Төсенішті көң, құрамы, түрлері, сақтау әдістері, қолдану ерекшеліктері
Органикалық тыңайтқышқа көң‚ көң садырасы‚ құс саңғырығы‚ қордалар‚ шаруашылық қалдықтары‚ шымтезек‚ сапропель, сидераттар т.б. жатады. Органикалық тыңайтқыштардың маңызына тоқтала келіп академик Д.Н. Прянишников былай деп жазған: ”Химия өнеркәсібінің дамуына және минералдық тыңайтқыштардың кеңінен таралуына байланысты‚ көңнің маңызы кейінгі екінші кезектегі жоспарға қалдырылады деп ойлау мүмкін емес‚ керісінше‚ минералдық тыңайтқыштарды қолданудың артуына байланысты көңнің мөлшері де арта түседі. Мұны химияландырудың жоғары дәрежесіне жеткен елдердің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Бұл жағдай, көңді ауыл шаруашылығы дақылдарына ең басты тыңайтқыштар ретінде қолдануды бірі деп санауға мәжбүр етеді”.
Органикалық тыңайтқыштар топырақтың агрономиялық қасиеттеріне жан-жақты әсер етеді және дақылдардың өнімін арттыруда маңызды рөл атқарады. Мысалы‚ Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал тәжірибе стансасының көпжылдық деректеріне қарағанда, гектарына 30 тоннадан көң қолданғанда боз топырақтың құрамындағы гумус (0-25 см тереңдіктегі) мөлшері 1‚125 процент‚ азот 0‚136 процент‚ ал тыңайтқыш берілмеген жердің топырағында бұл көрсеткіштер тиісінше 0‚573 және 0‚082 процент болған. Органикалық тыңайтқыштар құрамында өсімдіктің қоректенуіне қажетті барлық элементтер кездеседі. Мәселен‚ мүйізді ірі қара малының көңінің бір тонна құрғақ затында 20 кг азот‚ 10 кг фосфор‚ 24 кг калий‚ 28 кг кальций‚ 6 кг магний‚ 4 кг күкірт‚ 25 г бор‚ 230 г марганец‚ 20 г мыс‚ 100 г мырыш‚ 2 г молибден‚ 1‚2 г кобальт‚ 0‚4 г йод болады. Сондықтан оларды толық тыңайтқыш деп атайды.
20 тонна жартылай шіріген төсенішті көң 0‚3 тонна аммоний селитрасын‚ 0‚25 тонна жай суперфосфатты‚ 0‚3 тонна калий хлоридін алмастырады.
Минералдық тыңайтқыштарға қарағанда органикалық тыңайтқыштарда қоректік заттардың мөлшері аз болады.
Органикалық тыңайтқыш өсімдік үшін көмір қышқыл газының көзі болып табылады. Топыраққа енгізілген бұл тыңайтқыштардың ыдырауынан пайда болған көмір қышқыл газы топырақ ауасын‚ топырақтың үстіңгі қабатын қанықтырады да өсімдіктің ауа арқылы қоректенуі жақсарады. Жасалған есеп бойынша бір гектарға енгізілген 30-40 тонна көң бірқалыпты жағдайда ыдырағанда күнделікті қосымша 100-200 кг көмірқышқыл газы бөлінеді. Мұндай құбылыстың маңыздылығы сонда‚ дәнді дақылдардың әр гектардағы өнімділігін 20-25 центнерге жеткізу үшін 100 кг СО2‚ ал картоп пен көкөністен 400-500 центнер өнім алу үшін 200-300 кг СО2 жұмсалады.
Органикалық тыңайтқыштар топырақ микроорганизмдері үшін энергетикалық материал мен қоректік заттардың негізгі көзі болып саналады. Сонымен қатар олар топырақты түрлі микрофлоралармен байытады‚ аммонификация және нитрификация процестерін жеделдетеді.
Органикалық тыңайтқыштарды енгізу-топырақ құнарлылығын арттырудың басты тәсілі. Әрдайым органикалық тыңайтқыштарды жоғары мөлшерде қолданғанда топырақтың агрохимиялық көрсеткіштері‚ биологиялық‚ физикалық‚ физика-химиялық‚ химиялық қасиеттері‚ су және ауа режимдері жақсарады. Топырақтың сіңіру сиымдылығы мен негізбен қанығу дәрежесі артады‚ қышқылдылығы төмендейді‚ жылжымалы алюминий‚ темір‚ марганец мөлшері кемиді‚ буферлігі жоғарлайды.
Органикалық тыңайтқыштар минералдық тыңайтқыштың тиімділігін арттырады. Топырақ ерітіндісінің шамадан тыс қоюлануын және қоректік заттардың шайылуын кемітеді. Минералдық тыңайтқыштар көбінесе енгізілген жылы ғана әсер ететін болса‚ органикалық тыңайтқыштардың әсері бірнеше жылға созылады. Органикалық және минералдық тыңайтқыштарды бірге қолданса анағұрлым мол өнім алады. Ғылыми және өндірістік тәжірибелерде таза көңнің өзі дақылдардың өнімділігін 20-30 процент‚ минералдық тыңайтқыш 25-35‚ ал екі түрін бірге пайдаланғанда 40-60 процентке дейін арттыратындығы анықталған. Мысалы‚ Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында жүгерінің әр гектарына 20 тонна көң бергенде өнім мөлшері 100‚7 центнерге‚ 120 кг азот‚ 60 кг фосфор‚ 60 кг калийді минералдық тыңайтқыш түрінде сіңіргенде 105‚9‚ ал органикалық және минералдық тыңайтқыштарда араластырып пайдаланғанда өнім 126‚9 центнерге жетті. Профессор К.Иманғазиевтың ғылыми талдаулары бойынша әр гектарға енгізілген 20 тонна көң мақта өнімін гектарына 7 ц‚ қант қызылшасын - 100 ц‚ дәндік жүгеріні 15 ц‚ күрішті 10 және бидайды 5 ц арттырады.
Сонымен егілетін дақылдардан мол әрі сапалы өнім алу үшін және топырақ құнарлылығын арттыруда органикалық тыңайтқыштарды қолданудың маңызы зор.
Егіншілікте өте ертеден қолданылып келе жатқан органикалық тыңайтқыштардың бірі көң.
Көң құрамдас бөлігіне байланысты төсенішті және төсенішсіз деп ажыратылады.
Төсенішті көң қатты‚ сұйық бөліктен және төсеніштен тұрады. Малдың жеген азығының құрамындағы органикалық заттың 40‚ азоттың 50‚ фосфордың 80 және калийдің 95 проценті көңге ауысады.
Көңнің құрамы малдың түріне‚ оның жасына‚ азықтың түріне қарай өзгеріп тұрады. Бұл факторлар сол сияқты көңдегі қатты және сұйық бөліктердің арақатынасына да әсер етеді.
Мал денесінен бөлінетін қатты және сұйық бөліктердің химиялық құрамы бірдей емес. Мұнда айта кететін бір жағдай мал денесінен шығатын фосфордың барлығы жас нәжісте болса‚ азоттың 50-70 проценті және калий зәрмен бірге бөлінеді.
Құрғақ зат‚ азот және басқа элементтердің мөлшері жылқы мен қой малдарының көңінде жоғары болатындықтан тезірек шіриді.
Төсеніш-көңнің сапасын жақсартатын және көң садырасы мен азоттың ысырап болуын төмендететін құрамдас бөлігі. Төсеніш ретінде сабан‚ шымтезек‚ ағаш үгіндісі т.б. материалдарды пайдаланады.
Төсеніштің агрономиялық маңызы зор. Ол шаруашылықта жиналатын көң мөлшерін молайтады. Төсенішпен көң құрамына қосымша қоректік элементтер енеді. Бұл элементтер микробиологиялық процестердің әсерінен өсімдікке сіңімді күйге ауысады.
Төсеніш малдың сұйық экскрементін (зәр) және пайда болған аммиакты азотты сіңіреді. Сөйтіп, бұл заттардың ысырап болуын азайтады. Мәселен‚ сабанның бір бөлігі 2-3‚ ойпатты жердің шымтезегінің бір бөлігі 5-7‚ қыратты жердің шымтезегінің бір бөлігі 10-15 бөлік малдың сұйық экскрементін сіңіреді.
Төсеніш-көңнің физикалық‚ физика-химиялық және биологиялық қасиеттерін жақсартады. Атап айтқанда‚ көңнің ылғалдылығы азды-көпті төмендейді‚ онша тығыздалмайды және сақтағанда жеңіл ыдырайды.
Төсеніш үшін сабан мен шымтезекті пайдаланғанда сапасы жақсы көң алынады.
Төсенішті көң құрамы оны сақтау мерзімінің ұзақтығына‚ азық түріне‚ оның сапасына‚ төсеніш мөлшеріне және ыдырау дәрежесіне байланысты да өзгереді.
Ауыл шаруашылығында негізінен аралас төсенішті көң пайдаланылады. Оның құрамында шамамен 0‚5% жалпы азот‚ 0‚25% фосфор және 0‚6% калий болады.
Төсенішті көң-өсімдік үшін қоректік заттардың көзі
Төсенішті көң құрамында өсімдіктерге қажетті барлық қоректік элементтер болатын толық органикалық тыңайтқыш. Топыраққа енгізілген көң микроорганизмдердің қатысында минерализацияланады. Оның жалпы органикалық затының 72 проценті минералдық қосылыстарға өтеді‚ ал 28 проценті топырақ шіріндісіне ауысады.
Минерализация процесінің жылдамдығы көң сапасына‚ топырақтың қасиеттеріне‚ оның ауа‚ су режимдері мен реакциясына т.б. жағдайларға байланысты өзгеріп отырады. Көңнің органикалық заттарындағы көміртегінің көп бөлігі көмірқышқыл газына дейін тотығады. Азот пен күл элементтерінің өсімдікке сіңімділігі көңнің құрамына‚ ыдырау дәрежесіне және минерализация процесінің өту жылдамдығына байланысты. Негізгі үш қоректік элементтердің (азот‚ фосфор‚ калий) ішінде көңде калий мөлшері жоғары және ол жылжымалы‚ әрі өсімдікке сіңімді хлорсыз қосылыстар түрінде кездеседі. Сондықтан хлор элементіне сезімтал дақылдар (темекі‚ картоп‚ көкөніс‚ жидек) үшін көң хлоры бар минералдық тыңайтқыштарға қарағанда бағалы болып саналады. Өсімдік бірінші жылы калий элементін көң мен минералдық тыңайтқыштардан шамамен бірдей мөлшерде (60-70%) сіңіреді.
Көңде фосфор негізінен қатты экскремент пен төсеніш құрамында кездеседі. Ол көң садырасында өте аз болады. Органикалық заттардың минералдану барысында, ерігіштік дәрежесі әртүрлі ортофосфор қышқылының тұздары түзіледі. Бұл пайда болған ортофосфор қышқылының тұздары, көңнің органикалық заттарының әсерінен минералдық тыңайтқыштар құрамындағы фосфорға қарағанда химиялық жолмен байланысуы баяу өтеді.
Өсімдік бірінші жылы көңдегі жалпы фосфордың 30-40 процентін сіңіреді. Минералдық тыңайтқыш құрамындағы фосфордың өсімдік бастапқы жылы 15-20 процентін ғана пайдаланады. Көңнің органикалық заттары өзінің фосфорымен қатар топырақтың және органикалық тыңайтқыштармен бірге берген минералдық фосфаттың да фосфорының өсімдікке сіңімді күйге ауысуына әсер етеді.
Азот көңнің барлық бөліктерінде кездеседі. Оның сұйық бөлігіндегі азотты өсімдік тікелей пайдалана алады. Қатты бөлік пен төсеніш құрамындағы азотты заттар минерализация процесіне ұшырағаннан соң сіңімді түрге ауысады. Көңнің органикалық азотты заттары аммиакқа дейін ыдырайды. Пайда болған аммиакты азотты өсімдік және микроорганизмдер пайдаланады немесе нитрификация процесіне ұшырайды. Топырақ ылғалдылығы жоғары сілтілік ортада‚ анаэробты жағдайда және топыраққа енгізілген көң құрамында клетчатка мол болса, азотты заттар денитрификация процесіне түсуі мүмкін. Өсімдік бірінші жылы негізінен көң құрамындағы аммиакты азотты сіңіреді. Жалпы көңнің азотын өсімдіктің пайдалануы бірдей емес. Мәселен‚ бірінші дақыл қой көңіндегі азоттың 30 процентін‚ жылқы көңіндегі азоттың 20‚ сиыр көңіндегі азоттың 18‚ шошқа көңіндегі азоттың 10 процентін қабылдайды. Көңдегі азотты өсімдіктің пайдалану коэффициенті оның ыдырау дәрежесіне байланысты өзгеріп отырады. Жас көңнен 7‚8 процент‚ жартылай шіріген көңнен 23‚4‚ толық шіріген көңнен 17‚5‚ шіріндіден 4‚8 процент азотты пайдаланады.
Орта есеппен бірінші дақыл көңнің құрамындағы азоттың 20-25 процентін пайдаланады. Ал өсімдіктің минералдық тыңайтқыш азотын сіңіру коэффициенті 60-70 процентке жетеді.
Сонымен, ауыл шаруашылығы дақылдары үшін төсенішті көңнің, құрамындағы қоректік заттарды пайдалануы маңызды шараның бірі болып саналады.
Төсенішті көң түрлері және оны сақтау әдістері
Төсенішті көңді ыдырау дәрежесіне қарай жас немесе нашар ыдыраған‚ жартылай шіріген‚ толық шіріген және шірінді деп бөледі.
Төсеніш ретінде пайдаланған сабан әлі де болса өзінің бастапқы сары түсі мен беріктігін жоғалтпаса, оны жас көң дейді.
Жартылай шіріген көңнің төсеніші (сабан) берік емес және түсі күңгірт-қоңыр‚ ал суының сүзіндісі қою‚ қара болып келеді. Мұндай көңнің массасы жас көңмен салыстырғанда 20-30% азаяды.
Толық шіріген көң жабысқақ қара түсті масса. Оның суының сүзіндісі түссіз болады. Массасы жас көңнің массасынан 50% аз болады.
Шірінді органикалық затқа бай топырақ түстес‚ біртектес масса. Массасы жас көң массасынан 75% аз болады.
Ауыл шаруашылығында топырақ-климат жағдайларына қарай, толық немесе жартылай шіріген көңді пайдалану керек. Мұнда оңтүстік-шығыс аудандардың суарылмайтын қуаңшылық аймақтарында топырақты одан әрі құрғап кетуден сақтау үшін көктемде толық шіріген‚ ал ылғал жеткілікті аудандарда жартылай шіріген көң пайдалану ұсынылады. Жауын-шашыны мол аудандарда, вегетациялық кезеңі ұзақ дақылдарға күзде сүдігер жыртар алдында жас көңді қолдануға болады.
Төсенішті көңді сақтаудың бірнеше әдістері ұсынылады: Көңді малдың астында сақтау үшін, мал алаңдарға қалыңдығы 30-50 см сабан төсейді. Малдардың астындағы төсеніш олардың денесінен бөлінетін қатты және сұйық экскременттермен бірқалыпты араласады‚ әрі тапталады. Беткі қабаты өте дымқылданған жағдайда тағы да аздап сабан шашып тастайды. Көңді мал астында сақтағанда арнаулы қойма салудың қажеті жоқ. Сабанды уақтылы және мол пайдаланса, бүкіл көң садырасы көңде жиналады және аммиакты азоттың ысырап болуы байқалмайды. 2. Тығыздалған күйінде сақтау үшін арнаулы көң қоймаларына жинайды. Мұнда көңді ені 5-6 м, қалыңдығы 1 м, ал ұзындығы жиналу мүмкіншілігіне қарай үйеді де, дереу таптайды. Мүның үстіне келесі қабатты салып, оны да тығыздайды. Тығыздалған үйменің биіктігі 2‚5-3 метрге жеткенде үстін сабанмен жауып қояды. Көң анаэробты жағдайда ыдырайды және ылғал бірқалыпты сақталады. Көңді бұл әдіспен сақтағанда оның температурасы қыста 20-250С‚ ал жазда 30-350С жоғары көтерілмейді. Көң массасының арасындағы барлық қуыстар көмірқышқыл газымен‚ судың буымен қаныққандықтан көмірқышқыл аммоний аммиакқа‚ көмірқышқыл газына және суға дейін ыдырамайды. Басқа әдістерге қарағанда көңді тығыздап сақтау, органикалық заттар мен азоттың ысырап болуын анағұрлым азайтады. Жас көңді тығыздап сақтағанда ол 3-4 айда жартылай шіріген‚ 7-8 айда толық шіріген күйге ауысады. Қопсытып-тығыздап сақтау үшін, мал қорасынан шыққан жас көңді қоймаға (апан) қалыңдығы бір метр етіп үйеді. Тығыздалмаған үйме температурасы 60-700С (3-5 күн) жеткенде таптайды. Тығыздалған үймеге келесі жас көңді төгеді‚ оны да 3-5 күннен кейін таптайды. Мұндай тәсілді үйме биіктігі 2-3 метрге жеткенше жүргізеді. Бұл әдіспен көңді сақтағанда микробиологиялық процесс бастапқы кезде (3-5 күн) аэробты жағдайда өтеді. Органикалық заттар мен азоттың шамалы бөлігі ысырап болады. Екінші сатысында (тығыздағаннан кейін) көң массасының температурасы 30-350С дейін төмендейді және ыдырау процесі анаэробты жағдайда жүреді.
Төсенішті көңінің сақтау мәселесіне жете көңіл бөлмейді. Көңді сиыр қораның‚ шошқа қораларының‚ жылқы қорасының төңірегіне қалай болса‚ солай үйе салады‚ осының салдарынан оның қоректік заттары текке ысырап болады.
Төсенішті көңді сақтау үшін мал фермасына жақын жерден апан қазады немесе жер бетінен көң сақтайтын қойма жасайды. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандары үшін көңді апанда сақтаудың маңызы үлкен. Өйткені жер бетіне үйілген көң бұл аймақтарда тез кеуіп кетеді.
Көң сақтауға арналған апанды ыза суы терең жатқан жерде жасайды. Оның су өтпейтін цементтелген немесе асфальтталған табаны мен қабырғасы болады. Көң қоймасы мал қораларынан кемінде 50 метр‚ елді мекеннен 500-1000 метр қашықтықта‚ жауын-шашын мен қар суы жиналмайтын жерлерге салынады. Ыза суы жер бетіне жақын болса көң сақтайтын қойманың бүйірінен су өтпеу үшін айналасына биіктігі 0‚5 метр етіп цемент немесе асфальт құяды. Апан шұңқырдың сыртынан қалыңдығы 10 санитиметрдей топырақ бастырып қояды. Ол көңдегі азот қосылыстарының әсіресе аммиактың ұшып кетуіне кедергі жасайды. Көң шіри бастағанда көп іркілетін көң садырасын жинау үшін, қойманың ұзын бойына құдық жасалады. Көң қоймасының табаны садыра құдығы жаққа қарай еңкіштеу болу керек. Қойманың сыртынан іркілген су ылдиға ағып кету үшін‚ айнала арық қазып қояды. Көң қоймасының ішіне кіріп-шығу үшін оның көлденең (қысқа) екі жағының ернеулерін кесіп жол салады.
Көң қоймасының үлкендігі мал санына‚ жиналатын көң мөлшеріне байланысты анықталады. Жылына бір рет тасып әкетілетін болса және тығыздалған үйме биіктігі 1‚5-2 метрден аспаса әрбір ірі қара мал үшін 5 шаршы метр‚ екі жасқа дейінгі ірі қара төлі үшін 3‚ шошқа үшін 1‚5‚ қой мен ешкі үшін 0‚5‚ жылқы үшін 4 шаршы метр болуы керек.
Көктем мен жазда дала жұмыстарының көптігінен көлік құралдары жетіспеуі мүмкін. Сондықтан қоймадағы жартылай шіріген немесе мал қораларындағы жас көңді тікелей егістікке қыста тасу жұмыстарын ұйымдастырады. Ол үшін егістікте алаңды қардан тазартады‚ оған қалыңдығы 20-25 см сабан төсейді. Оның үстіне ені 3-4 м‚ биіктігі 2-2‚5 м етіп көңді үйеді. Үйінді үстіне қалыңдығы 15-25 см сабан жабады.
Шаруашылықта жинақталған көң құрамындағы қоректік заттардың ысырап болуын азайту үшін төсенішті молырақ төсеу ұсынылады. Сол сияқты тығыздалған күйінде сақтау‚ көң садырасын жинайтын құдықтар жасау және көңге түрлі фосфор тыңайтқыштарын қосып қорда дайындау, құрамындағы заттардың ысырап болуына кедергі жасайды.
Төсенішті көңді сақтағанда болатын өзгерістер
Көңді сақтау кезінде қатты экскременттер мен төсеніш микроорганизмдердің қатысында қарапайым минералдық қосылыстарға дейін ыдырайды және екінші қайтара синтезделу процесі жүреді. Мысалы‚ аммиакты азот микроорганизмдер денесіндегі белоктың құрамына енеді. Аммиакты азоттың біраз бөлігі амидті түрге өзгереді. Көбінесе аммиакты азот көң құрамындағы сұйық экскремент ыдырағанда ұшып кетеді. Мал зәрі көңнің басқа бөліктеріне қарағанда тезірек‚ әрі бұрынырақ ыдырайды.
Сұйық экскременттер құрамында азот мочевина СO(NH2)2, гиппур қышқылы C6H5CONHCH2COOH және зәр қышқылы түрінде кездеседі. Мочевина уробактерлер денесінен бөлінетін уреаза ферментінің қатысында көмірқышқыл аммонийға өзгереді:
СO(NH2)2 + 2H2O = (NH4)2CO3
Көмірқышқыл аммоний тұрақсыз қосылыс болғандықтан аммиакқа‚ көмірқышқыл газына және суға дейін ыдырайды:
(NH4)2CO3 2 NH3 + CO2 + H2O
Гиппур қышқылы ең алдымен бензой және аминді сірке қышқылдарына ыдырайды:
C6H5CONHCH2COOH+ H2O C6H5COОН+СН2NН2СООН
Пайда болған аминді сірке қышқылы одан әрі сірке немесе оксисірке қышқылына және аммиакқа өзгереді:
СН2NН2СООН+ H2O СН2ОНСООН+NH3
Зәр қышқылының ыдырауынан мочевина‚ сонан соң көмірқышқыл аммоний пайда болады:
C6Н4N4O3+ O2+ H2= C4Н6N4O3+CO2;
C4Н6N4O3+ 2H2O=2CO(NH2)2+HCOCOOH;
CO(NH2)2+2 H2O=(NH4)2CO3;
(NH4)2CO3= 2NH3+ CO2+ H2O.
Сонымен сұйық экскременттер құрамындағы барлық азотты қосылыстар бос амииакқа дейін ыдырайды.
Сол сияқты төсенішті көң ыдырағанда сіңіру сиымдылығы жоғары органикалық қышқылдар мен шірінді заттар түзіледі. Бұл қосылыстар аммиакты сіңіріп , оны ұшып кетуден сақтайды.
Бос аммиак түзілуді тежейтін басты факторға көң ыдырауынан пайда болған көмірқышқыл газы да жатады.
Көңнің құрамындағы төсеніш пен қатты экскременттердің азотсыз органикалық заттарын, ыдырау дәрежесіне қарай екі топқа бөледі. Бірінші топқа қант‚ крахмал‚ пектин‚ пентозандар‚ органикалық қышқылдар сияқты жеңіл ыдырайтын қосылыстар жатады. Екінші топқа клетчатка‚ тағы басқа баяу ыдырайтын органикалық заттар кіреді. Көңнің ыдырауының жылдамдығы оның құрамындағы осы екі топқа жататын азотсыз органикалық заттардың арақатынасына байланысты болады. Егер көңде бірінші топтың органикалық заттары көп болса‚ ол жылдам ыдырайды.
Азотсыз органикалық заттар аэробты бактериялардың әсерінен көмірқышқыл газы мен суға дейін ыдырайды:
(C6Н10O5)n+n6O2 n( 6CO2 +5H2O)
Анаэробты микроорганизмдердің қатысында азотсыз органикалық заттар ыдырауынан метанмен көмірқышқыл газы түзіледі:
(C6Н10O5) n + n H2O n(3СH4 +3С O2)
Жас және жартылай шіріген көң құрамында нитратты азот болмайды. Оған себеп көң аэробты жағдайда шірігенде жоғары температураның (60-700С) әсерінен нитрат түзуші бактериялар тіршілігін тоқтатады. Шірінді құрамында нитратты азот өте аз мөлшерде кездеседі. Сондай-ақ нитрат түзуші бактериялардың дамуына көңде аммиак пен суда еритін органикалық заттардың концентрациясының жоғарлауы да теріс әсер етеді.
Төсенішті көңді қолдану
Төсенішті көңді тиімді қолданудың негізгі әдісі - оны топырақты жыртқанда ылғалды қабатыңа енгізу. Бір гектарға арналған көң мөлшері оның ыдырау дәрежесіне‚ тыңайтқыш қолданатын дақыл ерекшелігіне‚ топырақ және климат жағдайларына байланысты 20 тоннадан 50 тонна аралығында болады. Сүрлемдік‚ көкөніс‚ картоп‚ отамалы дақылдар мен тамыржемістілерге, масақты астық дақылдарына қарағанда көңді мол қолдаланады.
Гумус пен қоректік заттардың жылжымалы түрлері аз топырақтарға көң қолдану қажет.
Нашар топырақтың құнарлылығын тезірек көтеру мақсатында‚ әрі мүмкіндігінше мол өнім жинау үшін көңнің жоғары мөлшерін қолданған тиімді. Ауыспалы егісте көң берілетін танапты жеке дақылдардың биологиялық ерекшеліктері мен олардың экономикалық маңызын ескере отырып белгілейді. Далалық ауыспалы егісте көңді күздік немесе отамалы дақылдарға берген пайдалы. Көң топырақ ерітіндісіндегі тұздардың жоғары концентрациясына төзбейтін және вегетациялық кезеңі ұзақ дақылдар үшін бағалы тыңайтқыш болып саналады. Мәселен‚ көкөніс ауыспалы егісте, көң қияр дақылы орналасқан танапқа берілуі тиіс. Вегетациялық кезеңі қысқы дақылдарға (капуста мен картоптың ерте пісетін сорттары т.б.) толық шіріген‚ ал кеш жиналатын (қант қызылшасы т.б.) және күздік дәнді дақылдарға жартылай шіріген көң қолдану керек.
Шаруашылықта көңді топыраққа енгізу тереңдігіне көңіл бөлген жөн. Мұнда, көңді құрғақшылық аймақтарда және құм‚ құмдақ топырақтарға 20-22 см‚ ал ылғал мөлшері жеткілікті және саз‚ саздақ топырақтарға 12-14 см тереңдікке енгізеді.
Көңнің‚ әсіресе оның жоғары мөлшерінің тура әсері күшті және кейінгі әсері ұзақ болады. Дегенмен көңнің кейінгі әсерін топырақ-климат жағдайлары айқындайды. Мәселен‚ көңнің кейінгі әсері солтүстік аудандарда 7-8 жылға‚ оңтүстікке 2-3 жылға созылады.
2 Қордалар, құс саңғырығы, жасыл тыңайтқыштар (сидераттар)
Қордалар. Көңнің әсерін күшейту және қолданылатын органикалық тыңайтқыш мөлшерін арттыру үшін, шаруашылықта қорданы кеңінен пайдаланудың маңызы үлкен. Қорда даярлау үшін сабан қалдықтарын, көң садырасын, өнеркәсіп қалдықтарын, тамақ қалдықтарын, өсімдік жапырақтарын, түрлі нәжістерді, күлді және минералдық тыңайтқыштарды пайдаланады. Қорда дайындау тазалық-гигиеналық маңызы бар шаралардың бірі болып саналады. Қордаларды түрлі қалдықтардан даярлағанда ерденені қабат-қабат етіп жинайды. Онда әр қабаттың қалыңдығы 50-60 сантиметрге жеткенде, сумен немесе қи садырасымен толық шыланғанша сулайды. Қорда дайындауға пайдаланған қалдық бетіне жұқалап (10-12 см) көң, құс саңғырығы салынып осылардың үстіне күл, суперфосфат немесе басқа фосфор тыңайтқышын себеді. Мұнда әр бір тонна қалдыққа 10-15 кг суперфосфат және 20-30 кг күл келуі қажет. Мұнан кейін осылардың үстіне қалдықтың жаңа қабаты салынады да, үстіне қи садырасы себіліп, тағы да құс саңғырығының, көңнің, фосфор тыңайтқышының келесі қабаты салынады. Ердене биіктігі 2-2,5 метрге жеткенге дейін осылай салына береді. Ердене үстін топырақпен жауып, оны нығыздап таптайды, 2-2,5 айдан кейін қорда пайдалануға әзер болады.
Көңге топырақ, суперфосфат қосу арқылы дайындалған қорда құрамындағы азоттың ысырап болу мейлінше төмендейді. Бұл ретте аммиак күкірт қышқыл аммоний түрінде байланыстырылады. Сонымен қатар органикалық заттардың шіруі жылдам өтеді және көңнің әсерін күшейте түседі. Егер 20 тонна көңде 8 кг аммиакты азот болса, көң топырақ қордасында оның мөлшері 35 килограмға дейін көтеріледі. Мұнда көң-топырақ қордасын даярлау үшін 10 тонна көңге 1,5-2 ц суперфосфат қосылады. Форформен байытылған көң-топырақ қордасы 2-4 айда қолдануға даяр болады. Көң-топырақ қордасын жылдың кез келген уақытында дайындайды. Қорданы негізгі тыңайтқыш ретінде, гектарына 15-20 тонна есебінде астық дақылдарына пайдаланады. Отамалы және көкөніс дақылдарына 30-50 тоннаға дейін қолданады.
Құс саңғырығы тез әсер ететін, құнды органикалық тыңайтқыш болып саналады. Онда өсімдік оңай сіңіретін азот және күл элементтері мол.
Құс саңғырығы құрамындағы қоректік элементтердің орташа мөлшері, %
Құстар | Су | N | P2O5 | K2O | CaO | MgO | SO3 |
Тауық | 2‚2 | 1‚8 | 1‚1 | 2‚4 | 0‚7 | 0‚4 | |
Үйрек | 0‚8 | 1‚5 | 0‚5 | 1‚7 | 0‚3 | 0‚3 | |
Қаз | 0‚6 | 0‚5 | 0‚9 | 0‚6 | 0‚3 | 1‚1 |
Бір жылда әр тауықтан 6-7 кг‚ үйректен 7-9 кг‚ қаздан 10-12 кг саңғырық жиналады.
Құс саңғырығында азот негізінен зәр қышқылы түрінде болады. Олардың құрамында қоректік заттардың қоры берілетін жемнің түрі мен сапасына қарай өзгеріп отырады. Жас саңғырықта азоттың ұшуы онша байқалмайды. Алайда сақталған мерзімі ұзайған сайын аммиактың жоғалуы көбейе бастайды. Зәр қышқылы мочевинаға, ол көмірқышқыл аммонийге, одан әрі көмір қышқыл газына, суға, аммиакка ыдырап кетеді. Мысалы, 1,5-2 ай ішінде азоттың ысырап болуы 30-60 процентке жетеді.
Саңғырықты жинаудың және азотты өзінде сақтаудың ең тиімді тәсілі-құс қорасына құрғақ төсеніш төсеп тастау. Қаз бен үйректің саңғырығы сұйық болатындықтан оларға төсенішті молырақ пайдаланған дұрыс. Төсеніш ретінде шымтезек немесе ағаш үгіндісін қолданады. Сол сияқты жас саңғырықты суперфосфат немесе құрғақ, толық шіріген көңмен араластырады. Мұндай жағдайларда саңғырық құрамындағы органикалық зат пен азоттың жоғалуы онша көп болмайды.
Төсенішсіз алынған жас құс саңғырығын жоғары температурада (600-800оС) автоклавта немесе кептіргіш шкафта қыздырады. Кептірілен саңғырық құрамында азот 4-6%, фосфор 2-3, калий 2-2,5 проценттей болады. Осылай дайындалған саңғырықты қапшықтарға салып тасымалдаған дұрыс.
Жақсы сақталған құс саңғырығы топырақтың барлық түріне егілетін, ауыл шаруашылығы дақылдары үшін аса бағалы тыңайтқыш.
Қыздырылмаған жас құс саңғырығын жер жыртар алдында негізгі тыңайтқыш ретінде гектарына көкөніс, картоп, мал азықтық тамыр жемістілер мен жеміс-жидек сияқты дақылдарға 4-10 тоннаға дейін беруге болады. Үстеп қоректендіру үшін әр гектарға 0,8-1 тонна қолданады. Бірінші жылы ауыл шаруашылығы дақылдары қыздырылмай дайындалған құс саңғырығындағы азоттың 30-40, фосфордың 35-45, калийдің 60-80 процентін пайдаланады.
Жасыл тыңайтқыштарды қолдану топырақ құнарлылығын арттырудың агротехникалық тәсілдерінің бірі. Жасыл тыңайтқыш үшін өсірілетін дақылдарды сидераттар деп атайды. Жасыл тыңайтқыш ретінде бөрі бұршақ, сераделла, сиыр жоңышқа, эспарцет, тригонелла, чина, шабдар, қыша, нут сияқты дақылдарды пайдаланады.
Жасыл тыңайтқыштар топырақтағы органикалық заттар мен азоттың қорын арттырады және фосфор, калий тағы басқа қоректік заттарды сіңімді түрлерімен байытады. Топырақтың ауа, су өткізгіштігі жақсарады. Микробиологиялық процестің жүруі жылдамдайды. Жасыл тыңайтқыш құрамындағы азотты өсімдіктің пайдалануы көңдегі азотқа қарағанда екі есе жоғары болады. Топыраққа енгізілген жасыл тыңайтқыштар оның негізбен қанығу дәрежесін, сіңіру сиымдылығын, буферлігін жақсартады.
Жасыл тыңайтқыштар жеке немесе басқа дақылдармен бірге егілуіне қарай дара және тығыздалған (аралас) болып екіге бөлінеді. Дара сидераттар алқапқа бір-екі маусым немесе бірнеше жыл қатарынан егіледі. Вегетациялық дәуірі қысқа негізгі дақыл жиналған соң, ол алқапқа жасыл тыңайтқышты орналастырады, күзге қарай көк балаусаны топырақты жырту арқылы сіңіреді де күздік дақыл себеді. Мұндай жасыл тыңайтқышты аралық сидерат дейді. Барлық алқапты немесе оның кейбір учаскелерін жолақ түрінде қамтуына қарай сидераттар жаппай және ықтырмалы болып бөлінеді. Оларды орып алу әдістеріне қарай жер бетіндегі өскіндері мен тамыр жүйелерін бірге, басқа жағдайда жер бетіндегі немесе тамыр жүйелерін жеке-жеке пайдаланады.
Қазақстанның оңтүстік облыстарында егілетін техникалық, отамалы және астық дақылдарына қолданатын азотты тыңайтқыштар мен көңнің орнына сидераттарды пайдалануға болады. А.А. Лукашев пен П.К.Ажигоев Жамбыл және Алматы облысында жағдайында жасыл тыңайтқыштармен егістік тәжірибе жүргізіп, сиыр жоңышқа, тасбеде, жем бұршақ, шабдар және басқа өсімдіктерді егіп сынады. Аталған облыстардың жағдайында күздік бұршақ, сиыр жоңышқа, тас беде, ноғатық, шабдар мол көк балауса беретінін анықтады. Екі жылдың ішінде ноғатықтың гектарынан орта есеппен 34 тонна көк балауса жиналды, 207 кг азот алынды, ас бұршақтың гектарынан 28 тонна көк балауса, 91 кг азот, сиыр жоңышқаның гектарынан 25 тонна көк балауса және 109 кг азот жиналды. Мұнда бір гектарға енгізілетін тыңайтқыш мөлшеріне шаққанда сиыр жоңышқа мен ас бұршақ 20 тонна, ноғатық 40 тонна көңнің орнына жүреді. Қазақ ғылыми-зерттеу егіншілік институтының арнайы жүргізілген тәжірибесі боз және қара қоңыр топырақтарда сидераттар көң мен салыстырғанда анағұрлым тез ыдырайтынын көрсетті. Осы ғылыми мекеменің мәліметі бойынша боз топырақты алқаптың гектарына 20 тонна көң енгізілгенде 111 ц, толық минералдық тыңайтқыш қолданудан 114 ц, ал жасыл тыңайтқыш пайдаланудан 146 ц қосымша қант қызылшасының тамырының өнімі алынады. Жамбыл тәжірибе стансасында тасбеде сидератының орнына егілген қант қызылшасының әр гектарынан 535 центнерден, 20 тонна көң берілген жерден 527 центнерден, ал органикалық тыңайтқыш қолданылмаған әр гектарынан 480 центнерден өнім алынды. Гектарына 40 тонна көң қолданғанда картоп өнімі 244 ц, тасбедені жасыл тыңайтқыш ретінде қолданғанда 249 ц , ноғатықты қолданудан 247 ц өнім жиналды.
Мақта егісінде ас бұршақ пен сиыр жоңышқаны күзде егіп, көктемде мақтаны екпестен екі апта бұрын жыртады.
Қызылорда облысында күріш дақылына жасыл тыңайтқыш үшін сиыр жоңышқа мен ас бұршақ егуді қолданып келеді. Бұл сидераттар шалғынды-батпақты топырақта өсірілетін күріштен мол өнім алуды қамтамасыз етеді.
Жалпы жасыл тыңайтқыш тиімділігі оның өсіп-жетілуіне және өнім деңгейіне байланысты. Бұршақты өсімдіктердің аңыз егістігі өсіп-жетілу кезінде кемінде екі рет суғарған дұрыс. Сидераттар егістігін жыртқанда топыраққа олар неғұрлым көп араласса ол жасыл тыңайтқыш ретінде күшті әсер етеді. Жасыл тыңайтқыш егістігіне фосфор және калий тыңайтқыштарын қолдану,тұқымдарын микроэлементтердің тұздарымен өңдеу оның өнімділігін жоғарлатады, нәтижесінде сидераттың тиімділігі артады.