Лтын орда» трилогиясының көркем безендірілген жаңа басылымы — 1999 ж. 1 страница
ІV
Күншығыс жақты сынық тағадай қоршай көмкерген кәрі Қаратау алыстан қара-қошқылданып көрінеді. Кей тұстары ат жалды, түйе өркештеніп ирелеңдеп жатыр. Селдір бу, жеңіл тұманнан ада, ашық аспанмен аймаласқан қатпар тасты қырқа, адыр үсті көгілдір тартады. Кешкі зауал шақ. Ақырғы сәулесін жартас басында ойнатып, күн де батып барады. Қаратаудың батыс жақ еңісінде иін тірескен қалың ауыл отыр. Аралары, ұрыс кезіндегідей, жақын. Қыз емшектеніп қатар келген жақпар тасты қос адырдың қойнауынан бұлқып атып мөлдір сулы жіңішке өзен ағып жатыр. Осы өзеннің сағасын құлдилай алқақотан қонған ауылдың үстінен бықси жанған шала тезектің түтіні көкке көтеріледі. Көл жағасына өлең қуа қонған көп ауылдың біреуі ғана кілең ақ үйден. Өзгелерінің дені көнетоз бозғылт, қараша үй, тозығы жеткен лашық, күркелер... Сырт көріністеріне қарап бәлендей бай деп айту да қиын. Кешкі жайылыстары бірімен бірі қосылып кеткен әр ауылдың тұсында ойдым-ойдым түйе, қара мал. Тек көгілдір далаға бұраң-бұраң шимай салып аққан жіңішке өзен бойында сонау төмендегі жалтыраған көл жағасында шашыраған тас тәрізді жамыратып жіберген қозылар мен бірге бірталай қой-ешкі көрінеді. Одан әрі Қаратау қойнауына қарай бозаң, қылаң түсті үйір-үйір жылқы ала-құла боп өріп барады. Көбі жарау, құлынды жылқы аз. Шамасы олар алыстағы жайылымда тәрізді. Ал мынау құлын-тайлары ауық-ауық бүйірден бөліне шапқан шағын жылқы сауынға арнай ауыл маңына ұсталған тәрізді. Сойыл, құрық ұстаған он шақты жылқышының анда-санда құр-құрлаған айқайы тынық кеште сампылдап естіледі.
Бұл екі жыл бұрын ата-мекен Қаратау қойнауына, осы жақта қалған Қоңырат, Қыпшақ рулары мен Бестаңбалы жеріне көшіп келген Қасым төре мен Алты, Тоқа, Алтай, Уақ ауылдары еді. Сонау ортадағы бозаңынан ақшылы басым елу үй Қасым төренің ауылы. Абылайханның бел баласының бірі болға-
нымен Қасым төре асқан шонжар емес, сондықтан бұл маңда өрген малдың да қарасы оңай-ақ көзге түседі. Уақ, Тоқа, Алты да Арғынның өзге руларына қарағанда шағын ауқатты рулар. Оның үстіне Арқаның көк шалғынына үйренген мал, Қаратаудың ши мен көкпек араласқан бозаңын жерсінбей, бәлендей өрбіп, өсіп кете алмаған.
Осы ауылдардың Қазықұрт жағындағы бір биік төбе басында бір адам тұр. Қой-қозысы маңырап, балалары жылап азан-қазан болып жатқан ылдидағы жұрттан қашып шыққандай.
Сонау көз ұшында ноқаттай болып көрінген көк тұйғындай қиялы әлдеқайда алыстап кеткен.
Бұл — орта бойлы, кең жаурын, арықтау тарамыс денелі, жатаған келген ат жақты сары сұр кісі. Сәл қызғылт тартқан қыран көзді, жуан балуан мойынды. Ашық жүзіне жараса біткен сәл келтелеу қыр мұрнының астында шағын ғана мұрты бар. Қою шоқша сақалы сүп-сүйір. Сақал-мұрты күңгірт сары. Басында жарғақ тысты құндыз тымақ, қара мақпал жеңіл құндыз ішігінің сыртынан бозғылт түйе жүн шекпен жамылған, Аяғында атқа мінуге ыңғайланып тігілген орта қоныш көк салмен өрнектелген саптама етік. Отырған отырысында, тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкаппарлық қатар аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір қырағы көзі қарағанда адамның ту сыртынан өткендей. Сараң қимылы, жұмыла біткен жіңішке еріндері, аз сөйлеп, көп тыңдайтын адамды сездіреді. Егер тұлғасына, көңіл райына қарасаң ішінде тұнып жатқан үлкен ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың.
Бұл Абылайханның немересі, Қасым төренің ортаншы ұлы Кенесары еді.
Кенесары осы төбеге шыққалы едәуір мезгіл өткен. Ол қазір қалың ойда. Есіне кешегі Нысанбай жыршының сөзі түсе берді. Ел аралаған әрі сыншы, әрі жыршы Нысанбай ақын, ақ кигізге малдасын құрып отырып ап, Қасым төренің алдында Шыңғыс шежіресінің біраз жерін қисса етіп айтып берген.
Ол монғолдармен іргелес Керөлең, Онон өзендерінің бойында көшіп жүрген Керей руының қалайша Шыңғысханның алғашқы жемі болғанын күңірене жыр етті. Бір мезет Орхон, Ом, Ертіс өзендерінің жағасындағы Найман, одан төмен, осы күнгі Сарыарқаның солтүстігі мен батыс өңірін жайлаған Алшын, Қыпшақ руларының Шыңғысханға қалай бағынғанын желдірте өтті. Содан кейін Арғын, Найман, Керей, Қыпшақ, Қоңырат, Алшын сияқты белді рулардың Шыңғысханның үлкен баласы Жошының Ұлысына бағынып, Батуханның Алтын Ордасының негізін қаласқанын, Сарыарқа мен Еділ, Жайық бойын еркін жайлағанын бір шолып кетті. Жетісудағы Үйсін, Дулат, Жалайыр руларының Жағатай ұрпақтарының иелігіне қалғанын да жыр етіп өтті.
Енді Нысанбай жыршы қарағайлы кәрі домбырасын екпіндете ұрып Жағатай мен Жошы ұрпақтары нешеме жүз жыл бойы осы ұшы-қиыры жоқ кең даланы билегенін мақтан етті. Алайда бірімен бірі хандыққа, баққа, жерге таласып рәсуа боп, Алтын Орда ыдырағаннан соң Жошыдан шыққан Керей, Жәнібек сұлтандар Шу бойында әлімсақтан бері келе жатқан Арғын, Қыпшақ, Үйсін тәрізді, көне тайпаларға бірте-бірте Уақ, Тарақты, Керей, Найман, Қоңырат, Дулат, Жалайыр, Бестаңбалы секілді түркі тілдес руларды қосып қазақ хандығын құрғанын мадақ етті. Содан кейін Жәнібектің баласы Қасым ханның кезінде қазақтың айбынды ел болғанын бір мақтаныш етіп берген. Нысанбай жыршы сәл дем алып шежіреге қайта көшкен. Бұл жолы Қасым ханнан соң қазақтар аз уақ тағы да быж-тыж болып келіп, тек Хақназар кезінде ғана қайтадан бас қосып, іргелі ел болғанын, Тәуекел, Есім, әз Тәуке хандардың тұсында тасы өрге домалаған, сырт дұшпандар шеніне келе алмаған айбынды мемлекетке айналғанын көзі от шаша отырып жырға қосты. Кең байтақ жерді алып жатқан үш жүзден құралған елдің ауызбірлігі күшті болғанын, үнемі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырғанын дәріптей келе:
Арғын болсаң Алтай бол,
Найман болсаң Матай бол,
Алшын болсаң Адай бол,
Бұл үшеуі болмасаң,
Қайсысы болсаң сонысы бол,
Мейлің құдай бол! —
деп қазақ елінің ең жауынгер руларын шашпауларын көкке көтере бір шыр-қап, осы бірлестік Тәуке хан өлісімен тағы бұзылғанын, әр тайпа сұлтандары хандыққа таласып елдің шырқын кетіргенін айтып берді.
Содан кейін Нысанбай жыршы қарағайлы кәрі домбырасын еңкілдете жылатып, іле-шала Қаратау мен Шу, Сарысу мен Сыр бойын жайлаған қалың қазақты қалай Жоңғар ханы Сыбан Раптан шауып, «Ақтабан шұбырынды — алқа көл сұламаға» ұшырағанын мақам етті. Ұлы жүз бен Кіші жүздің көп ауылдарының Арал мен Атырау теңізінің жағасына, ал Орта жүздің Есіл, Нұра, Тобыл өзендерінің жоғарғы саласына көшкенін әдейі тоқтай айтып кетті. Алдымен Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың, бір жылдан кейін Орта жүздің ханы Сәмекенің Россия патшасына бағынғанын, сонан «Ақтабан шұбырындыдан» отыз үш жыл өткеннен кейін Қытай патшасы бір миллионға таяу қалмақты қырып Жоңғар хандығын құртқанын бір мәлім етті. Осы шақта Найман, Керей рулары бұрын-
ғы өзінің ата-мекен жері Тарбағатай тауы мен Қара Ертіс бойына көшіп кеткенін мақұм әуеніне сала зарлана қалды.
Осыдан соң Нысанбай жыршы әр жүздің әйгілі хандары әбілмәмбет, Барақ, Нұралыларға қысқа-қысқа сөз тастап, үш жүздің басын қосу жолында күрескен, кейін Абылай деген атпен хан болған әбілмансұрға тоқтаған.
әбілмансұрға келгенде Нысанбай жыршының екі көзі оттай жайнап, күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан қурай жыланның көмейіндей ісініп кетті. Домбырасын бәйге атына шапқандай сабалай ұрып, жыр шумағын құшақ-құшақ лақтырды. Енді Нысанбай домбырасын лақтыра ойнатып, Абылайдың Қоқанға қарсы шыққанын, Сайрам, әзірет, Шымкент, Созақ секілді жеті қаласын алып, Ташкентті қалай бағындырғанын, өзіне сес көрсеткен қырғыздың қалың қолды манаптарын Қызылсу, Шәмсі өзендерінің Шуға құятын сағасында кездесіп, «Жәйіл қырғыны» деп аталатын ұрыста қалай жеңгенін айт-қанда екі көзі қанталап, қоянға түскен бүркіттей шаңқылдай серпіп, тіпті долданып кетті. Әбілмәмбет сұлтанның есігінде жүргеннен бастап, торғауытқа көрсеткен ерлігі мен ел басқарар ақылдылығы арқасында Орта жүзге хан атағына ие болғанын жыр еткенінде шабар бурадай тіпті құтырынып алды. Ақын енді алпысқа келген Абылайды үш жүзден шыққан өңшең қасқа мен жайсаңдарының шешімі бойынша Телікөлдің жағасында жұрт ақ кигізге көтеріп Үлкен хан сайлағанын толғағанда төбесі көкке тигендей екі көзі жайнап кетті. Бірақ Россия қатын патшасы қазақ елінің басын біріктірудің қауіпті екенін ойлап тек өлерінен екі жыл бұрын ғана оны Орта жүзге хан етіп указ бергеніне бір тоқтап, сол Абылайдың жетпіске келгенше ыңғайына қарай біресе Россия патшасына, біресе Қытай боғдыханына икем көрсетіп, Түркістаннан бастап Есіл, Нұра бойына дейін көшкен қалың қазақтың еркінділігін жоғалттырмай ел ғып сақтап өткенін тағы да бір алуан жыр ғып шырқатты.
Бәйгеге шапқан жүйріктей, жыр желісінен маңдай тері бұршақтап аққан Нысанбай ақын, бір мезет Абылайға Атығай — Қарауыл рулары алты қызын беріп, оның үстіне Абылай қарақалпақтан бір, қалмақтан бір қыз алып, олардан отыз бір ұл, қырық қыз көргенін аса бір асқан жыр етіп толғатты.
Дауысы қарлығып болдыруға айналған Нысанбай тек ел жатарда ғана Абылайдың қарақалпақ әйелінен туған Уәлидің Россияға қол шоқпар болып кеткенін, қалмақ қатынынан туған Қасым төренің әке жолын қуып, қазақтың басын қосамын деп бәйек болып жүргенін мадақтай келіп, кенет оқшау отырған Кенесарыға қарай:
Абылай жолы ауыр жол:
Батыр Кене, біліп қой.
Абылайдай берік бол,
Алам десең абырой, —
деп ұзақ жырын бітірген.
Үйдегі жұрт жетпіске жуықтаған Қасым төренің бетіне қарап тына қалған. Өйткені мұндай сөз төре бар жерде дәстүр бойынша тек қолбасшыға ғана айтылатын. Ал Қасым төренің соңынан ерген Ўскердің қолбасшысы Саржан сұлтан, Кенесарының ерлігі мен айлакерлігі жұртқа қанша аян болса да, даңқымен әзірге о тек батыр деген атқа ғана ие еді. Алдында ағалары болғандықтан өзі де «қолды мен басқарайын» деген ойдан аулақ-ты. Нысанбай жұрттан асқан сыншы. Бұны осы отырғандардың бәрі де біледі, Нысанбай қасиеті Қасымға да аян...
Қасым төре жолды әзірге Саржан мен Есенгелдіге бергенмен түбі Абылай жолын алып жүрер ортаншы ұлы Кенесары мен кіші баласы Наурызбай болар деп те үміттенетін. Нысанбай сөзінің өз ойынан шыққанына ол іштей «қателеспеген екем, мен аңғарғанды сыншы ақын да аңғарған екен» деп ойлады. Бірақ өзіне самсай қараған көзді байқамағандай, домбырасын қасына қойып терін сүртіп жатқан Нысанбайға:
— Көп жаса, ақсаңдақ жүйрігім, — деді, — көңілімізді бір көтеріп тастадың ғой.
Қасым төре Есенгелді менен Саржаннан бір айдан бері хабар ала алмай іші бітеу жараға толы еді. Суық хабар сумаңдап әп-сәтте-ақ тарайды ғой. Еш жаманаттың естілмеуі Саржан мен Есенгелді сау дегендей жұбаныш беретін.
Қасым төренің оқыс аталған Кенесарының атын хош көргендей болуы ортаншы ұлына үлкен сенім артатынын танытты. Жұрт та мұны аңғарса керек.
Қазір Кенесары осы жайларды әлсін-әлсін таразыға салуда. Әрине, қазір атасы Абылай ханның заманы емес. Ол кезде Россия патшасының әскері де Ақ Жайықтың арғы бетінде болатын. Қарт Қожақ шежірешінің бала күнінде, Абылай атаң хан болар жылы Қызылжар қорғаны, одан жиырма бес жыл бұрын Ескі Семей, сол жылдары Қараөткел, Баянауыл, Қарқаралы бекіністері салынды деп отыратыны әлі есінде.
Кенесары батыр қазақтардың өз тәуелсіздігінен айрылуының ең басты себебі — «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп қарайтын ел ағаларының ауыз бірлігі жоқтығынан деп білетін. Сол қазақтың басын қосуға бола ма? деген сұраққа өзі де жауап бере алмайтын.
Тек соңғы кезде ғана бір жауаптың ұшығын тапқан тәрізді.
Ол ұшық Абылай атасының заманы мен қазіргі ел жағдайында жатқан секілді.
Абылайдың тұсында Россия патшасы Сарыарқаны төңіректеп бекініс салғаны болмаса, бәлендей ішіне кіре қоймаған-ды. Сондықтан атасы Абылай біресе Россияны еміндіріп, біресе Қытайды дәмелендіріп екі ортада бостандығын сақтап жүре берген. Ал қазір қазақта ондай мүмкіншілік жоқ. Бір жағынан әбден орын теуіп алған патша әскері болса, екінші жағынан қазақ жерінің бүкіл оңтүстігі мен Сыр бойын басып алған Қоқан мен Атырау, Арал тұсынан Үстірт, Маңғыстауға дейін өкімін жүргізген Хиуа хандықтары тұр. Абылай кезіндегіден қазір қазақ елінің басын қосудың қиындығы да, жеңілдігі де осында деп түсінеді Кенесары.
Ашынған жолбарыс ажалдан шошынбайды. Қазір қазақтың қалың бұқарасы осы ашынған жолбарыс тәрізді. Үш жақтан бірдей қадалған найза, қазақты да оятқандай. Кеше сонау Ұлытаудан Құдайменді батыр келген. Ол Жоламан мен Иман батырдың сәлемдемесін әкеліп, қазір Сарыарқаның қай қиырында болса да ақ патшаға қарсы шығатын жұрттың көп екенін айтқан. Бастайтын жан болса еретін жұрт бар деген. Ал Сарысу, Шу, Сыр бойы қазақтарының да күйі белгілі, ұран салып, ту көтерсең соңыңнан еруге дайын. Хиуа ханының қиянатына шыдамаған Адай, Тама, Табын, Шөмекей, Жаппас, Шекті рулары найзаларын жалаңдатып, қан жұтып ол отыр.
Қазір бас көтеруге ең бір қолайлы кез. Қиянат жанын жеген бұқара қураған шөп тәрізді, от тисе болды-ақ лап етіп бүкіл Сарыарқаны, Сыр бойын, Жайық, Маңғыстау, Үстірт даласын алып кетуі ғажап емес.
Абылай ханның қай қатынынан тараған ұрпағын алсаң да, тастай берік, ұйымшыл. Әсіресе Қасым төре ұлы-қызы: Есенгелді, Саржан, Күшік, Мұса, Кенесары, Наурызбай, әбілғазы, Кенесарының апасы батыр Бопай, олардың балалары Құдайменді, Ержан, Иса, Қошқарбай, әбілпейіз. Қасымның інісі Дайырдың балалары Тәті, әті, Сатыбалды, оның баласы Қалдыбай, бәрі өзен қайда құйса, тамшы да сонда құяды дегендей, үлкені қайда бастаса, өзгесі соңынан еруге бар. Нағыз бір ұялы көкжал қасқырлар тобы дерсің. Тек аталас Күшік қана бозөкпелеу. Әкесінің айтқанына тек қатігез бауырларынан қорыққанынан ғана көнетіндей. Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмырт-
қа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары.
Аға алдына түсу Қасым төре балаларының арасындағы дәстүр емес, сөйтсе де ағалары Саржан мен Есенгелдінің қылығына Кенесары түсінбейді. «Несіне Ташкент құшбегісінің алдына барып тізе бүкпек? Қас дұшпаннан тіленіп не табады олар? Қастың аты қас, сенің дос емес екеніңді Ташкент құшбегі білмей ме, басыңды име. Одан да өз керегіңді өзің көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен тартып ал. Сонда ғана жауың сеніменен санасады, ал қолыңды жайып, тізе бүксең, сені ол құл санайды. Құлдың тілегін кім орындаған? Жоқ, билік өзіме тиер болса, бұның бірін де істемеймін. Не болса да дұшпандарыммен алысып өлемін. Ағаларыма да соны айтам... Тек өздері сау қайтса екен!»
Кенесары тағы да ойға шомды.
«Абылайдың жолын қуу — бүкіл қазақтың басын қосып, үш жүзді билеу деген сөз.
Үш жүзді билеу — сұлтан атаулыны аяғыңа жығылтып, Әбілқайыр, Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Серғазы, Уәли ұрпақтарын өзіңе табындырып, барлық қазақты аузыңа қарату. Үш жүздің баласын қойдай өргізіп, қозыдай көгендеу. Сонда ғана Абылай ханның қалмақ әйелі Хочадан өрбіген ұрпақтарының ежелгі арманы орындалады. Қазақ елінің жаудан жерін, еркіндігін қорғау мен Үш жүзге Қасым төре балаларының үкімін жүргізу — қазір бір тілек, бір мақсат. Ал осы тілек, осы мақсаттың орындалуына ең қолайлы кезең бүгінгі кезең. Өзінің тәуелсіздігін қорғауға көтерілгелі тұрған халық, егер бастай білсең хандықты, Үш жүзді билеуді саған өзі алып бергелі тұрған жоқ па?!»
«Бұдан былай қарай мұндай сәтті кезең тумауы мүмкін. Россия патшасы, Қоқан, Хиуа хандықтары тәрізді жауларымыз халықтың еңсесін мықтап тұрып бір түсіріп тастаса, қызба қанды қазақ қайтадан бас көтере алмайды.
Жоқ, бүгінгі күн — ең қолайлы күн. Тәуекел не болса да айқасты бастау керек! Бірақ айқасты қай тұстан бастаған жөн?! Үш дұшпанның қайсысының бізге салғалы тұрған шырғысы берік, ең алдымен соны үзу керек!».
Кенесары енді қабағы қарс жабылып, өзінің қойған сұрағына шешім іздеп ой теңізіне біржолата сүңгіді. «Қоқан мен Хиуа хандары мейлінше тас жүрек, жеңілсең қанға бояйды, қарамағындағы азғантай қазақты түгелімен қырып тас-
таудан тайынбайды. Ал Россия патшасы ондай емес. Кейбір қанішер шенеунектері болмаса, қалың бұқараны аты-жөні жоқ қыра бермейді. Оққа байлап, Сібір айдаса тек бетке шығар жақсыларын ғана айдайды. Үлкен жұрт сөйтіп қашан да кең пейілін танытпай қалмайды. Ал Қоқан, Хиуа хандықтары ше? Бұлар қорқау қасқыр тәрізді. Жан кетіп өлексеге айналсаң, өлексеңді де талай береді. Тек қорыққандарын ғана сыйлайды. Оларға бой көтеріп, күш жинағанда ғана тиісу керек. Егер әлдеқалай ондай күн туса аянып қалуға болмайды. Қоқан мен Хиуа өздері қырған он мыңдай ер азамат үшін жауап берсін. Ауғанстанға, Персияға күңдікке сатқан қазақтың қыз-қатындарының қарғысының азабын тартсын.
Кенесарының соғысты ең алдымен Россия патшалығымен бастауды қалап алуына басқа да себептері жоқ емес. Патша солдаттарының бекініс, зеңбірек, карабин штуцерлері болса, қазақтың далиған жалпақ даласы бар. Егер тығылар жыңғыл, жықпыл сайы көп болса, қыр қоянын арлан тазы да ұстай алмайды. Арқаның жері мол, бір шеті Қарқаралыдан Ақ Жайыққа, екінші шеті Қызылжардан Бетпақдалаға дейін созылып жатыр. Қалай ойыссаң да жер жетеді, тек үзеңгің берік, қайтпас қажырың болсын. Ал зеңбірек сүйреткен патша әскерінің мұндай мүмкіншілігі жоқ. Оның үстіне Орта жүз көп ел. Бәрін бірдей көтере алмасаң да, соңыңнан еретіндер табылады. Әлің жетпей қуғынға түсер күн туса, батырлықты құрмет тұта білетін қазақ, кейбір ішіндегі әзәзілі болмаса көрер көзге ұстап бермейді. Ең болмаса Абылай ханның аруағын сыйлайды. Ал Қоқан мен Хиуа жерінде бұндай жағдай жоқ. Сыр бойы, Үстірт, Маңғыстау, Арал маңындағы көшіп жүрген қазақтардың шынтуайтқа келгенде басын қосу оңай іс емес. Қоқан, Хиуа хандарын жеңу үшін Жетісу, Алатау, Қарақалпақ өңіріндегі ағайындардың да бас көтеруі керек. Оған сену қиын. Үйсін, Дулат, Алатауды жайлаған көп қырғыз, Арал бойын мекен еткен Қарақалпақ сенің сөзіңді сөйлеп, жоғыңды жоқтай ма? Өз ошағының басы аман болса, сенің қан төккеніңде несі бар. Қоқан, Хиуа хандарының да күштілігі осында жатқан жоқ па, олар кімнің жүрегінің қалай соғатынын біледі. Қырғыз, қазақ, қарақалпақ бірігіп бас қоспайтынын сезеді. Бүкіл Жетісуды алып жатқан Үйсін, Дулат та дұшпаныңмен шын белдесіп қалғаныңда сенен бөлініп жауға тастап кетуі де мүмкін...
Жоқ, оларға сенуге болмайды. Үйсін, Дулат, Қырғыз, Қарақалпақ өз басына Орта жүз бен Кіші жүздің ауыр жағдайы түссе ғана атқа қонады. Ал оның бер жағында олардан не үміт, не қайыр!
Кенесарының Арқаға оралғысы келуіне тағы да бір себеп бар. Ол — кек. Сәмеке, Бөкей, Уәли тұқымдарынан шыққан аға сұлтандарды Қасым балалары өртеп жіберуге бар. Бұл ескіден келе жатқан ескі егес, ел билігіне таласудан шыққан бақастық. Әсіресе Қасым балаларының өші Құдаймендінің Қоңырқұлжасында, Уәлидің баласы Шыңғыс пен оның шешесі Айғанымда, Бөкей тұқымынан шыққан Тәукенің Жамантай, Құсбегі мен Жантөренің Ахметі мен Арыс-танында. Бұл аға сұлтандар Кенесарының да ең аямас жаулары. Балық басынан шіриді, қазақ жерін ақ патшаға беріп отырған осы аға сұлтандар деп кектенеді Кенесары.
Егер Арқаға барса, ең алдымен осылардың ауылын шауып, ежелден келе жатқан ерегестің бір түйінін шешпек. Қызын күң, баласын құл қылып, табанына бір салмақ. Онсыз әбден қансырап алған көңіл жұбанар емес.
Бірақ олар Кенесарыға оңайлықпен бой бере ме? Олардың да соңынан ерген қыруар ел бар. Қолдарында қару-жарақты жүздеген жасағы, сарбаздары тұр. Оның үстіне қол ұстасқан ақ патша әскерлері де қастарында.