Бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) өзгерістерін мемлекеттік тіркеу
1. Құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге:
1) осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жылжымайтын мүлік объектісінің құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі;
2) құқықтық кадастрдың тіркеу парағында қамтылған құқық иесі туралы мәліметтердің өзгеруі;
3) заңнамалық актінің негізінде құқық түрінің өзгеру жағдайын қоспағанда, құқық түрінің өзгеруі;
4) егер олар тіркеу парағында қамтылған мәліметтерге қатысты болса, жылжымайтын мүлік объектісіне белгіленген құқықтардың көлеміне әсер етсе немесе олар тараптардың келісімі бойынша тіркелуге тиіс болса, шарттар талаптарының өзгеруі жатады;
5) егер, бұл осы Заңда, өзге де заңнамалық актілерде немесе тараптардың келісімінде көзделсе, өзге өзгерістер құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады.
2. Жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірлері (мекенжайы) өзгерген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген кезде мұндай өзгерістерді тіркеу құқық иеленушіге жүктеле алмайды және өтеусіз жүзеге асырылады.
7-бап. Мемлекеттік тіркеудің құқықтық маңызы
1. Осы Заңның 4, 5 және 6-баптарына сәйкес құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), егер осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, олар мемлекеттік тіркелген сәттен бастап туындайды.
Егер тіркеуден бас тартылмаса, мемлекеттік тіркеу сәті болып өтініш берген сәт танылады.
Егер құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне құқық белгілейтін құжаттың электрондық көшірмесі келіп түссе, онда жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу кезі тіркеуші органның жүргізілген тіркеу туралы хабарлама жіберуі арқылы оның туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растау кезі болып табылады.
2. Құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), егер тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының тиісті қатынастарды реттейтін заңнамалық актілеріне сәйкес туындайды.
3. алып тасталды
4. Бұрын туындаған құқықтар осы Заңның 6-тарауында көзделген тәртіппен құқықтық кадастрда есептік тіркеуге жатады.
5. Жеке тіркелетін немесе жер учаскелеріне құқықтарды мемлекеттік тіркеумен бірге тіркелетін бастапқы және кейінгі объектілерге құқықтарды қоспағанда, жер учаскесіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу кезінде бір мезгілде жер учаскесімен тығыз байланысты жылжымайтын мүлікке құқықтар тіркелген болып есептеледі.
6. Жылжымайтын мүліктің бір ғана сол объектісіне бірнеше құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) арасындағы басымдықтарды белгілеу кезінде мына ережелерді негізге алу қажет:
1) осы Заңның 4 және 5-баптарына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) тіркелмегендердің алдында басымдыққа ие болады;
2) жылжымайтын мүлікке бұрын пайда болған құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) басымдығы құқықтары туындаған күн бойынша азаматтық заңнамаға сәйкес белгіленеді.
7. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді енгізген сәттен бастап құқықтық кадастр және құқық белгілейтін құжат жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) растайтын бірден-бір ақпарат көзі болып табылады.
Құқықтық кадастрда және құқық белгілейтін құжатта қамтылатын мәліметтерде алшақтықтар болған жағдайда, басымдық алшақтықтың мәні ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
Бап. Басым мүдделер
Құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын басым мүдделер:
1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жалпы ережелер мен тыйым салулар ретіндегі ауыртпалықтар;
2) нормативтік құқықтық актілердің негізінде туындайтын құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары), оның ішінде жалпыға қолжетімді жабық емес жер учаскелерінде болу және олардан жаяу өту құқығы, жария сервитуттар;
3) кемінде бір жыл мерзімге жер пайдалану құқығы;
4) бөтен жылжымайтын мүлікті бір жылдан аз мерзімге пайдалану құқығы, соның ішінде бір жылдан аз мерзімге жалдау, өтеусіз пайдалану құқығы, сервитуттар;
5) электр желілеріне, телефон және телеграф желілеріне және бағандарға, құбырларға, геодезиялық нүктелерге және қоғамдық қажеттіктермен шарттастырылған басқа да коммуникациялық желілерге адамдардың қол жеткізу және көлік өту құқығы;
6) иелену мерзімінің ескіруіне орай іс жүзіндегі иесінің жылжымайтын мүлікке меншік құқығын белгіленген тәртіппен танығанға дейін құқық иесі болып табылмайтын адамдардың жылжымайтын мүлікті іс жүзінде иеленуі;
7) мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларын пайдалану құқығы немесе жергілікті атқарушы органдардың жеке меншік тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайларын пайдалану құқығы болып табылады.