Полиэтиленнің алу технологиясы мен қолдану салаларын көрсетіңіз.
Қарапайым көмірсутекті полимер – полиэтилен: -[CH2-CH2]n- ең көп тараған және арзан полимердің бірі. Мұны өнеркәсіпте 1933ж алғаш рет Англияда этиленді полимерлеу арқылы алған.
Этиленді ацетиленді гидрлеу немесе этил спиртін дегидратациялау арқылы алуға болады. Кейбір елдерде этиленді мұнайды крекингілеу тәсілімен де өндіреді. Бұл процесс кезінде этан, пропан сияқты қаныққан көмірсутектер каталитикалық деструкцияға және дегидрлеуге ұшырап, этилен түзеді.
Полиэтиленнің екі түрі бар: төменгі және жоғары тығыздықты.
Төменгі тығыздықты полиэтилен эиленді жоғары қысымда полимерлеу арқылы алынады, иницатор қызметін оттек атқарады. Реакция 1,5*105Па қысымда және 180-250˚С температурада жүргізеді. Иницирлеу үшін оттектің аз мөлшері де (0,1%) жеткілікті. Бұдан басқа пероксидтерді, гидропероксидтерді және азоқосылыстарды қолдануға болады. Этиленді массада немесе ерітіндіде полимерлейді. Еріткіш ретінде бензол, хлорбензол т.б. органикалық еріткіштер қолданылады. Реакция шарты бойынша мономер мен полимерді еріткіште еритін етіп таңдайды, яғни жүйе гомогенді болуы қажет.
Төменгі тығыздықты полиэтилен 110-125˚С та балқиды және кристалдану дәрежесі 40% шамасында, ал тығыздығы 0,91-0,92г/см3. ТТП бөлме температурасында жиі қолданылатын еріткіштерде ерімейді, бірақ, температура өскенде оның ерігіштігі артып, бірқатар еріткіштерде ериді. Бұл үшін төрт хлорлы көміртек, толуол, ксилилен, декалин және трихлорэтиленді қолданған тиімді.
Жоғары тығыздықты полиэтиленді (ЖТП) екі тәсілмен алады. Бірінші – мономерді комплексті катализатор (триэтилалюминий мен төрт хлорлы титан) қатысында координациялық полимерлеу. Екіншісі полимерлеуді металоксидті катализатормен (алюминий мен силикатқа қондырылған оксидтер) жүргізу. Екі тәсілде де орташа жоғары емес қысым қолданылады. ЖТП кристалдану дәрежесі 90%, ал тығыздығы 0,965г/см3. Ол 144-150˚С аралығында балқиды, ТТП ге қарағанда қатаңдау және беріктігі жоғары.
Полиэтиленді жоғары қысымда және 200˚С температурада өңдеу арқылы әр түрлі пішін беруге, яғни талшық, жіп, құбыр, қабықша және т.б. алуға болады.
Полиэтилен әр түрлі салада, әсіресе электротехника өнеркәсібінде, медицина саласында, құрылыста қолданылады. Үй тұрмысына қажет әр түрлі бұйымдар, балалар ойыншықтары және тамақ өнімдерін буып-түюге арналған қабықшалар алуға жұмсалады.