Лтын орда» трилогиясының көркем безендірілген жаңа басылымы — 1999 ж. 14 страница
Байтабын қыз-бозбалалардың жиынына жеткен кезде, Алтыншаш алтыбақаннан түсті. Айлы түнде айдаладан пайда болған жас батырды көріп Алтыншаш Байтабынның қасына келді. Ожармен бірге кеткен жігітті бірден таныды. Қуанып қалғандай.
— Сау-сәлемет қайттыңыз ба батыр? — деді ол Байтабынға жақындай.
Күле қараған Алтыншаш Байтабынға хор қызынан бірде-бір кем көрінген жоқ. Жастық мерейін, сұлу көркін жас батырға әдейі арнап ашқандай, Алтыншаш та айлы түнде бозаңқы тартқан ақ бетін тақай, үлкен қарақат көздері күлім-күлім етеді. Байтабынның жүрегі лүпілдеп, бар денесі күйіп-жанып барады. Бойын билей жөнелген жалын сезімді әзер басып:
— Өзіңіз де амансыз ба, Алтыншаш, — деді, — Ожар аға бір шаруасы болып жолдағы ауылда қалды.
Келіншек сылқ-сылқ күлді.
— Ағаңыз туралы қам жемеңіз. Жолын тауып қайтар.... Мен сіздің сау-сәлемет келгеніңізге қуаныштымын... Жүрегім тым алаңдаулы еді.
— Неге? — деді Байтабын сөз астарына түсінбей.
Бұл кезде Байтабынды қоршаған қыз-келіншектер қайтадан алтыбақанға қарай беттеді. Алтыншаш пен жас батыр аз уақыт оңаша қалды.
— Неге деріңіз бар ма, — деді күрсініп Алтыншаш, — жаныңыздағы серіктеріңіз маған қауіпті көрініп еді.
— Япырмай, сіз де солай ойлап па едіңіз...
Алтыншаш пен Байтабын сөйлесе келіп бірін бірі енді шын танығандай.
Бойды билеген асау сезім қоя ма, таң сыз беріп келе жатқан шақта, ауылға қайтқан қыз-бозбаладан ебін тауып бөлініп, бұлар кейін қалды.
Бір апта өте, шықтана бастаған қалың көденің арасында, екі жас бірін-бірі аймалай құшақтап, жастық мауықтарын басты.
Күміс кеседей боп жарқырай туған Шолпан жұлдызы, сендер де мен тәрізді әлем бетінде жарқырай түсіңдер дегендей, құмар құшағындағы екі жасқа алыс-
тан жымың қағып қарап тұрды.
Байтабын бұл қылығын жүрегімді өртеген ләззат қуанышының қалауы десе, Алтыншаш қастасқан еріме деген кектің алғашқы қайтуы деп ұқты.
Осы бір бақыт түнгі кездескен екі албырт жүректің жібек жіптей нәзік сезімдері бірте-бірте үлкен махаббатқа айналды.
Ертеңіне, ел жатқан кезде Байтабын мен Алтыншаш осы арада тағы кездесті. Арғы күнгі түндері де осылай өтті. Ожар келе қоймады. Біріне бірі құмарта түскен екі жас, аңдыған көз бар екенін аңғармады. Күнде ел жата Алтыншаштың қара шапанын жамылып қара түнде сай бойына баратынын және оның таң сыз бере қайтатынын Ожардың оң көзі мен сол көзі Сәмен байқап қалған. Ләззат қуанышына беріліп, тас қайнардай ыстық қандары бұлқысып ойнаған екі жас мұны сезбеген. Күндегі кездесетін уақыттарын аңсай күтумен болған.
Сөйтіп жүргенде арада он шақты күн өтіп кетті. Байтабын бүгін де дағдылы әдетінше сайға барып Алтыншашты күтті. Бірақ келіншек келмеді. Түн ортасы да ауып кетті. Ожардың әлі қайтпағанын білетін Байтабын, таңға жуық қалғанда «Алтыншашқа не болды?» деп шыдай алмай ұрлана келіншектің үйіне қарай беттеді. Үй маңында суытқан ат, не болмаса түнде келген көлік көрінбейді. «Ожар әлі оралмаған екен» деп өз ойына сенген Байтабын ақ отаудың іргесіне етпеттей жатып, үй ішіне құлақ салды. Аздан кейін ол әйелдің талмаусыраған, қиналған даусын естіді. Бір сұмдықтың болғанын жүрегі бірден сезді. Атып тұрып, есіктің ішінен ілген тиегін жұлып түсіріп, үйге кіріп келді. Байтабынның бірден көргені, қара көлеңке үйдің ортасында теріс қарап тұрған Ожар болды. Білегіне дейін сыбанып алған. Оң қолында жүзі суық ақ қанжар. Анандай жерде тобылғы сапты жуан өрімді қамшы... Аяғының астында, үстіндегі көйлегі пара-пара болған, ұзын қолаң шашы үйдің тең ортасына дейін жайылып, аппақ денесі қан-қан боп етпетінен Алтыншаш жатыр...
Ожар әнеукүні Байтабындардан әдейі бөлініп қалған. Ол Таймастың бүгін-ертең келетінін білетін. Таймастың Сейтен екеуінің сөзін естіген-естімегеніне көзі анық жетпейтін-ді. Сондықтан бір сыбыс білінгенше бой тасалағанды жөн көрген. Хабардар болып тұруды Сәменге тапсырған. Көрші ауылдың қыстауында тығылып жатқан Ожарға сазды жердің сары жыланындай сыбдырын білдірмей жүрген сары жігіт әнеукүні Кенесары мен Таймастың Алтыншашты шақырғанын, Алтыншаштың олардан қатты жүдеп шыққанын, ал қазір Байтабынмен көңіл қосып жүргенін жеткізген. Ожар өзінің әшкереленгенін түсінген. Бірден Қоңырқұлжа аулына қайтып кетуге Алтыншашқа деген ашу тұсау бола берген. Жансыз келіп оны өлтіріп, Кенесары жасағынан біржолата қашуды ойлаған. Сол тілегін орындауға атын сайдың ар жағына тастап, ел әбден ұйқыға кіргенде ұрлана үйіне келген. Бұл кезде Алтыншаш жаңа ғана Байтабынға жетпекші боп киініп жатқан-ды. Қатыны оңашада қолға түскен Ожар, оған төсегінің ірге жағына тығып қойған қанжарын алуға мұрша бермей, іштен теуіп бірден есінен тандырып тастаған. Содан кейін Алтыншаш көзін ашқан кезде аузына орамал тығып үнін шығартпай, Тайжан мен Сейтенді қалай ұстап бергенін естіртіп, «Байтабынмен ойнас болдың» деп қамшының астына алған. Ол Алтыншашты енді қанжармен бауыздамақ боп тұрған мезгілінде үйге Байтабын кіріп келді. Мұны күтпеген Ожар, артында тағы кісілер бар ма деп қауіптеніп сәл кідіріп қалды. Осы кідіру Байтабынға жетті, ол атылған арыстандай секіріп барып, Ожардың қолындағы қанжарын жұлып алды. Содан кейін екі батыр жігіт арыстан мен жолбарыстай айқаса кетті. Байтабынның қолы Ожардың тамағына бұрын жетті. Ожар қанша бұлқынғанмен, құрыштай берік қарулы қол босатпады. Қос қолымен Ожардың өңешін қысқан қалпында Байтабын қатты да қалды. Тынысы тарылып, бойынан қуаты қашқан Ожар әлден уақытта Байтабынның кеудесінен итерген қос қолын босатып жіберіп, опырылған томардай дүңк ете құлады. Байтабын Ожардың өңешін сол қолымен қыса түсті де, оң қолымен жерде жатқан қанжарды алып, нақ жүрек тұсынан құлаштай ұрып сабына дейін кіргізді. Ентіге демін алып аздан соң орнынан түрегелді. Ол енді ұшып барып Алтыншаштың аузына тыққан орамалды жұлып тастап, кеудесіне қолын салды. Талықсып жатқан келіншектің жүрегі баяу соғуда екен.
Осы кезде адыр басына қызғылт нұрын шашырата төгіп көкжиектен күн шеті көріне бастады. Аздан соң өрісі кең, шалғыны мол дала тойға дайындалған қыз-келіншектей, қызылды-жасылды жаз аяғының гүліне бөленіп, салтанатты сәнімен шыққан күнді қарсы алды. Мөңіреген сиыр, маңыраған қой, оянған ауыл өзінің әдеттегі тіршілігімен жаңа ғана тыныш жатқан даланы у-шуға бөледі.
Енді Байтабын ауылдың үрейленген қатын-қалашын, мал өргізуге ерте оянған кәрі-құртаң кәрия-ақсақалдарын соңынан ерте, қанға боялған Алтыншашты жас балаша екі қолымен бауырына қыса құшақтап ұзын қара шашын жерге шұбалта, Кенесарының ордасының қасына келді.
Сергек ұйықтайтын сұлтан даладағы у-шуды естіп, сырттағы күзетшілердің хабарын күтпей, иығына қара құндыз ішігін іле сала асыға үйден өзі шықты.
— Батыр, — деді Байтабын тізе бүгіп, Алтыншашты қолынан түсірмей, — басымды алсаң мінекей, мен жаңа өз қолыммен Ожарды өлтірдім. Жазығы болды.
Кенесары сәл ойланып қалды. «Ожардың бөтен де жазығы бар. Өлтіргенің дұрыс болған. Бірақ сен де маған борыштар болуың керек».
— Жақсы, Байтабын, кештім бір күнәңді, — деді сұлтан әлден уақытта.
— Егер ол күнәмді кешсеңіз, — деді Кенесарының бетіне тіке қарап, қуанышын әзер жасырып Байтабын, — Арқадан таңдаған қызыңды беремін деген уәдеңіз бар еді. Таңдағаным осы Алтыншаш болсын, қиыңыз маған.
— Қидық, Байтабын.
Адам баласының сан алуан қиын жағдайына еті үйренген Кенесары, Алтыншаштың мұндай күйге қалай жеткенін сұраған жоқ, Байтабынның тілегін орындады да, қайтадан ордасына кіріп кетті.
Алтыншаш екі жетіден кейін жараларынан айығып, төсегінен басын көтерді. Терісаққан мен Ұлытау маңын жайлаған қалың Алтай, Қарауыл, Тарақты, Төртуыл, Қозған, Бағаналы болып жиналып, Алтыншаш пен Байтабынды ұлан-асыр той жасап қосты. Ат шаптырылып, балуан күрес те болды. Бұл тойға жорықтан қайтқан Ағыбай, Жекебатыр, Жанайдар, Құдайменді, Бұқарбай қатынасты. Тойды Кенесары өзі басқарды.
Кенесары кей жағдайда «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген ескі қағиданы ұмытпайтын. Бұл оған тек дұрыс шешім табуға ғана емес, алда-жалда түскен жолдары қауіп-қатерге апарып соға қалса, жалғыз өзі айыпты болмас үшін керекті еді. Бұл жолы да сөйтті. Той біткен түні жасырын кеңеске үзеңгілес серіктерін, өзіне бағынышты ру басшыларын шақырды. Оларға Кіші жүздің жеріне көшудің керектілігін айтты. Ақылдарын сұрады. Жиналғандар, қара бұқараға туған жерден кетудің қиын екенін түсінсе де, бөтен лаждары болмағандықтан, күз көшуге көнді.
Кенесары мәжілісті бітіріп далаға шыққанында таң құланиектеніп атып қалған екен. Бірақ той әлі тарамапты. Төменгі сайдан қыз-келіншектердің, бозбалалардың алтыбақан теуіп жатқан дабырлары, күлгендері, сөйлегендері тынық түнде сампылдап естіліп тұрды. Кенет бір қажырлы дауыс ырғақты әнді шырқай жөнелді. Кенесары тыңдай қалды.
Ұшар көлің, сағынып, қонар көлің,
әрқашанда, ер жігіт, туған елің.
Соның ғана жүрегін тебірентер
Қуанышың, шаттығың, қайғы-шерің...
Оны тастап кеткенде алыс жаққа,
Созған қолың жетер ме атақ, баққа?
Қанша жүйрік болсаң да, өгей жердің
Өз шабысы саналар арғымаққа...
Өлең дәл өзіне арналғандай, Кенесары кенет тұнжырап кетті. «Иә, өз еліңде, өз жеріңде сенің құның бөлек. Ал бөтен жақ бұны қалай бағалайды? Көсеміміз деп соңынан ере ме, жоқ па? Шақыруын шақырса да, бұларды әлі Жоламан қалай қабылдайды? Өз елі, өз жері...»
Демек, «Тәуекел, не болса да барған соң көрерміз!» дегендей, Кенесары қолын бір-ақ сермеді де, өз ордасына қарай беттеді.
Осы тойдан екі апта өткен соң, жапалақтап ең алғашқы қар жауа бастады. Дәл осы кезде оңтүстікке құлағы тігулі сұлтан Қаратауда ата-мекен жеріне ие боп қалған азғантай Қоңыраттан бір жылы хабар алды. «Мәделіхан өгей шешесі Ханпадшайым сұлуға үйленіпті. Ташкентке көзін тігіп жүрген Бұхар әмірі Қоқан ханының бұл шариғатқа жатпайтын күнәкар ісін шіркеу етіп Мәделіханға бүкіл мұсылман қауымын қарсы қоймақ әрекетіне кірісіпті. Сірә, бұл айқас түбі соғыспен бітетін шығар» деген. «Үр-рит соқ, үр-р-рит соқ, соқ! — деді екі өзбек төбелессе азбан қошқарлардай маңдайлары жарылмай тоқтамайтынын білетін Кенесары ішінен, — егер Бұхар мен Қоқан соғысар болса бірін бірі әлсіретпей қоймайды. Міне дәл сол кезде Қоқаннан бүкіл Сыр бойын бөліп алуға болады. Бірақ өйту үшін өзің де күш жинауың керек. Ал күшті Кіші жүзсіз жинай алмайсың».
Кенесары осындай шешімге келді. Ол маңайына жиналған қалың әскерін жаз шыға табысармыз деп ауылдарына таратты. Өзі үш жүз төлеңгіті мен қасына ерген бес батырын алып, күздің қар аралас қара суығында Торғай мен Ырғыз бойындағы Кіші жүз бен Қыпшақтың жеріне қарай көшті.
Үшінші бӨлім
І
Орынбор әскери губернаторы граф Василий Алексеевич Перовский, жұмсақ орындыққа шалқая түсіп, көгілдір көзін сәл жұмып, кең маңдайын ұзын саусақты сол қолымен сипай тағы да ойға кетті. «Батыс Сібір губернаторының қарамағынан көшіп келіп Кіші жүз ереуілшілеріне қосылған Кенесары сұлтанмен тіл табуға қалай мәжбүр болып еді?.. Иә, иә, ол кезде помещиктердің тепкісіне шыдай алмаған Орынбор өлкесінің басыбайлы қарашекпендері мен казак-орыстардың түгелдей патша үкіметіне қарсылық көрсеткен қозғалысы бас-талған еді ғой. Ол аз болғандай Арқадан Кенесары келіп Елек, Ырғыз, Торғай бойындағы қазақ ауылдары тегіс ереуілге шықты емес пе... Орынбор екі оттың ортасында қалмады ма. Екі отты бірдей сөндіруге күш жетпеген соң, амал жоқ, қазақ ереуілшілерімен тіл табуға мәжбүр болған жоқпыз ба?.. Онда да біз емес, алдыменен Кенесары сұлтанның өзі бітім сұрады емес пе? Иә, иә, өзі сұраған. Қалай деп жазып еді ол сонда хатында?» — Василий Алексеевич елуден асып кеткеніне қарамастан, жас жігіттерше орнынан ұшып түрегеліп, сұңғақ бойын тіп-тік ұстап, аяғын сыптай басып бұрышта тұрған темір шкафтан бір папканы алып ішіндегі қағаздарды қарай бастады... «Міне, міне осы қағаз... Бір мың сегіз жүз отыз тоғызыншы жылы яғни қазақша Доңыз жылының наурыз айы делінген» Перовский енді аузын жыбырлатып оқи бастады — «Атамыз Абылай ханнан бері біз орыс жұртшылығымен бір туысқан адамдай тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр едік, тек Сібір губернаторының адамдары маза бермегендіктен, амалсыз соғысуға мәжбүр болдық... Ал сіздің жеріңізге келуімізбен еш уақытта да Россияға қас болмағанымды айтқым келеді, және менің осы сөзімді жоғары жаққа жеткізуіңізді өтінемін»... Граф қағазды былай қойып тағы ойлана қалды. «Россияға қазақтарды бағындыруда менің саясатым әуел бастан-ақ князь Горчаковтікінен өзгеше болатын... Өлке бойынша көтерілген орыс мұжықтарының қимылын еске алып, мен қазақтарды князь секілді қылыштың күшімен емес, бейбіт жолмен бағындырған жөн деп білгем, сондықтан да Кенесарының өткен күнәсына кешірім сұрап, жаңағы хатының көшірмесін Соғыс министрі Чернышев пен вице-канцлер Нессельроде мырзаға жіберген едім ғой, — Перовский алдындағы папканы тағы ақтара бастады. — Сол ресми хатым мына қағаз ғой. «Мәртебелі мырзалар, ереуіл ұйымдастырып бас көтерген Қасым ұлы Кенесары сұлтанның осы жіберіп отырған хатынан, егер патша ағзам оған кешірім істесе, оның бізге мойын ұсынып бағынатынын өздеріңіз де көріп отырсыздар». Иә, осы хаттың аяғында бұдан былай қарай Орынбор жеріне көшіп келген қазақтардың ісіне Сібір генерал-губернаторының кіріспеуін өтінген едім мен. Солай деп князь Горчаковқа Соғыс министрі бұйрық та берген. Бірақ ол бұйрықты князь қалай қарсы алды? Князь ашуға мініп маған хат жазған»... — Граф ақырын езу тартып күлімсіреді де Горчаковтың хатын тауып алып оқи бастады. — «Орынборға жататын қырғыз-қайсақтарды басқару осы уақытқа дейін менің ойламаған ісім. Бар мақсатым Кенесарының қанқұйлы тобырынан өз генерал-губернаторлығымды аман сақтап қалу болатын. Қырғыз-қайсақтарға көне замандағыдай бостандықтарыңды қайтарып әперем деп сендіріп, өзінің ел тонаушылығын бүркей білген Кенесары бүліншілігінің қаупі күшті. Осы себептен, оңай мал табудан гөрі, ескі замандағы еркіншіліктерін қайтарып алуды арман етіп, оның соңынан ергендер көп».
Граф тағы ойлана қалды.
«Орынбор Омбы емес. Мұнда орыс оқығандарының демократшыл тобы бар. Көтерілген халықты Горчаковтай қанға батырсам, сол өзім сыйласатын, кейде пікірімен санасатын орыс оқығандары не айтады? Олардың да ойын еске алу керек. Түркістан тарихы жөніндегі еңбектерімен әйгілі болған, өзіммен бірге жұмыс істеп жүрген В. В. Вельяминов-Зернов, орыс түсінік сөздігін жасаушы В. Даль қазақтардың Россия империясының қол астына кіруі түбі прогресшіл жол, сондықтан оларды қарудың күшімен емес, ақылмен бағындыру керек деген пікірде емес пе... Бұл ойды осы Орынбор шекара Комиссиясының бастығы боп көп жылдан бері қызмет істеп келе жатқан генерал-майор В. Ф. Генс те қолдайды. Әйтсе де осы генерал-майор қызық адам, өзі Россия патшалығына бағынбадың деп қазақтарға қарсы соғысады, сөйтіп жүріп олардың жетім балаларын үйіне жинап жетімхана ашады. Және жұрттан жасырып қазақтардың тарихы мен этнографиясы жөнінде еңбек жазады. Бұлар аз болғандай Орынборға айдалып келген поляктың белгілі азаматтары да халықты қырғаннан гөрі ақылмен көндірген жөн дейді. Осындай ойларын Мицкевичтің жан аяспас досы, Орынбор музейін ашқан Томаш Зан да, шекара комиссиясында қызмет істейтін дарынды ақын И. В. Виткевич те өткен жылы өзіме келіп ашықтан-ашық айтты...
Қарамағымдағы қазақ елін қанға батырып, ереуілін басқанда көңілдес сырластарым, Петербургтағы белгілі орыс әдебиетшілері не айтады? Өзімнің бауырым, белгілі жазушы Антон Погорельскийдің бетіне қалай қараймын? Бәрі де қан төгуді жек көреді, менен бірден безбей ме?».
Перовский тағы да тұнжырай қалды.
«әйтсе де мен өз ойлағаныма жеткен едім. Россия патшалығы мен қазақ елінің арасындағы қайшылық қай түрде бітетінін Кенесары да, мен де анық білмегенмен, әзірге қан төгіс шабуылды екі жақ бірдей тоқтатқан едік қой... Батыс Сібір шекарасындағы анда-санда бұрқ ете қалатын жанжалды есепке алмасақ, Орынбор шекарасындағы бекіністер мен казак-орыс станицаларын шабуын Кенесары біржола тоқтатты десе де болады... Оның есесіне патша ағзам өткен қырқыншы жылы Кенесарының бар күнәсын кешіріп, амнистия берді... Және айдалып, сотталып кеткен туған-туыстарын тегіс қайтарды...»
Граф бірдеме ойына түскендей орнынан түрегеліп темір шкафтан екінші бір папканы алды.
«Иә, иә, патша ағзам менің тілегім үшін өзінің бұрынғы указын бұзған жоқ па еді? Ол указда...»
Перовский Указға көз жүгіртіп оқи бастады. Бұл Бірінші Николай патшаның бір мың сегіз жүз отыз сегізінші, қазақша Ит жылы мамыр айының бірінде берген Указы еді. Онда «Қылмыстары үшін арестант роталарына жіберілген қазақтар, мерзімді уақыттары біткеннен кейін де туған жерлеріне қайтарылмай, әскер қызметіне жарайтын сенімділері солдатқа беріліп, ал өзгелері Иркут губерниясына жер аударылсын», — деген.
«Патша ағзам осы мейірімсіз Указына қарамай, — деді граф ішінен, — Кенесарының ұсталып кеткен туыстарын, Уәлиханның үлкен баласы Ғұбайдолладан бастап босатып берді... Бірақ Ғұбайдолла туған інісі — Құсмұрынның аға сұлтаны Шыңғыстың еліне бармай, Кенесарыға келіп қосылды. Неліктен? Патша ағзамның жақсылығын білмегендігінен бе, әлде өзінің тоқал шешесі, Шыңғыстың анасы Айғанымға деген өштігін ұмытпағаны ма?.. Айғаным демекші, оны осыдан жиырма бес жыл бұрын Петербургта көріп едім ғой.. Марқұм Бірінші Александр патшаның туған күнгі тойында... Сол тойға арналған балда сұлулық жағынан Айғанымнан еш әйелдің аспағаны әлі есімде... Оған өзім секілді орыс-
тың жас офицерінің бәрі ғашық болып қалған едік қой». Граф әлденені есіне түсіріп күлімсіреді. «Иә, сөйткен сұлу Айғанымды қасқырдың қаншығындай тас жүрек деп кім ойлаған. Хандыққа өзімен таласқан Уәлидің үлкен әйелінен туған Ғұбайдолланы да, Уәлидің туған ағасы Сартайды да Сібірге жер аудартқан жоқ па? — Перовский тағы күлімсіреді. — Алайда Бірінші Александр патшаның сол тойын өмір бақи ұмыта алмаспын... Жетпіске таяп қалған Уәли өзі секілді кілең ақ шашты шалдармен патша сарайының бір салонында карта ойнап отырғанда, бидің дәл қызу үстінде. Айғанымды өз үйіме алып кетіп едім-ау! Ах, жастық шақ, жастық шақ, сен қазір алыстағы ай тәріздісің ғой, сәулең бар, қызуың жоқ...
Ал сондағы марқұм Бірінші Александр туған күнгі балмен, қорғанышым Бірінші Николай патшаның туған күніне арналған кешегі бал айырмасы қандай? Жер мен көктей! Алғашқы балда қылыштың жүзіндей қылшылдаған офицер едім, алдымда мен асатын сан қызық асқар белдер бар болатын, бар болашағым мені күтіп тұр еді ғой... Ал кешегі балда ше?.. Шын қызығы артында қалған кәрілікке бас ие бастаған жан секілді көрінген жоқпын ба, салтанатты сарай бикештеріне... Айғаным тәрізді жас сұлуды оңашаға алып кетпек түгіл, патша ағзамның көңілдесі жезөкше Нинаның әзіліне әзіл қайтара алмай қалдым ғой... Иә, иә, бәленің бәрі осы әзілден басталған жоқ па?.. Сөйтті ғой».
Василий Алексеевич тұнжырай ойға кетті. Расында ол ойланатын жәйттер көп еді. Перовский Қоқанға өзі басқарып барған Доңыз жылғы сәтсіз экспедициясының әуресінен құтылған соң, биыл азырақ дем алып көңіл көтерейін деп жазғытұрым патша ағзамның рұқсаты бойынша Петербургке келген. Жастық шақ өткен жердің ыстықтығы қандай, осы тамаша астанада үш-төрт ай серуендеп қалған. Енді қайтам деп тұрған кезінде патша ағзамның бір қызының туған күні болып, соның балына қатынасқан. Балда қыдырып жүріп Бірінші Николай императоры мен оның көңілдес әйелі, Петербургтың соңғы кезде ауызға іліне бастаған сұлуы Нина Макеевскаямен кездесіп қалған. Амандасып болғаннан кейін сайқал Нина:
— Ах, патша ағзам, сіздің маған берген уәдеңізді орындамауыңызға Василий Алексеевич те кінәлі ғой деп ойлаймын, — деп күлген.
Патша сарайы әйелдерінің мұндай сөзді астарсыз айтпайтынын білетін Перовский дереу:
— Ғафу етіңіз. Егер мәртебелі патша ағзам уәде берген болса, ол уәдені орындау үшін Орынбор өлкесінің әскери губернаторы граф Перовский өз жанын пида етуге бар, — деп басын иген.
— Онда қалай болғаны? — Сұлу Нина сиқырлана күлген, — патша ағзам маған осы тойға көйлектікке бұхар дүриясын алдырам деп арнаулы керуен жібереді. Ал ол керуенді Ташкент түбінде соғыс ашқан сіздің Кенесары сұлтаныңыз тонайды... Бұл айып емес пе?