Есептеуiш техникасының даму тарихы
Мәліметтерді автоматты түрде өңдеуге арналған құрылғылардың жиынтығын есептеу техникасы деп атайды. Өзара қарым-қатынаста болатын құрылғылар мен бағдарламалар жиынтығын есептеу жүйесі деп атайды. Есептеу жүйесінің негізгі құрылғысы компьютер болып табылады.
Компьютер сөзінің анықтамасы алғаш рет 1897 жылы ағылшындық Оксфорд сөздігінде келтірілген. Бұл сөздікте компьютер механикалық есептеуіш құрылғы ретінде көрсетілген. 1946 жылы бұл сөздікте цифрлық компьютер, аналогтық есептеуіш машинасы және электронды компьютер түсініктерінің мағынасы ажыратылып көрсетілді.
Бүгінгі күні ЭЕМ қолданылмайтын бір де бір сала жоқ. Бірақ есептеуіш техникасы бұл деңгейге бірден келген жоқ. Есептеуіш техникасының даму тарихын зерттеуші ғалымдар оның дамуында алғытарихын және ЭЕМ-нің төрт буынын ерекшелеп көрсетеді.
ЕТ алғытарихы өте ерте замандағы әр түрлі санаудан басталады. Есептеу құрылғылары пайда болмай тұрып, адамдар әр түрлі есептеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктерін іздеді. Ежелгі санау құралы адамға табиғаттан берілген өзінің қолы болып табылады. Саусақпен санаудан бестік (бір алақан) және ондық (екі алақан) санау жүйелері бастау алады. Сондай-ақ адамдар есептеу үшін үйілген, қатарлап тізілген тастарды да қолданған. Заттардың саны жерге сызған сызықшалармен, ағаш таяқшаларда жасалған кертіктермен немесе жіптерге түйілген түйіндермен есептелді.
Уақыт өте келе, қарапайым құрылғылардан күрделі құралдар пайда бола бастады: абак, логарифмдік сызғыш, механикалық арифмометр т.с.с.
Ең алғашқы механикалық құрылғы абак бiздiң эрамызға дейiнгi IV ғасырда пайда болған деп есептеледі. Алғашқы кездерде ол саңылаулары бар саз пластинадан тұрды, саңылауларда сандарды бейнелейтін тастар орналастырылды. Абактың алғаш пайда болған жерi ертедегі Қытай немесе ертедегі Египет, тіпті ежелгі Греция да болуы мүмкін. Бұл санау құралын гректер мен Батыс еуропалықтар «абак» деп, қытайлықтар «суан-пан», жапондықтар «серобян» деп атаған.
Кейiнiрек Европада абактың орнына арнаулы математикалық кестелер, ал Рассейде XVI-XVII ғасырларда оларға қарағанда анағұрлым жетiлген құрылғы - орыс шоты пайда болды. Орыс есеп шотының негiзгi ерекшелiгi – ондық есептеу принципi.
Атақты өнертапқыш Леонардо да Винчи 1492 жылы өз күнделігінде 10 тісті сақиналары бар 13 разрядты есептегіш құрылғының сызбасын көрсеткен. Бұл сызбалар негізінде жұмыс жасайтын құрылғы ХХ ғасырда ғана жасалғанымен Леонардо да Винчи жобасының дұрыстығы расталды.
XVII ғасырдың басында шотландиялық математик Джон Непер логарифм түсінігін енгізді және өзінің логарифм кестесін жариялады. Екі ғасыр бойы әр елдің оқымыстылары логарифм функциясының негізінде жасалған есептеу құралын жетілдірумен шұғылданды. Тек 1761 жылы ғана ағылшын ғалымы Д.Робертсон жүгіртпесі бар навигациялық есептеулер жүргізуге арналған логарифм сызғышын жасады. Мұндай құрал жасау идеясын 1660 жылдары Исаак Ньютон да ұсынған болатын.
Электронды есептеу техникасының даму эволюциясы негізгі үш кезеңнен тұрады:
- механикалық кезең (XVII ғасырдың ортасынан бастап);
- электромеханикалық кезең (XIX ғасырдың аяғынан);
- электрондық кезең (XX ғасырдың 40 жылдарынан бастап).
Механикалық есептеуіш машиналар.
XVIII ғасыр барысында көптеген есептеуіш құралдар пайда болды, бірақ олардың бәрі есептеулерді механикалық басқару принципі арқылы жүзеге асырды. XIX ғасырдың басында есептеу техникасының дамуында үш негізгі бағыт басым болды:
1) қосындылайтын құрылғылар;
2) даналайтын (көбейткіш) құрылғылар;
3) арифмометрлер.
Қоғамның дамуымен әр түрлі есепетеулерде сұраныстар пайда бола бастады. Ол механикалық есептеу құрылғыларының пайда болуының салдары болды. Әлемдегі ең алғашқы қосу амалын орындайтын автоматты құрылғы механикалық сағаттың негізінде пайда болды. 1623 жылы оны Тьюбинген (Германия) университетінің шығыс тілдері кафедрасының профессоры Вильгельм Шикард ойлап шығарды. Өнертапқыш машинаны «қосындылайтын сағат» деп атады. Құрылғының жұмыс үлгісі бүгінгі күндері (1960 ж) сызбалар бойынша жаңартылып өзінің жұмыс қабілетін ақтады.
1630 жылы Ричард Деламейн шеңберлік логарифмдік сызғыш жасады.
Адамзат тарихындағы ең iрi ғалымдардың бiрi – математик, физик, философ және дiн зерттеушiсi Блез Паскаль 1642 жылы сандарды қосатын механикалық құрылғыны ойлап тауып, жасап шығарды.
Мұнда сағат механизмі есептеуіш болып ауысып және бағыттауыштың орнына сандар жазылған диск қозғалатын болды. Машина 5 (6-8) разрядты ондық сандарды қосып және азайтумен қатар нәтижелерді тіркеу тәсілін де ұсынды. Паскаль бұл есептегіштерінің оннан астамын жасады, соңғы үлгілері 8 разрядты сандармен де жұмыс жасай алатын еді. Бірақ бұл машина практикалық қолданыс тапқан жоқ: құрылғылар сенімсіз болды, арнайы мамандар ғана қолдана білді. Паскальдың қосындыланатын құрылғылардың мәні өте үлкен болды, олар қарапайым аспаптардан машиналарға ауысушы құрал болды.
Рессейде алғашқы сандарды қосатын механикалық құрылғыны 1770 жылы сағат мастерi және механик Е.Якобсон ойлап шығарған.
Сандарды қосып қана қоймай, оларды көбейте алатын механикалық құрылғы - әлемдегi ең алғашқы арифмометрдi XVII ғасырдың аяғында (1673ж) немiстiң ұлы математигi және философы Готфрид Вильгельм Лейбниц ойлап шығарды. Дискінің орнына мұнда цифрлар жазылған цилиндр қолданылды. Бұл құрал қосу және азайту амалдарын бірнеше рет қайталануы арқылы көбейту және бөлу амалдарын орындай алды. Кейін арифмометр бірнеше рет жетілдірілді.
Лейбництiң еңбектерiнде сөздермен және басқа ұғымдармен амалдар орындай алатын механикалық құрылғы туралы да сөз болған.
1723 жылы неміс математигі әрі астрономы Христиан Людвиг Герстен, Лейбниц жұмыстарының негізінде арифметикалық машина жасады. Машина сандарды көбейту кезінде бүтін бөлігін және тізбектелген қосу амалдарының санын есептей алатын еді. Сонымен қатар бұл машина мәліметтерді енгізудің дұрыстығын тексере алатын болды.
1786 жылы неміс әскери инженері Иоганн Мюллер «айырмалық машина» идеясын ұсынды. Бұл машина айырмалық әдіспен есептелетін логарифмдерді табуляциялай алды. Лейбництің тісті доңғалақтары негізінде жасалған бұл машина біршама кішкентай (биіктгі 13 см, диаметрі 30 см) болғанымен, 14-разрядты сандармен негізгі төрт арифметикалық амалды орындай алатын еді.
1801 жылы Жозеф Мария Жаккард бағдарлама арқылы басқарылатын тігін станогын құрастырды. Тоқу станогында матаға түсетін өрнек жіңішке картон карталардағы (перфокартадағы) тесіктердің көмегімен берілетін. Өрнекті ауыстыру үшін перфокартадағы тесіктерді басқаша тесіп шығу жеткілікті болатын.
1818 жылы Карл Томас (Эльзас тумасы Париждің екі сақтандыру қоғамдарының негізін қалаушысы) есептеуіш машинасын ойластырды және оны арифмометр деп атады. Үш жылдан кейін Томастың шеберханасында 16 және одан да көп арифмометрлер дайындала бастады. Оның арифмометрлері жүз жылдар аралығында шығарылды және уақыт өте жаңартылып, атаулары да өзгертіліп, отырды.
Есептеуіш техникалардың қарқындап дамуы ХІХ ғасырдан басталды. Есептеуіш техниканың дамуындағы келесі қадам алдын-ала жасалған программа бойынша адамның қатысуынсыз есептеулерді орындайтын құрылғылар жасау болды. Мұндай алғашқы автоматты есептеуіш техникасының авторы ағылшын оқымыстысы Чарльз Бэббидж (1792-1871) еді, сондықтан көптеген адамдар оны қазіргі компьютердің атасы деп атайды.
1812 жылы Чарльз Бэббидж кез келген функцияны, соның ішінде тригонометриялық, есептейтін және кесте де құрастыра алатын аралық машинаны құрастыру жұмысымен шұғылдана бастаған еді. Өзінің алғашқы аралық машинасын Бэббидж 1822 жылы құрастырды және ол арқылы квадраттар кестесін, у=х2 +х+41 функциясының мәндер кестесін және басқа да кестелерді есептеді. Бэббидж алғаш рет есептеу процесін автоматтандырды – бүгінгі ЭЕМ-нің түпнұсқасын құрастырды.
Лейбництiң механикалық арифметикалық машинасы идеясын программамен басқару идеясымен бiрiктiре отырып, Беббидж өзiнің аналитикалық (1833 ж) деп аталған машинасының жобасын жасап шығарды. Беббидждiң аналитикалық машинасында ең алғаш информацияларды бұйрықтар мен мәлiметтерге бөлу принципi жүзеге асырылды. Оқымыстының өзi тiрiсiнде аяқталмай қалған «Айырмалық машина» өзiнiң мүмкiндiктерi бойынша, алғашқы ЭЕМ –нен кем түспейтiн. Онда 50 ондық таңбадан тұратын 1000 санды сақтайтын зерде жасалған; арифметикалық амалдар Жаккардтық перфокарталарға жазылған бағдарламаларға сәйкес орындалатын. Бағдарламада арифметикалық амалдардың бiр тобын автоматты түрде қайталау, сонымен қатар амалдар тобын қайсiбiр шарт сақталғанда ғана орындау мүмкiн болатын.
1991 жылы инженерлер Р.Крик және Б.Холлов айырмалық машинаны Бэббидждің туғанына 200 жыл толуына байланысты, автордың сызбалары бойынша қалпына келтірді. Ол қазір Лондон қаласының техникалық мұражайында сақтаулы.
Чарльз Беббидждiң өмiрбаянын зерттеушiлер Аналитикалық машинаның жобасын дайындаудағы (атақты ақын Байронның қызы) - графиня Огаста Ада Лавлейстiң (1815-1852) ерекше орынын атап көрсетедi. 1843 жылы есептеу операцияларын бағдарламалауға перфокарталарды қолдану идеясын ұсынған да Ада Лавлейс. Беббидж машинасына байланысты бағдарламалаушы мамандығы пайда болды. Дүние жүзiнiң алғашқы бағдарламалаушысы Ада Лавлейс болды. Ол жазған бағдарламалар қайсiбiр сандық функциялардың мәндерiн есептеуге арналды. Бұл күнде Ада есiмiмен танымал бағдарламалау тiлiнiң бiрi аталған.
Алайда сол уақыттағы механикалық құралдар жетістіктерінің мүмкіншіліктерді практика жүзінде машинаны құруға мүмкіндік бермеді. Сөйтіп Ч.Бэббидж өз машинасында қазіргі уақыттағы машиналарда қолданылатын принциптерді ұсынды:
1. Операциялардың автоматты орындалуы;
2. «Орындалу» барысында программа бойынша жұмыс істеу;
3. Мәліметтерді сақтау үшін арнайы құрылғының – жадтың болуы.
1855 жылы Стокгольм қаласында ағайында Георг және Эддвард Шутц Чарльз Бэббидж жұмыстарының негізінде алғашқы айырмалық машина жасады.
1878 жылы Ресейде орыс математигі П.Л.Чебышев ондықтарды үзіліссіз тасымалдайтын қосылғыш аппарат (алғашқы арифмометрдi) құрды. Бұл ғалым 1881 жылы осы машинаға көбейту және бөлуге арнап қосымша бөліктер жасады..
Механикалық есептеуіш техникасындағы өнертабыстарының бірі ретінде 1880 жылы, Петербург инженері Вильгодт Однер құрастырылған арифмометрді атауға болады. Однер серіктестерімен келісіп өзі құрастырған арифмометрлерді жылына 500 данаға дейін шығарыуға қол жеткізген.
Келесі кезең – электромеханикалық кезең болды. Бұл кезең 1884-1887 жылы АҚШ-та Герман Холлерит құрған есептегіш-аналитикалық кешеннен басталады, оның құрамына қол перфораторы, сұрыптау машинасы және табулятор енді. Г.Холлерит ақпарат тасуышы ретінде алғашқы болып перфокартаны қолданды. Олар өте сенімді болғаны соншалы бүгінгі күнге дейін өзгеріссіз өмір сүрді.
Электромеханикалық кезеңде елеулі өзгерістердің болуы – электромеханикалық басқару құралы – реленің пайда болуымен байланысты. Бұл электрлік релені қолданатын есептеуіш машинаны 1888 жылы Г.Холлерит құрастырды. Бұл жүйе 1890 және 1900 жылдары АҚШ-тағы, 1897 жылы Ресейдегі халық санағын жүргізу үшін қолданылды.
1912 жылы орыс ғалымы А.Н.Крылов жобасы бойынша қарапайым дифференциалдық теңдеулерді интегралдауға арналған машина жасалды.
1938 жылы неміс инженері Конрад Цузе өзінің алғашқы есептеуіш машинасын жасап, оған Z1 деген ат берді (оның қосымша авторы ретінде Гельмут Шрейердің есімі де аталады). Бұл толықтай механикалық, бағдарламайтын цифрлық машина еді. Бұл үлгі іс жүзінде қолданылмады. Оның қалпына келтірілген нұсқасы Берлиндегі неміс техникалық мұражайында сақталған. Осы жылы Цузе Z2 машинасын да жасап үлгерді.
1941 жылы Конрад Цузе реледе жұмыс істейтін Z3 есептеуіш құрылғысын ойлап тапты. Бұл машина қазіргі заманғы компьютерлердің барлық қасиеттеріне ие болатын. 1944 жылы Z4 компьютері жасалды.
1943 жылы американдық Говард Айкен Бэббидж жұмыстарының көмегімен ХХ ғасыр техникасының негізі – электромеханикалық реле қолданып IBM фирмасының бір кәсіпорнында әйгілі гарвардтық «Марк-1» (кейіннен«Марк-2») машинасын ойлап шығарды. Бұл машина АҚШ әскери әуе күштерінің күрделі баллистикалық есептерін шығаруға арналған еді. Бірақ та Эйкен екі қателік жіберді: машиналардың екеуі де электрондық емес, электромеханикалық болуы мүмкін, екіншісі – Эйкен бағдарламалар қабылданғани мәліметтер сияқты компьютер жадында сақталуы керек деген тұжырымды ескерген жоқ.
Сонымен электромеханикалық кезеңнің жетістіктері:
1. Есептеуіш техниканың өнімділігі мен сенімділігі көп есе арттырылды;
2. Ақпаратты өңдеу өнеркәсіптендірілді;
3. Алғашқы рет Ч.Бэббидж ұсынған программалық басқарылатын әмбебап есептеу машиналары жасалды.
Есептеуіш техникасы ХХ ғасырдың қырықыншы жылдарына дейін еш өзгеріссіз болды. Қырқыншы жылдарда есептеуіш техникасында түбегейлі өзгеріс болды. Есептеуіш машиналары пайда болды, онда әртүрлі электрондық элементтер қолданылды.
1918 жылы М.Бонч Бруевич шамды тригерді ойлап тапты. Триггер – базалық негізі электрондық вакуумдық шам – триод, екі орнықты қалып-күйінің біреуінде ғана болатын электрондық сызбалы элемент.
1937-38 жылдары АҚШ-та профессор Джон Атанасов пен Клиффорт Берри ЭЕМ жасап шығарды, онда электронды зерде және қосу мен азайтуға арналған электронды құрылғы, оларға қоса бiраз механикалық бөлiктер болды. Олар 1942 жылы (Айова штатының университетінде) ЭЕМ -iнiң жетiлдiрiлген моделiн жасады, ол ең алдымен сызықтық теңдеулер жүйесiн (30-ға дейiн белгiсiзi бар 30 теңдеуден тұратын) шешуге арналды. Бұл машина мамандандырылған және математикалық физиканың есептерін шешуге арналған еді. Дайындаулар барысында Атанасов алғашқы компьютерлерде кеңінен қолданылған алғашқы электрондық құрылғыларды құрастырды. Атанасов жобасы толығымен аяқталмады (Атанасов әскерге кетті), дегенмен үш онжылдықтан кейін сот талқылауынан кейін профессорды ЭЕТ-ның негізін қалаушы деп таныды. Бұл машина тарихшылардың айтуына қарағанда, американ ғалымы Джон Мочлидің екі жылдан кейін ЭНИАК ЭЕМ-ын жасап шығаруына көп әсерін тигізді.
1943 жылдың соңында арнайы мақсаттарды қолданылатын ағылшын есептеуіш машинасы – Колосс жасалды. Машина фашистік Германияның құпия кодтарын шешумен айналысты.
1943 жылы Гарвард университетiнде американдық ғалымдар Д.Моучли және Д.Эккерттың басқаруымен ЭЕМ құрастыру жұмысы басталған болатын. Артиллеристикалық басқарманың тапсырысы бойынша жасалған бұл машиналар баллистикалық кестелердiң есептеулерiне арналған едi. 1945 жылы аяқталған машина ЭНИАК деген ат алды. Оның көлемi өте үлкен болды: 18 мың электрондық шамнан, 15 мың реледен тұратын бұл машинаның көлемі 9-15 метрге дейін жеткен. Массасы 30 тонна, ал тұтынатын электроэнергиясы шамамен 150 кВт болған – бұл кiшiгiрiм бiр зауыт қуаты. ЭНИАК машинасының негізгі кемшілігі оның коммутациялық панель арқылы басқарылуы және жадының болмауы еді.
1946 жылы үш американдық ғалымның - Дж.фон Нейман, Г.Голдстайн, А.Бернстың - ғылыми мақаласында әмбебап ЭЕМ құрастырудың негiзгi принциптерi баяндалған, онда өңделетiн мәлiметтердi сақтауға және есептеу бағдарламасын сақтауға ортақ бiр ғана зерде пайдаланылатын. Осы принциптер iске асырылған алғашқы машина – EDSAC ЭЕМ – 1949 ж. Англиядағы Кембридж университетiнде М.В.Уилкстың басқаруымен жасалды. Бiр жылдан соң АҚШ –да әмбебап EDVAC ЭЕМ жасалды.
Кеңес одағындағы ЭЕМ дамуы академик Сергей Алексеевич Лебедевтың есiмiмен тығыз байланысты. Оның басқаруымен алғашқы ЭЕМ –дер жасалды: 1951 жылы Киевте – МЭСМ (Малая Электронная счетная машина) және 1952 жылы Москвада – БЭСМ. БЭСМ –мен бiр уақытта дерлiк М-2 және “Стрела” ЭЕМ –дерi жасалды. Лебедев басшылығымен әлемде екiншi буын машиналарының ең үздiгi саналған (1967 ж), өзiнiң шетелдiк аналогтарын бiнеше жылға артта қалдырған БЭСМ – 6 машинасы да жасалған болатын. үлкен шапшаңдығы бар (1 мил. оп/с) БЭСМ-6 өз архитектурасы бойынша үшiншi буын машиналарына жуық болды, ғылыми есептеулер жүргiзуде ең кең таралған ЭЕМ –сы болды және 1981 жылға дейiн шығарылды.
Егер есептеуіш құрылғыларының 1900 жылдан бастап даму тарихына көз жүгіртетін болсақ, машиналардың өнімділігі әрбір 18-24 айда екі есе өсып отырғандығын байқауға болады. Бұл ерекшелікті алғаш рет 1965 жылы “Intel’ компаниясының басшыларының бірі Гордон Е.Мур сипаттаған болатын. Компьютерлер көлемінің кішірею үрдісі де осындай жылдамдықпен жүріп келеді.
Алғашқы ЭЕМ-i төмендегi себептерге байланысты жаппай қолданыс таппады:
- өте қымбат болды;
- ерекше үлкен болды;
- тек арнайы үйретiлген адамдар ғана жұмыс iстей алды.
Олар тек үлкен ғылыми орталықтарда, космоста, қорғаныста, метерологияда қолданылды.
Электрлік және электронды құрылғыларда конструкция элементтерінің тіркелу қалпы туралы емес, құрылғының жағдайын тіркеу туралы сөз болады. Ондай қалыпты және айрылатын жағдайлар барлығы екеу: қосылған-ажыратылған, ашылған-жабылған, зарядталған-зарядталмаған және т.б. Сондықтан механикалық калькуляторларда қолданылған дәстүрлі ондық санау жүйесі ЕТ құрылғыларына ыңғайсыз болды.
Кез келген сандарды (тек сандарды ғана емес) екілік сандармен бейнелеу мүмкіндігі алғаш рет Г.В. Лейбниц ұсынған еді. Ол екілік жүйеге бірліктің және қарама қарсылықпен күресудің философиялық концепциясын зерттегеннен кейін екілік жүйеге келді. Лейбницке сол кездің өзінде есептеуіш құрылғыларда екілік жүйені қолдану мүмкіндігі ойы бұрыннан келген еді, бірақ та механикалық құрылғылар үшін оның қажеттілігі болған жоқ, сондықтан ол өз калькуляторында екілік жүйе принциптерін қолданбады.
Ойлау заңдылықтары зерттеулерімен айналысушы атақты ағылшын ғалымы Джордж Буль логикада математикалық жақын формальды белгілеулер мен ережелер жиынтығын қолданды. Соның салдарынан бұл жүйені логикалық алгебра немесе бульдік алгебра деп атайды. Жүйенің негізгі қызметі логикалық пікірлер мен логикалық пайымдаулардың құрылымын кодтау және математикалық формулаға жақын қарапайым өрнектерге түрлендіру. Формальды есептеу нәтижесінде екі шарттардың біреуі болып табылады: ақиқат, жалған. Джордж Бульдің жүйесінің барлығы ЭЕМ құруға себеп болған жоқ. Бірақ төрт негізгі амалдар қолданылды: ЖӘНЕ (қиылысу), НЕМЕСЕ (біріктіру), ЕМЕС (қаратпа) және АЛЫНАТЫН НЕМЕСЕ – қазіргі компьютерлердің процессорларының барлық түрлерінің жұмысының негізінде жатыр.
ЭЕМ-дiң даму тарихы шартты төрт буынға бөлiнедi.
Бiрiншi буын машиналары (50-шы жылдар)
Бұл машиналардың жұмыс әрекеттездігі 10-20 мың оп/с болды. Негiзгi элементi электрондық шамдар болғандықтан, жұмыс сенiмдiлiгi өте төмен, көлемi өте үлкен едi.
Машина жұмысы қарапайым ұйымдастырылды. Орталық процессор кезекті бұйрықты алдыңғысын орындағаннан кейін ғана орындай алды. Жедел жад ферриттті жүрекшелер блоктарынан құралды. Бағдарламалар машина коды тiлiнде жазылып, бағдарламашы бағдарламалар жазылатын, кiретiн мәлiметтер мен алынатын нәтижелерге қажеттi зерде ұяшығын өзi бөлiп отыратын. Оларға ақпаратты енгізу үшін перфоленталар мен перфокарталар пайдаланылды.
Екiншi буын машиналары (60-шы жылдар) – электрондық шамдардың орнына ЭЕМ-дiң жаңа элементтер базасы жартылай өткiзгiштер мен транзисторлардың енгiзiлуiмен ерекшеленедi. ЭЕМ-дiң архитектурасы күрделендi, МДЖ (магниттік дискілік жинақтауыштар), дисплей (монитор) және алғашқы тінтуірлер пайда болды. Машинамен мультипрограммалы режимде және уақтты бөлу режимінде қатынасу пайда болды. Бағдарламалар машина тiлiнде емес алгоритмикалық тiлде жазылатын болды. Жұмыс өнiмдiлiгi сақталынғанмен, көлемi жүз есеге дейiн төмендедi.
Бұл жылдары Кеңестер Одағында М-220, БСЭМ-3, БСЭМ-4, «Урал-11», «Урал-13», «Урал-16», «Минск-22», «Минск-32» электронды есептеуіш машиналары шығарылды.
Үшiншi буын машиналары (1970-1979 жылдар) – интегралдық схемалардың құрылуымен ерекшеленедi. Көлемi 1см кремний пластинкасының үстiнде электрондық схема құру мүмкiндiгi ашылды. Жұмыс өнiмдiлiгi көтерiлдi, ал оперативтi зердесi бiрнеше мегабайтқа артты. Интегралдық схемалар үшінші буын машиналарының негізгі элементтік базасы болды, әрекет тездігі 1 млн оп/с жоғарылады. Үшiншi буын машиналары қолданушылардың машинамен қатынасында тек қана сандарды ғана емес, сол сияқты графикалық ақпараттарды да пайдалануына мүмкiндiк бердi.
Төртiншi буын машиналарыны» (80-шы жылдар) – негiзгi элементтiк базасы үлкен интегралды схемалар (ҮИС) және өте үлкен интегралды схемалар (ӨҮИС) болды. Кремний кристалының бетiнде бiрнеше ондаған мың электрондық компонент орналасқан ӨҮИС –ын шығару өндiрiсi жолға қойылды. Осының нәтижесiнде ЭЕМ-iң көлемi ерекше кiшiрейдi, жұмыс өнiмдiлiгi және оперативтi зердесi бiрнеше мегабайтқа артты.
1960-70-шi жылдары әлемде ЭЕМ-iн шығару индустриясы құрылып болған едi. Алдыңғы қатарлы орындарды IBM (International Business Machines), DEC, CDC және т.с.с. сияқты фирмалары иеленді. 70-шi жылдар басында “тұрмыстыº” (үйдегi) компьютерлер деп аталған микрокомпьютерлер шықты. Олардың мүмкiндiктерi шектеулi ғана болатын, тек ойнау үшiн және шағын мәтiндердi теру үшiн ғана пайдаланылды.
1971 жылы АҚШ-тың “ИНТЕЛ” фирмасы компьютердің негізгі блогы – процессордың жұмысын орындауға қабілетті өте үлкен интегралдық схеманы – алғашқы микропроцессорды жасады. Нәтижесінде кішкентай ғана ЭЕМ – дербес компьютер пайда болды.
Ал әлемде алғаш дербес компьютерлердi жасаған болып IBM фирмасы саналады. 1980 жылы IBM өз күшін дербес компьютерлер нарығында сынап көрмекші болды. Ол Intel – 8080 сегіз арзрядты процессорына емес, 16 разрядты Intel – 8088 моделіне бағыт қойды. Бұл компьютерлердің потенциалды мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік берді, жаңа процессор 1 Мбайт жадпен жұмыс жасау мүмкіндігін ұсынды, ал оның алдыңғылары 64 Кбайтпен жұмыс істеген еді. 1981 жылдың тамыз айында IBM фирмасы Microsoft фирмасының трансляторлары мен операциондық жүйесi орнатылған өзiнiң туындысын IBM PC әлемдiк компьютерлiк рынокта тiркеген. Небәрі жарты жыл ішінде IBM 50 мың машина сатты, ал екі жылдан кейін сату көлемі бойынша Apple фирмасынын асып түсті.