Лтын орда» трилогиясының көркем безендірілген жаңа басылымы — 1999 ж. 23 страница
Сұлтан-правитель Арыстан аулын шапқаннан кейін Кенесары Мұғажар тауына бекінген. Жорықтан олжалы оралған батырларын ол масайрай қарсы алды. Жасақты бастап келе жатқан Иман аттан түскенде, қазақтың ескі дәстүріменен құшақтарымен құшақтарын айқастырып, төстеріне төс тигізіп амандасқан.
— Сау қайттың ба, Айеке? — деді Кенесары. Сөйтті де жан-жағына қарап, — Жанайдар сұңқар көрінбейді ғой... Қаралы хабар бермеген секілді едің... — деп қобалжи күмілжіді.
Кенесары ақырғы үш жылдың ішінде, отыз тоғызыншы, яғни Доңыз жылы Омбы мен Орынборға бағынатын қазақ ауылдарының шекарасы етіп Телікөлге дейін қызыл діңгектер қағылған Қарынсолды, Торғай өзендерінің бас жағындағы бірнеше Сібір бекіністерін шапқан. Соның ішінде «Көкала жар» бекінісіне де тиген. Бірақ бұл бекіністі ереуілшілер көпке дейін ала алмаған. Осындай қиын кезеңде Иман батыр азғантай жігітпен бір қараңғы түнде бекіністің түкпір жағынан «Көкала жарға» кірген. Осы бір ерлігіне риза болған Кенесары Иманды содан кейін «Аяу батыр» — «Аякең» деп атап кеткен. Кене хан қазір де Иманды сол әдетіменен еркелете атап тұр.
Иман батыр келе жатқан көштің соңын көрсетіп:
— Жанайдар батырың да сау, тек балтырынан оқ тиіп, ат үстінде жүре алмаған соң, арбаға салып әкеле жатыр едім, — деді.
Кенесары хандығына қарамастан жүгіре басып Жанайдар жатқан арбаның жанына барды.
— Сұңқарым, қалайсың? — деді арба үстіндегі Жанайдардың бетіне үңіле.
Бірақ жауап қайтпады. Жанайдар бұл кезде ессіз еді. Күптей боп ісіп кеткен аяғының зардабы жүрегіне шауып, өлім халінде жатқан. Батырының мұндай күйін көрген Кенесары қасына келген Наурызбайға:
— Олжаны әбілғазы мен Таймас жұртқа бөліп берсін, — деді де Жанайдарды тезірек өзінің ордасына әкелуді бұйырды.
Сабырлы, сөзге шешен, ақылды Жанайдарды Кенесары ерекше жақсы көретін. Өлім аузында жатқан батырын ажалдан қалай құтқарам деп түні бойы шақыртпаған бақсы-балгері қалмады. Үшкіру, ұшықтау, ісіктен қан жіберу секілді қазақтардың жайшылықта қолданатын емдерінің бірде-бірі қалған жоқ. Бірақ Жанайдардың халі нашарлай берді. Енді батырын құтқара алмайтынына көзі жеткендей болған Кенесары қалың қабағы түксиіп қайғыға енді. Ол қайғырса, не ашуланса адам баласына тіл қатпайтын, төмен қарап тұнжырай отырып алатын. Сұлтанның мұндай халін көрген бір кәрі кемпір:
— Кенежан, Жанайдар батырды «ақ жол» емімен емдеп көрсек қайтеді? — деді.
Бөтен амал қалмағанын білген Кенесары әлденеге күдіктенсе де:
— Сөйтсек, сөйтіп көрелік, — деді.
«Ақ жол» емі төре тұқымының әйел жыныстысын бозбалашылықтан, ерлері-
нің көзіне шөп салушылықтан сақтау үшін Абылайдың өзі шығарған ем болатын. Бұл ем бойынша сұлтан тұқымынан шыққан әйел жаралы адамның үстінен аттап өтеді. Егер әйел ерінің көзіне шөп салмаған адал жан болса, жаралы жазылады. Ал әйел ақ жолды дұрыс ұстамаған күнәкар болса, жаралы үстінен әйел аттаған мезгілге жетпей өледі. Бұл «ақ жол» емі жаралы адамнан гөрі, төре тұқымынан шыққан қатындарға үлкен сын. Әйелдері заты еркек жанды болып келетіндіктен сұлтандар бұл емді жұрт көзінше өздерінің қадірін төккілері келмей, көп қолданбайтын. Кенесары көңілі күдіктенсе де, қайғы үстінде «сөйтсек сөйтейік» деп қалған.
Ханның әмірі бойынша төре тұқымының біраз әйелі ордаға шақырылды. Бастығы Бопай болып келді. Кәрі кемпір «ақ жол» емінің негізгі шарттарын айтып, күнәм жоқ деген әйелдің Жанайдардың үстінен аттап өтуін сұрады. «Егер күнәң болса аттаған кезіңе жетпей Жанайдар өледі», — деген сөзден қорыққан төре тұқымынан шыққан күнәлі әйелдердің бірде-бірі «батыр өліп кетіп, мас-қарамыз шықса, Кене ханның кәріне ілінерміз» деп Жанайдардың үстінен аттауға бата алмады. Орындарынан қозғалмай тұрып алды. Кенесарының түксиген қабағы бұрынғысынан да қатты түксие түсті. Үй ішінде отырған сұлтандарда жұртқа қарар бет жоқ. Бастарын төмен тұқыртып құр жер шұқи берді...
— әттең Күнімжан келіннің жоғын-ай, — деді есік жақта отырған бір кәрі қатын.
Кенесары ауыр күрсінді. «Иә, Күнімжан болса... Ол сөзсіз аттар еді. Жоқ, кім білсін, екі жылдан асып барады ғой жат жерде жүргеніне...» Қатыгез, тас жүрек Кенесарының жүрегі кенет өртеніп кетті. Ол басын көтеріп алды. Орданың есік жағында тұрған жеңге, келіндерінің бетіне тесіле қарады. «Жоқ, бұлар күнәсіз болуы мүмкін емес... Анау оймақ ауыз дүниеде бір-ақ адамды сүю үшін ғана жаралмаған. Кәрі қақпастың «Ақ жолына» бекер көнген екенмін. Ешқайсы шықпаса, Абылай атамның ұрпағын мына сайқалдар масқара етеді-ау! Қалың қолға қарсы шапқанда мұндай қысылмаушы едім. Өлген жерім осы болды-ау!»
Кенесарының ойын кенет күміс қоңыраудай сыңғырлай шыққан дауыс бөліп жіберді.
— Рұқсат етсеңіздер, аға аяғын мен аттайын. — Бұны айтқан Ақбөкен еді. Кенесары басын көтеріп алды. Ақбөкеннің сұлу жүзіне тесіле қарады. «Наурызбай білмей алмаған екен. Бір адалдық шықса осыдан шығар». Бірақ Кенесарының қуанған көңілін қара кемпір тез суытты.
— Келін шырағым, саған болмайды, — деді ол жемтікті шоқып тұрып жан-жағына қараған кәрі қарғадай басын шайқап, — сен төре келіні болғанмен, төре тұқымынан емессің!
Кенесары қара кемпірге түйіле қарады да қойды, «Абылай бабасы осылай шарт қойса, Кенесары не істесін? Расымен-ақ ешкім шықпағаны ма?»
— Бопай, өзің аттап көрсең қайтеді? — деді әлдекім есік жақтан міңгірлеп сөйлеп.
Бопай жұлып алғандай:
— Былшылдамай жайыңа тұр, — деді, — күндіз-түні ат үстінде жүріп қалжырап, кейде қатты ұйықтап қаласың... Ер жүрек біреу ойындағысын істеп кетіп, оң қолдай батырдың ажалына себепкер болсам, жұртқа қай бетіммен қараймын?
Кенесарының басы енді тіпті салбырай түсті. «Бопай мен Жанайдар батырдың көңілдері жақын» деген бір сыбысты әлдеқалай Күнімжаннан естіген. Ол кезде қатынының сөзіне мән бермей «қойшы, қайдағы жоқты айтпай» дей сал-
ған. «Сол сыбыс рас болды-ау!» деді ол ішінен. Әйтсе де Кенесары қарындасы Бопайға риза. «Абылайдың ұрпағы емес пе, күнәсі бар екенін жұртқа аңғартпай сылтау тауып құтылып кетті».
Артынан халық арасында:
«Жанайдар артық туды жатырынан,
Оқ тиді Жанайдардың балтырынан,
Бір айла өлмес жанға бола ма деп,
Аттайтын қатын іздеді ата ұлынан.
Аттайтын бір де қатын табылмады,
Төрелер түңіліп тұр қатынынан!» —
деп өлеңге айналған бұл оқиға Кенесарыны жаман ашулантты. «Мұндай қатындардан туған ұл қайдан батыр болады? Кімді көтереді? Расымен төре тұқымы бақа-шаянға айналғалы бара ма? Расыменен Абылай атамның түсі шын бол-
ғалы тұр ма? Бүкіл қазақ түгіл, өз ұрпағымды жөндеп түлете алмайды екенмін, қалай Үш жүзге хан болмақпын?»
Кенесарының ойын тағы бір дауыс бөліп жіберді.
— Кешегі алып келген тұтқын әйелдердің ішінде төре тұқымдас ешкім жоқ па екен?
— Бар. Неге болмасын.
Жасауыл Зейнепті бас етіп екі-үш жас келіншектерді алып келді. Қара кемпір бұларды неге шақырғанын айтты.
— Мен аттайын, — деді Зейнеп ойланбастан, — әкем де, байым да төре тұқымы.
Қоңырқұлжаның жас тоқалының бозбалашылық қылығы жайынан біраз жұрт хабардар еді. Бірақ көздерімен көріп, қолдарымен ұстамағаннан кейін «ел не айтпайды, мүмкін өсек шығар», — деп үндемеді. Ал Зейнеп болса қара кемпірдің сөзін ойыншық көрді. «Күнәлі қатын үстінен аттағанға батыр өлсе — өле берсін. Мықтағаны Кенесары бір жайсаңының ажал тапқаны ма, өз обалы өзіне, тыныш жатқан елді шауып несі бар... Ал алда-жалда... Құдай менің артымды бағып жүр дейсің бе, сезбей, көрмей қалып, мына саңдағы жазылып кетсе, жұрт қызықты сонда көрсін. Менің адал емес екенім алты алашқа аян, жұрт мақтаған Абылай атамның да айлакер қатыннан ақылы аса алмағанын бүкіл халық білсін».
Дағдарған жұрт «аттасын, аттасын» деп Кенесарыға қарады. Хан мақұлдап басын изеді.
Бүйректей бұлтыңдаған Зейнеп, бүкіл қазақ дірілдеген Кенесарыдан қымсынбастан шытырма көйлегінің етегін екі қолымен жоғары көтерді де, ақ жібек ыстанының кестелі балағын көрсете, кешеден бері алғашқы рет өлімсірей көзін ашқан Жанайдардың үстінен «ә, құдай!» деп ойнақши күліп аттай берді...
Ал Жанайдардың әлгі көз ашуы есінің кіре бастағаны еді. Үш күннен бері ісікпен алысқан алып дене, бір балгердің шөптен істеген шипалы дәрісінің арқасында кеселді жеңе бастаған.
Осы сәт Зейнептің өжет қылығына дәл келді. Жанайдар ісігі қайтып, ертеңіне тіл қатуға жарап қалды.
Бұны көрген Кенесары батырының сау қалғанына қанша қуанса, қарашылар көзінше төре тұқымының абыройының сақталып қалғанына сонша қуанды. Зейнепке әбден риза боп қалған сұлтан қас жауының тоқалы демей, бостандық бермек оймен, ертеңіне оны Ордасына алдыртты. Үйде Таймас пен әбілғазыдан бөтен Ағыбай, Бұқарбай, Жеке батыр, Иман бар еді.
— Қоңырқұлжа қанды кекті жауымыз болса да әйеліне зәбір еткіміз келмеді, — деді Кенесары бостандықты Зейнеп өзі сұрасын деген ниетпен, — қандай тілегің бар, айт, береміз.
Хан болсын, қара болсын, еркек адамға тек еркектік жағынан ғана қарайтын Зейнеп, Кенесарыдан хан екен деп қаймықпады, оған жайраңдай қарап:
— Шын айтасың ба? — деді.
— Шыным. Хан екі айтпайды.
— Онда... Хан қайным, жалғыз ғана тілегім бар, — деді екі беті балбырап, қап-қара бота көзі күлімдеп, — мені Қараүлектен айырмаңыз.
Түсінбей қалған Кенесары:
— Не дейсің? — деді.
— Мені Қараүлекке қосыңыз деймін.
— Қай Қараүлек?
— Өзіңіздің құлыңыз.
Таймас пен әбілғазы кеше Иман батыр мен Жанайдар Қоңырқұлжадан алып келген олжа мал-мүлікті жұртқа бірдей етіп үлестіріп берген. Ал тұтқын қыз-келіншектерді екі үйге бөліп, «бұларды кімге беруді ертең шешеміз» деп, бір үйді Батырмұрат жігіттеріне, екінші үйді Қараүлекке күзеттіріп қойған. Қара-
үлекке күзеттірген үйдегі Зейнеп, ел жатқан кезде «сыртқа шығар» деп күзеттегі құлдың мазасын алған. Мылқау Қараүлек «шаруасын бағана неге бітірмеді екен» деп ашуланса да, піскен бауырсақтай томпиған жас тоқалдың көңілін қимай, сайға алып барған. Шаруасын бітіріп болғаннан кейін Зейнеп, күздің суық түніне қарамай, үстіндегі мақпал шапанын жерге тастап, артында жар жағасында тұрған құлды адамға санамай ыстанын аяғының ұшына дейін түсіріп, жылып аққан бұлақтың мөлдір суына о жер, бұ жерін жуа бастаған.
Айлы түн, қарасанына дейін аппақ боп ашылған жас тоқалдың бөксе жағы... Қырыққа келгенше әйел көрмей, алып денесі құрысып мазасын алған Қара-
үлек әзер шыдап тұр. Еркектің мінез-құлқына әбден әккі болған жас тоқал оның халіне түсініп өзіне шақырып: «әй, құл, бері кел, мына кебісімді аяғыма кигіз» деген. Қараүлек көзі қарауыта демін ентіге алып, әзер таяған. Ар жағында оны сезім жеңген. Талмаусырап кетіп, тек бие сауымындай кезде көзін әзер ашқан Зейнеп, дел-сал боп ұялап қалған денесін мақпал шапанының үстінен көтере алмай тағы біраз жатқан. Талай еркекті көрген Зейнеп Қара-
үлекке аса риза болды. Бірақ бұдан әрі қуанышқа шыдай алмайтынын сезіп, аяқ жағында үн-түнсіз тізерлеп отырған Қараүлектің бұқадай жуан мойнынан құшақтап өзіне тартты. Содан кейін қолаңса сасыған бетін бетіне таяп: «мені үйге апарып таста» деді сыбырлай сөйлеп. Көн боп қатып қалған денесін қорғасындай балқытқан жас тоқалды Қараүлек жас қозыдай бауырына қыса құшақтап қараша үйдегі бөстекке апарып жатқызған.
Зейнептің нені тілеп тұрғанын жаңа ғана түсінген Кенесары ызадан қара күреңденіп кетті, бірақ тіс жарып, тіл қатпай төмен қарай берді. Кеше ғана төре тұқымының абыройын сақтап қалған Қоңырқұлжа тоқалына енді жеркене қарады. Төре тұқымынан шыққан әйелдің тіпті, қарашы емес, төлеңгіт емес, есікте жүрген құлға шығамын деуінен артық масқара бар ма! Хан Кененің ақсүйектік намысы жүрегін оттай өртеп, іштей апыр-топыр болды да қалды. Бірақ ханның ашулы жағдайын Зейнеп түсінсе де айтқанынан қайтпады.
— Хан екі сөйлемес болар, — деді Зейнеп енді екі көзі жалын атып, — мені Қараүлекке байға берсең, Қоңырқұлжадан да өшіңді қайтарасың, есігіңде жүрген құлыңның да сауабын аласың, айтқан уәдеңді де орындайсың.
Кенесары қанша намыстанғанмен, ашуын ақылға жеңдірді.
— Болсын, — деді кенет басын жерден көтеріп.
Бұл шешімге біреу намыстанды, біреу масайрады. Сұлтандар тұқымы іштей ызаланса, Кенесарының соңынан ерген қарашы, төлеңгіт, малы мен мүлкін баққан құлдар тек Кене хан ғана бізді адамға санайды деп әлдеқандай болды. Енді оған мүлдем беріле түсті. Сол риза болғандардың ішінде Зейнептің өзі де бар еді, бірақ ол әйелдік құмарын тарқатқан Қараүлегінің Кенесарыға қанша берілген жан екенін білмейтін. Және бүгін өзінің өтінішін орындаған хан Кененің бұның өшін қалай қайтаратынын ойламады. Ол Қараүлекті жанындай жақсы көріп кетті.
Жақсылыққа жақсылық деген ниетпен Зейнеп Ожардың жіберуімен аулына келіп жүретін тыңшы Сәмен мен оның екі серігі Жақып, Сақыпты ұстап берді. Кенесары бұл үшеуін бірден дарға асып өлтіртті.
Бірақ Зейнептің қуанышы ұзаққа бармады. Екі ай өткеннен кейін ол күні бойы әлденеге жылап жүрген Қараүлектің құшағында жатып «жастықтан тұншығып» өлді. Қыс бойы бұдан басқа бәлендей айта қаларлық оқиға болған жоқ. Кенесары жазғы айқасқа дайындалумен күндерін өткізді. Қолындағы жігіттерін жылдағыдай таратпай «ақ қала» салып, шатыр тігіп, күндіз-түні әскери ойынмен шынықтырды. Қарамағындағы елдің жауға қарсы тұра алар жас жігіттерінің бәрін шапа-бұйрық беріп сарбаздар қатарына шақырды. Осыншама әскерді ұстап тұру қиын болғандықтан, Кенесары өзіне бағынбайтын, бірақ іргелес отырған басқа руларға да салық салып, зекет, үшір жинады. Ханның бұл ісі біреуге ұнады, біреуге ұнамады, бірақ Кенесарының қаһарынан қорыққан жұрт оның әмірін бұлжытпай орындады.
Сөйтіп жүргенде бір мың сегіз жүз қырық төртінші, яғни Тышқан жылының жазы шықты. Қарамағында жиырма мың әскері бар Кенесары енді соғысқа дайындала бастады.
Кең даласында соққан желдей қыдырған Кенесарыны жеке жасақ шығарып құрта алмайтынына көзі жеткен патша үкіметі енді ереуілшілерді Торғай, Ырғыз өзендері бойында үш қол жіберіп, үш жағынан бірдей қоршап құртпақ болды.
Кенесары Ұлытау, Арғынаты жағынан келіп бекіністеріне шабуыл жасап үнемі мазасын ала берген соң, Горчаков өткен жылдың ортасында, Россия империясының канцлері Нессельродеге қағаз жіберген. Ол қағазында Ұлытау мен Арғынатыны басып алып, сол араға казак-орыстарды орналастырып, екінші Сібір полкынан арнаулы жасақ ұстауды өтінген. Канцлер генерал-губернатордың ұсынысын қабылдаған. Бірақ қайнаған қазандай бұрқыраған ереуілді қазақ жерінің тең орталығы Ұлытауға келіп орналасуға казак-орыстар көнбеген. Әйтсе де жаңа салына бастаған Ұлытау станицасына патша үкіметінің бұйрығы бойынша жеребемен үй-ішімен елуге тарта казак-орыс және бір рота солдат әкелінген.
Патша үкіметі жаз Торғай бойына жайлауға шығатын Кенесары ауылдарына осы Ұлытау мен Ор қаласынан және Тобыл өзені бойынан үш қол шығарып, ереуілшілерді үш бүйірінен қысып біржолата құртпақ болды. Бұдан басқа Орынбор әскери губернаторы сұлтан-правитель Жантөренің Ахметіне сенімді қазақ жігіттерінен арнаулы әскер жинауға бұйырған. Бұл әскерге өз еркімен кірген қазақ жауынгерлері егер майданда қаза болса оның үй ішіне патша үкіметі тарапынан пенсия беріледі деп жариялаған. Әскер жиналып болғаннан кейін Тобыл өзенінің жоғарғы жағында жарлық күтіп, тастай түйініп дайын тұруға тиісті делінген.
Күні бұрын құрылған жоспар бойынша войсковой старшина Лебедев бас-
қарған бес жүз солдат мамырдың бесі күні Ор қаласынан шығып, Камышовка бекінісіне беттеуге тиісті. Одан кейін Ырғыз өзенінің төменгі сағасымен жүріп отырып, мамырдың жиырмасында Кенесары ауылдарының жайлауы Торғай өзенінің жағасына жетуі керек. Ал Тобыл бойына жиналған Ахмет сұлтанның жасағы Қабырға, Үлкенаяқ өзендерінің бойымен түсіп, Тайпақ өткелінен өтіп, мамырдың осы жиырмасы күні войсковой старшина Лебедевтің әскеріне қосылуға міндетті еді.
Батыс Сібір губернаторы жағынан да екі жасақ құрылды. Бірі — есауыл Лебедев басқарған екі зеңбірегі бар екі жүз елу жауынгер. Екіншісі — сотник Фалилеев басқарған бір зеңбіректі жүз елу солдат.
Есауыл Лебедев басқарған жасақ мамырдың бірінен қалмай Ұлытау жағынан шығып, Кенесары ауылдарын бері қарай қуып Торғай бойында Орынбор жасақтарымен ұштасуға тиісті. Ал Фалилеевтің жасағы Сарысу жағасында шеп ұстап, Кенесары әскері Орта Азия хандарының жеріне, немесе Ұлы жүзге қарай шегінер болса жолды бөгеп әрі қарай өткізбеулері керек. Өстіп Кенесары әскерін енді кең далада еркін қимылдауына мұрша бермей жан-жағынан қоршап, патша генералдары Торғай тұсында тұншықтырмақ болды. Бұл ойлары туралы князь Горчаков: «Егер Кенесары, Торғай, Үлкенаяқ, Телғара өзендерінің бойындағы бекіністің ортасына түсер болса, екі жақтағы қамалдардан бір мезгілде соққы беріп, қолдан келер шараның бәрін қолданып, бірден құртып жіберу керек», — деп жазды.
Осы әскерлердің бәрінің біріге қимылдауын басқару генерал-майор Жемчужниковке тапсырылды. Ол өзінің штабымен мамыр айының басында жаңа салына бастаған Ұлытау форпостысына келді. Войсковой старшина Лебедев бас-
қарған Орынбор жасағы мамырдың бесі күні Ор қаласынан шықты. Қияпат қиындықпен, қалың жауынға қарамай, Ақкөл мен Жыланшық өзенінен өтіп, Ырғызға қарай беттеді. Лебедев жасағына қосылмақ боп дәл осы кезде көп жауынгермен Ырғыз өзенінің жоғарғы жағынан Ахмет сұлтан да қозғалды.
Кенесары ордасы бұл кезде Ырғыз өзенінің оң жақ беткейін жайлап отырған. Жау әскері өткен жерлердегі өзінің қара құлақ тыңшылары арқылы ол Лебедев пен Ахметтің бет-бағдарын күні бұрын біліп алды. Егер Орынбор мен Батыс Сібір жасақтары Торғай өңірінде ұшырасар болса, өзінің қақпанға түсетінін ұқты. «Кенесары кейін шегініп кетіпті» деген жалған сыбыс таратып, Лебедев пен Ахметті алдады. Ал Ұлытаудағы Жемчужниковке «Кенесары Ұлытауға келе жатыр екен» деген өтірік хабар жеткізді. Келе жатқан Кенесарыны Ұлытауда қарсы алмақ боп Жемчужников есауыл Лебедевке Торғайға емес, Ұлытауға қарай беттеуін бұйырды. Сөйтіп генерал-майор Жемчужниковтың айтуымен Лебедев дер кезінде Торғайға жете алмай қалды.
Бірақ войсковой старшина Лебедев Төртқара руының билерінен Кенесары Ордасының Ырғыз төңірегінде екенін естіді. Ол жауының алдауына түспей, Ырғызға қарай жүрді. Мамырдың жиырмасы күні Ахмет сұлтанның жасағымен Талды өткелінің аузында кездесті. Енді бұлар Кенесары Қарақұмға өтіп кетпесін деп күні-түні тоқтамай Торғайға жетті. Сөйтіп Кенесарының Қарақұм мен Борсық құмына баратын жолын кесті. Бірақ Торғай маңында Сібір жасағымен кездесе алмады. Ашуланған войсковой старшина Орынбор әскери губернаторы Обручевке ат шаптырып: «Мамыр айының отызы шенінде менің Торғай өзенінің жағасында болатыным Сібір бастықтарына белгілі еді. Ал қазір маған Сібір жасағының Ұлытау мен Торғай арасында жоқ екені мәлім болды. Егер Кенесары Ұлытауға қарай шегінсе, оны Сібір жасағы тоқтата алмайтыны анық», — деп хат жазды. Генерал-майор өзінің алданғанын енді түсініп, Омбыдан онсыз да кеш шығып Арғынатыға жаңа таяған есауыл Лебедевтің әскеріне тез Тор-
ғайға бұрылуын бұйырды. Сөйтіп Ұлытаудың күнгей жағына баратын жол бос қалды. Кенесары осы жолмен кейін шегінді.
Жаздың бас кезі өте жауынды болды. Батпағы толарсақтан келетін қара топырақты сарғылт балшықты жерлерменен ауыр зеңбіректерін сүйреп есауыл Лебедевтің жасағы Торғайға әзер жетті. Бірақ войсковой старшина Лебедевтің әскері бұл арада болмай шықты. Ал бұл жасақ Ұлытаудың күнгей жағына қарай көше жөнелген Кенесары ауылдарын қуа түсті де, алдарында жау көшін тоқтататын Сібір әскері жоқ екенін біліп, Ор қаласына қайтуға мәжбүр болған. Жолай, Кенесары адамдарының «Кенесары жағында екен» деген әдейі тарат-
қан жалған сыбысқа сеніп, Лебедев ақ патшаға берілген Байқадам бидің аулын тонады. Ахмет болса енді өзінің Ордасына қарай шегінді.