Ас тұзының токсикологиясы

Хлорлы натрий (NaCl) - жануарлар мен құстардың рационындағы арнайы және қажетті азықтық қоспа болып саналады. Ол ақ түсті кристаллды ұнтақ, суда жақсы ериді. Азықтық мақсатта ірі кесек, ірі ұнтақ немесе брикет күйінде пайдаланылады. Қазіргі кезде оны азыққа қосумен қатар, жеке кесек күйінде ірі қара малға, оның өнімділігін арттыру және жаңа туылған төлдердің өсіп, өнуін жоғарылату мақсатымен береді. Кейбір әдебиеттерде шошқаларды тұздың жоғарғы мөлшерлерімен (1,25-1,66 г/кг) ұзақ уақыт азықтандырғанда алынған тиімді нәтижелер жазылған. Осы кезде жануарлардың өсімі 33-36% жоғары болады. Бірақ ас тұзын абайлап пайдаланған жөн, себебі, онымен жануарлардың, әсіресе, шошқа және құстың улануы жиі кездеседі.

Токсикологиялық маңызы және мөлшері. Жануарлардың ас тұзымен улануы, әсіресе, құстардың улануы, құрама жем мен құрғақ сүт алмастырғышта тұз концентрациясының көбейіп кетуінен, ірі қара малына арналған құрама жемді шошқа мен құстарға байқамай беріп қойғаннан, ас тұзымен ұзақ уақыт ашыққаннан соң, ағзаға көп мөлшерде ас тұзы түсуінен, тұздалған балық пен әртүрлі тұздықтарды бергеннен болады. Кейбір кездері, құрама жемді алыс қашықтықта темір жол вагондарымен және автотранспортпен тасымалдағанда тұздың сеперациясы, яғни, натрий хлоридінің ауыр кристалдары құрама жемнің төменгі қабаттарына шөгіп, нәтижесінде құрама жемнің төменгі қабаттарынан азықтандырылған мал улануы мүмкін.

Ас тұзының уытты және өлтіре әсер ететін мөлшері әртүрлі. Бұл токсикалық әсерге әртүрлі факторлардың әсер етуіне байланысты болуы мүмкін. Жас төлдер натрий хлоридіне анағұрлым сезімтал, арық немесе күтіп-бапталуы нашар мал аз мөлшерінде де уланып қалуы мүмкін. Сумен ашығу уытты әсерді күшейтеді, кристалдармен тұзбен азықтандырғаннан гөрі ас тұзы ерітінділерімен суару әлдеқайда қауіпті. Ас тұзының өлтіріп әсер ететін мөлшері- ірі қараға-5-6г/кг, қойға 3-4г/кг, жылқыға- 2-3г/кг, шошқаға- 1,5-2,5г/кг, құсқа 3-4г/кг, су тышқанға 2г/кг. Үлкен мөлшерде көп уақыт ас тұзын берсе, созылмалы улану туындайды.

Патогенез. Ол суда жақсы еріп, қанға жылдам сіңеді де, изононияның бұзылуына әкеліп соғады да, орталық және шеткі жүйке жүйесінің, жүйке мен синапстарда импульстардың өтуіне зор ықпал жасайтын, бір және екі валентті катиондардың қызметін бұзады. Қан мен ұлпааралық сұйықтағы осмостық қысымның бірден жоғарылауынан эритроциттер бүрісіп, тіршілікке маңызы зор мүшелер торшаларында сусыздану пайда болады. Нәтижесінде зат алмасу құбылысы алдымен үдеп, кейіннен тежеледі. Ас тұзы сонымен қатар,асқазан мен аш ішектің кілегейлі қабықтарын тітіркендіріп, геморрагиялық гастроэнтеритке әкеп соқтырады.

Клиникалық белгілері. Ірі қарада ас тұзын қабылдағаннан кейін улану белгілері 30-120 минуттан кейін біліне бастайды. Тынышсыздану, жиі күйіс қайыру, тісін қышырлату, жиі және көп зәр бөлу, іш өту, шөлдеу, әлсіздік, теңселіп жүру, атаксия болады. Жануарлар ұзақ жатып алады, бұзауларда опистонус болады, рефлекстер күшейеді. Бұлшық еттің кейбір бөліктеріндегі діріл, бірте-бірте үзіліссіз дірілге ұласады. Тыныс алу мен жүрек қызметі нашарлайды. Мал қалтырап, дірілдеп, аз уақыттан соң өледі. Қойда улану белгілері 16-18 сағаттан соң, өлім 1 тәулік ішінде болады. Шошқада 2-3 сағаттан соң қозу, құсу, қатты шөлдеу, сілекей ағу болады. Көз қарашығы үлкейіп, нашар көреді. Іші өтіп, кейде қан аралас зәр бөледі. Жүйке жүйесі бұзылуынан өзіне тән емес қимыл, қозғалыстар жасайды. Дене бұлшық еттері дірілдеп, қалтырайды. Өлер алдында құлағы мен терісі көгереді, тері сезімталдығын жоғалтады. Жануар тәулік көлемінде, не одан кейін өледі. Құста шөлдеу, тұмсығынан сұйық ағады, атаксия, қанаттары түсіп, басын артына қаратып алады. өлер алдында аяқ пен қанат салданады.

Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Көптеген нүктелі эндокардтағы қанталаулар, өкпе мен шажырқайдағы ісіктер, бауыр, бүйрек, лимфа түйіндері қанға толған. Катаралды және геморрагиялық гастроэнтерит және бауырдағы дақтарды көруге болады. ОЖЖ-де периваскулярлы аумақтағы тамырлар қабырғаларындағы эозинофил инфильтраты, гемодинамикалық өзгерістер, ісік, жүйке торшаларының дистрофиялық өзгерісі- вакуолизация мен кариопинкоз байқалады.

Балау. Анамнездік,деректеріне, клиникалық белгілеріне және симптом, патологиялық өзгерістерге сүйенеді. Ал балауды бекіту үшін азықты, қарындағы азықты химиялық-токсикологиялық тексерістен өткізеді. Асқазан-ішек және бауырдың құрамынан хлорлы натрийдің мөлшерін тексереді. Мөлшер бойынша ол 0,25-пайыздан аспауы керек.

Емдеу. Су ішкізу жүйкені, жүрек жұмысы мен тыныс алуды қайта қалыпына келтіру керек. Суды мал ішпей қойса, клизма, зонд арқылы су жіберу керек. Мұнсыз басқа әдістердің әсері шамалы. Арнайы антидот ретінде кальций хлоридінің, 10%-ды ерітіндісін ірі қараға күре тамырға жібереді, ал 5%-ды ерітіндіні 1%-ды желатин ерітіндісінде ұсақ малдарға бұлшық етке және тері астына 1-2 мл/кг мөлшерде егеді. Жүрек әлсіздігі мен тыныс алу тарылғанда кофеин натрий-бензоотын, кордиамин және басқа да қуаттандыратын заттар береді. Ас қорыту жолы жұмысын жақсарту үшін ішке өсімдік майларын және нәр бергіш шырышты заттар береді.

Алдын алу. Тұзбен ашығу болмау үшін міндетті түрде үнемі қажетті мөлшерде ағзаға тұздың келуін қамтамасыз ету керек. Шошқаларға азық қалдықтарын берген кезде хлорлы натрийдің мөлшерін бақылау керек. Құрама жемдегі ас тұзының мөлшерін, оны тасымалдағаннан кейінгі әр қабатындағы хлорлы натрийдің мөлшерін анықтау керек.

Наши рекомендации