Тұнбаның тазалығы, тұнбаны сүзу және жуу
Тұнбаны адсорбцияланған қоспалардан тазалау үшін оны жақсылап жуу керек. Бірақ бұл жолмен изоморфты және окклюзияланып түскен қоспалардан арылуға болмайды. Сондықтан мұндай қоспаларды жою үшін қайта тұндыру тәсілін пайдаланған жөн. Бұл әдісте алынған тұнбаны сүзіп жуғаннан кейін оны сәйкес еріткіште (мысалы, қышқылда) ерітіп, сұйылтып, тұнбаны қайтадан түсіреді. Тұнбаны жуып еріткенде ерітіндіге тек тұнбамен қосарлана түскен қоспалар ғана ауысады, сондықтан олардың концентрациясы бұл ерітіндіде алғашқы ерітіндіге қарағанда анағұрлым (жиі жұз, мың еседей) аз болады.
Қоспалардың тұнбамен адсорбциялану қабілеттігі олардың концентрациясы азайған сайын кемитінін еске алсақ, екінші рет түсірілген тұнбамен қосарланатүскен қоспалардың мөлшері күрт азаяды. Бұл әдіс анықтайтын компонентті тұндырғанда ерітіндіде алынған тұнбамен қосарланатүсетін бөгде компоненттің концентрациясы көп болған жағдайда жиі пайдаланылады. Бұл әдіс әсіресе ескіртуге болмайтын көлемді, қоспаларды жақсы адсорбциялайтын аморфты тұнбалар алғанда тиімді пайдаланылады. Бұл жағдайларда екінші рет тұндыру тұнбаның ластануын азайтып, анықтаудың дәлдігін артырады. Бұл әдісті тұнбаны ерітуге лайықты еріткіш болмаған жағдайда пайдалануға болмайды (мысалы, BaSO4).
Үшінші шарт тұнбаның құрылымына қойылады. Тұнбаның құрылымы оны жеңіл сүзіп және қоспалардан жеңіл жуатындай болуы керек. Бұл шартты тұнбалардың табиғатына қарай (кристалды, аморфты) тұндыру жағдайларын сақтау арқылы қанағаттандыруға болады. Тұнбаның фильтрленуі және тазалануы қатты заттың бөлшектерінің мөлшеріне байланысты. Ірі кристалды тұнбалармен жұмыс жасау өте ыңғайлы, себебі олар сүзгіштің саңлауларын бітемейді, жеңіл сүзіледі және жуылады. Кристалды тұнбаларды дұрыс тұндырмаса, онда ұсақ кристалды тұнбалар алынып, олар фильтрден өтіп кетуі мүмкін. Сонымен қатар ұсақ кристалды тұнбалар сүзгіштен саңылауларын бітеп, сүзу процесін өте баяулатады.
Қоймалжындалған аморфты тұнбалардың (мысалы, Al(OH)3) беткі қабаты өте үлкен болады да, ерітіндіден бөгде иондарды жақсы адсорбциялайды және олардан қиын жуылады. Мұндай тұнбалардың сүзілуі де өте баяу жүреді. Сондықтан аморфты тұнбаларды пайдаланғандағы осы ыңғайсыздықтарды жою үшін бұндай тұнбаларды алу жағдайларын қатаң қадағалап сақтау керек.
Тағы бір қажетті шарт – тұнбаның тұну түрі гравиметриялық (өлшеу) түріне жеңіл және толық ауысуы керек. Анализдің аяғында түсірілген тұнбаны сүзіп, жуғаннан кейін оны кептіріп, не қыздырып тұнбаның өлшеуге ыңғайлы гравиметриялық түрін алады. Тұнбаны термиялық өңдеу оның массасы тұрақты шамаға келгенше жүргізіледі. Бұл жағдай тұнбаның тұну түрі түгел гравиметриялық түріне ауысқанын көрсетеді. Тұнбаның қасиетіне қарай ол оны қыздырғанда не өзгермей қалады (мысалы, BaSO4), не химиялық өзгеріске түседі (мысалы, 2Fe(OH)3 → Fe2O3 + 3H2O). Кей тұнбалардың өзгерісі қыздыру температурасына байланысты болады. Мысалы: 2000C-та CaC2O4.H2O (CaC2O4 + H2O) – ге айналады, 475-525оC-та ол әрмен қарай ыдырайды CaC2O4 CaCO3 + CO, 900-10000C-та кальций оксиді пайда болады CaCO3 CaO + CO2↑.
Тұнбаның гравиметриялық түріне де бірнеше шарттар қойылады:
1. Өлшенетін тұнбаның құрамы белгілі химиялық формулаға сәйкес болуы керек, себебі үлгідегі анализдейтін компоненттің мөлшерін өлшенген тұнбаның салмағына қарап анықтайды.
2. Тұнбаның гравиметриялық түрі ауада химиялық тұрақты болуы керек. Егер қыздырылған тұнба ауадан судың буын, CO2 не т.б. заттарды қосып алса, өзінің құрамын өзгертіп белгілі химиялық формулаға сәйкес келмеуі мүмкін.
3. Өлшенетін тұнбаның құрамында анықтайтын элементтің мөлшері аз, ал салыстырмалы молекулалық массасы үлкен болғаны жөн. Бұл жағдайда анализдің нақты нәтижесіне анықтауда жіберілген әртүрлі қателер аз дәрежеде әсер етеді.