Лтын орда» трилогиясының көркем безендірілген жаңа басылымы — 1999 ж. 24 страница
Войсковой старшина Лебедевтің Ұлытау жағынан келе жатқан генерал-майор Жемчужниковтің қолымен кездеспей, Кенесарыны қуа түсіп, дым бітірмей, тек жолындағы Байқадам бидің аулын шауып, Орға бос қайтқанын Орынбор әскери губернаторы да естіді. Енді ол терісіне сыймай, қаһарлана ашуланды. Обручев Лебедевті Орынборға шақырып алды да, қызметтен босатып, сотқа берді. Лебедевтің орнына Орынбордың үшінші казак-орыс полкінің командирі полковник Дидиковскийді тағайындады.
Ал пар ат сүйреген жеңіл зеңбіректі, малына қаруланған сотник Фалилеевтің жасағы құмайтты тақыр Сарысу бойына белгіленген кезінде жетті. Кенесары әскері шегіне қалса құмға өтіп кетпесін деп бұлар шеп құрып осы арада жата берді. Мұны естіген Кенесары түбі, Ұлы жүздің жеріне қарай беттейтін күн туса, кедергі болмасын деп, бес жүз сарбаз беріп Фалилеевке қарсы Саржанның баласы Ержан мен Таймасты жіберді. Бұларға Фалилеевпен зеңбірек оғы жетпейтін жерден арбасып, қаша соғысып жауды қалжырату бұйырылған.
Бостан-бос құмайт далада зерігіп жатқан Фалилеев солдаттары оңай олжаға бата қалғысы келіп Таймас тобын көрісімен қуа жөнелді. Сарысу маңына келгелі тынығып қалған солдаттар қоя ма, екі күндей Кенесары жігіттерін өкшелей, соңдарынан қалмай-ақ қойды. Сарбаздар құмға беттесе, солдаттар да құмға беттейді. Адасып кетеміз деп қорықпайды, өйткені Фалилеевте бұл араны жақсы білетін Шөмекей руынан жалдап алған жол көрсететін он жігіт бар. Қос атты солдаттардан құтыла алмайтынын түсінді ме, әлде басқа ойы болды ма Таймас пен Ержан кенет Балқаш көлінің бергі құмды жағасына қарай беттеді. Кенесары әскерінің алыста екеніне қанық сотник Фалилеев «мына шағын топты тез құрта қояйын» деген оймен ереуілшілерді жалықпай қуып берді. Бірақ Шөмекей жігіттері жолды қанша жақсы білгенменен де Кенесары жігіттерінен көз жазып қалады. Өйткені жат жердің ой-шұқыры көп, бұл ара өздерінің үйреншікті Сыр бойы мен Сарысу алқабы тәрізді көш жолы емес, өгей өңір, өгей өлке.
Бұндай жағдайды сезген Фалилеев ат-жөні жоқ, бос қуа беруді тоқтатып, кейін шегінбек боп тұрғанда, өздері қуып келе жатқан жасақтан он жігіт түнде қашып шығып бұларға қосылды. Сотник жасағының көзі ашылды, жол көрсетушілер енді осы жігіттер болып алды. Алдағы топтың қайда түнеп, қалай қарай жүретінін күні бұрын біліп отырады. Өздері де Кенесарыға сондай өшіккен екен. Кешегі жолдастарын бүгін су түбіне жіберуге бар... Бұрынғы он жігітті бір-бірден серік етіп алған осы қашқын он жігіт Фалилеевке өте ұнады. Сұрас-
тыра келсе бұрын бұлар Кенесарыға қорыққанынан ерген екен, егер ақысын төлер болса, орыс солдаттарын Мекеге дейін апаруға дайынбыз дейді. Фалилеев жасағы қай жерде келе жатыр, қай жаққа бара жатыр бірін де білмейді, тек сенері осы жиырма жігіт. Осылай тағы да бір жеті өтті. Әбден қалжыраған солдаттардың енді торсықтағы сулары таусылуға айналды. Фалилеев: «Қой, жетер енді, суы бар жерге қарай бастаңдар» деген күні соңғы он жігіт: «Таймас пен Ержан енді алға қарай жүре алмайды. Алдарында тек сусыз құм. Олар ертең кейін қайтады. Бұл арада бөтен жүрер жолдары жоқ. Әбден қалжыраған жігіттерді кәдімгі балшыққа қонған үйректей шетінен аспай-саспай атып аламыз. Тек бүгін осы арада әбден тынығып алалық. Су керек болса алыс емес. Осы арада мына теріскей жақта он шақырымдай жерде суы мөп-мөлдір тас құдық бар», — деп ақырғы сырларын ашты. «әнеугіден бері босқа қуып жүрміз бе бұл қарақшыларды, егер су жақын болса ертең-ақ барармыз», — деп шешкен Фалилеев жігіттердің ақылын дұрыс көрді. Торсықта қалған суларымен шай қайнатып ішіп алып, аттарын тұсап тастап ертеңгі айқасқа құлшынып кіріспек боп ұйқыға кетті. Бір-екі-ақ күзетші солдаттар қалды. Әбден жол соғып қалжыраған күзетшілер «сендер аз дем алыңдар, біз күзете тұрайық» деген тың қазақ жігіттеріне сеніп, сәл көз іліктірмек боп ерлерінің қасына жантайды.
Оңтүстіктің жазғы түні қандай қысқа, әбден қалжыраған солдаттар бірер сағат ұйықтап түрегелсе, таң да бозарып атып келе жатыр екен. Көкжиек ала-бұртып көп кешікпей күн де шығуға жақын... Керней ойналып, солдаттар орындарынан атып-атып тұрды. Бұлар түрегелгенде ең алдымен көргендері қан-қан боп бауыздалып қалған Шөмекейдің он жігіті болды. Кенесары жасағынан қашып келген сыпайлардың бірде-бірі жоқ. Фалилеев қашқындардың бүгінге дейін қастарына Шөмекей жігіттерін неге серік етіп жүргендерін енді түсінді. «әттегене-ай!» деп санын ұрды. Расында да бұл қашып келген он жігіт Таймас жіберген тыңшы-барлаушылар еді. Олар әбден сенімге еніп алып, жауларына жол көрсететін қастарында жатқан серіктерін осы түні бауыздап, өздерінің жасағына тартып отырған.
Аздан кейін алабұртып жарқырап күн шықты. Күн көтеріле бастағаннан-ақ көкжиекте сағым да ойнай жөнелді. Әрі-беріден соң күн көк аспанда шатынай қызарып жерге жалындай күйіп тұрған нұрын төкті. Ұшы-қиыры жоқ қазақ даласында күннің қай жақтан шығып, қай жаққа барып бататынын бірде-бір солдат айыра алар емес. Қай жаққа қараса да ұшы-қиыры жоқ құлазыған ақ сортаң тақыр. Құс та ұшпайды, аң да жүгірмейді, тек жалпақ даланы қоршап сағым ғана ойнайды. Кең даланың қай жерінде жатқандарын ажыратып болмайды, не су жоқ, не көлеңке жоқ, тек көріктен аңызақ леп үргендей бір тамұқ. Су табатын, жол білетін бірде-бір жан жоқ. Мұндайда ақтұмсық құмырсқаның үймелеген жерінен құдық қазып, екі-үш кезден кейін мұздай мөлдір суға жететін, ошаған бүршігінің қалай қарай жантаюынан терістік пен күнгейді айыратын қазақ жігіттері бауыздаулы жатыр...
Аңқаулығынан қайғылы халға душар болған Фалилеев жылап жіберді. «Алыс деп аулыңа бармайсың ба?» деп қазақ айтқандай, ол үрпие шошынған солдаттарын ертіп басы ауған жаққа жүре берді. Алты аласы, бес бересі жоқ, айдалада қойын бағып көшіп жүрген қазақты қырамын деп келген сотник, енді өз жанын сауғалап тірі қалуды арман етті. Сотник Фалилеевтің жасағы осылай қырылды. Тек жершіл қазақы ат мінген құр сүлдері қалған он шақты солдат қана, бес-алты күн өткеннен кейін Балқаш көлін жағалай көшкен Ысты руының аулына келіп жетті. Таймас пен Ержан тобы он күн жүріп арып-ашып Кенесары әскеріне келіп қосылды.
Лебедевтің орнына тағайындалған Дидиковский жасағын өзінше басқармақ болды. Ол бірден войсковой старшинаның қазақтың кең даласына ыңғайланып істелген азық-түлік тиейтін арбасын жойып, жүкті түйеге артты. Сөйтіп ақырын жылжитын ауыр керуенмен шілденің бас кезінде Торғай өзенінің бойындағы генерал-майор Жемчужниковтың әскеріне қосылуды ойлай жолға шықты. Шөмекей руындағы бір тыңшысы арқылы Дидиковскийдің бет алысын, оның дала соғысында Лебедевтен тәжірибесіз екенін біліп отырған Кенесары бұл полкке қарсы тағы да жеңіл жасақ шығаруды ұйғарды. Ол жасақты басқаруды қайтадан ұрысуға жарап қалған Наурызбай мен Ағыбайға тапсырды. Бұл жасақтың бар міндеті баяғы бір сара жол, жау әскерін соңына түсіріп, бетпе-бет ұрысқа жеткізбей, тиіп қашып әбден қалжырату. Ал өзі Иман, Жоламан, Байтабын, Жеке батыр, Құдайменді, Бұқарбай бастаған ауыр қолмен кенет жауының күтпеген жағынан келіп қатты соққы беруге бел буды. Шілденің сегізі кезінде Ырғыз маңында жүрген Кенесары, екі күн өтпей кенет Тобылдың жоғарғы жағындағы Жантөре Ахметінің әскерінің дәл қарсысынан шыға келді. Ол шілденің жиырмасынан жиырма біріне ауысатын түні Ахмет шебіне шабуыл жасады. Осыдан екі-ақ күн бұрын Дидиковский полкімен шайқасып жатқан Кенесары әскерінің найзағайдай жарқ етіп дәл бұлай өзіне лап беретінін күтпеген сұлтан-правитель қорғануға да үлгірмеді. Кенесары бұл сұлтанға аса кекті еді. Алдыңғы жылы осы Ахмет Ор қаласында балаларымен тұтқында отырған Күнімжанға барып, сұлулығына қызығып; «Кенесарыға бәйбіше болсаң, енді маған тоқал бол», — деген. Оған Күнімжан: «Саған тоқал болғанша, Кене төремнің шұлғауы болайын», — деп кішкентай болат кездігін көрсеткен. Бұл оқиға Кенесарыға жеткен. Содан бері хан өте өшігулі еді. Оның үстіне Ахмет те әлсін-әлсін қол жинап Кенесарыға қарсы шығуын қоймады. Ахметтен көп қиянат көрген Иман да оған тісін қайрауда болатын. Сұлтан-правитель әскеріне күтпеген жерден тиген кілең тас жүрек жігіттер ешкімді аямады. Бір түнде бар жасақты қырып салды десек шындыққа жатар еді. Ахмет жасағындағы қырық төрт сұлтанды сол түні өлтірді. Жаз ортасында тайыздана бастайтын Үлкенаяқ өзені сол түнгі төгілген қаннан қып-қызыл боп ақты. Дидиковский полкінің бір бөлігі бұл кезде осы Тобыл мен Үлкенаяқ өзенінің тоғысар сағасында жатқан. Ахмет сұлтанның жасағына жау тиіп, соққыға жығылған кей адамның ойбайлаған даусы құлақтарына келіп жетсе де «өзімізді қай тұстан Кенесары шабар екен!» деп қорқып, орындарынан қозғалмады.
Кенесары қолы сұлтан-правитель жасағын жайратып, таң ата кейін шегініп кетті. Бір түнде Кенесары қолынан қырық төрт сұлтан қаза тапқан бұл айқас-
ты естігенде дос қуанып, қас күйінді. Болған оқиғаны жеткізген Дидиковский рапортына Орынбор әскери губернаторы генерал Обручев: «Масқара, жантүршігерлік хабар, мұндай оқиғаның болғанына сенгің келмейді», — деп бұрыштама жазды.
әйтсе де Ахмет сұлтанның әскерінің қалдығымен Дидиковскийдің полкі Тор-
ғайға жақын Алакөл деген көлдің жағасында Сібір генерал-майоры Жемчужниковпен кездесті. Бірақ бұл кезде Кенесары өзінің бар аулын Талды мен Шет-Ырғыз өзендерінің маңайынан Мұғажар тауының күнбатыс етегіне өткізіп жіберген-ді. Сөйтіп Жемчужников басқарған Сібір мен Орынбор әскерінің қоршауынан Кенесары тағы құтылып кетті. Енді ол құр құтылып қоймады, жауға өзі шабуыл жасауға кірісті. Тамыз айының басында Кенесары қолы Орынбор шекарасындағы өзімен өш қазақ ауылдарының көк желкесінен шыға келді. Бұ жолы жаздың басында Кенесары ауылдарын Ырғыздың оң жақ өңірінде көшіп жүргенін Лебедев пен Ахмет сұлтанға айтқан Төртқара мен Жағалбайлы руларын шапты... Қанға құныққан хан Кене бұл жолы да, досы мен қасын, биі мен қарашысын айырмай, заты Төртқара, Жағалбайлы деп қолдарына түскен ауылдардың үстіне ат ойнатып, көптеген адамды қанға батырды. Ор өзенінің бойында көшіп жүрген бір ғана Жағалбайлы руынан жеті жүз жылқы, үш мың қой, екі жүздей қара мал айдап әкетті.
Кенесары осылай жау шебінің желкесінде жүріп, көп кешікпай Наследница, Атаман станицаларын алды. Содан кейін ол Орынбор мен Троицкінің өзіне шабуыл жасаймын деп қазақ ауылдарының бәрінің өзіне қосылуын талап етіп жар салды. Біреулер Кенесарының күшіне сеніп, біреулер қорыққанынан оған қосыла бастады. Тамыздың орта кезінде ол кенет Екатерина станицасына ат қойды. Күтпеген жерден болған шабуылға тіпті станица солдаттары қарсыласа да алмай қалды. Кенесары станицаны өртеп, форштатын қиратып, жиырма шақты мылтықты олжа етіп, тағы да қазақтың кең даласының қойнына еніп жоғалып кетті.
Ереуілшілердің патша әскерінің көк желкесінен шығып шабуыл жасауы үкіметті таң қалдырды. «Еш жеңілуді білмес тас жүрек батырдай, соңынан аңыз-ертегілер қалдырып Кенесары тағы да ұстатпай кетті»[8] , — деп жазды артынан тарихшылар.
«Қайткен күнде де Кенесарының ауылдарын қуып жетіп, құрту керек», — деп патша үкіметі оған қарсы шығарған жасақтарына қанша бұйырғанмен, осы жасақтарды басқарушы генерал-майор Жемчужников сұлтанның өзі түгіл, ауылдарының қайда көшіп жүргенін білмейтін еді. Сібір мен Орынбор әскеріне енді Торғай өзенінің бойына Ырғызға қарай жүруге бұйрық берілді. Тамыз айының аяқ кезінде Жемчужников өзінің тыңшылары арқылы Кенесары ауылдарының оңтүстікке — Мұғажар тауына қарай көшкенін естіді. Көп әскермен ереуіл-
шілердің соңынан қуып отырудың қиын екенін түсінген генерал-майор Мұғажар тауының арасында ұрысуға жарайтын арнаулы шағын жасақ бөлуді дұрыс көрді. Ол мұндай жасақты Орынборға жататын әскерден екі жүз сексен казак-орыс, Сібірге жататын әскерден жүз жетпіс таңдаулы солдаттан құрды. Бұл жасаққа екі зеңбірек берілді. Войсковой старшина Дидиковскийге өзге әскермен Кенесары тағы да арттарынан шығып шабуыл жасап жүрмесін деп Шет-Ырғыз бойына барып бекінуді бұйырды.
Генерал-майор Жемчужниковтың өзі басқарған арнаулы жасақ тамыздың жиырма екісі күні Мұғажар тауына келіп жетті. Бірақ Кенесары көшінің дені Ембі өзенінің жоғарғы жағына өтіп кеткенін, ал қалған азын-аулақ ауылдардың Мұғажар тауының арасына мықтап бекініп алғанын білді. Бұдан кейін генерал-майор енді Кенесарыны қуудың пайдасыз екенін түсініп, әскерімен кейін қайтуға мәжбүр болды. Осы кезде күздің суық жаңбыры да сіркірей бастады.
Күз тоқсанның бас кезінде Сібір жасағы Ұлытауға, Орынбор жасағы Ор бекінісіне қарай шегінді. Сөйтіп патша үкіметінің Кенесарыға қарсы бір мың сегіз жүз қырық төртінші, яғни, қазақша Ұлу жылғы генерал-майор Жемчужников басқарған аттанысы да ешбір нәтижесіз бітті.
Кенесарының да күткені осы кез еді. Патша жасақтары қазақ жерінен кетісіменен, ол қанды шеңберін жан-жағына қайта сала бастады. Жоламан, Иман, Жеке батыр, Жанайдар, Наурызбай, Ержан басқарған шағын жасақтар Орынбор, Батыс Сібір губернаторлығы мен Кенесары билеп отырған жердің шекарасындағы патша бекіністеріне, казак-орыс станицаларына жоқ жерден тиіп тыныштық бермеді. Ал Бұқарбай, Ағыбай, Құдайменді басқарған жасақтар Қоқан хандығының шекарасына барып өзбек қыстақтарын тонаумен болды.
Кенесары осы жылы қараша айында Жаппас руынан зекет, үшір жинап қайтыңдар, егер қарсылық етсе аулын шабыңдар деп Байтабын мен Наурызбайды жіберді. Ондағы ойы бір жағынан Байтабынды тағы бір сынау еді. Кенесарының қанқұйлылығынан түңіліп, әне кетем, міне кетем деп толқып жүрген Байтабын бұ жолы бас тартпады. Ел болып бірігуге қарсы қыр көрсетіп жүрген Жаппас аулына құлшына аттанды. Жаңғабыл би бұларды құшағын жая қарсы алды. Түн келе Кенесары жігіттеріне арнап ойын-сауық құрып, қойындарына қыз салды. Ал таң алдында өзі басқарып ұйқыда жатқан Наурызбай жігіттерін тегіс бауыздады. Осы түнде Байтабын батыр да өлді, Николай Губин қолға түсті. Тек жанында жатқан қыздың сырттағы шуды естіп «сені өлтіргелі келе жатыр» деген сөзінен сес алып далаға жүгіріп шыққан Наурызбай Николай Губин әкелген Ақауыз жүйрігіне мініп үлгірді. Соңынан қуған Жаппас жігіттерінің жетеуін және әлмембет бидің баласы Көкір батырды найзамен қағып өлтіріп жалғыз өзі қашып құтылды. «Сұңқар өлген» төбесіндегі оқиғадан кейін алты жыл қызығын көрген Байтабынның асқан ерлікпен, жалғыз өзі көп жігітпен атысып сорға қамалып өлгенін естігенде Кенесары қандай батырынан айрыл-
ғанын бір-ақ білді. Батырларымды қалай қадірлейтінімді көрсін деген сұлтан өзі жер бауырлай қайғырып, бар жұртқа үш күн қара жамылтып жоқтау айтқызды. Жетісін бергеннен кейін Байтабын өлген жерге барып басына құлпытас орнатып, бұл араға «Байтабын даңызы» деген ат қойды. Осы «жасауыл қыр-
ғын» деп аталатын уақиғадан кейін Кенесары желтоқсанның басында сарбаздарын өзі басқарып келіп Жаппас руын шапты. Жазықты-жазықсызына қарамай Жаппас руының көп аулын қанға бояды. Сан кедей алдындағы күн көрісінен айрылып, сан бейшара қан жылады. Тек осы қырғынның бас күнәкары Жаң-
ғабыл ғана қоймасындағы көп қомының арасына тығылып аман қалды. Сонымен бір мың сегіз жүз қырық төртінші, яғни Ұлу жылы, Кенесары жауын тағы тойтарды. Бірақ ол іштей жаралы еді. Тағы да осындай ауыр бір жыл келсе, тынымсыз алысып, ат үстінде жүріп қажыған жұрт енді төтеп бере алмайтынын Кенесары жақсы түсінген-ді. Сол себептен де таяу қалған жауын сезіп, қайда қашарын білмей сасқан жаралы арлан қасқырдай қатты қиналуда еді. Қас пен досты айыра алмай, соңғы кезде бойын мейлінше билеп кеткен қатыгездік, қаныпезерлігі де осыдан шыққан-ды.
Бүліншілік эпилогі
Қазақ жерінде не көп мола көп. Ал мына біреулерді мола деуге де, құлпытас деуге де, серете деуге де келеді. Қазақ көбіне мұндайды оба дейді. Бұл тастан қашап істеген мүсін. Шомбалдай тас дененің көбі әйелге ұқсас. Кейбіреуінің алақанында кеуде тұсына дейін көтерген кесе-ыдыс, кейісінің қолында келте жуан таяқ тәрізді қару. Түрлері монғол кейіптес, кейісінің жуан мұрты салбыраған. Осы мүсіннің жанында тасты қырынан қалап салған зират-
қа ұқсаған төрт қабырға бар. Ал бағда біреулерінің жанында кәдімгідей кіші-гірім тас қорған тұрғызылған. Мүсіннен күншығысқа қарай жүз елу, екі жүз қадамнан кейін, сопақ төрт бұрышты, биіктігі жарты құлаш тастар кездесіп отырады. Бұл тізілген тастар (балбалалар) екінші оба тасқа апарады. Одан әрі тағы осындай балбала тастар созылып кете барады...
Осындай бір төбе басындағы тас обаның жанында үш адам отыр. Бірі Кенесары. Қасындағылары Таймас пен әбілғазы.
Қасым хан дәуірінен бастап қазақ жерінде таққа отырудың өзінің ерекше дәстүрі болған. Тақта отырған ханның оң жағындағы адамды Маймене, сол жағындағыны Майсара деп атаған. Маймене мен Майсара ең беделді рулардан, ханның оң қолы мен сол қолы тәрізді сенімді адамдардан сайланған. Қасым ханнан бастап Абылайға дейін қазақ хандарының Маймене орнына арғын, Майсара орнына Қыпшақтан шыққан беделді би, бекзадалары отырып келген.
Кенесары хан болғаннан бері, тек Абылайдың ала туын өзінің жасыл туына айырбастағаны болмаса, көбіне ата дәстүрін берік ұстауға тырысқан. Сондықтан Маймене мен Майсараны хандық, соғыс істерінде ең жақын, ең сенімді серіктері Таймас пен әбілғазыға берген. Таймас арғын руынан болғандықтан оны Маймене, сұлтан тұқымынан шыққан өзінің немере інісі әбілғазыны, нағашы жағынан Қыпшақ болғандықтан Майсара еткен. Бұл екеуі қай жерде жүрмесін, осы тәртіпті бұзбайтын. Міне қазір де Таймас ханның оң жағында, әбілғазы сол жағында отыр.
Тамыздың бас кезі болса да, бүгін күн шілдедей тым ыстық еді. Қазір күн батуға таяп қалған кез. Кеш бола, төбе басында салқын жел соғып, оба қасындағы үш адам демдерін еркін алғандай. Төменде Ырғыз өзенінің өреме тұсында жаудан тасаланған хан аулы жатыр.
«Жалайырда қой көп, Жанғазыда ой көп» деп өзінің үндеместігіне сылтау тапқан Жалайырдың Жанғазы деген байындай емес, Кенесары шынында да сөзге сараң, тұйық, бірақ көп ойланатын-ды. Ал өткен жылғы жеңістерінен кейін тіпті аз сөйлейтін болып алған. Хандықты басқаруда ең жақын деген бір табақтан ет жеп, бір дастарқаннан шай ішіп жүрген Таймас пен әбілғазыға да ол ақырғы кезде анда-санда ғана сырын айтатын. Таймас пен әбілғазы хандарының бұл қылығын «тұтқындағы бәйбішесі мен балаларын сағынған шығар. Қайсар мінезіне салып бізге айтқысы келмей, құр іштен тынған түрі ғой», — деп ойлайтын. Бірақ биылғы жылдың ортасында генерал Обручевпен жүргізілген келісім бойынша тұтқындар айырбасталып, Күнімжан балаларымен үш жылға таяу Орынборда болып, осыдан екі ай бұрын сау-саламат қайтып келген.
Алайда Кенесары бір-екі күн ақжарєын жүрген де, қайтадан қайғы теңізіне түсіп кеткен, түнере бастаған. Ханның бұлай ұзақ тұнжырауын екі ақылгөй түсіне алмай-ақ қойған. Кенесары қандай қайғы келсе де, үш күннен кейін ұмытатын. Ұмытпасқа өмірдің өзі де қоймайтын, күнде аттаныс, шабуыл, бір қайғыны күн салмай басқа қайғы жеңіп жатқан кез. Былтыр Байтабын батыр өлгенде де, ел арасын татуластырудың шешені әлім Ягудин мен бүкіл кеңсе жұмысын, алым-салық істерін басқарып жүрген Оспанұлы Сидақ Қожа қолға түскенде де үш-ақ күн қайғырған. Төртінші күні қайтадан көкбурылға мінген. Бұрынғысынан да қатулана түскен. Биыл Кенесары онша күйзелердей апат ел басына туған жоқ. Тек бұрынғы Елек өзенінің бойына көшіп барған руын иесіз тастамайын деп, жаз басында Жоламан батыр хан қасынан көшіп кеткен. Кенесары құшақтаса қол алысып қош айтысқан. Жоламанның еліне қайтуына өзі рұқсат берген. Ал жақында бөтен ұлттан жалғыз сырласы Иосиф Гербурт —Жүсіп үшті күйлі жоқ болып кеткенде, тұнжырай отырып: «Айдыныма келіп қонған аққуым еді, сірә көлім тайызданайын деген екен, жолынан жарылқасын. Ұлтым бір дейтін еді, тек Бесонтиінге барып қосылмаса болғаны», — деген де қойған. (Бесонтиін деп қазақтар Сібір казактарының басқармасы бастығы, заты поляк, генерал-майор Вишневскийді айтатын).
Осындай жағдайда жүрген Кенесары бүгін ең жанашыр екі серігін алып оба қасына келген. Ертең осы араға Кенесарының қарамағындағы ел билеп отыр-
ған батырлары, билері жиналмақ. Алдағы уақытта не істеу керек, соны ақылдаспақ. Өздерін хан шақырғанда Таймас пен әбілғазы сол мәжіліс туралы кеңеспек болар деп ойлаған. Бірақ Кенесары сөзін тіпті бөтеннен бастады.