Азот тыңайтқыштарының тиiмдiлiгiн арттыру жолдары

Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін арттыруда, азот тыңайтқыштары маңызды рөл атқарады. Бір кг азот қосымша 10-15 кг астық‚ 30-40 кг қант қызылшасын‚ 5-6 к мақта ұлпасын алуға көмектеседі. Сонымен бірге азот тыңайтқыштары дақылдардың сапалық көрсеткіштерін жақсартады. Азот тыңайтқыштары барлық дақылдарға қолданылады.

Дәнді дақылдарға азотты тыңайтқыштар жақсы әсер етеді. Олар түптену кезеңінде қолданған азоттың жартысын, масақтану кезеңінде 75% өз бойына сіңіреді. Дәнді дақылдарды азотты тыңайтқыштармен үстем қоректендірудің маңызы зор. Азотты тыңайтқыштардың қолданатын нормасы қара топырақтан күңгірт қара қоңыр, кәдімгі қара қоңыр, боз топырақтарға қарай өсіп отырады.

Республикамызда жүргізілген көптеген тәжірибелерде картоп, мақта, күздік бидайға қолданылған мо÷евина мен аммоний селитрасының тиімділігін бірдей болды.

Сол сияқты жылдық атмосфералық жауын-шашын 250-300 мм болатын ылғалдылығы тапшы жерлерде азот тыңайтқыштарының әсері төмен болады. Азот тыңайтқыштары астық дақылдарының тек өнімін жоғарлатып қана қоймай белок мөлшерін де арттырады.

Топыраққа сіңірілген тыңайтқыштың химиялық‚ физика-химиялық‚ биохимиялық өзгерістер, өсімдіктің азотты қабылдауына айтарлықтай әсер етеді. Жай есептеу бойынша, өсімдік (айырмашылық әдісі) тыңайтқыш құрамындағы азоттың 60-70 процентін пайдаланады. Таңбалы атомды қолдану арқылы жүргізілген зерттеу жұмыстары орта есеппен тыңайтқыш азотының өсімдік небәрі 30-50 процентін ғана пайдаланатындығы анықталды.

Өсімдіктің азотты пайдалануы, оған қолданылатын тыңайтқыш мөлшеріне‚ топырақ қасиетіне‚ дақылдардың ерекшеліктеріне тағы басқа жағдайларға байланысты өзгереді. Тыңайтқыш мөлшері артқан сайын, оның құрамындағы азотты өсімдіктің пайдалануы азаяды. Жеке ауыл шаруашылық дақылдары азотты бірдей дәрежеде қабылдамайды. Жүргізілген тәжірибелерге қарағанда азотты арпа‚ сұлы 60‚ тары 45‚ жаздық бидай 44‚ күріш 22 процент пайдаланған. Тыңайтқыш азотын өсімдіктің пайдалану коэффициенті оны беру мерзіміне қарай өзгеретіні байқалды. Мысалы‚ жаздық бидайға аммоний селитрасын түтік шығару кезеңінде 62%‚ гүлдеу кезеңінде 54%‚ сүттеніп пісуде үстеп қоректендірсе 33% азот пайдаланылған (Э.А.Муравин). Өсімдіктің азотты пайдалануы, оның фосфор мен калий элементтерімен қамтамасыз етілу деңгейіне сәйкес өзгеріп тұрады.

Азот тыңайтқыштарының тиімділігіне мына факторлар әсер етеді:

1) тыңайтқыштың әсерінің географиялық заңдылығы; 2) ауыспалы егісте немесе жеке дақылдарға қолданылатын агрономиялық шаралардың жиынтығы; 3) ғылыми тұрғыдан негізделген технологияны пайдалану; 4) азот тыңайтқышының түрлерін жетілдіру; 5) тыңайтқышты қолданудың тиімді әдістерін пайдалану.

Жалпы азот тыңайтқыштарының тиімділігін арттыру егіншілік мәдениетін жақсартумен тығыз байланысты.

Топырақ реакциясы бейтарап немесе әлсіз қышқылдық болған жағдайда азот тыңайтқышының тиімділігі артады.

Ауыспалы егісте минералдық және органикалық тыңайтқыштарды үйлестіріп қолдану керек. Мұнда өсімдіктің минералдық тыңайтқыштардың құрамындағы қоректік заттарды пайдалануына органикалық тыңайтқыш қолайлы ықпал етеді.

Дақылдардың биологиялық ерекшеліктері мен топырақтағы қолданылатын тыңайтқыш құрамындағы элементтердің арақатынасын дұрыс белгілеу оның тиімділігін жоғарлатады.

Тыңайтқышты дер кезінде және прогрессивті тәсілмен топыраққа ендіру оның құрамындағы азотты өсімдіктің өнімді пайдалануына көмектеседі. Мысалы‚ аммоний сульфатын арпаға тұқымды себер алдында бергенде 41‚3%‚ түптенудің басында үстеп қоректендіргенде 48‚5% азотты пайдаланған.

Азот тыңайтқыштарының тиімділігін арттыруда олардың жоғарғы жылдық мөлшерін бөлшектеп берудің маңызы үлкен.

Азоттың ысырап болуын азайтуда және азот тыңайтқыштарының тиімділігін жоғарлатуда, суда баяу еритін түрлерін және ингибитор препараттарын пайдалану жақсы нәтиже береді. Мұнда ингибитор препараттары тыңайтқыш құрамындағы аммонийдің нитрификация құбылысына ұшырауын баяулатады. Соңғы жылдары көпшілік елдерде ингибитор үшін N-serve атты препаратты қолдануда. Аммиакты тыңайтқыштардың бір гектарға арналған мөлшеріне 0‚5-2 кг N-serve препараттарын қосып қолдану нитрификация құбылысын 1‚5-2 айға дейін тежейді. Сөйтіп азоттың газ күйінде ысырап болуын және нитрат түрінде шайылуын 1‚5-2 есе азайтады. Бұл препаратты суармалы аймақта өсірілетін мақта‚ күріш‚ көкөніс‚ күздік бидай сияқты дақылдарға қолдану жақсы нәтиже береді.

Наши рекомендации