Кадмий қосылыстарынан улану
Кадмий қосылыстары - халық шаруашылығында әр салада қолданылады. Бұлар өте уытты әсер етеді.
Фунгицид ретінде кадмий- кальций, кадмий – мыс, кадмий - мырыш, кадмий – хроматы, кадмий - сульфаттың араласқан тұздары ұсынылған. 4,5% кадмий тотығы, пестицид 90% ылғал сіңіретін ұнтақ түрінде өсімдіктердің кейбір ауруларына қарсы қолданылады. Ағзадан кадмий несеп және ас қорыту жолдары арқылы шығады. Кадмий тотығынан басқа косметикалық бояулар, люминоформалар жасау мақсатында қолданылатын кадмий сульфаты да өте уытты. Кадмий тотығының ЛМ50 –72 мг/кг мөлшері тышқанға өте уытты.
Бұл препараттар мал ағзасына түскеннен кейін орталық жүйке жүйесін тітіркендіріп уытты әсер етеді. Осының салдарынан ақзаттың, фосфоркальцилік және т.б. алмасулар қызметі бұзылады. Остеопороз болуы мүмкін.
Антидот ретінде унитиол және тетацин-кальций 10-15 мг/кг мөлшерінде қолданылады. Мыс сульфатын 25 мг/кг, ферроглюкин және мырыш сульфатын –10-20 мг/кг, глюкоза, «С» витамині, кальций хлоридін беруге болады.
Сурьма қосылыстарынан улану
Сурьманың ІІІ валенттті қосылыстары микробқа қарсы қолдануға болатын заттар тобы.
Құрамында сурьма бар бояулардың қышқылдармен әрекеттесуі нәтижесінде өте уытты газ - стибин бөлінеді. Ағзаға түскен сурьма тотығы және хлориді, сурьма сульфиді бауырда, бүйректе, теріде, тері жабындыларында жиналып, кумулятивті әсер етеді.
Сурьма - жергілікті тітіркендіріп және жалпы резорбтивті әсер ете отырып, жүрек етін және орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Сурьма қосылыстарының әсерінен ферменттердің сульфгидрильді тобының қызметі тежеліп, қанның формалық элементтерін бүлдіріп, ақзат алмасуын, бауырдың функционалдық жағдайын, бүйректің, өкпенің, ас қорыту жолдарының қызметін бұзады. Улануға қарсы унитиолды 10-15 мг/кг мөлшерде қолдануға болады.
Зооцидтер
Қора - жайларда, қамбаларда және егістіктерде тышқан тәрізді кеміргіштерді жою үшін көптеген химиялық препараттар қолданылады. Мұндай препараттар зооцидтер деп аталады. Зооцидтер химиялық құрамына байланысты органикалық және бейорганикалық болып бөлінеді.
1. Органикалық зооцидтерге – зоокумарин, ратиндан, бактокумарин, крысид, глифтор және тағы басқалар жатады.
2. Бейорганикалық зооцидтерге – Барий карбонаты, мырыш фосфиді және тағы басқалар жатады.
Олардың ішінде көмірқышқылды барий, зоокумарин, бактокумарин, ратиндан, мырыш фосфиді кеңінен тараған. Олардан улану көбінесе шошқалар мен құстарда жиі кездеседі,, сонымен қатар, ит-мысықтар кеміргіштермен уланған өлекселерді жегенде кездеседі.
Көмірқышқылды барий, барий карбонаты, ВаСО- сумен спиртте нашар еритін, дәмі жоқ және иіссіз ақ түсті ұнтақ. Көмірқышқылды барийдің зооцид ретінде уыттылығы жоғары емес дегенімен, көмірқышқылды барий кей кездерде малдарда улану туғызуы мүмкін.
Оның құстар үшін уытты мөлшері 0,4-0,7 г, ал тышқандар үшін
0,12-0,2 г. Көмірқышқылды барийдің тұз қышқылымен әрекеттесуінен пайда болған барий хлориді өте уытты. Ірі қара мал үшін өте уытты мөлшері 15-30г болса, ал қой мен шошқалар үшін 5-15 г.
Патогенезі. Қарында барий карбонаты мен тұз қышқылының әрекеттесуінен пайда болған барий хлориді кілегейлі қабық арқылы қанға тез сіңеді.
Барий иондары ішкі мүшелердің біріңғай саласы бұлшық еттерінің тонусын жоғарылатып, ал жүрекке оймақ гүл тәрізді әсер етеді. Осыған байланысты жүрек- қан тамыр, ас қорыту жүйесі қызметі бұзылады.
Клиникалық белгілері. Әртүрлі малдарда көп жағдайда бірдей белгілері байқалады. Яғни, үрейлену, сілекей ағу, құрсақ қуыстарында ауырсынулар, жалпы қозу, іш өту, жұтынудың қиындауы, бұлшық еттердің дірілі, тыныс алудың бұзылуы, талықсулар байқалады. Өте жіті түрінде жүректің салдануынан аяқ асты өлім тууы мүмкін, ал құстарда уланулардың ешқандай белгілері байқалмайды, өлімге ұшырау аз кездеседі.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістері. Негізінен ішектің, қуықтың және жүректің систола кезінде жиырылуымен сипатталады. Кілегейлі қабықта нүктелі қанталаулар кездеседі. Сонымен қатар, өте созылмалы түрінде ішкі мүшелердің дистрофиялық өзгерулерін байқауға болады.
Балау - қиын. Шешуші мәліметті химиялық - аналитикалық тексеруден кейін алуға болады.
Емі. Антидот ретінде қолданылатын натрий немесе магний сульфатының 1 %-ды ертіндісімен қарынды тазалап алып, артынан көп мөлшерде сумен араластырып ішке береді. Соңынан ішке мүмкіндігінше 5-10%-ды натрий сульфаты ертіндісін ішкізіледі. Улануды жылдам емдеу мақсатында кілегейлі заттар мен сүт берген жөн.
Зоокумарин (варфарин)- ақ түсті, иіссіз, дәмсіз, суда нашар, спиртте, ацетонда жақсы еритін, ұзақ сақталынатын ұнтақ. Зоокумарин- өте уытты. Оның 6 мг/кг мөлшері итті, 50 мг/кг- күйіс қайтаратын малдарды, 1-1,2 мг/кг- шошқаларды өлімге ұшыратады.
Зоокумарин- кумулятивті антикоагулянт, әсіресе өсімдіктерге ұқсас, қанның ұюын төмендетеді. Патогенезі, клиникалық белгілері патологиялық-анатомиялық өзгерістері, емі түйежонышқамен уланғанға ұқсас.
Бактокумарин - құрамында зоокумариінің натрилі тұзы және сүзек ауруының бактериалды культураларымен өңделген дәндерден тұратын кешенді препарат, зооцид ретінде жиі қолданылады, ауыл шаруашылық малдары үшін қауіптілігі онша емес.
Қанның ұюын нашарлататын препараттар қатарына ақ түсті, иіссіз, кристалды түйіршікті ұнтақ ратинданды да, дифиназинді де жатқызуға болады. Олар 0,5% немесе 0,18%-ды ұнтақ түрінде шығарылады. Өте уытты әсер етеді. Тышқандар үшін ЛД-63,4 мг/кг. Күшті әсер ететін кумулятивті зооцид. Әсер етуі мен емі зоокумаринге ұқсас.
Мырыш фосфиді (Zn P) – сұр түсті, иісі сарымсақтың иісіндей, суда нашар, ал қышқылда жақсы еритін ұнтақ. Жануарлар үшін 40-60 мг/кг мөлшері өте уытты, яғни уланған жануарлар толығымен өлімге ұшырайды. Көбінесе уланулар құстар мен шошқаларда байқалады, аз мөлшерде улану ірі қара мен ұсақ малдарда кездеседі.
Патогенезі. Қарындағы қышқылдардың әсерінен қанға тез сіңіп, мүше торшаларына еніп, соның әсерінен тыныстану торшаларын бітеп тастайтын фосфорлы сутегі (РН) түзіледі. Салдандырып әсер етеді. Орталық жүйке жүйесі, ішек- қарынның зақымдалуы, сонымен бірге малдың күйі төмендеп, өкпеде ісінулері пайда болуымен сипатталады.
Клиникалық белгілері. Ірі қара малында уланудың алғашқы белгілері азық жегеннен соң 30-50 минуттан кейін байқалады. Аз уақыттың ішінде азыққа тәбеті жойылып, қатты терлейді, қозады, дене бұлшық еттері тітіркенгіш болып келеді, атаксия, дене температурасы төмендеп, іші өтеді, кейде қан араласқан іш өту байқалады. Тыныс алу мен жүрек жұмысы нашарлап, бірнеше сағаттан соң өлімге әкеп соғады. Кейде ауру бірнеше күнге созылады.
Жылқыларда - жоғарыдағы белгілермен қоса, жөтелу және өкпе алвеолаларының бітелуі әсерінен тұншығу байқалады.
Шошқаларда - құсу, көз астының ісінуі, көз алмасының шығыңқырауы және өлер алдындағы қалтыраумен сипатталады.
Ал құстарда- тұмсығынан көбікті заттың ағуы, шөлдеу, бір орында жатып қалу және қалтыраумен сипатталады.
Патологиялық- анатомиялық өзгерістер. Кілегейлі және сірлі қабаттардың қанталауымен, сонымен бірге, ішкі мүшелердің қанға толуымен, бауырдың өліеттенуімен, қарынның кілегейлі қабатының гиперемиясы, ошақталған өкпенің эмфиземасы, бауыр, сүйек бұлшық еттері және жүректің майлы дистрофиясымен сипатталады. Сойып зерттеу нәтижесінде қарынның иісі сарымсақ иісіндей.
Балау үшін анамнез қорытындыларына, клиникалық белгілеріне, сойып зерттеу нәтижелеріне назар аударылады. Сонымен бірге, мырыш пен фосфордың қалдықтарын көру арқылы балау қоюға болады.
Емі. Ішек- қарынды 1%-ды калий перманганаты ертіндісімен жуып-шаю қажет. Өсімдік майы, сүт, ақзатты су қолдануға болмайды, себебі олар уытты заттардың сіңімділігін одан әрі жеделдетеді.
Парэнтеральды жолдар арқылы глюкоза, аскорбин қышқылын, кальций хлоридінің ерітіндісін, натрий кофеин- бензоаты, кордиамин,камфора ерітіндісін енгіземіз. Ганглиостимуляторлар- лобелин гидрохлориді мен цититонын қолдануға болмайды, өйткені олар малдың өліміне әкеліп соқтырады.
Алдын алу шаралары. Мырыш фосфидін зооцид ретінде ғана қолдану керек.