Көкөністердің ауыспалы танабы

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.

Абай

Бау бақшаны егуді жоспарлау

Ең алдымен бау бақшаны не үшін, қандай мақсатпен еккелі отырғаныңызды жоспарлап алуыңыз қажет. Сонан кейін осы ойыңызды іске асыру үшін сіздің уақытыңыз, жеріңіз, жағдайыңыз бар ма, осыны шешіп алыңыз.

Бау бақшаны екі қағидаға сүйене отырып іске асыруға болады. Біріншісі – нақтылы сізге мол өнім алу, ал екіншісі – бұған қарама қарсы: сізге өнім емес, әдемі бау бақша керек.

Ойыңызды іс жүзіне асыру үшін біршама ережелерді басшылыққа алу керек. Мысалы: ауа райының қолайсыздығы, топырақтың құнарсыздығы, зиянкестер мен аурулардан қорғану. Ешбір адамда да бәрі керемет, тамаша деп айта алатындай жер жоқ. Осының бәрін де ойланып толғанып алғаннан кейін жоспарыңызды іске асыруға кірісіп кетіңіз.

Не істегіңіз келеді ?

Бастапқыда бақшаңызды неге тілік тілікке бөлесіз, осыны анықтап алыңыз. Сіз үшін ең басты мәселе үлкен жанұяңыздағы бала шағаңызды азық – түлікпен қамтамасыз ету ме, әлде өнімді базарға апарып сату ма? Ол үшін сізге үлкен тілікке кең жүйемен орналастыру керек, әдемілік екінші орынға сырғиды, ең бастысы ыңғайлы да ұқыпты болғаны жөн. Егер сізге ерекше әдемілік, сәндік керек болса, онда әдемі бау бағын жасауыңыз шарт. Сіз жемістермен қоса шөп еккіңіз келсе, онда мәселе сіздің жер көлеміңізге келіп тіреледі.

Сіздің теплица салғыңыз келе ме? Оны қайда орналастырмақсыз, аулаға ма, бақшаға ма? Мал қораларыңыз, парниктердің рамалары, көң жинайтын жеріңіз қалай орналасқан? Осының бәрін ыңғайлы етіп орналастыру керек. Егер сізге әдемі бау бақша керек болса, осының бәрін бақшаның төріне қарай ығыстырып, көк желекпен көмкеріп тастаңыз.

Анша уақыт керек?

Егер осының бәрін мұқият, ұқыпты істесеңіз сіздің өте көп уақытыңызды алады. Егер де көмекшілеріңіз бар болса, онда оңай шешілетін шаруа. Осының бәрін сенбі, демалыс күндері жалғыз өзім істеймін десеңіз бәрі бос әурешілік болып қалуы мүмкін. Күтілмеген, қаралмаған бау бақша адамға жаман әсер етіп, көңілге мұң ұялатады. Басқаша айтқанда, бау бақша салғанда шама шарқыңа, уақытыңа қара.

Анша жеріңіз бар?

Сіздің бүкіл жоспарыңыз үйіңіздің жанындағы жер көлеміне байланысты. Бүкіл жерді түгелдей пайдаланбаңыз. Есіңізде болсын бау бақшаның ішінде өзіңіз жанұяңызбен дем алып отыратын және балалар ойнайтын алаңқай т.б. бос жерлердің де болғаны дұрыс.

Таңдап алған жеріңіз бау бақша өсіруге жарай ма?

Сіздің жеріңіз көкөністер өсіруге жарай ма, жарамай ма бұл маңызды сұрақ. Егер сіздің көкөністеріңіз көлеңкенің астына және батпақты жерге орналасса онда жарамағаны. Онда бірінші жағдайда талдарды шауып тастаңыз, екінші жағдайда батпақты кептіріңіз.

Ауа райы және өнім

Біздің жоспарымыз іс жүзіне асуы үшін қолайлы ауа райы қажет. Бау бақшаға күн шуағы жеткілікті болуы керек. Ауа райының құрғақтығы, ылғалдылығы, күннің суықтығы мен ыстықтығы өсімдіктердің өсуіне, сыртқы түріне, өніміне қатты әсер етеді.

Көкөністердің ауыспалы танабы

Жеміс жидектердің ауыспалы танабын зиянкестермен аурулардан қорғану үшін ықлым заманнан бері қолданып келеді. Бұл әдістің мақсаты әрі түсінікті, әрі қарапайым. Егер бір жерге көкөністің белгілі бір түрін еге берсе, ол жерге осы өсімдікке тән аурулар мен зиянкестер шоғырлана береді де, жылдан жылға тигізетін зияндары өрши түсіп, өнімге зор нұқсан келтіреді. Егер осы өсімдікті басқа жерге апарып қондырса, онда иесінен айрылып қалған аурулар мен зиянкестер өзді өздігінен өледі. Басқа жерге отырғызылған өсімдік өзін анағұрлым жақсы сезініп, өнімді де көп беретін болады.

Төрт танапты ауыспалы егістік жасауымыз үшін бақшаны төрт бөлікке бөлеміз. Әр бөліктің өзінің өсімдіктері бар, осыларды жыл сайын басқа жаңа жерге егіп орнын алмастырып отыру керек. Қортындысында осы өсімдік өзі шыққан жерге, тіліктен тілікке жылжи отырып бес жылдан кейін қайта қайтып келеді. Соңғы бесінші тілік көп жылдық шөптер (жоңышқа) мен көп жылдық көкеністерге (жусай, бисай т.б) арналған, бұл өсімдіктер осы тілікте бес жыл бойы өсіп алтыншы жылы басқа тілікке қайтадан егіледі. Енді сіз келесі жылға егетін жоспарыңызды қайта қарап, өсімдіктерді топ топқа бөліңіз. Егер жеріңіз аз болса үш танапты, ал жеріңіз жеткілікті болса төрт танапты ауыспалы егіске бірден көшіңіз!

Төрт танапты ауыспалы егістіктің өсімдік топтары:

1 – топ; бұршақ, ас бұршақ (фасоль), көк ас бұршағы, шырмауық ас бұршағы.

2 – топ; ақ жапырақты капуста, брюссел капустасы, жапырақты капуста, редька (жасыл шалғам), брюква, кольраби.

3 – топ; сарымсақ, көк сарымсақ, у сарымсақ, жуа, жүгері, асқабақтар, салат.

4 – топ; картофель, пастернак, қызылша, сәбіз, памидорлар, сельдерей.

5 – топ; Көп жылдық шөптер (жоңышқа т.б.), артишок, жусай, қымыздық, аш көк (кинза), укроп, топинамбур, теңіз капустасы.

Үш танапты ауыспалы егістіктің өсімдік топтары:

1- топ; бұршақ, ас бұршақ, көк ас бұршағы, сарымсақ, у сарымсақ, жуа, жүгері, асқабақтар, салат – латук.

2- топ; картофель, пастернак, қызылша, сәбіз, памидорлар.

3- топ; ақ жапырақты капуста, брюссел капустасы, жапырақты капуста, турнепс, редис, брокколи, кольраби, брюква.

4- топ; қымыздық (ревень), спаржа, көп жылдық шөптер, артишок, топинамбур, теңіз капустасы, аш көк, жусай.

Ауыспалы танап аурулар мен зиянкестерден ғана сақтап қоймайды, басқа пайдалары да мол. Кейбір өсімдіктер жаңадан тыңайтылған жерді жақсы көреді, кейбіреулері керісінше. Сондықтан да күзде дайындалып, көң төгіліп тыңайтылған жерге көктемде капуста және осыған туыстас өсімдіктерді еккен дұрыс, ал келесі жылында осы жерге тамыр жемісті өсімдіктер жақсы өседі, себебі олар жаңадан көң төгіп тыңайтылған жерде өздерін жайсыз сезінеді. Осының бәрін сақтап қадағалау оңай жұмыс емес, кейбіреулер басында құлшына кіріскенмен екі – үш жылдан кейін салақсып кетеді.

Наши рекомендации