Газды қыздыру құрылғылары
Газды жанарғылар– зертханада кең қолданылады. Олардың Бунзен және Теклю газ жанарғысы деп аталатын екі түрі бар.Сонымен бірге Меккер газ жанарғысы да жиі қолданылады. Газды жанарғылар күйелі жарқыраған жалынмен («суық») және жарқырамайтын жалынмен де («ыстық») жанады. Газ жанарғының төменгі бүйір бөлігінен келіп, жанарғыға газ шүмегін ашқаннан кейін ғана келеді. Бунзен жанарғысында оның төменгі бүйір бөлігінен жоғарылау жерде ауа келіп тұруын қамтамассыз ететін 2 тесік қуыс болады. Ауа еркін, жеткілікті келіп тұрса, жарқырамайтын көгілдір жалынмен, ал ауа аз келсе, күйеленіп жанады.
Бунзен жанарғысының 2 типі болады: 1) ауа ағынын реттегіші бар және реттегіші жоқ жанарғылар. Реттегіші бар Бунзен жанарғысында реттеуіш гильза болады. Оны бұрау немесе мүлде жабу арқылы ауа ағынын бақылап, күйелі жалынды, ал гильзаны ашу арқылы әр түрлі көлемдегі ішкі конусты жарқырамайтын жалынды алуға болады.
43 - сурет
Теклю жанарғысы – тағаннан және тағанға бекітілген түтіктен тұрады. Таған жанарғыны ұстап тұрады. Оның бүйірінде газ келетін түтік орналасқан. Ол резеңке түтік арқылы газ шүмегімен жалғасады. Қарсы жағында жанарғыға келетін газды реттейтін винт бар. Винтті бірте-бітре ашып, газды көп немесе аз жіберуге болады. Жанарғы түтігінің төменгі бөлігінде бұранда ойығы болады, сол арқылы түтік тағанға бекітіледі. Түтіктің осы төменгі бөлігінде реттегіш сақина бұралған. Жанарға түтігінің ортасы кеңейген, жуандау болады. Кеңейген бөлімнің төменгі жағы тесіктері бар пластинкамен жабылады. Ол тесіктер арқылы жанарғы түтігіне ауа кіреді және кең бөлікте төменнен келетін газбен араласады. Түтіктің кеңейген бөлігін ауа мен газды аралсатырғыш деп атайды. Жанарғыға келетін ауа сақина арқылы реттеледі. Реттегіш сақина араластырғыштың тесіктерін тығыз жапқан кезде, жанарғыға ауаның келуі тоқтатылады. Сақинаны сыртқа қарай бұрау арқылы ауаның ішке енуін реттейді.
Жанарғыны жағу үшін, резеңке түтіктің бір ұшын газ шүмегіне, екінші ұшын жанарғы тағанының газ жүретін түтігіне кигізу керек. Газдың келуін реттейтін винтті бастапқы күйінен бір-екі айналдырып бұрайды. Ауа келуін реттейтін сақинаны ақырына дейін бұрап жабады да, газ жібергеннен кейін қайта ашып реттейді. Сонан соң шырпыны жағып, газ шүмегін ашады да, жанаған шырпыны жанарғының бүйір жағынан аузына апарады. Ауа реттегішті жалын түссізденгенше ашып қою керек. Газ жанарғысын сөндіру үшін, газ келетін шүмекті жабады. Газды пайдаланбағанда шүмек әрдайым жабық тұруы керек.
Әр жаңа жанарғыны тексеріп отыру керек. Әсіресе жанарғының газ жібермеу мүмкіндігін қадағалау маңызды. Ол үшін жанарғыны газ кранымен жалғап, жағып қарап, газ жүруін реттейтін винттің жұмысын тексереді. Реттеуіш винттің маңында шырпы жағып, тексеріп, ол газды жіберіп тұрса, мұндай жанарғыны жұмысқа қолдануға болмайды. Жанып тұрған жанарғы тұсынан газ иісі білінсе, сол уақытта бірден оның дұрыс жұмыс жасайтынын тексеру керек. Егер жанарғының резина түтігінің жарамсыздығы анықталса, жанарғыны сөндіріп, түтікті ауыстырады.
Колба немесе басқа да ыдыстарды жеңіл қыздыру керек болған жағдайда сақиналы газды жанарғыларды қолданған тиімді. Ол муфтамен жабдықталған және оны штативке бекітуге болады. Муфтаның болуы жанарғыны қыздыру деңгейін реттей отырып, жоғары не төмен қозғауға мүмкіндік береді. Жалын шамасын жанарғының резина түтіктен жалғасқан жері маңындағы кран арқылы реттейді.