Мұсылман каллиграфиясы
Мұсылман каллиграфиясы – бейнелеу өнерінің жоғары жетістігі ретінде қабылданып, көркем сурет жанрында ерекше орын алды. Ерте заманнан бері мұсылмандар каллиграфияны «көркем өнердің ең озығы» деп таныған. Каллиграфия немесе әсемдеп хат жазу үлгісі Ислам діні дамытқан өнер түрлерінің арасында ерекше орын алды. Каллиграфияға көңіл бөлу Құран аяттарына деген құрметтен туындаған. Құран Кәрімді көшіріп жазу – қажетті шара болса, аяттарды барынша әсемдеп жазу Аллаһтың разылығына бөлейтін сауапты амал болып саналған. Дініміз тірі жаратылысты салуға тыйым салғандықтан, мұсылмандардың көркем өнерге деген құштарлығы жансыз әрі пішінсіз бейнелеу өнерімен шұғылдану арқылы шешім тапты. Бұл өз кезегінде діни талаптарға сай болумен қатар, адам бойындағы сұлулыққа, әсемдікке деген әуестік пен құштарлықты да қанағаттандыра алды. Исламға тән абстрактілі ойлау каллиграфия өнерінде өз көрінісін тапты деуге болады.
Араб әріптерімен әдемі жазу үлгісі «хат» немесе «хутут» деп аталады. Тарихи бастауы негізінен VI және X ғасырларға тән арабша «хат» деген сөз «сызық» деген мағынаны білдірді. Араб каллиграфиясы пайда болған тұста 6 түрлі жазу түрі болған. «Ситта» (алты) деп аталған олар «Куфи», «Тауқи», «Сулус», «Райхани», «Насих», «Риқа» деп бөлінген. Бұлардың біразы бұрышты, біразы дөңгелек жазулар. Куфи бұрыштыға жатады. Нәсих, сулус, риқа, тәуқи, томар, мухаққақ, ғубарилар дөңгелек жазуларға жатады.
Аймақтарға негізделген жазуларға Мағриби (Кайреуани, Андулуси, Фаси, Мағриби, Судани), Талик (Талик, Нәсталик, Дивани, Шикесте, Дивани Жели), Қиыр шығыс (Сини, Жави) жатады.
Ирандықтар ойлап тапқан таликтан басқа көптеген жазу түрлері бар. Бұлардың бірқатары кең тарамаған, бірқатары белгілі салаларда қолданылған. Мәселен, түріктер дамытқан дивани жазу түрі тек қана Диваны Хумаюнжа жазылған маңызды құжаттарда, ал жазылуы мен оқылуы арнайы білімді талап ететін «Сияқат» болса іс қағаздарда пайдаланылған. Жеңіл жазылатындықтан күнделікті тұрмыста кең тараған «Риқа» болса XXI ғасырда көркем жазу үлгісіне айналған. Бұл Риқа мен алты жазу түрінің біріне жататын Риқаны бір бірімен шатастыруға болмайды.
Жазулар көлемінің ірілі ұсақтығына қарай түрлі атауларға ие. Қабырғаларға ілінетін тақталар мен кілемшелерде, мешіт, мазар секілді діни кесенелер мен күмбез жазуларында, кесенелерде және алыстан оқылатын жазулар «жәли» (ірі жазу) деп аталды. Көбіне көп сүліс пен талик жазуының жәлисі қолданылады. Әдепкіде ұсақ жазулар «Хүррә», көзге түсуі тіптен қиын жазулар «ғубари» (шаң) деп аталады.
Жазу өнерінде қолданылатын құрал қалам. Каллиграфия өнерінде қалам ретінде көбіне қамыс қолданылған. Қамыстың ұшы жазатын жазудың қалыңдығына қарай арнайы бәкімен ұшталады. Ірі (жәли) жазулар болса ағаштан жасалған қалың ұшты қаламдармен жазылады. Өте жіңішке жазуларға темір ұштар да қолданылған. Жазу өнерінде қолданылған сиясауыт та арнайы әзірленеді. Сұйық әрі майлы заттан тұратын бұл сия құйып жазатындықтан қате жазып қойған тұста өшіру оңай. Каллиграфия өнерінде қолданылатын қағаздар да ерекше. Сияны тым сорып алып жайып жібермеу үшін қағаз бетіне қаламның тез жүруін жеңілдететін ахар деп аталатын зат жағылады. Мұсылман калиграфиясы аяттарды жазумен шектеліп қалмай, кейіннен сәулет өнеріне де сіңді. Ескерткіш, ғимараттардың қабырғаларын мағыналы өлең жолдарымен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен сәндеген бұл жазулар шығыс сәулет өнерінің өзіндік ерекшелігіне айналды. Араб каллиграфиясы орнаментке жанаса отырып, ерекше әсер береді. Каллиграфия өнері, бір жағынан қасиеттілігі үшін, екінші жағынан аса көркемділігі, яғни эстетикалылығы үшін өте жоғары бағаланды. Каллиграфтар келе келе жазудың небір жаңа әдістерін ойлап таба берді. Каллиграфия исламдағы қасиетті визуалды өнер әсемдік әрі сәндік рөл атқарды.
Каллиграфия араб мұсылман мәдениетіндегі сәулет өнерінде мәтінді жеткізу тәсілі ретінде және жай сәндеу құралы ретінде қолданылды. Сәулетшілер сарайлар мен мешіттердің қабырғаларын араб жазуымен, стильге келтірілген гүлдер мен геометриялық өрнектермен көмкеріп отырды. Бұл басқа мәдениеттерге ұқсамайтын сол заманның озық үлгілерін тудырды. Мысалы, Тәж Махал, Стамбулдағы Көгілдір мешіт, Самарқанд, Исфаһан мешіттері, Гранадағы Альгамра сарайы, Кордова сарайлары мен мешіттері.
Каллиграфияның сан алуан түрлерімен көмкерілген Ислам елдерінің өнерінде көптеген тенденциялар біріккен: бұл грек, рим мәдениеттерінің дәстүрлері, бұл кешегі бәдәуилер мәдениеті мен Иран мәдениеті, Ирак, Сирия, Египет, Ауғанстан, Орта Азия мемлекеттерінің нақыштары. Мешіт, мұнаралары алыстан көз тартатын әдемі қалалар, сарайлар өз стилдерімен ерекшеленді. Жолаушылардың сапарда жолында дамылдауына қолайлы алып керуен сарайлар әдемі ою өрнекпен көмкерілді. Мешіттердің ішкі жағына кілем секілді етіп, әдемі ою-нақыштар салынды. Осы күнге дейін сақталған қала сыртындағы қаланың дәулетті тұрғындары тұратын елді мекендер тек бекем қабырғаларымен ғана емес, әдемі жазбаларымен, әшекейлілігімен тамсандырған керуенсарайларды қалыптастырды. Әдемі ғимараттармен қатар су көздері салынып, неше түрлі субұрқақтар әлемді тамсандырды.
Араб мұсылман мәдениетінде еуропалық және антикалық түсініктегі пластикалық өнер түрлері бейнелеу мен мүсін өнерінің дамуына себепкер бола алмады, есесіне олар кез келген ойды орнаментті, абстракті түрде бейнеледі. Басқаша айтқанда, араб мұсылман мәдениетінде пластикалық өнердің орнын каллиграфия мен миниатюралық көркем бейне басты. Каллиграфия өнері жазудың қасиеттілігіне орай Ислам әлемінде құрметті саналып, каллиграфтардың өз «академиялары» болды және олар үлкен құрметке бөленіп отырды.
Әдемі жазумен айналысатын адам «хаттат» деп аталады. Әбу Әли ибн Муқла, Әбул Хасан Әли ибн Хилал, Яқут әл Мустасими атақты хаттар қатарына жатқан. Хаттаттар ғасырлардан бері шебердің шәкіртке үйретуімен жалғасып келген. Хат өнерін үйренгісі келген адам бір хаттаттан сабақ алуы тиіс. Бастапқыда қолды үйретуді әріптердің жеке-жеке жазылуын үйренуден бастайды, әріптердің біріккен түрін, сөздер мен сөз тіркестері мен толықтай жазу түрлері үйренумен жалғасын табады. Орташа бес жылға жалғасқан бұл үйренуден кейін хаттатқа үміткер екі, не үш хаттаттың алдында жазу жазып сынақ тапсырады. Жазуды ұнатқан жағдайда Хаттаттар соның астына қолдарын қояды. Бұған рұқсат қағазы секілді арнайы сертификат (ижазатнамә) беріледі. Ижазатнамә алмаған адам хаттат болып саналмайды. Ондай адам жазудың астына атын қоя алмаған.
Дайберді Бағашар