Логика туралы түсінік
Адамның ойлау процесін зерттейтін пәндердің бірі – логика. Логика ойлау процесін ең алдымен дүниені танып-білудің нәтижесі, сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстардың ой-санада бейнеленуі деп қарап, сол бейнеленудің дұрыс формалары мен заңдарын, ережелерін қарастырады.
Ойлаудың логикалық формаларын арнайы зерттеу қашан, қай елде басталғанын дәл айтатын мәлімет жоқ. Логикалық зерттеулердің бастамасы Ежелгі Қытай, Үнді және Греция елдерінде б.з.б. V-IV ғасырларда бір-бірінен тәуелсіз басталғаны жайында мәліметтер бар. Логика алғашында жалпы философияның құрамында таным теоиясының бөлігі ретінде қарастырылды. Сондықтан ол әуел бастан-ақ материализм мен идеализм арасындағы ымырасыз күрестің объектісі болды.
Дегенмен, логиканың ғылым ретінде дүниеге келіп, қалыптасқан отаны Ежелгі Греция деп саналады, ал оның негізін салушы ұлы ғалым Аристотель болды. Рас, Ежелгі Грецияда логика саласындағы ғылыми зерттеулерді алғаш бастаған Демокрит еді. Логика мәселелерімен Ежелгі Греция идеалистері Сократ пен Платон да айналысты. Бірақ олардың ешқайсысы дәйекті де дербес логика ғылымын жасай алмады. Бұл міндетті Ежелгі Грецияның әйгілі философы Аристотель іске асырды. Сондықтан ол логиканың атасы деп саналады.
Аристотель ойлаудың формалары туралы өзіне дейін жинақталған азды-көпті білімдерді талдай отырып, логика ғылымының барлық дерлік проблемаларын жан-жақты зерттеді. Өзі жасаған бұл ғылымды ол логика демей, «Аналитика» деп атады. Бұл еңбегінде ол өзі ашқан ой қорытындысының ерекше формасы – силлогизмді жан-жақты зерттеп, логикалық дәлелдеудің мәнін, ұғымдарды анықтау және бөлу әдістерін, т.б. ашып берді. «Софистикалық терістеулер жайында» деген еңбегінде ой қорытындылары мен дәлелдеуде кететін логикалық қателіктердің себептерін, оларды ашу жолдарын қарастырды. «Метафизика» деп аталатын басты философиялық шығармасында өзі ашқан негізгі логикалық заңдарын: тепе-теңдік, қайшылық, үшіншісі (шешімі) жоқ заңдарды тұжырымдап берді.
Логика мәселелерінің арнайы білім саласы ретінде бөлініп шығуына себеп болған мынадай екі жағдайды атап көрсеткен жөн: біріншіден, ежелгі грек ойшылдары таным процесіне талдау жасай отырып, мазмұны әр түрлі ой қорытындылардың нәтижесінің ақиқат болуы тек алғышарттардың ақиқаттығына ғана емес, сондай-ақ пайымдау барысында олардың арасындағы байланыс түріне де тәуелді деген қорытындыға келді; екіншіден, ежелгі гректер жұрт алдында сөйлей білу өнеріне айрықша мән берген. Әдемі сөйлей білу, жұртты сендіре білу қабілеті аса жоғары бағаланып, оны үйренуге баса назар аударылды. Бұл жағдайда жұрт алдында сөйлеудің әсерлілігі оның сыртқы әдемілігімен (мәнерлілігімен) ғана анықталмай, көбіне ішкі мазмұнымен анықталатын еді. Ал мазмұндылық – сөз арқылы берілетін ойдың дұрыстығына (дәйектілігіне, дәлелдігіне т.б.) байланысты болады. Сөйтіп, ежелгі дүниеде логика жалпы таным теориясымен (гносеологиямен) және шешендік өнерінің теориясымен (риторикамен) тығыз бірлікте дамыды.
Орта ғасырда материализм мен идеализмнің логика төңірегіндегі күресі «универсалий» деп аталатын жалпы ұғымның табиғаты жайында болды. Реализм деп аталатын бағыт Платонның идеалистік бағытын қолдай отырып, жалпы ұғымдар жеке заттарға тәуелсіз, олардын бұрын өмір сүреді, олар жеке заттардың табиғаттан тыс мәнін құрайды деді. Бұған қарама-қарсы номинализм еп аталатын бағыт шын өмір сүретін табиғаттағы жеке заттар ғана, ал жалпы ұғымдардың мәні заттардың атауы ғана білдіру деп түсінді. Номинализм, Маркстің сөзімен айтқанда, орта ғасырлық философиядағы материализмнің бағытын көрсете отырып, идеалистік схоластикаға қарсы күресте белгілі бір рөл атқарды.
Логиканың материалистік негіздерін зерттеуде XVII ғасырдағы озат ойшыл, ірі ғалымдардың, әсіресе Ф. Бэконның (1561 – 1626) еңбектері маңызды рөл атқарды. Ф. Бэкон өзінің «Жаңа органон» атты шығармасында индукциялық логиканың негіздерін зерттеп берді.
Ф. Бэконның өз шығармасын «Жаңа органон» деп атауының себебі бар. Аристотель өлгеннен кейін ізбасарлары оның барлық логикалық еңбектерін «Органон» (таным құралы) деген атпен біріктіріп, бір жүйеге келтірді. Аристотельдің логикасының негізгі арқауы силлогизм, яғни жалпы ойдан жекеше қорытынды шығаратын дедукциялық ой қорытындысының негізгі бір түрі болса, ал Бэкон бұған қарама-қарсы жеке алғышарттардан жалпы қорытынды шығарудың формасы ретінде индукциялық ой қорытындысын алға тартты. Өйткені сол кездерде дами бастаған капиталистік өндіріс тәсілі тәжірибелік ғылымды, техниканы, жеке фактілерге негізделген ғылыми экспериментты талап етті. Және мұның үстіне Аристотельдің логикасын ортағасырлық діни-схоластикалық философия бұрмалап, шындықтан қол үзген шіркеу уағыздарына қызмет ететін идеалистік логикаға айналдырып жіберген еді. Сондықтан Бэкон өзінің шығармасын «Жаңа органон» деп атап, ғылыми танымның әлдеқайда жетілдірілген жаңа әдісі ретінде индукциялық ой қорытындысын ұсынды. Индукциялық ой қорытынды мақсаты, Бэконның пікірінше, шындық дүниедегі құбылыстардың арасындағы себепті байланыстарды ашу арқылы ғылыми қорытынды жасау болды. Осы мақсатпен ол «ұқсастық әдісі», «айырмашылық әдісі», «ұқсастық пен айырмашылықтың біріккен әдісі», «бірге болатын өзгерістер әдісі», «қалдықтар әдісі» деп аталған ғылыми индукцияның бес әдісін жасап берді. XIX ғасырда Гершель, Дж. Ст. Милль деген ғалымдар бұл әдістерді одан әрі жетілдіре түсті. Бұл әдістер қазіргі заманға дейін ғылыми зерттеуде, әсіресе, жаратылыстану ғылымдарында, қылмыстарды ашу ісінде кеңінен қолданылып келеді.
Логиканың әрі қарай тарихи даму барысында зерттеу жұмыстары мен мәселелері біршама өзгерді. XVIII – XIX ғасырларда ғалымдардың көпшілігі логиканы жетілдірудің жетістіктері мен оны одан әрі зерттеу міндеттері жалпы философиялық таным теориясымен тығыз байланысты екенін дұрыс түсінді. Алайда, бұған қарама-қарсы пікірлер де кездесті.
Немістің көрнекті философы И. Кант (1724-1804) логикалық формалар мен заңдарды «априорлық», яғни адамның тәжірибесінен бұрын, әуел бастан-ақ бар формалар деп жариялап, мазмұнды мүлде бөліп тастады. Бұл формалар ойдың ақиқаттығы немесе жалғандығы шындыққа сәйкес келуімен анықталмай, өзара бір-біріне сәйкес келуімен анықталады деді. Сөйтіп, Кант логиканы нағыз формалистік ғылымға айналдырды.
Канттың бұл формализмін немістің атақты философы Гегель (1770-1831) идеалистік диалектика тұрғысынан қатты сынға алды, формальдық логиканың заңдарывн дүние танудың ең жалпы заңдары деген пікірге үзілді-кесілді қарсы болды, сөйтіп ол формальдық логиканың заңдарына диалектикалық логиканы қарсы қойды. Бірақ ғылымның одан кейінгі дамуы формальдық логиканың маңызын жоққа шығару қате екендігін, өйткені логиканың бұл екі түрі бірін-бірі толықтыра түсетіндігін көрсетті.
Бір жүйеге келтірілген диалектикалық логиканы тұңғыш рет Гегель жасады. Ал оны материалистік тұрғыда түсіндірген және бұған дейінгі бүкіл философия жетістіктерін жинақтап, нағыз ғылыми-материалистік диалектиканы, диалектикалық логиканы жасаған К. Маркс пен Ф. Энгельс болды.
Сонымен, қазіргі заманғы логика бір-бірімен байлансты, бірақ бір-бірінен дербес формальдық логикадан және диалектикалық логикадан тұрады. Олардың екеунінің зерттеу объектісі – ойлау процесі, бірақ оны түрлі тұрғыдан, әр түрле әдіс-тәсілмен зерттейді. Олар бірін-бірі жоққа шығармайды, қайта біріне-бірінің көмегі тиіп отырады: формальды логика ойлаудың ақиқаттығын талап ете отырып, диалектикалық логиканың заңдарына сүйенеді, ал диалектикалық ойлау процесі формальдық логиканың айқындылық, дәйектілік сияқты талаптарына бағынбайынша, шындық дүниені дәл, дұрыс бейнелей алмайды.
Бұл екі логиканың туыстығы мен айырмашылығын Ф. Энгельс төменгі математика мен жоғарғы математиканың арақатынасымен ұқсастырып көрсеткен болатын: «Элементарлық математика, тұрақты шамалар математикасы, жалпы алғанда, формальды логиканың деңгейінде әрекет етеді: айнымалы шамалар математикасы...шын мәніне келгенде, диалектиканың математикалық қатынастарға қолданылуы болып табылады».
Бұл салыстырудың терең мәні бар: қарапайым арифметикалық амалдарды оқып-үйренбейінше, жоғары математиканы оқып-үйрену мүмкін еместігі сияқты, алдын ала формальдық логиканы оқып-үйренбейінше, диалектикалық логиканы дұрыс түсіну қиын. Сондықтан ойлауды, оның заңдары мен формаларын оқып-үйренуді формальдық логикадан бастау керек.
Логиканың даму тарихындағы бетбұрыс кезең осы оны математикаландыру идеясының тууы болды. Бастамасын XVIII ғасыр басында неміс ғалымы, математик Г. В. Лейбниц (1646-1716)айтып кеткен бұл идея тек XIX ғасырдың орта кезінен шын мәнінде дами бастады да, тек XX ғасырда ғана негізгі нәтижелері іске асты. Сөйтіп, математикалық немесе символикалық логика дүниеге келді. Символикалық логика формальдық логиканың кейбір тарауларына, атап айтқанда, ой қорытынды және дәлелдеу деген бөлімдеріне математикалық есептеу әдісінің қолданылуының нәтижесінде келіп шықты.
Дәстүрлі фомальдық логиканың негізінде шыққан символикалық логика қазіргі кезде зор теориялық және практикалық маңызы бар логиканың дербес бағытына айналды. Ол жоғары жүйке қызметінің физиологиясында, психологияда, тіл білімі ғылымында, техникада т.б. кеңінен қолданыс тапты. Адамның ойлау қызметінің кейбір жақтарын механикаландыруға қабілетті ақпараттық-логикалық машиналардың көмегі арқасында күрделі есептеулер жүргізіледі, бір тілден екінші тілге аударма жасалады, құрылғылар автоматты түрде басқарылады, т.б. ауыр жұмыстар іске асырылады.
Қазіргі символикалық немесе математикалық логика дәстүрлі фомальдық логиканың әрі қарай дамуы болып табылады. Атап айтқанда, математикалық логиканың табыстары дәстүрлі формальдық логиканы дәл ұғымды, бұлжымас дәлелді, жүйелі ғылымға айналдырды. Осының негізінде кейде дәстүрлі формальдық логика енді ескірді, оны зерттеудің әлдеқайда дәл әдіс-тәсілдерін қолданатын математикалық логикамен ауыстыру керек деген пікір айтылып жүр. Бұл пікір дұрыс емес.
Ең алдымен, дәстүрлі формальдық логикаға математикалық логиканы қарсы қоюдың өзі қате, өйткені екіншісі біріншісінің дамуының нәтижесі, жалғасы болып табылады. Екеуінің де негізін құрайтын бір процесс – ойлауды формаға түсіру әдісі.
Екіншіден, математикалық логика ойлауды формалаудың әлдеқайда жоғары сатысы болғанымен, бірақ дәстүрлі формальдық логиканың барлық мәселелерін қамти алмайды. Сондықтан ол екеуін толық теңестіруге бомайды. Математикалық логика көп мәнді ойлау-сөйлеу практикасының аса күрделі құбылысы болып табылатын ойлау процесінен алыстап кеткендіктен, дәстүрлі логикаға тән практикалық-дидактикалық міндетті атқара алмайды. Ал жалпы білім беретін оқу курстарының мақсаты күнделікті ойлау-сөйлеу практикасы үшін қажетті логикалық процестерге талдау жасауға бағытталуы керек. Олай болса, дәстүрлі логиканың жалпы білім беретін оқу курсының негізгі мақсаты адамның логикасын қалыптастыру және жетілдіруі болуы тиіс.