Бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310 Заңы

Тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) басым мүдделер - осы Заңға және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын және мемлекеттік тіркеусіз жарамды деп танылатын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары);
2) бұрын туындаған құқық (құқықтар ауыртпалығы) - 1996 жылғы 1 наурызға дейін туындаған және ол тиісті құқық туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келген жағдайда жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы);
3) есептік тіркеу - құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеусіз жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын), оның ішінде бұрын туындаған құқықтарды есепке алу мақсатында жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) тіркеу;
4) жеке сервитут - үстемдікке ие жылжымайтын мүлік объектісін иеленуіне байланысты емес белгілі бір адамның пайдасына сервитут;
5) жылжымайтын мүлік - жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер;
6) жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу (бұдан әрі - мемлекеттік тіркеу) - осы Заң мен өзге де заңдарда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және құқықтық кадастрдағы мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілерін мемлекеттің тануы мен растауының міндетті рәсімі;
7)жылжымайтын мүліктің бастапқы объектісі - әр түрлі функционалдық мақсаттағы ғимараттар және құрылыстар, сондай-ақ ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектілері;
8) жылжымайтын мүліктің кейінгі объектісі - құқықтарды тіркеу мақсатында меншіктің жеке (бөлек) құқық (өзге де заттық құқық) объектілері ретінде оларға кадастрлық нөмірлер берілетін тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар;
9) жылжымайтын мүлікке құқық ауыртпалығы - Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімімен көзделген тәртіппен туындаған және құқық иесінің жылжымайтын мүлікке иелік ету, пайдалану және (немесе) билік ету құқығын шектеуде көрінетін жылжымайтын мүлікке құқықты кез келген шектеу;
10) жылжымайтын мүлік объектісін қалыптастыру - жылжымайтын мүлік объектісінің бірегей сәйкестендіру сипаттамаларын белгілеу және оған кадастрлық нөмір беру процесі;
11) қызмет ететін жылжымайтын мүлік объектісі - сервиттутпен ауыртпалық салынған жылжымайтын мүлік объектісі;
12)жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру сипаттамалары - жылжымайтын мүліктің мекенжайын, мекенжайдың тіркеу кодын (ол бар болған кезде), түрін, кадастрлық нөмірін, меншік нысанын, құрамдастарының санын, жерлерінің, санаттарын, бөлінуін, нысаналы мақсатын, қабатын, ауданын (жалпы, тұрғын, пайдалы) қоса алғанда, жылжымайтын мүлік объектісі туралы құқықтық кадастрды жүргізу мақсатына қажетті мәліметтер;
13) заңдық талаптар - жылжымайтын мүлікке құқықтарға, онымен жасалатын мәмілелерге қатысты үшінші тұлғалардың даулауы не мүддесінің бар екендігін айғақтайтын заңдық фактілер;
14) кадастрлық нөмір - жылжымайтын мүлік объектісінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке, қайталанбайтын нөмірі;
15) кондоминиум объектісі - жер учаскесінен (жер учаскелерінен), бастапқы және кейінгі объектілерден тұратын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлікке меншік белгіленетін кондоминиум нысанындағы мүліктік кешен;
16) құқық белгілейтін құжаттар - солардың негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) туындайтын, өзгеретін және (немесе) тоқтатылатын құжаттар;
16-1) құқық белгілейтін құжаттың электрондық көшірмесі – куәландырушының электрондық цифрлық қолтаңбасы бар электрондық-цифрлық нысанда қағаз жүзіндегі түпнұсқа құжаттағы ақпаратты толық көрсететін электрондық құжат;
17) құқықтық кадастр - жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың, азаматтық әуе кемелеріне, теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзу кемелеріне, "өзен-теңіз" жүзу кемелеріне тіркелген құқықтар туралы мәліметтердің бірыңғай мемлекеттік тізілімі;
18) бұрын туындаған құқықтарды құқықтық кадастрда жүйелі тіркеу - жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгенге дейін туындаған және егер олар туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келсе, жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) есептік тіркеу;
19) құқықтық кадастрдан мәліметтер - құқықтық кадастрда қамтылған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілері туралы ақпарат және тіркеуші орган ұсынатын тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелері;
20) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру - үйлердің, ғимараттардың және олардың құрамдастарының құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын айқындау;
21) мемлекеттік тіркеу объектісі- құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар мен құқықтар ауыртпалықтары, сондай-ақ заңдық талаптар;
21-1) мекенжайдың тіркеу коды – жылжымайтын мүлік объектісі мекенжайының бірегей коды;
22) өтініш беруші - құқық иесі, сатып алушы және мүддесі үшін мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылатын өзге де адамдар;
23) өтініш берушінің уәкілетті өкілі - өтініш берушінің атынан өтініш беретін және сенімхатқа, заңнамаға, соттың шешіміне не құқықтық актіге негізделген өкілеттіктерге орай мемлекеттік тіркеуге байланысты өзге де әрекетті жүзеге асыратын адам;
24) сервитут - бөтен жер учаскесін және (немесе) жылжымайтын мүліктің басқа да объектісін шектеулі мақсатта пайдалану құқығы, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану және өзге де қажеттер үшін шектеулі мақсатта пайдалану құқығы;
25) техникалық паспорт - жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексерудің нәтижелері бойынша жасалған, құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті, бастапқы немесе кейінгі объектінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын белгіленген нысандағы құжат;
26) тіркеу ісі - құқықтық кадастрдың мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын құжаттардың көшірмелерін объектілік принцип бойынша сақтау жүзеге асырылатын бөлігі;
27) тіркеуші орган - мемлекеттік тіркеуді жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша жүзеге асыратын аумақтық әділет органдары;
28) уәкілетті орган - жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу мен мемлекеттік техникалық зерттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
28-1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
29) үстемдікке ие жер учаскесінің немесе жылжымайтын мүліктің өзге де объектісінің пайдасына сервитут - басқа, әдетте, көрші жылжымайтын мүлік меншік иесінің (өзге құқық иесінің) пайдасына оның қажеттіктерін қанағаттандыру үшін, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, су жүргізу және басқа да мақсаттар үшін белгіленетін сервитут;
30) үстемдікке ие жылжымайтын мүлік объектісі – меншік иесінің (өзге құқық иесінің) бөтен жылжымайтын мүлікті шектеулі нысаналы пайдалану құқығы (сервитуты) бар жылжымайтын мүлік объектісі.
31) электрондық тіркеу – мәміле нотариат куәландырғаннан кейін бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеден құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсетін құқық белгілейтін құжаттың электрондық көшірмесі негізінде жүзеге асырылатын, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу.

Наши рекомендации