Сынап және оның қосылыстары

Сынап- (Hydraqyrum) Hq- жалғыз ғана сұйық, ауыр металл, ақшыл жылтыр түсті, атомдық салмағы-200,61 г.

Сынап қосылыстары ветеринария мен медицинада кеңінен қолданылады. Сынаптың ерігіш қосылыстары ішінде, медицина мен ветеринарияда жиі қолданылатын, ең уыттысы - екі хлорлы сынап(HqCl2) немесе сулема. Ол жағымсыз металл иісті ұнтақ немесе ақ түсті кристалл күйінде болады.

Сынаптың кейбір бейорганикалық қосылыстары және тұздары еріткіштерде (су, спирт) әлсіз ериді немесе ерімейді. Бұл қосылыстардың уыттылығы, олардың сулема түзу қасиетіне немесе белсенді Hq ионын түзетін диссоциациялану дәрежесіне байланысты. Сынап қосылыстарына мынадай қосылыстарды жатқызуға болады: Каломель (Hq2Cl2), екі йодты сынап(HqІ2), ақ сынапты преципитат(HqClNH2), сынап тотығы(HqO) және тағы басқалар.

Сынаптың органикалық қосылыстары бейорганикалық қосылыстарына қарағанда едәуір уытты келеді. Бұл топтағы улы химикаттар бидай, қара бидай, арпа, сұлы, жүгері және техникалық дақылдардың тұқымдарын егу қарсаңында дәрілеу үшін кеңінен қолданылады.

Сынаптың органикалық қосылыстарының ішінде ең жиі қолданылатыны – этилмеркурхлорид.

Этилмеркурхлорид– Химиялық құрамы сулемаға ұқсас,суда ерімейтін, органикалық ерітінділерде әлсіз еритін, ақ түсті кристаллды ұнтақ. Сулемаға қарағанда уыттылығы күшті. Тышқандар үшін ЛМ50 –26,4 мг/кг, шошқалар үшін- 45 мг/кг. Топырақта 4-5 айға дейін фунгицидтік әсерін сақтайды. Өте аз концентрацияда ауыл шаруашылығында дәндерді дәрілеу үшін қолданылады.

Ауыл шаруашылығында этилмеркурхлоридтен басқа гранозан, меркургексан және меркурбензол қолданылады.

Меркурбензол - құрамы 1% сынаптан, 20% гексахлорбензолдан, 76% тальктен және 3% бояғыш заттардан тұратын зат.

Меркургексан - құрамында 1% сынап, 20% гексахлорбензол, 20% гексахлоранның гамма-изомері және бояғыш заттары бар кешенді препарат.

НИУИФ-2 немесе гранозан - құрамында 2,5% этилмеркурхлорид, 9,6% тальк және 1,5% минерал майы бар, ақ түсті ұнтақ, суда ерімейді, өзіне тән жағымсыз иісі бар. Ол құрғақ күйінде дәнді-дақылдар тұқымдарын дәрілеу үшін пайдаланылады. 1т астық дәрілеу үшін 4 кг гранозан жұмсалады. Дәрілеу егін егер алдында 2 ай бұрын жүргізіледі. Соған қарамастан препараттың уыттылығы ұзақ уақытқа сақталынады.

Токсикодинамикасы. Сынап өте күшті у. Мал ағзасына уытты әсері жоғары және жинақталғыш келеді. Сынап препараттары кілегейлі қабықтардан, гематоэнцефалит кедергілерінен оңай өтіп кетеді. Ауыз арқылы түскен сынап қосылыстары ағзаға альбуминат түрінде сіңіп (гранозан), мида, бауырда, бүйректе жинақталып, уытты әсер етеді. Құрамында сульфгидрильдік топтар болатын ферменттерді оқшаулайды, кальций және көмір алмасуын бұзады, орталық және шеткі жүйке жүйесінің қызметін өгертеді.

Сауын малдарда сынаптың органикалық қосылыстары сүтпен бірге бөлініп шығады. Бұл жаңа туған, енесін еміп жүрген төлдердің мүшелері мен ұлпаларында сынаптың жинақталуына себепкер деген сөз.

Клиникалық белгілері. Сынаппен улану (меркурализм) деп аталынады. Ол жіті және созылмалы түрде өтеді. Жіті түрде көбінесе шошқалар уланады.

Ірі қара малда: ауыз арқылы түскенде, ауыздың кілегейлі қабықтары қанталайды, ашық қызыл түсті, майда, дөңгелек түрдегі эрозиялар (күлдіреуіктер) пайда болады. Мал әлсірейді, азыққа тәбеті болмайды, бұлшық еттері дірілдейді, кейде жөтеледі. Нәжісінің түсі, иісі өзгеріп, іші өтеді. Дене қызуы қалыпты деңгейден ауытқымайды. Мал ауыр дем алады, көкірек тұсын басқанда ауырсынады. Несептің түсі күңгірт-қызыл болады. Жіті улануға тән негізгі белгі- сілекейдің көп бөлінуі. Жас мал сынапқа сезімтал келеді. Ағзаға сынап енген соң 2-3 сағаттан кейін мал өледі. Созылмалы түрі 2-3 күнге созылып, ақыры өліммен аяқталады. Ағзаға сіңген сынап, зат алмасу құбылысын бұзады, қан құрамындағы эритроциттердің мөлшері төмендейді, паренхиматозды мүшелерді зақымдайды. Әсіресе, сынап сыртқа бөлініп шығатын немесе жинақталып қалатын мүшелердің (бауыр,бүйрек, көк бауыр) зақымдану дәрежесі жоғары болады. Улану дәрежесіне қарай, сынап препараттары орталық жүйке жүйесін және жүректі салдандырып әсер етеді.

Шошқада: жалпы күйзеледі, щөлдей береді, тәбеті төмендейді, бұлшық еттері дірілдейді, кілегейлі қабықтары көгереді. Ұзақ уақыт жатып қалады, сіресулер, салданулар байқалады. Торайлар 5-7 күн өткен соң өледі, ал ересек шошқаларда улану 15-20 күнге созылып, өліммен аяқталады.

Жылқы: әлсірейді, сілекей көп бөлінеді, іші өтеді, нәжісіне қан араласады, тыныс алуы қиындайды. Жүрек қызметі нашарлайды.

Патологиялық-анатомиялық өзгерістері. Тері және тері асты шелі көгерген, жалпы анемия жағдайында, ішек-қарын кілегей қабығы ісініп кеткен, талаурап қабынған, тоқ ішек қанталап, өліеттенген, қан тамырлары кеңейген, қан қара-қошқыл түсті, нашар ұйиды. Қаңқа бұлшық еттері бозғылт, болбыр, әр жерлерінде қанталаулар бар. Бауыр, бүйрек көлемі ұлғайған, өлі еттенген ошақтар айналасына әк тектес зат жиналған.

Балау. Балау клиникалық белгілеріне және химиялық талдау нәтижелеріне байланысты қойылады. Бірақ, кейбір жағдайларда улану жіті түрде өткен кезде клиникалық белгілер байқалмайды немесе толық көрінбейді. Мұндай жағдайда химиялық талдау жасалынады.

Емі. Қазіргі уақытта сынаппен улануды емдеу үшін ветеринария мен медицина саласында меркаптан туындылары жиі қолданылады. Шет елдерде антидот ретінде БАЛ (британдық антилюзит) қолданылады. Оны 5%-дық ерітінді түрінде, 1 кг салмаққа 2,5-5 мл көлемінде бұлшық етке егеді. ТМД елдерінде бұл препаратқа ұқсас - унитиол қолданылады.

Унитиол – ақ түсті кристалды ұнтақ, суда жақсы ериді. Ұнтақ түрінде флакондарда (5г), сұйық түрінде ампулаларда (5%-ды 5 мл) және таблетка түрінде (0,25 – 0,5 г) шығарылады. Күре тамырға, бұлшық етке егеді, ішке береді. Күре тамырға 5%-ды глюкоза немесе натрий хлоридінің изотониялық ерітінділерімен араластырып, баяу жайлап егіледі.

Мөлшері: Мүйізді ірі қара, жылқы үшін – 10 мг/кг.

қойларға – 30 мг/кг.

Шошқа , ешкі,ит, құстарға – 25 мг/кг.

Дикаптол – ампулада шығарылады.

Мөлшері: Бұлшық етке – 4 мг/кг.

Натрий тиосульфаты– күре тамырға егіледі, ішке беріледі.

Ішке мөлшері:

Ірі малдарға: 25 – 40г.

қой, шошқаға: 6 – 8 г.

Күре тамырға:

Сиыр, жылқы – 20%-ды

ерітіндісінен 200 мл.

Қой- ешкіге – 10 мл.

Бұдан басқа тері астына кофеин егеді. Антидот болмаған жағдайда қарынды ақзатты сумен жуады, іш өткізгіштер береді.

Сақтандыру, алдын-алу шаралары. Улы химикаттармен дәріленген азыққа және жемге арналған азықтық заттарды пайдалануға үзілді – кесілді тиым салынады. Дәріленген дәнді жуып, тазалағаннан кейін де малға беруге болмайды. Гранозаннан уланып, сауыққан малды (мысалы шошқа) 6 – 8 айдан кейін союға болады, бірақ оның ішкі мүшелері мен етіндегі гранозанның қалдық мөлшеріне міндетті түрде химиялық - токсикологиялық талдау жүргізеді.

Наши рекомендации