Бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш беру
1. Құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) нотариат тәртібімен куәландырылған мәміле негізінде туындаған жағдайда, тіркеу мәміленің кез келген тарапының (қатысушысының) өтініші бойынша жүзеге асырылады.
Электрондық тiркеу мәмiлеге қатысушылардың өтiнiшiнсiз жүзеге асырылады.
2. Құқықтар (құқық ауыртпалықтары) шарттың немесе өзге де мәмiленiң негiзiнде туындаған жағдайларда, оларды нотариат куәландырмаған кезде мәмiленiң барлық қатысушылары белгiленген тәртiппен өтiнiш беруге тиiс.
Банктік қарыз шартын қамтамасыз етуге берілген, кепілдің басталуын және өзгеруін тіркеуге өтінішті кепіл беруші және (немесе) кепіл ұстаушы береді.
Өтінішті кепіл ұстаушы берген жағдайда, осындай тіркеуге кепіл берушінің нотариатта куәландырылған келісімі талап етіледі.
Жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру кезінде кепілдің туындауын және өзгеруін тіркеуге өтінішті осындай тіркеуге кепіл берушінің келісімінсіз, құқықтар (талаптар) берілген кепіл ұстаушы береді.
3. Тіркеу туралы өтініш тіркеуші органға почта байланысы бойынша мынадай:
1) тіркеуші органның орналасқан жерінен тыс, оның ішінде басқа мемлекеттерде орналасқан мемлекеттік уәкілетті органдарға берілетін өтініштер (өтініш жасау, қолдаухаттар, талап-арыздар) негізінде туындайтын заңдық талаптарды тіркеген;
2) тіркеуші органның орналасқан жерінен тыс, оның ішінде басқа мемлекеттерде орналасқан мемлекеттік органдардың актілері негізінде туындайтын ауыртпалықтарды немесе заңдық талаптарды тіркеген жағдайларда жіберілуі мүмкін.
4. Ортақ бірлескен меншік құқығының туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын мемлекеттік тіркеген кезде тіркеу туралы өтінішті барлық қатысушылар не олардың біреуі қалған қатысушылардың нотариат тәртібімен куәландырған келісімін ұсына отырып беруі мүмкін.
Мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті құқық иелерінің біреуі қалғандарының келісімінсіз осы баптың 5-тармағы екінші бөлігінде көзделген жағдайда да беруі мүмкін.
5. Ортақ үлестік меншік құқығының (өзге ортақ құқықтың) туындауын, өзгеруін, тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу кезінде мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті барлық қатысушылар (уәкілетті өкілдер) беруі тиіс.
Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, туған күні немесе заңды тұлғаның атауы, тіркеу нөмірі өзгерген кезде өзгерістерді тіркеу туралы өтінішті осындай өзгерістердің оған қатысы бар құқық иесі беруі мүмкін.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінен өзгеше туындамаса, ортақ үлестік меншіктегі үлеске қатысты мәмілелер жасалған кезде өтініш қалған құқық иелерінің басым сатып алу құқығы сақтала отырып, белгіленген тәртіппен беріледі.
6. Деректері құқық белгілейтін құжатта көрсетілмеген жұбайының біреуінің құқығын тіркеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес неке жасына жеткен өтініш беруші тіркеуге берілген өтініште неке қатынастарында тұрғаны туралы фактінің жоқ екендігі туралы мәліметтерді не неке қатынастарының бар екенін растайтын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, өзінің жұбайы туралы мәліметтерді көрсетуге тиіс.
Егер неке шартында жұбайлардың жылжымайтын мүлікке үлестік немесе бөлек меншік режимі белгіленсе, онда тіркеуші органға неке шарты ұсынылады.
6-1. Егер сатып алынатын немесе сатылатын активтердің жиынтық баланстық құны Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасында белгіленген мөлшерден асып кетсе, онда өтініш беруші мұндай мәліметтерді тіркелуге берілген өтініште көрсетеді.
7. Бір құқық белгілейтін құжат екі немесе одан да көп мемлекеттік тіркеу объектілерін қамтыған жағдайда өтініш берушіге өтініште тіркеудің барлық объектілерін көрсетуі қажет немесе мүдделі адамдар мемлекеттік тіркеудің әрбір объектісін тіркеуге жеке өтініш беруге тиіс.
Құқық белгілейтін құжатта мемлекеттік тіркеудің бірнеше объектілері болған кезде, өтініште біреуі ғана көрсетілетін жағдайларда тіркеуші орган өтініш берушіге тіркеудің басқа объектілерін мемлекеттік тіркеу және бұл үшін тиісті алым енгізу қажеттігін көрсетуге құқылы.
8. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінен өзгеше туындамаса, мемлекеттік органдар және өзге де уәкілетті адамдар салған ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу көрсетілген адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Үшінші тұлғалардың мүдделері үшін құқық қорғау, сот және өзге де мемлекеттік органдардың актілеріне сәйкес салынған ауыртпалық үшінші тұлғаның өтініші негізінде тіркелуі мүмкін.
Мұндай жағдайларда ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар тіркеуші органға беріледі.
9. Алынып тасталды - ҚР 2009.04.22 № 151-IV Заңымен.
10. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және тіркеудің өзге де объектілерін тіркеу туралы өтініштің нысаны мен мазмұнын уәкілетті орган айқындайды.
Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.12.25 № 113-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.04.22 № 151-IV, 2011.02.10 № 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.04.27 № 15-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.