Сімдік үшін фосфордың маңызы
Фосфор өсімдік тіршілігіне аса қажетті элементтің бірі болып саналады. Кезінде орыс оқымысты А.Е.Ферсман ”Фосфор - тіршілік пен ақыл-ой элементі” - деген.
Өсімдік организміндегі синтездеу процесі мен зат алмасудың көптеген сатысы фосфор қышқылының қатысуымен өтеді. Әсіресе, әр түрлі органикалық қосылыстар құрамына енетін фосфордың маңызы зор. Солардың ішінде нуклеин қышқылдарын бірінші орынға қоюға болады. Нуклеин қышқылының екі түрі де РНК (рибонуклеин), ДНК (дезоксирибонуклеин) белоктың синтезделуі, өніп-өсу, тұқым қуалаушылық сияқты тіршілік әрекетінің ең маңызды процестеріне қатысады. Олар өсімдіктің барлық мүшелері мен клеткаларында кездеседі. Көпшілік өсімдіктің жапырақтары мен сабақтарында нуклеин қышқылының мөлшері 0,1-1,0 процентке дейін жетеді. Жас жапырақ пен өркеннің өсу нүктесінде нуклеин қышқылы көне жапырақ пен сабаққа қарағанда көбірек болады. Фосфордың органикалық қосылыстарына нуклепротеидтерді-белоктың фосфор қышқылымен қосылысын жатқызуға болады. Олар биохимиялық реакцияның өтуін жылдамдатады және клетка ядросының бөлінуіне қатысады. Фосфор өсімдікте фосфатидтер, фитин, қант фосфаты сияқты қосылыстар құрамында да кездеседі. Фитин кейбір ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары мен вегетативтік мүшелерінің құрамында , фосфор қосылыстарының арасында мөлшері жағынан бірінші орын алады. Мысалы, майлы дақылдарда 1-2%, астық дақылдарының тұқымында 0,5-1% фитин болады. Фитиннің өзінің құрамында 27,5 процент фосфор қышқылы кездеседі. Фосфор өсімдікте жүретін түрлі биосинтез процестерін жүзеге асыру үшін, көп энергия бөліп шығаратын қосылыстар құрамына енеді. Олардың ішінде ең маңыздысы АТФ (аденазин үш фосфор қышқылы) болып саналады.
Өсімдікте фосфор шамалы мөлшерде түрлі минералдық қосылыстар түрінде кездеседі. Оған негізінен орта фосфор қышқылының тұздары жатады. Өсімдік организмінде фосфор көптеген процестерге қатысады. Мәселен, құрамында фосфор қышқылы бар АТФ-сыз фотосинтез және тыныс алу процестері өтпейді, сондай-ақ өсімдіктегі қосылыстардың түрленуі болмайды. Өсімдіктегі көмірсулардың синтезделуі мен ыдырауы фосфордың қатысуымен өтеді. Өсімдік организмінде фосфор қышқылы азотты заттардың алмасуында ерекше рөл атқарады. Мұнда нитратты азоттың аммиаққа дейін тотықсыздануы үшін фосфор қышқылы қажет.
Фосфор өсімдікте оның барлық мүшелерінде кездеседі. Ол азот сияқты өсімдіктің жеміс беретін мүшесінде көп, ал қосалқы өнімде аз болады. Фосфорды өсімдік көбінесе өзінің бастапқы өсу кезеңінде аса қажет етеді. Бұл кезеңдегі фосфордың жетіспеушілігін қосымша қоректендіру есебінен толықтыруға болады деп ойлаудың пайдасы жоқ. Жалпы фосфор жетіспесе өсімдіктің сабағы мен жапырақтарының өсуі баяулайды,тұқым салмайды.