Жұмыс үстелі және оның құрылымы
Жұмыс үстелі – құжаттарды және олармен жұмыс істеуге арналған негізгі құралдарды қамтитын Windows-тың негізгі элементі. Жүйе қотарылған кезде Сіз оны бәрінен бұрын көресіз.
Жұмыс үстелінде Windows нысандары және басқарушы элементтері: белгішелер, лақаптар, үстелдер, мәзірлер, қалталар орналасады (2.2-сурет).
Стандартты көріністе Жұмыс үстелінде Менің компьютерім, Себет, Желілік орта, Internet Explorer (2.3-сурет) терезелерінің белгішелері, Тапсырмалар үстелі, Бастау батырмасы орналасады.
Менің құжаттарым – пайдаланушының құжаттарын қамтиды.
Internet Explorer – Internet-беттерін қарап шығуға арналған бағдарламаны қамтиды.
Менің компьютерім – дискілер және ақпаратты сақтауға арналған қосымша құрылғылар тізімін қамтиды.
Желілік орта – желіге қосылған компьютерлер тізімін көрсетеді.
Себет – жою кезінде қате әрекеттер жасалған жағдайда қайта қалпына келтіруге болатын жойылған нысандар тізімін қамтиды. Басқаша айтсақ, Себет – файлдар мен қалталарды жою кезіндегі қосымша қауіпсіздік құралы.
Жұмыс үстелінің төменгі бөлігінде Бастау батырмасы, Жылдам іске қосу үстелі, Тапсырмалар үстелі, Индикаторлар үстелінен тұратын жолақ орналасқан.
Бастау батырмасын басқаннан кейін бағдарламаларды іске қосуға, құжатты ашуға, жүйе баптамаларын өзгертуге, анықтамалық мәліметтер алуға, қажетті файлдарды табуға және т.б. мүмкіндік беретін Windows Бас мәзірі (2.4-сурет) ашылады.
Классикалық Windows Бас мәзірі мынадай әмірлерді қамтиды: Бағдарламалар, Құжаттар, Баптау, Іздеу, Анықтама, Жегу. Бұлардың әрқайсысы белгілі бір қызмет атқарады.
Бағдарламалар әмірі компьютерге орнатылған бағдарламалар тізімін көрсетеді және оларды іске қосуға мүмкіндік береді.
Құжаттар әмірі жақында ашылған құжаттар тізімін көрсетеді.
Баптау әмірі жүйенің бапталуы өзгертілетін құрамдас бөліктерінің тізімін көрсетеді.
Іздеу әмірі файлдарды, қалталарды немесе пошталық хабарламаны іздеуді жүзеге асырады.
Анықтама және қолдау әмірі анықтама жүйесін шақыруға мүмкіндік береді.
Егер қандай да мәзірде әмір соңында көп нүкте тұрса, бұл оны шақырған кезде қосымша параметрлер көрсетілетін сұхбат терезесі ашылатынын білдіреді.
Баптаулары өзгертілгенде Бас мәзір сәл басқаша әмірлер тізімін қамтуы, ал олардың атауы сәл өзгеше болуы мүмкін, алайда олардың қызметі бұрынғы қалпында қала береді. Пайдаланушы Бас мәзір тізімін недәуір жиі қолданылатын бағдарламалар және құжаттармен толтыра алады.
Жылдам іске қосу үстелінде әдетте недәуір жиі қолданылатын бағдарламалардың лақаптары орналасады, оларды іске қосу үшін лақапты бір рет шертсе жеткілікті.
Тапсырмалар үстелінде дәл қазір ашық тұрған терезелер мен іске қосылған Windows бағдарламалары туралы ақпарат көрініс табады.
Индикаторлар үстелі дәл қазір іске қосылып тұрған бағдарламалардың бір бөлігін, сондай-ақ жүйелік уақытты көрсетеді.