Лтын орда» трилогиясының көркем безендірілген жаңа басылымы — 1999 ж. 22 страница

Қалың қол көл жағалай аттан түсіп, қос-қос боп шатырларын тікті. Жауынгерлер көл жағасынан қоға қиып әкеп от жағып шай қайната бастады. Мылтықтарын күрке етіп сүйестіріп, кейбіреулері су жағасына беті-қолын жууға кетті.

Сөйткенше күн батып, ымырт үйіріліп, қараңғылық та түсті. Әскерлер кешкі астарын ішіп болды да, жағылған оттарды сөндіріп, ұйықтауға ыңғайланды... Тек қолды қоршай барлаушылар мен шатырлар жанында күркеленіп қойылған мылтықтарды күзеткен қарауылдар ғана қалды.

Бірақ жұрттың көзі енді ұйқыға кете берген кезде кенет «Аттан! Аттан», «Кенесары! Кенесары!» деген ащы айқайлар шықты. Тып-тыныш боп мүлгіген далада бұл үн, қараңғы түнде күн күркірегендей қатты естілді. Сөйткенше болған жоқ, тынығып жатқан әскер шатырларының үстін мыңдаған салт аттылар басып кетті. Нағыз бір жер астынан қалың қол шыққандай. Сатыр-сұтыр ұрыл-
ған сойыл, шоқпар, жалаңдаған қылыш, айқай-шу, өкірген адам, шыңғырған жылқы. Жаңа ғана ұйқыға кетіп бара жатқан әскер үсті әлем-тапырық болды да кетті. Ақыры «Абылай! Абылай!» деп салған ұранға «Ағыбай! Ағыбай!» деген күшті үндер қосылып, тынық түнді жер жарғандай тітірентті. Шатырларынан атып-атып шыққан солдаттар мылтықтарын алып салт аттылармен айқасқанша, қайың сойыл ысылдап кеп көк желкеден тиеді. Әйтеуір осынау жан шошырлық айқас өткіншек сұрапыл секілді аз уақытқа ғана созылды. Солдаттар енді аттарына мініп естерін жинаған кезде, салт атты сарбаздар, ауыл үстін жайпап өткен құйындай, топтарын бұзбастан, сойылдарын оңды-солды сілтеп заматта жоқ болды.

Тыныш жатқан әскерге құйындай тиген бұл топ Ағыбай мен Наурызбайдың сарбаздары еді. Олар Мұғажар тауының етегіне осыдан екі күн бұрын келіп бекінген. Төлебай тыңшы арқылы Бизановтың әскерінің осы жолмен шыққанын күні бұрын біліп отырған. Кенесарының үйреткен соңғы тәсілі бойынша, бұл жасақ Мұғажар етегінің жыра, жықпылын, жыңғыл, тобылғы, қараған, талдарын бетке ұстай тығыла жайғасқан. Кенесары әскері адамды жасыра алатын адыр, шатқал, тоғай, ши, қамыс тәрізді жаратылыстың өзі бейімдеген жер бетінің ерекшелігін пайдалануда әбден машық болып алған. Кенесары әскері ойда жоқтан, күтпеген жерден жауына шабуыл жасаса, көбінесе осындай бүдір, шилі сайдан, не жыңғылды, талды шатқал, шұбардан жасайтын. Ит жылы Ақтау бекінісінің қасындағы Тіленіш — Шет бекетін алғанда да, Кенесары сарбаздары әжептәуір қаруы бар патша жасағын қалың ши арасынан шыға келіп күл-талқан еткен. Мұны естіген генерал-губернатор Горчаков соңынан штаб бастығы генерал-майор Фондерсонға ашуланып «Егер қазақтар тығылып жатқан қамыс, қарағай, ши тәрізді кісі жасырынар жерлерді күні бұрын саралап шыққан болсаңдар, олар бүйтіп аңдаусызда біздің солдаттарды бас сала алмас еді», — деп жазған. Патша әскері Кенесарының осы әдісінен талай аузы күйсе де, ылғи естен шығара берді. Бұ жолы да соның кебін киді. Алыстан қарайып көрінген Мұғажар тауының етегіндегі жыңғыл, талды ерініп тексермегендіктерінің сазайын тартты.

Ағыбай мен Наурызбай жыңғылды шатқалдың ішінде тығылып жатты да, күн батып қара көлеңкелене бастаған кезде сап түзеді. Әр сарбаз аттарының аяқтарына әдейі арнап кигіз кебістерін кигізіп, жедел жүріп кетті. Аттардың анда-санда осқырынғаны, кісінегені болмаса, келе жатқан дүбірлері тіпті естілмейді. Түн тастай қараңғы. Ал көл жағалай жұлдыздай жыбырлаған қалың от «біз мұндалап» бұларды шақырды да отырды. Ең ақырғы шоқ сөнгенде сарбаздар әскер жатқан маңға таяп кеп тоқтады. Ай шықпаған түн сол қалпында көзге түртсе көрінбес соқыр... Бұлар аттарының аяғындағы кебістерін алып, қайтадан мінді... Оң қолына тоғыз буынды шойын табанды найзасын ұстап, атақты Ақауызына мінген Наурызбай мен Ақылақты ор қояндай секірткен Ағыбай мың сарбаздың алдына шықты. Қараңғы түнде жаумен бірге өздері де бірін-бірі сойылға жықпас үшін бұлар әр жүз адамнан он сапқа бөлінді. Осылай он тол-
қын болып бірінің соңынан бірі кідірмей, сойылдарын оңды-солды сілтеп жау үстінен өте шығатын боп уәделесті. Бір сап пен екінші саптың арасы, жүз басы жүзге санап жеткенге шейін ғана кідіреді. Осындай тәртіптен мың санды қол он толқын боп жау үстінен ат ойнатып, сойыл соғып өте шығуы керек. Бірін бірі ұрып жықпас үшін ешкім кідіруге тиісті емес. Сол қалыптарымен шауып, көлдің арғы сағасындағы құмайт алаңға жете қайта сап дүзейді. Естерін жинаған солдаттар қуар болса тоқтамай, әрі Айыр құмға қарай бет түзейді. Шабуылды дәл осылай өткізуді бұлар күні бұрын келіскен. Қараңғы түн екі жаққа бірдей. Тиген жау алдарында қос бар ма, жер ошақ бар ма, әлде әдейі арнап қазылған ор бар ма, білмейді. Сондықтан Ағыбай мен Наурызбай ұйықтап жатқан жау үстіне аялдамай, жайпап өте шығуды жөн деп тапқан. Наурызбай бастаған алғашқы бес жүз бірінен соң бірі «Абылайлап!» ат қойғанда, жер сілкініп тау қозғалған секілді. Оған Ағыбай басқарған бес жүз «Ағыбайлап!» қосылғанда әскер жатқан жерде ақыр заман орнағандай болды. Соққан құйындай Наурызбай мен Ағыбай жігіттері ұрандасып, көл жағалап, арғы бетке ауған шақта, әр жерге қоға, қамыс жағып естерін жинай бастаған солдаттар да таң асырып қойған аттарына мініп үлгірді. Дәл осы мезгілде бес жүз сыпай ертіп Арыстан да келіп жетті. Полковник Бизанов Арыстанға жаңағы тиген жаудың соңынан қууды тапсырды. Өздерінің де ай туа қозғалатынын айтты. Енді ол жауынгерлерін түгендей бастады.

Көл жағалай қос-қос боп шашырай орныққандықтан шығыны жоқтың қасы екен. Әлгі шапқан жаудың айқай-шуы есті алғанмен бәлендей ештеңе істей алмапты. Дауылдай ойда жоқтан пайда болған жаудың айбарынан зәресі ұшып кеткен полковник енді есін жинап, шығын санауға кірісті. Жылқы баласы түнде де көреген келеді. Қоста жатқан солдаттарды тіпті баспапты. Қостан шыққан бірді-екілі адам ғана ат астында қалыпты. Оның үстіне сойыл да біреуге тиген, біреуге тимеген. Қысқасы, қаза болған солдат жүзге жетер-жетпес. Жаралан-
ғаны екі жүзге таяу...

Өлген жауынгерлерді ор қазып көмгенше, ай да туды. Жер беті сұрғылттана көріне бастады. Полковник өліктерді қойып болысымен, түн баласын үркіте аспанға мылтық атқызып суық жер құшағына кірген жазықсыз жандармен ең соңғы қоштасу ресімін істетті. Содан кейін атқа қонуға бұйырды. Қалың әскер лек-лек боп жаңағы өздерін жусатып кете жаздаған жауларының соңынан қуа жөнелді. Аттары тынығып қалған екен, ауыздықтарымен алысып, қарш-қарш шайнайды. Әлден уақытта барып таң да сыз берді. Сол мезгілде бұлар Арыстан жасақтарына келіп қосылды. Беттері дұрыс екен, пұлқындық Арыстан Кенесары әскерінің алда кетіп бара жатқанын айтты.

Бұлар енді алдарындағы жауы кейін қарай өтіп кетпесін деп балық сүзген аудай екі жаққа қанаттарын жая түсіп, бес жүз адам қатарласа сап дүзеп қуды. Ең ортасында полковник Бизанов, екі қанатында Жантөренің екі сұлтан-правитель балалары. Оң қанатында Ахмет, сол қанатында Арыстан. Әскер соңында Баймұхамед. Қазақ даласында шабуылды бір уақытта хуннулар да осылай ұйымдастырған. Сырттан қараған адамға қазір әскер жер-көкті алғалы келе жатқан ұшы-қиыры жоқ теңіз тәрізді. Сұсты әм қорқынышты. Керегедей қанаттарын жая бүкіл кең даланы алған бар болғаны бес мың адам, бұндай сап түзеуде әлденеше бес мың боп елестейді...

Таң құланиектеніп атып қалған кезде алдарындағы Кенесары тобы да көрінеді. Бизанов тез қуып жеткісі келіп алға қарай ұмтыла түсті. Бірақ алдағы жау жеткізер емес. Қарасына көз жаздырмай зытып келеді. Тақа қара үзіп те кетпейді, тым жақындаттырмайды да. Біркелкі сар желіс. Беттері Айырқұм.

Қуу қызығына түскен Бизанов «әне жетем, міне жетем» деп жан-жағына қарауды да қойды, екі көзі алда боп, сол жағында қалып бара жатқан сайды өрлей біткен қалың шиді де аңғармады. Үзеңгілер сартылдаған осындай жүріспен сәске түс те болып қалды. Кенесары жігіттері жеткізбейді де, жоғалып та кетпейді. Аралықты біркелкі ұстайды да отырады. Осындай жүріспен Бизанов әскері өздерінің азық-түлік, оқ-дәрі, артық қару-жарақтарын салған пар аттан жеккен жүз жеңіл ләкшәңке-арбаларынан тым ұзап бара жатқандарын байқамай қалды. Әлі де байқамас еді, тек бұларды арт жағынан талмаусырай шыққан мылтық дауыстары тоқтатты. Қолдың соңында келе жатқан Баймұхамед жасағы кейін шапты. Бұлар бие сауымындай мезгілде ғана азық-түлік тиеген арбаларға жетті. Алдарында жау шапқан көш жатыр. Сойылға жығылған бірнеше арбакеш қазақ жігіттері... Жиырма шақты солдат оққа ұшқан. Жер бетін алып кеткен шашылған ұн, тары. Қираған арбалар, бауыздалған көлік..

Шауып келген Баймұхамедтің керуен бастығы жаралы мосқал адамнан білгені, бұларға тиген Ағыбай тобы болды. Олар қалың ши арасында тығылып тұрып азық-түлікті керуенге шабуыл жасапты, «Өздері екі жүз қаралы адам деді керуен бастығы, дайындалуға да мұрша бермеді, мына қалың ши арасынан лап қойды. Қимылдары сонша жылдам болар ма, күзетші солдаттар арбадан секіріп-секіріп түсіп мылтықтарын кезенгенше қаптады да кетті, жауған сойылдан жан сақтаудың өзі қиынға түсті. Тек екі-үш-ақ солдат мылтық атуға жарады, леп-лезде жосытты да салды. Кейбіреулері аттарынан түсе сала лөкет пышақтарымен қаптарды тіліп жіберіп, ішіндегі ұн мен тарыны шаша бастады. Өздерін құтырған қасқыр дерсің, «әу» дегенше бәрімізді қан-жоса ғып сабап, солдаттардың қару-жарақтарын аттарының алдына өңгеріп алды да көзден ғайып болды».

— Қалай қарай кетті өздері?

Сойыл тиіп, бір қолы сынып, жанын қоярға жер таба алмай тұрған керуен басы сау қолын кейін сермеді.

— Мына жаққа!..

Бұларды шапқан расында да Ағыбай тобы еді. Артта келе жатқан азық-түлікті көшке тиіп, Бизанов әскерін кідірткеннен кейін Ағыбай қасындағы жігіттерімен кейін қайтып Кенесары әскеріне жетуге тиісті. Ондағы мақсат: бұларды қууға Бизанов амал жоқ жасақ бөледі, сөйтіп генерал полкін бөлшектеуге мәжбүр болады. Ал бөлшектенген әскермен алысу әрқашан да жеңіл.

Бірақ Бизанов өйтпеді. Қайта оралған Баймұхамед жасағын қосып алып, алдындағы жауын қуа беруді жөн көрді. Ол «алдымдағы Кенесары әскері, мынау болмашы қол тек бізді алаңдатуға жіберілген» деп ойлады. Сөйтіп Бизанов алдындағы қарасы әлі үзіле қоймаған жауын қуып жетуді ұйғарды. Аттары жараулы мың солдат алды да, өзге әскерін азық-түлік тиелген көштен қол үзбей жедел жүріп отыруға бұйырып, жүріп кетті. Бұл кезде Наурызбай бес жүз адаммен қалған. Мың сыпайдың екі жүзі бағана Ағыбаймен кеткен. Ал ұзақ шабысқа жарамайтын үш жүзі, түнгі айқастан кейін бірден солға бұрылып, Бизанов әскерін орағыта Мұғажарға беттеген. Ақырында кілең жүйрік мінген бес жүз ер жүрек сарбаздарымен өзі қалған. Кенесарының бұл топқа тапсырған міндеті: Бизанов әскерімен қоян-қолтық алыспай, қашқан түлкі тәрізді, алыстан қылаңдап, құмға қарай әкете беру. Бұл кезде Кенесары басқа батырларымен бірге патша шығарған өзге жасақтарға қарсы аттанады. Алға қойылған мақсат: шамасы келсе жеңіп, шамасы келмесіне көзі жетсе, қуғыншы жасақтарды соңынан шұбыртып Қарақұм, Қызылжыңғыл секілді қазақ жерінің түкпіріне дейін апару, сөйтіп әбден қалжыратып барып, күзгі жаңбырға соқ-
тыру?

Осы әдістің бір тарауын орындамақ Наурызбай Бизанов әскерін соңынан ертіп құмға қарай жөнелді. Осы қуғынмен үш күн өтті.

Ал төртінші күні мүмкін соғысқұмар Наурызбай қаша беруді намыс көрді ме, әлде бөтен бір себебі болды ма, ол өзінің азғантай қолымен Бизановқа бетпе-бет келіп айқаспақ болды. Бірақ оның бұл көзсіз ерлігі өзінің түбіне жете жаздады.

Үш күн жүрістен әжептәуір қалжыраған Бизанов әскері төртінші күні жылап аққан кішкентай өзеннің жанына кеп түнеді. Осы қалың қолға таң сазарып атып келе жатқан кезде, қырқа белесті тасалай кеп, Наурызбай бес жүз жігітімен «Абылайлап!» ат қойды. Ақауыз көкбестіні көсілте салған, зілдей найзасын оң қолымен ойната көтерген Наурызбай өзі жігіттерінің алдында... Бұлар да жетті, гүрсілдеген мылтықтың да даусы шықты. Лагерь үстіне келіп қалған сарбаздардың бірнешеуі оққа ұшып, аттары ойнап шыға берді. Мұны көрген Наурызбай бір-екі солдатты найзасымен көтере лақтырып, жігіттерін соңынан ерте, оң жақтағы ойпатқа бұрыла шапты. Бірақ Науызбайды нысанаға алған бірнеше мылтық даусы шаңқ-шұңқ етті. Науырзбай кенет Ақауыздың жалын құшып қалды. Артында шауып келе жатқан Николай Губин қатарласа келіп, оны құшақтай берді. Енді Ақауызбен үйірлес кер төбел қатарласа құстай ұшты. Бизанов солдаттары жайылып жүрген тұсаулы аттарын тауып мінгенше, құйындатқан қазақ жігіттері жүзге таяу жолдастарын оққа ұшырып, бұйратты белес, өркешті адыр арасына кіріп көзден ғайып болып кетті.

Қасында ақылшы Ағыбай жоқ Наурызбай, бұл жолы қателескен еді. Бизанов әскерін әнеукүнгі қоғалы көл жағасындағыдай күтпеген жерден шабуыл жасап, тағы да талан-тараж етіп кетем деп ойлаған. Наурызбайда «көзсіз ер екен, бес жүз адаммен бес мың қолға шапты» деген жұрт таң қалар сөзге ілігу ниеті де жоқ емес еді. Бірақ онысы болмай қалды. Жүз жолдасын оққа ұшырып, ал өзі қара саны мен оң бүйірінен ауыр жараланып, ажал қақпанынан әзер құтылды. Егер атұлтаны Николай Губин дер кезінде жанына жетпегенде, көзі қарауытып есінен танып бара жатқан Наурызбайдың аттан түсіп қалуы анық еді. Ерлікті мақсат, атақты арман ете бастаған Наурызбайға бұл айқас жеңіл тимеді, жауынан құтылса да келесі жылға дейін аттанысқа шығуға жарамай, төсек тартып жатып алды.

Бизанов қоғалы көл оқиғасынан кейін, солдаттарына мылтықтарын қос етіп күзеттіріп қоюды тыйған. Әр солдат түнде оқтаулы мылтығын жанына алып жататын болған. «Абылайлаған!» алғашқы айқай естілгеннен-ақ, қостарынан жүгіре шыққан солдаттардың келіп қалған жауға төтеп бере алуы да осыдан еді. Наурызбай тобынан өлгені, жаралысы бар жүздей адам шығын болса, бұлардың сойылға жығылып, найзаға түйрелгені жиырмадан аспайды. Бұдан артық қандай жеңіс болар!

Азғантай сарбазбен осыншама қолға шапқан жігіттердің ерлігіне таң қалған Бизанов, қолға түскен бір жаралы жігіттен бұл шабуылды ұйымдастырған Наурызбай екенін білді.

— Кенесарының өзге әскері қанша жерде? — деп сұрады полковник.

Жігіт расын айтты.

— Кене хан бұл арада емес, өзінің ордасының маңында, біз тек сендерді адастыруға жіберілген жасақпыз.

Полковник өзінің қателескенін енді ұқты. Ол бұдан әрі Наурызбай жасағын қуып құр әуре болудың керегі жоқтығын түсініп, Ырғыз өзеніне қарай кейін шегінуді ұйғарды. Бостан-бос өте керекті он шақты күнді жоғалтқанына қатты өкінді, бірақ амал қанша. Арып-ашып тағы екі жеті дегенде войсковой старшина Лебедев пен Ахметтің әскеріне жете алмай, Ырғыз бен Үлкенаяқ өзенінің жағасында тұрған Кенесары әскерінің оң жағынан шықты. Бірақ бірден соғысып кетпей, Лебедевпен байланыс жасамақ боп және ар жағынан келе жатқан Омбы генерал-губернаторының әскерін күтіп тағы бір жеті кідірді. Ақырында олармен тізе қоса алмайтынына көзі жеткен Бизанов, Кенесары қолымен тек өздері ғана соғысуға мәжбүр болды. Бірақ бұл кезде күздің ақ жауыны да бас-
талды. Және айлакер Кенесары Бизановпен бетпе-бет келмей тағы да қаша соғысуға кірісті. Біресе Ырғыз өзенінің оң жағынан шығып, біресе Үлкенаяқтың сол жағасынан көрініп, оған ұстатпай әбден әбігерін кетірді. Сөйтіп жүргенде қазан айының қалың жаңбыры басталды. Ат үстінен екі айдан бері түспеген солдаттары түгіл, өзі әбден иттей боп қажыған Бизанов, Мұғажарға қарай көшіп келе жатқан Кенесарының аулын қумай, Ор қаласына қарай шегінді.

Бизановтың кейін қайтқанын естіген Лебедев пен Ахмет енді амалсыз Тобылға беттеді. Кенесарының күткені де осы кез еді. Ол аз уақыт аялдап, сарбаздарын сәл тынықтырып алды да, қайтадан атқа қонды. Үш жүз елу жігітті өзі басқарып келіп, алғашқы қар түскен қарасуықта, Үй өзенінің бойындағы қыстауына келіп орналасқан қорғансыз қалған сұлтан-правитель Арыстанның аулын шапты. Кенесарының бұл шабуылы да сондай күтпеген жерден болды, Арыстан аулының адамдары Орынбор шекарасындағы әскерлерге хабар беруге де үлгіре алмай қалды. Кенесары Арыстанның үш жарым мың жылқысын, үш жарым мың түйесін, жеті мың қойын, мыңға жуық қара малын тал түсте айдап әкетті.

Арыстанға тек үш күннен кейін ғана бес жүз солдат көмек келді. Жанталасқан сұлтан-правитель Кенесары қолын Ор өзеніне дейін қуып барды да, ештеңе шықпайтынына көзі жетіп кейін қайтты.

Сөйтіп полковник Бизанов басқарған Орынбор әскери губернаторының бір мың сегіз жүз қырық үшінші яғни Қоян жылғы аттанысы нәтижесіз бітті. Сондай-ақ осы жыл Батыс Сібір генерал-губернаторы бұйрығы бойынша Омбы, Қарқаралы, Қызылжардан шыққан жасақтарға Кенесары батырлары бетпе-бет айқасқа келмей, қаша ұрысып, әбден қалжыратып кейін шегінуге мәжбүр етті. Тек Иман батыр мен Жанайдар бастаған топ есауыл Лебедевтің әскерімен ашық майданда кездесті. Бұл айқас Терісаққан өзенінің төменгі сағасында өтті. Бұрын Кенесарыда тұтқын болған, Қарқаралыдан шыққан әскердің бастығы есауыл Лебедев өте қорлануда еді. Кек алатын күн болар ма деп іші мыс қазандай қайнауда болатын. Ол Қарқаралыдан Қараөткел келіп, одан жүз сексен шақырым Атбасарға үстірт жүріп отырып, екі-ақ күнде жеткен. Атбасар қаласынан бастап Ұлытауға дейін бірде-бір орыс поселкесі жоқ, мидай жазық көк шал-
ғынды кең дала — Алашахан тұсынан-ақ қазақтың ата қонысы. Бұл араның дені Арғын, Қыпшақ азын-аулақ Найман бар... Көпшілігі Кенесары жағына шыққан. Тек Сандыбайдың Ерденіне жататын Найман руынан Жырық ауылдары мен Арғынаты, Қарақойын қашырлы төңірегіндегі Кішкентайдың Аққошқарына бағынатын Орта жүздің біраз аулы ғана көтеріліске қосылмай қарсы әрекет істеуде еді. Бай және белді рулар болғандықтан Кенесары да бұларға бәлендей қаһар төге қоймайтын. Тек ыңғайлы кезін күтіп іштен тына жүре беретін. Осы екі шонжарға иек тіреген Лебедев Атбасардан өтісімен-ақ Кенесарыға тілектес ауылдарға қасқырдай тиді. «Мынау Кенесары жағында» деген адамдарын тал түсте жұрт көзінше атып, түнде қазақтың сұлу қыз-келіншектерін қорлауға шықты. Соны естіген қызу қанды Иман мен Алтай руының батыры Орынбайдың Жанайдары есауыл Лебедевпен кездескенше асықты.

Ақырында Арғынаты етегімен терістікке қарай құлаған Иман — Жанайдар тобы, Атбасардан күнгейді беттей келе жатқан есауыл Лебедевпен Терісаққан өзенінің төменгі сағасында бетпе-бет кездесті. Иман — Жанайдар қарамағында сойылды-найзалы мың жігіт болса, Лебедевте бес жүзге таяу әскер бар, бірақ олардың бәрінде аузында ажал ойнаған, қорғасын оқты мылтық, мойындарында жүзінен қан тамған көк қылыш.

Егер Лебедев жасағы аттарынан түсіп, ыңғайлы жерге орналасып соғыс ашса, Иман мен Жанайдар дым да істей алмас еді. Бірақ бұлар есауылды онда жағдайға жеткізген жоқ. Күн батып бара жатқан шақта қалың талды сайда аңдып жатып, Лебедевтің барлаушыларын алға қарай өткізіп жіберді де, қыр астынан шоғырланып шыға келген солдаттарға бір бүйірден лап қойды. Лебедев әскерлері иықтарындағы мылтықтарын алғанша бытырай шауып бұлар да жетіп үлгерді. Алдарында есік пен төрдей қара қасқа айғыр мінген, қисық бұқар қылышын басынан аса үйірген Иман батыр... Заматта сапқа тұрып үлгерген солдаттар мен қиқу сала жеткен қазақ жігіттері қоян-қолтық келіп қалды. Шақыр-шұқыр қағысқан қылыш, пәрменінше сілтеген сойыл, шоқпар. Көксүңгі ұшы адам кеудесіне қарыс кірген найза... Ат жалын құша құлаған қыршын жігіттер... Кәрі әке-шешенің жалғызы, қашан қайтады деп майданға телміре көзін тіккен аяулы жардың сүйгені, еңбектеген жас баланың әкесі, ардагер жанның інісі, ақкөңіл жастың ағасы.

Бұл қан төгіс жарты сағатқа созылды. Әйтсе де көздеп атқан мылтық, кезенген тапанша, шүйірілген болат қылыш шыдатпады, Иман — Жанайдар сарбаздары аздан соң «Кейін!» деген Иманның күшті даусымен қатар біртіндеп шегінді. Шабуылда тым-тырақай шауып келгенмен, шегінерінде топтарын жазбай, қоюланып келе жатқан түнді жамылып бірден жоқ болды. Бұларды қууға Лебедев солдаттары да жүрексінді. Қуаты жетпеді. Үй төбесі құлап түскендей, жоқ жерден пайда болған пәледен құтылғандарына қуанды. Екі жақтан да қаза тапқан адам аз емес. Екі қол екі төбенің басына орналасып, уәкілдер жіберіп, майданда қалған өліктерін алуға уәделесті. Түнімен әрқайсысы әр төбенің басына адамдарын көмумен болды. Бүгінгі соғыстағыдай емес, қанша қастасса да о кезде мұндай уәделесу, әлі де адамгершілік борышты ұмытпау тәрізді дәстүрлер мықты сақталатын. Қаралы жасақтар түні бойы қаза тапқан жолдастарының алдарында өздерінің соңғы борышын атқарды да, таң атысымен қайтадан жауласуға кірісті. Иман батыр енді Кенесарының жақсы көретін әдісі — қаша соғысу тәсілін пайдаланып Лебедевтің жасағын бір ай бойы Арғынаты жоталарының арасымен соңынан ертті де жүрді. Ақырында үш жүздей ғана солдаты қалған есауыл, күндіз-түнгі ат үстінде селкілдеуге шыдай алмай азып-тозып, күздің қалың жаңбыры басталған кезде Қарқаралы бекінісіне қарай бұрылды. Иман батыр да Кенесары ордасы бекінген Мұғажар тауына беттеді. Орта жолға таяғанда бұларға екі жүз адаммен Жанайдар батыр келіп қосылды. Жанайдар батыр Лебедев жасағымен тағы бір айқасқан түні, Кенесарының бұйрығы келген. Сол бұйрық бойынша ол қасына екі жүз сарбаз алып, жұрт бұ жақта қырылысып жатқанда, Қоңырқұлжа аулын шаппақ болып Ақмолаға қарай аттанған. Оның бұлай тығыз аттануына Қоңырқұлжа тоқалының аулымен Атбасар шекарасына көшіп келіпті деген хабар себеп болған. Орынбай бидің жал-
ғыз баласы Жанайдар да Қоңырқұлжаға көптен бері өш. Аға сұлтан Қоңыр-
құлжа оның жаз жайлауы — Есілдің сағасындағы «Керегетас» деген жерді өзінің туысы Жақыбайдың баласы Ыбырай сұлтанға алып берген. Соңынан Құсмұрын өкірігі жойылып, бір мың сегіз жүз қырық бірінші, яғни Сиыр жылы Атбасар өкірігі ұйымдасқанда осы приказға Ыбырайды аға сұлтан етіп сайлауға да мейлінше ат салысқан. Осындай өшпенділікпен Қоңырқұлжадан кек алуға тісін қайрап жүрген Жанайдарға Кенесары бұйрығы майдай жақты. Екі жақ бірдей қан төгістен кейін у-шу боп жатқанда, Алтай руының екі жүз жігітін ертіп, Жанайдар Атбасарға қарай бір-ақ тартты. Жұрт айтқаны рас екен, тоқал аулы Атбасардың күншығыс жағындағы Бидайықты деген жерде отыр екен. Кенесары жасағы Торғай бойында патшаның қалың әскерімен соғысып жүр деп естіген ауыл, қаннен-қаперсіз еді. Үш күннің ішінде Жанайдар батырдың бұл араға келе қалатынын қайдан білсін, салынып бітуге айналған Қараөткел бекінісінің қасындағы қыстауына көшкелі дайындалып жатқан-ды. Жанайдар жалақтаған екі жүз жігітімен ауылды тал түсте шапты. Әттең не керек, Қоңырқұлжа бұл жолы да қолға түспеді. Ол кеше ғана Ақмолаға жүріп кеткен болатын. Қоңырқұлжаның күзетке тастаған солдаттары бұларға тек бес-алты рет оқ атуға ғана жарады. Сол оқтың бірі Жанайдардың балтырына тиді. Енді ол жараланған қасқырдай ауылды аямады. Тек кісі өлтірген жоқ, одан бөтеннің бәрін істеді. Ақырында Қоңырқұлжаның жас тоқалы Зейнепті бас етіп, ауылдың бар мал-мүлкі мен отыз қыз келіншегін олжа етіп кейін қайтты. Осы олжалы көш еді Иман батырдың жасағына келіп қосылған.

Наши рекомендации