Бап. Сабақтас құқықтардың субъектiлерi
1. Орындаушылар, фонограмма жасаушылар, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдары сабақтас құқықтардың субъектiлерi болып табылады.
2. Фонограмма жасаушы, эфир және кәбіл бойынша хабар таратушы ұйымдар осы тарауда көзделген құқықтарын орындаушымен және фонограммаға жазылған не эфирде немесе кабель бойынша берiлетiн туындыны орындаушымен, сондай-ақ оның авторымен жасалған шарт бойынша алған құқықтары шегiнде жүзеге асырады.
3. Орындаушы осы тарауда көзделген құқықтарын орындалатын туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда жүзеге асырады.
4. Сабақтас құқықтардың пайда болуы және жүзеге асырылуы үшiн қандай да болсын формальдылықты сақтау талап етiлмейдi. Фонограмма шығарушы және (немесе) орындаушы өз құқықтары туралы хабарлау үшiн фонограмманың әр данасында және (немесе) оның әрбiр қорбындата көрсетiлетiн және үш элементтен тұратын сабақтас құқықтарды қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, олар:
1) қоршауға алынған латынша Р әрпi: Р;
2) айрықша сабақтас құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);
3) фонограмманың алғаш жарияланған жылы.
5. Егер өзгеше дәлелденбесе, фонограммада және (немесе) оның қорабында есiмi немесе атауы көрсетiлген жеке немесе заңды тұлға фонограмма шығарушы болып танылады.
36-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу аясы
1. Орындаушының құқықтары осы Заңға сәйкес мына жағдайларда, егер:
1) орындаушы Қазақстан Республикасының азаматы болса;
2) орындаушылық, қойылым алғаш рет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылса;
3) орындаушылық, қойылым осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес қорғалатын фонограммаға жазылса;
4) фонограммаға жазылмаған орындаушылық, қойылым осы баптың 3-тармағының ережелерiне сәйкес қорғалатын эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының хабарына енгiзiлген болса, танылады.
2. Фонограмманы жасаушының құқықтары осы Заңға сәйкес мына жағдайларда, егер:
1) фонограмма жасаушы Қазақстан Республикасының азаматы немесе Қазақстан Республикасының аумағында ресми тұрғылықты жерi бар заңды тұлға болса;
2) фонограмма тұңғыш рет Қазақстан Республикасының аумағында жарық көрсе, танылады. Егер фонограмма Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған күннен кейiн отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса, ол да Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет жарияланды деп саналады.
3. Эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының құқықтары осы Заңға сәйкес, егер ұйымының Қазақстан Республикасының аумағында ресми тұрғылықты жерi бар болса және хабарларын Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан хабар таратқыштар көмегiмен жүзеге асырса, танылады.
4. Шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың сабақтас құқықтары, егер тиiстi орындаушылық, фонограмма, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының хабары Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттың ережелерi бойынша айқындалатын олардың шыққан елiнде, сабақтас құқықтардың сол елде белгiленген қолданылу мерзiмiнiң өтуi салдарынан қоғам игiлiгіне айналмаған болса және сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмiнiң өтуiне байланысты Қазақстан Республикасында қоғам игiлiгiне айналмаған болса, Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес танылады.
37-бап. Орындаушының құқықтары
1. Осы Заңда көзделген реттердi қоспағанда, орындаушыға мынадай мүлiктiк емес жеке және мүлiктiк құқықтар:
1) есiмiнiң құқығы;
2) орындаушылықты немесе қойылымды орындаушының ар-намысына және қадiр-қасиетiне нұқсан келтiре алатын кез келген бұрмалаудан немесе өзге де қолсұғушылықтан қорғалу құқығы (беделiн қорғау құқығы);
3) орындаушылықты немесе қойылымды пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алу құқығын қоса, кез-келген түрде пайдалану құқығы берiледi.
1-1. Мүлiктiк емес жеке құқықтар орындаушыға оның мүлiктiк құқықтарына қарамастан тиесiлi және орындаушылықты пайдалануға айрықша мүлiктiк құқықтарын берген жағдайда да олар өзiнде сақталып қалады.
2. Орындаушының орындаушылықты немесе қойылымды пайдалануға айрықша құқықтары мынадай iс-әрекеттердi:
1) бұрын жазылмаған орындаушылықты немесе қойылымды жазуды;
2) орындаушылық немесе қойылым жазбасын кез келген нысанда тiкелей немесе жанама қайта шығаруды;
3) орындаушылықтың немесе қойылымның жазбасын пайдаланбай-ақ орындаушылықты немесе қойылымды эфирге берудi, кәбiл арқылы жалпыжұрттың назарына хабарлауды немесе жалпыжұрттың назарына жеткiзудi;
4) осы Заңның 39-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, орындаушылық немесе қойылым жазбасын эфирге берудi, кәбiл арқылы жалпыжұрттың назарына хабарлауды немесе жалпыжұрттың назарына жеткiзудi;
5) орындаушының қатысуымен орындаушылық немесе қойылым жазылған, коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы прокатқа (жалға) берудi жүзеге асыруға рұқсат ету немесе тыйым салу құқығын бiлдiредi. Орындаушылықты фонограммаға жазуға шарт жасалған кезде бұл құқық фонограмманы шығарушыға ауысады. Бұл ретте орындаушы мұндай фонограмманың даналарын прокатқа (жалға) бергенi үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.
3. Орындаушының осы баптың 2-тармағының 2)-тармақшасында көзделген айрықша құқығы мына жағдайларда:
1) орындаушылықтың немесе қойылымның бастапқы жазбасы орындаушының келiсiмiмен жасалған;
2) орындаушылықты немесе қойылымды көшiрмелеу орындаушылықты немесе қойылымды жазу кезiнде орындаушының келiсiмi алынған мақсатпен жасалған;
3) орындаушылықты немесе қойылымды көшiрмелеу осы Заңның 41-бабының ережелерiне сәйкес жазба жүргiзiлген мақсатта жүзеге асырылған жағдайда қолданылмайды.
4. Осы баптың 2-тармағында аталған рұқсатты орындаушы бередi, ал ұжым болып орындаған кезде пайдаланушымен жазбаша шарт жасау арқылы сондай ұжымның жетекшiсi бередi.
5. Егер орындаушының эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымымен жасасқан шартында көзделсе, орындаушылықты немесе қойылымды кейiннен беруге, мұндай жазбаны беру мен көшiрмелеу үшiн эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдарының жазып жүзеге асыруға осы баптағы 2-тармақтың 1), 2) және 3)-тармақшаларында аталған рұқсат алу талап етiлмейдi. Бұлайша пайдаланғаны үшiн орындаушыға берiлетiн сыйақы мөлшерi де осы шартта белгiленедi.
6. Орындаушы мен дыбыс-бейнежазу туындысын шығарушы арасында жасалған шарт орындаушының осы баптың 2-тармақтың 1), 2), 3), 4)-тармақшаларында аталған құқықтарды беруiне әкеп соғады. Орындаушының мұндай құқықтарды беруi дыбыс-бейнежазу туындысын пайдаланумен шектеледi және, егер шартта өзгеше көзделмесе, дыбыс-бейнежазу туындысына түсiрiлген дыбыс пен бейненi жеке пайдалану құқықтарын қамтымайды.
7. Орындаушының осы баптың 2-тармағында көзделген айрықша құқықтары шарт бойынша басқа адамдарға берiлуi мүмкiн.
38-бап. Фонограмма жасаушының құқықтары
1. Фонограмма жасаушыға өз фонограммасы жөнiнде, осы Заңда көзделгендердi қоспағанда, фонограмманы пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алу құқығын қоса, фонограмманы кез-келген нысанда пайдалануға айрықша құқықтар берiледi.
2. Фонограмманы пайдалануға айрықша құқықтар мынадай iс-әрекеттердi:
1) фонограмманы тiкелей немесе жанама түрде кез келген нысанда қайта шығаруды;
2) меншiк құқығын сату немесе өзгеше беру арқылы фонограмманың түпнұсқасы мен даналарын таратуды, оның iшiнде импорттауды;
3) фонограмманы шығарушы немесе оның рұқсаты бойынша жүзеге асырылған оны таратудан кейiн де фонограмманы прокатқа (жалға) берудi;
4) фонограмманы қайта жасауды немесе кез келген тәсiлмен өңдеудi;
5) фонограмманы жалпы жұрттың назарына жеткiзудi жүзеге асыру, жүзеге асыруға рұқсат ету немесе тыйым салу құқығын бiлдiреді.
3. Егер заңды түрде жарияланған фонограмма даналары оларды сату арқылы азаматтық айналымға түсiрiлсе, оларды фонограмма жасаушының келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi. Фонограмманың даналарын прокатқа (жалға) беру арқылы тарату құқығы сол даналарды меншiктеу құқығына қарамастан фонограмманы жасаушыға берiледi.
4. Фонограмма жасаушының осы баптың 2-тармағында көзделген айрықша құқықтары шарт бойынша басқа адамдарға берiлуi мүмкiн.
39-бап.Коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы фонограмма жасаушы мен орындаушының келiсiмiнсiз пайдалану
1. Коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы жасаушының және осындай фонограммаға орындауы жазылған орындаушының келiсiмiнсiз, бiрақ сыйақы төлей отырып:
1) фонограмманы көпшiлiк алдында орындауға;
2) фонограмманы эфирге беруге;
3) фонограмманы кабель арқылы жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн хабарлауға жол берiледi.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген сыйақы жинау, бөлу және төлеу фонограмманы жасаушылар мен орындаушылардың құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың бiрi (осы Заңның 43-бабы) осы ұйымдар арасындағы келiсiмге сәйкес жүзеге асырады. Егер бұл келiсiмде өзгеше көзделмесе, аталған сыйақы фонограмма жасаушы мен орындаушы арасында тең бөлiнедi.
3. Сыйақы мөлшерiн және оны төлеу жағдайларын, бiр жағынан, фонограмма пайдаланушылар немесе осындай пайдаланушылар бiрлестiктерi (қауымдастықтары) және, екiншi жағынан, фонограмма жасаушылар мен орындаушылар құқықтарын басқарушы ұйымдар арасында жасалған келiсiм бойынша, ал егер тараптар мұндай келiсiмге келе алмаса - уәкiлдiк берiлген орган белгiлейдi. Сыйақы мөлшерi фонограммаларды пайдаланудың әр түрi үшiн белгiленедi.
4. Фонограммаларды пайдаланушылар осы баптың 2-тармағында аталған ұйымға фонограммалардың пайдаланылу мөлшерi туралы дәл мәлiметтер жазылған бағдарламаларды, сондай-ақ сыйақы жинауға және бөлуге қажеттi өзге де мәлiметтер мен құжаттарды табыс етуге тиiс.