдайда сөйлесе аласыз. Жүрек жетіспеушілігі кезінде Сізге дәрілерді өмір бойы қабылдау керек екені анық жағдай.
Сізге тағайындауға болатын дәрілік заттар қатары көп. Олардың барлығы ауру белгілерін азайтып, өмір сапасын жақсартады. Кейбір дәрілердің жанама әсерлері кездеседі — бірақ, оның зияндығынан пайдасы әлде қайда көп. Егер, Сіздің қабылдап жүрген дәріңіздің жанама әсерінен Сіздің жағдайыңыз нашарласа, тез арада ол препаратты доғарудың орнына, алдымен дәрігеріңізбен ақылдасқаныңыз жөн. Сізге сәйкес келетін дәріні таңдау барысында Сіздің дәрігеріңіз сізбен жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Жүрек жетіспеушілігімен сырқаттанатын адамға бұл аталған препараттардың барлығын бірден тағайындамайды. Препаратты тағайындау әр адамда анықталатын симптом белгілеріне қарай, жалпы денсаулық жағдайына, өмір сүру салтына байланысты жүргізіледі. Сізді емдеу кезінде дәрігеріңіз кез келген медициналық мәселелерді қадағалап отырады. Сіздің дәрігеріңіз айтқандай, дәрілерді нақты түрде қабылдау өте маңызды, себебі дәл қабылдау дәрілердің қаншалықты жақсы әсер беретініне кепілдік береді. Сізге бір қабылдағанда бір дәрі емес, бірнешеуін қабылдау керек болады. Оны белгілеп жүру немесе кесте құрастыру Сіздің қабылдаған дәрілеріңізді бақылауға көмектеседі.
Диуретиктер
Диуретиктер (зәр айдағыш заттар) бүйрек арқылы несептің бөлініп шығуын белсендіріп, Сіздің ағзаңыздағы артық сұйықтықтан құтылуға көмектеседі. Сіз диуретиктерді қабылдау барысында зәр шығарудың жиілегенін байқайсыз. Алайда, бұл Сіздің уайымдауыңызға себеп емес. Сіз үйден шығар алдында таблеткаларды қабылдауды алдын ала жоспарлағаныңыз дұрыс. Күнделікті белсенділік үшін, ұзақ әсерлі, таблетка түріндегі заманауи диуретиктердің аз мөлшері жеткілікті.
Ағзаға түсетін сұйықтықтың санын азайтып, артық сұйықтықтан құтылу, Сіздің жүрегіңіздің жұмысын жеңілдетеді. Тынысыңызды жеңілдетіп,өкпедегі іркілісті азайтады. Сондай ақ, аяқтағы және ағзаның басқа да бөліктеріндегі ісінулерді азайту нәтижесінде дене салмағын төмендетеді.
Маңызды кеңестер :
Егер Сіз салмағыңызды күнделікті өлшеп, оны дәрігеріңізбен немесе медбикемен ақылдасып, белгілеп жүрсеңіз жақсы болар еді. Бұл Сізге сұйықтықты көп немесе өте аз шығарасыз ба, соны бақылауға көмектеседі. Қажет жағдайда олар Сізге диуретиктердің мөлшерін таңдауға көмектеседі.
Көбісі диуретиктерді таңертеңгілік уақытта қабылдағанды дұрыс санайды. Өйткені зәр шығару қажеттілігі күндізгі уақытта көбірек. Ал диуретиктерді кешке қабылдау, Сіздің ұйқыңызды бұзады.
Ангиотензин-айналдырушы фермент (ААФ) тежегіштері
Ангиотензин-айналдырушы фермент (ААФ) тежегіштері бүйректе түзілетін «ангиотензин II», деп аталатын гормонның әсерін тежейді. Ангиотензин II тежегіштері Сіздің қантамырларыңыздың босаңсуын қамтамасыз етіп, артериялық қан қысымын төмендетеді. Бұл Сіздің жүрегіңіздің ағзаға қан тарату қызметін жеңілдетеді.
Маңызды кеңестер :
Дәрігеріңіз Сізге ААФ тежегіштерінің алғашқы мөлшерін бас айналуды басу үшін жатар алдында қабылдауға кеңес береді. Кез келген артериялық қан қысымын түсіретін препаратты қабылдағанда бас айналу сияқты жанама әсер болуы мүмкін, бірақ Сіздің жүрегіңіз қан қысымының төмендеуінен жақсы жұмыс істейді.
Егер Сіз ұйқыдан тұрғанда бас айналуды сезсеңіз, тұрмас бұрын аяғыңызды көтеріп, ары бері он шақты рет қозғалтып, сосын барып төсектен тұрыңыз. Қай жағдай болмасын, тез тұрып кетуден сақтаныңыз. Себебі, бұл бастың айналуына алып келуі мүмкін. Асықпаңыз, Сіз ағзаңыздың дайын болуын күтіңіз.
Ангиотензин II рецепторларының блокаторлары
Ангиотензин II рецепторларының блокаторлары, Сіздің бүйрегіңізде түзілетін ангиотензин II гормонын тежейді.
Ангиотензин II рецепторларының блокаторлары, ААФ тежегіштері секілді әсер етеді. Оны көбінесе ААФ тежегіштерін көтере алмайтын науқастарға тағайындайды.
Бета-блокаторлар
Егер Сіздің жүрегіңіз қанды қалыпты жағдайға сәйкес айдамаса, Сіздің ағзаңыз артериялық қан қысымын жоғарылатып, жүректің тезірек жұмыс істеуіне көмектесетін адреналин және норадреналин гормондарын бөлу арқылы компенсаторлық қызметін іске қосады. Бірақ бұл әсер ұзаққа созылса, компенсаторлық қызметті іске қосуға күш жұмсап жатқан жүрегіңізге қауіп төнеді. Бета-блокаторлар Сіздің жүрегіңіздің ырғағын төмендетеді, артериялық қан қысымын төмендетеді, сол арқылы Сіздің жүрегіңізді адреналин мен норадреналиннің тұрақты әсерінен қорғайды.
Бета-блокаторлардың жүрек жетіспеушілігін басқаруда маңызы зор. Солай дегенімен, жүрек жетіспеушілігінің орта және ауыр дәрежесіімен сырқаттанатын науқастарға дәріні қабылдауды ең аз мөлшерде бастап, біртіндеп көтерген жөн. Өйткені бета-блокаторларды бастағаннан кейін бірнеше апта көлемінде кейбір науқастарда жүрек жетіспеушілігі белгілерінің уақытша нашарлауы болуы мүмкін.
Маңызды кеңестер
Бастапқыда бета-блокаторларды қабылдаған соң артериялық қан қысымының төмендеуінен бас айналу мен әлсіздікді сезінуіңіз мүмкін. Жалпы жағдайының жақсаруы бірнеше аптадан кейін білінуі мүмкін. Ал егер осы уақытқа дейін Сізді бас айналу әлі мазалап жүрсе, дәріні дұрыс мөлшерде қабылдап жүргеніңізге тағы бір рет көз жеткізу үшін, өз дәрігеріңізбен немесе медбикеңізбен хабарласыңыз.
Егер Сіз ентігуді және ауа жетіспеушілікті сезінсеңіз, өз дәрігеріңізбен хабарласыңыз, себебі бұл жасырын демікпенің белгілері болуы мүмкін.
Сіз қабылдап жүрген бета-блокаторларды кенеттен доғармағаныңыз маңызды. Кез келген дәрілердің мөлшерін төмендету немесе қабылдамай қою дәрігеріңізбен кеңесіп шешілу керек.
Альдостерон рецепторларының антагонистері
Альдостерон рецепторларының антагонистері жүрек жетіспеушілігінің нашарлауына алып келетін, бүйрекүстінде түзілетін гормонның әсерін тежейді.Ол зәрге бөлінетін су мен тұз алмасуына әсер ететін әлсіз диуретик болып саналады. Олар артериялық қан қысымын төмендетіп, іркілістерді азайтып сол арқылы жүректі қорғайды.
Дегенмен, айқын жүрек жетіспеушілігін емдеу барысында альдостерон рецепторлары антагонистерінің әсері жоғары.
Вазодилататорлар (қан тамыр кеңейтетін заттар)
Вазодилататорлар қан тамырларын кеңейту немесе босаңсыту арқылы ондағы қарсылықты төмендетеді. Сондықтан артериялық қан қысымын төмендетіп, ағзаға қанның жеңіл өтуін қамтамасыз етеді.
Кейбір вазодилататорларды үздіксіз қабылдайды. Керісінше, кейбір қысқа әсер етуші вазодилататорларды (мысалы, тринитрат глицерин/нитроглицерин) қажеттілік туындағанда, кеудедегі ауыру сезімін басу мақсатында(стенокардияда) спрей немесе таблетка ретінде тіл астына қолданылады. Оларды теріге жағу үшін мазь немесе пластырь ретінде де қолдануға болады.
Маңызды кеңестер
Артериялық қан қысымын төмендету үшін қабылдаған кез келген дәріден кейін бас айналу белгісі болуы мүмкін, бірақ Сіздің жүрегіңіз қан қысымы төмен болған кезде жұмысын жақсы атқаратынын есте сақтаңыз.
Дигиталис препараттары
Дигиталис препараттарының ішінде ең жиі қолданылатыны — дигоксин.
Дигоксин Сіздің жүрегіңіздің ырғағын шамалы төмендетіп, қатайтады. Сондай ақ ол ісінулерді де азайтады. Дигоксин әсіресе жүрек ырғағының бұзылыстары мен жүрек жетіспеушілігі бар науқастар үшін тиімді.
Маңызды кеңестер
Егер Сізде калий мөлшері қалыптыдан төмен болса (мысалы, бұл инсулинтәуелді қант диабеті бар науқастарда немесе Сіз диуретик қабылдап жүрсеңіз), дигоксиннің ағзада жиналу мүмкіндігі артады. Сол үшін Сіз дигоксиннің артық мөлшерінен пайда болатын жүрек айну,тәбеттің болмауы немесе жүрек ырғағының қатты сиреуі сияқты белгілерді алдын ала байқай алуыңыз керек. Осы белгілердің кемінде біреуі анықталса, дәрігеріңізге хабарлағаныңыз жөн. Хирургиялық, стоматологиялық немесе кез келген шұғыл жағдайда, Сіз дигоксин препараттарын қабылдайтыныңызды дәрігеріңізге айтқаныңыз жөн.
Аритмияға қарсы заттар
Аритмияға қарсы заттар жүрек ырғағының бұзылысын бақылау үшін қолданылады. Жүрек жетіспеушілігімен сырқаттанатын кейбір науқастарға бұл препараттар тобы қауіпті болып саналады, сондықтан оларды қолданудан бас тарту керек. Сіздің дәрігеріңіз осы топ препараттарын тағайындамас бұрын, өзіне есеп бергені дұрыс.
Маңызды кеңестер
Антиаритмия ретінде кальций каналдарының тежегіштерін қолданып жүрген болсаңыз, онда сізге грейпфрут шырынын қолданбағаныңыз жөн, себебі ол дәрінің әсерін өзгертуі мүмкін.
Антикоагулянттар
Антикоагулянттар (басқалай антитромбты) тромбтардың пайда болуын және өсуін тежейді. Олар жүрек жетіспеушілігі бар адамдарға өте маңызды, себебі бұл адамдарда жүрек-қантамыр жүйесінде тромб түзілу қаупі жоғары.
Көп жағдайда антикоагулянттарды қан сұйылтатын препарат ретінде қарайды, бірақ олардың әсері қанның қантамыр арқылы өтуін жақсарту ғана емес, сонымен қатар қанның керек емес жерде ұйыуын және тромб түзілуін болдырмау.
Кең таралған антикоагулянт, варфарин, таблетка түрінде қолданылады. Варфариннің мөлшері әр адамға әр-түрлі. Сіздің дәрігеріңіз немесе медбикеңіз препараттың әсерін бақылау үшін арнайы параметрін өлшеп отырады - ХҚҚ (халықаралық қалыпты қатынас), әсіресе алғашқы сатыларында Сізге қажет дозаны таңдайды. Сізге таблеткаларды қабылдауды жіберіп алмау және артық қабылдамау маңызды. Сондай болған жағдайда, өзіңіздің емдеу мекемеңізге хабар беріңіз.
Кейде варфариннің орнына сізге антикоагулянттардың инъекциясын жасайды (көбінесе гепарин препараттарын ), мысалы, егер Сіз ауруханада болсаңыз немесе Сізге жұтыну қиындақ тудырса.
Маңызды кеңестер
Сіз өзіңіздің дәрігеріңізге, оның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігеріңізге (терапевтке), стоматологқа және фармацевтке варфарин қабылдап жүргеніңіз туралы құлақ қағыс етуіңіз керек. Осымен бірге, өзіңізбен бірге медициналық картаңызды немесе варфарин қабылдап жүргеніңізді білдіретін білезік тағып жүріңіз.
Қан кету қаупін болдырмау мақсатында дәрігеріңізге қанталаудың кез келген көрінісін (түсініксіз көгерулер, иектердің қанауы, мұрыннан қан кету, зәр шығару және ішектен қан кеткенде) байқап қалсаңыз, дереу хабарласыңыз.
Тромбқа қарсы препараттар
Тромбқа қарсы препараттар артерияларда тромб түзілуін бодырмайтын препараттар тобына жатады. Жүрек артериясында немесе мида тромбтың түзілуі жүрек ұстамасына немесе инсультке әкеледі.
Көп тараған антитромбоцитарлы препаратқа ацетилсалицил қышқылы (АСҚ) жатады. Тромб түзілуін болдырмайтын АСҚ мөлшері ауырсыздандыру үшін қолданылатын мөлшерден әлдеқайда төмен. АСҚ–ның үлкен мөлшерін қолдану оның әсерін жоғарылатпайды, керісінше, жанама әсерін шақырады. Сондықтан, дәрігер тағайындаған мөлшерін қатаң ұстау керек.
Асқазан шырышты қабатының тітіркенуін болдырмас үшін тромбқа қарсы препараттарды тағам қабылдау алдында немесе тамақтан кейін немесе қорғалған препараттармен бірге қабылдау керек.
Егер Сіз АСҚ тромб түзілуін болдырмау мақсатында аз мөлшерде пайдаланып жүрсеңіз, сонымен қатар ауыру сезімін (мысалы, бас ауырғанда) басатын дәрі қабылдағыңыз келсе, аспириннің үлкен мөлшерінен гөрі парацетамол қабылдағаныңыз жөн.
Статиндер
Бұл дәрілерді қандағы холестерин деңгейін төмендету үшін қолданады, көбінесе жүрек жетіспеушілігі бар науқастарға тағайындалады. Жүрек жетіспеушілігінің жиі кездесетін себептеріне тәж артерияларында холестериннің жиналуына байланысты (табақша) қантамырларының тарылуынан дамитын, тәж артерияларының аурулары жатады. Бұл дәрілік заттардың табақшаларды жоятын жоғары әсері бар, соның әсерінен жүрек ишемиясы мен жүрек ұстамасы азаяды.
Маңызды кеңестер
Дәрігеріңіз Сізге препараттың нақты мөлшерін тағайындау үшін, холестерин деңгейін бақылап отыруы мүмкін. Егер Сізге тағайындаған статиндерден бұлшықеттің ауыру сезімі сияқты жанама әсер байқалса, онда дәрігеріңіз дәрінің мөлшерін өзгерте немесе орнына басқа дәрі тағайындай алады.