Омонимдердің зерттелуі
Қазақ тіліндегі омоним мәселесі алғаш рет А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов сияқты ғалымдар еңбектерінде белгілі дәрежеде сөз болғанымен көпке дейін арнайы қарастырылмай келді. Ғ. Мұсабаевтың « Қазіргі қазақ тілі» атты педучилищеге арналған оқулығында омоним туралы алғашқы анықтамалар берілді. Аталмыш оқулықта Ғ. Мұсабаев мынадай анықтама береді: « Шығу жағынан да, мағына жағынан да басқа-басқа, тек айтылуы ғана бірдей сөздерді омоним сөздер дейміз. Бұл анықтаманың жаңсақ жақтарын осы мәселені түбегейлі зерттеген ғалым К. Аханов жақсы ашып көрсетеді. Яғни қазақ тіліндегі омонимдерді алғаш рет арнай зерттеу нысанына айналдырып, жан-жақты саралаған ғалым – Кәкен Аханов. Әрине, омоним мәселесі кейінгі ғалымдар еңбектерінде осы уақытқа дейін назардан тыс қалған емес. Олардың қатарына Ғ. Мұсабаев, С. Кеңесбаев, М. Белбаева еңбектерін атап өткен жөн.
Ғалым К. Аханов өз еңбегінде омонимдер мен көп мағыналы сөздердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына кеңінен тоқталады. Омонимдердің жасалу жолдарына жекелей тоқталып, жасалу жолдарын төмендегідей жіктейді :
1. Сөздердің мағыналы жақтан дамуы нәтижесінде жасалған омонимдер;
2. Фонетикалық өзгерістер нәтижесінде жасалған омонимдер;
3. Аффикстер жалғану арқылы жасалған омонимдер;
4. Басқа тілдерден енген сөздердің байырғы төл сөздермен дыбысталу жағынан бірдей келуінің нәтижесінде жасалған омонимдер;
5. Екі сыңары да басқа тілдерден ену арқылы жасалған омонимдер.
Омоним мен көп мағыналы сөздің ұқсастығы жайында ғалым К. Аханов: « Полисемия мен омонимді ажыратудың қиындығы бұл екі категорияның кейбір ұқсастығынан келіп туады. Көп мағыналы сөздер кейде омоним сөздердің жасалуына негіз болады да, осылардың нәтижесінде шығуы, жасалуы жағынан ондай омоним сөздердің көп мағыналығы дегенмен ұштасып жатады» деп көрсетеді. Ғалым атап кеткендей бір кездері полисемия болған сөздердің мағыналары ыдырап, ортақ байланыстырушысы мағыналарының үзілуі нәтижесінде тілімізде біршама омоним мен көп мағыналы сөздердің бір-бірінен өзгешелігі түр-тұрпатында емес, мағынасында жатыр. Көп мағыналы сөздердің бір негізде шыққандығын, ұқсастығын бірден танып білуге болады.
К. Аханов тілдегі омонимдік қатарларды зерттей келіп, олардың санын жетіге жеткізеді. Қазақ тіліндегі омонимдерді ғалым «лексикалық мағынасына, олардың әрқайсысына тән грамматикалық мағыналары мен формаларына қарай үш топқа бөледі: а) Лексикалық омонимдер; ә) Лексика-грамматикалық омонимдер; б) аралас омонимдер (омонимдік қатарлар).
Сөздердің мағынасын ажыратуда контекстің рөлі айырықша. Әсіресе, омонимдерді жеке тұрғанда айқындау мүмкін емес, демек сөз мағынасы В. Виноградов атап көрсеткендей тек контексте ғана анықталады. Контексте сөздің қай ұғымда қолданылып тұрғандығы айқын көрсетілмек. Бірақ соның өзінде де контекстік мағынаның да екі ұшты жағы жиі кездесіп отырады. Сондықтан ғалымдар омонимдік белгілерді анықтауда әр қилы пікірлер ұсынады. Мәселен, Е. М. Галкина – федрук дейтін орыс ғалымы лексикалық омонимдерді көп мағыналы сөздерден ажратуда олардың синонимдерін тауып салыстыру шарт дейді. Егер оларды салыстырған кезде әр сөз әр түрлі синонимдерге ие болса, көп мағыналы сөз болады деген тоқтам айтады. Белгілі дәрежеде бұл пікірдің маңызы болғанымен, оның барлық жағдайы дұрыс бола бермейтіндігін ғалым Ғ. Садықбеков ашып көрсетеді. Мысалы, белгілі нәрсенің жиынтық мәні ретінде көп мағыналы қолданыстағы сөзге «нәтиже», «шешім», «түйін» сөздерінің кейбір қолданыстарының синоним болатынын ескерте келіп, барлық сөздерді түрлі синонимдер түзуіне қарай омонимдер қатарына жатқызуға болмайтындығын ескертеді.
Омонимдердің айырықша түрлерінің бірі - омографтар. Ғалым І. Кеңесбаев пен Ғ. Мұсабаев қазақ тіліндегі омографтарды мойындай қоймайды. « Мұндай сөздердің пайда болуына, алдымен тілдегі дауыс екпіні сөздерді айыру үшін жұмсалмайды. Орыс тіліндегі «замок-замок» типтес сөздер сияқты жаңа сөз жасай алмайды. Соның салдарынан қазақ тілінде омографтарды кездестірмейміз» дейді. Ал зерттеуші К. Аханов болса: « Есім сөздер мен етістіктерді айтуда екпіннің әр түрлі түсетіндігін ескерте келіп»... алма, кеспе, көрме, кірме, түйме, күйме, жатпа, қақпа, бөспе, қойма, шығарма, кірііпе, басқарма деген есім сөздер мен алма, кеспе, көрме, кірме, түйме, күйме, жатпа, қақпа, бөспе, қйома, шығарма, кіріспе, басұарма деген етістіктің болымсыз түрлері де омографтар қатарына енеді. Осы келтірілген омографтардың екпіні бірінші сыңарларының (есім сөздердің) соңғы буынына түседі де, екінші сыңарларының (етістік сөздердің) соңғы буынының алдындағы буынына түсді. Сонымен бұлардың жазылуы бірдей де, айтылуы екпіннің ауысып түсуіне қарай ажыратылып тұр»,-деген уәж айтады [26; 10-15].
Татар тіліндегі омонимдер жайлы алғашқы мәліметтер Г. Сагдидің әдебиет мәселелеріне арналған еңбектерінде кездестіруге болады. Автор омоним мәселесіне әдебиеттік көз қарас тұрғысынан келеді: омоним ұғымына анықтама беріп, мысалдардың негізінде омонимдердің көркем шығармадағы рөлін нақтылайды. Ол омонимдерді татар әдебиетінің стилистикалық құралының бірі ретінде қарастырады. Зерттеу еңбегінде омонимдер жайлы «Сљйлёмдёге сњзлёр арасында аваз тљзелешлёре ягыннан бертљрле булып та, њзлёре башка мёгънёлёрне аћлаткан сњзлёр байтак. Мондый сњзлёр омоним булалар. Мёсёлён, «оч» сњзе бар. Мёгънё ягыннан ул очуны џём предметныћ очын аћлата, «очсыз» сњзе – чиге юк, кыйммёт тњгел, очы юк – тупас мёгънёсендё» (тілде өзінің дыбыстық құрамы жағынан бірдей, бірақ оған қоса мүлде басқа мағына беретін сөздер аз емес) (Сагди, 1941, 122).
Аталмыш еңбекте омонимия мәселесі жалпылама түрде қарастырылады, көптеген мәселелер, соның ішінде омонимдердің пайда болуы, түрлері, омонимдердің көп мағыналы сөздерден айырмашылығы сияқты күрделі мәселелерді анықтау автордың негізге мақсаты емес. Алайда бұл омонимия мәселесін зерттеудегі алғашқы тәжірибе болғандықтан, аталған мәселерді одан әрі зерттеуге маңызды рөл атқарды.
Татар тіліндегі омонимия мәселесін ғалым Ш. Рамазанов жан-жақты зерттеді. Ол омонимдерді сөздердің полисемантикалық топтарынан айыру мәселесін қозғады. Автор омонимдердің табиғатын анықтай келе, оларды лексикалық және лексика-морфологиялық омонимдер деп екі үлкен топқа бөледі. Ғалым омонимдер негізінен зат есім, сын есім және етістіктерде сияқты сөз таптарында кездесетінін айтады. Сонымен қатар Ш. Рамазанов дыбысталуы мен жазылуындағы айырмашылықтарына қарай омонимдерді омоформа, омограф, омофондар деп бөледі (Рамазанов, 1954, 28-33).
Омонимдер жайында татар ғалымы Р. Шакирова өзінің « Лексикалық омонимдер және олардың этимологиясы» атты мақаласында омонимдерді лексикалық және морфологиялық деп бөліп, лексикалық омонимдерге кеңінен тоқталып, олардың жасалу жолдарын жан-жақты қарастырады.
Татар тіл білімінде омонимдерді үйрену, зерттеу туралы сөз бастағанда, Ф. С. Хакимжановтың есімін ерекше атап өтуге болады. Ол өз мақаласында омонимия мәселлесін қарастыра келе, мынадай классификациясын ұсынады: 1. Лексикалық омонимдер; 2. Грамматикалық омонимдер 3. Фонетикалық омонидер; 4. Графикалық омонимдер; 5. Синтаксистік омонимдер (омомдел,омосинтагма) ; 6. Фразеологиялық омонимдер. Ф. С. Хакимжанов сонымен бірге морфологиялық (омоморфема) және стилистикалық (омостилема) омонимдерді құрамына қосып, бұл жүйені толықтыруға болатынын жазады [Хәкимҗан, 2004. -№ 6. 33-39].
Татар тіліндегі омонимдерді ғылыми тұрғыда Б. С. Салимгараева қарастырған. Ғалым 1971 жылы «Омонимы в современном татарском языке» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады [27; 29-36].
Жалпы татар тіліндегі грамматикалық омонимдерді бірқатар ғалымдар, Х. Р. Курбатов (Грамматические омонимы в татарском языке // Татар теле һәм әдәбияты.– Казан: Татар. кит. нешр., 1959.), Р. Р. Салахова (Омонимичные суффиксы татарского языка. - Казань: Gumanitarya, 2007.) т.б.
Татар тіліндегі омонимдер сөздігі тұңғыш 1997 жылы Ф. С. Сафиуллина және Л. М. Ризванованың авторлығымен жарыққа шықты.
Башқұрт тіл білімінде омонимия мәселесін ғалым М. Х. Ахтямов зерттеген. Ғалым 1996 жылы «Проблемы омонимии в современном башкирском литературном языке» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, башқұрт тіліндегі омонимдерді ғылыми тұрғыда жүйелі қарастырды.
Құмық тіліндегі омонимия мәселесін алғаш қарастырған құмық ғалымы – Б. Ш. Беширов. Ол 2002 жылы « Омонимия в современном кумыкском языке» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғалым диссертацияның бірінші бөлімінде басқа түркі тілдеріндегі диссертациялық еңбектердегі сияқты омонимия және полисемия мәселесін қозғайды, екеуінің айырмашылықтарын анықтайды, грамматика және сөзжасам ұстанымы тұрғысынан омонимдерге талдау жасайды, ал екінші бөлімінде қазіргі құмық тіліндегі омонимдердің түрлері мен типтерін жүйелі түрде зерттеп анықтайды [28].
Қарақалпақ тілінде омонимия мәселесі жайында еңбектерді кездестірмедік. Дегенмен, омоним ұғымы, түрлері, жасалуы жайлы қарақалпақ ғалымы Е. Бердимуратовтың «Хәзирги заман қарақалпақ тили. Лексика» атты еңбегінде сөз етіледі [29].
Қырымтатар тіл білімінде омонимия мәселесін тұңғыш зерттеп қарастырған ғалым – З. М. Саттарова. Ғалым 2003 жылы « Омонимы в современном крымскотатарском языке» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. З. м. Саттарова өзінің кандитаттық диссертциясында омонимия және полисемия саласында славян және түркі лингвистерінің жетістіктері қарастырылған, қазіргі қырымтатар тіліндегі омонимия және полисемия мәселесі, және де олардың ұқсас тұстары мен дифференцианальды белгілері зерттелген. Негізгі омонимия және полисемияның шектік белгілері- семантикалық айырмашылықтарының сипаттамасы анықталды. Омонимиялық құбылыстың сипаттамасы беріліп, кешенді тәсілдеме негізінде қазіргі қырымтатар тілінің омонимдерінің синхрондық классификациясы жүзеге асырылды, сонымен бірге жай, күрделі және аралас омонимдік топтарға жүйелі талдау жасады. Диссертацияда омонимдердің пайда болу жоддары сипатталып анықталды, омонимдердің жасалу жолының екі тобы: бірінші, семантикалық және грамматикалық жолмен пайда болған гомогенді тобы, және де екінші, тілдің ішкі және сыртқы ресурстаның әрекетінің нәтижесінде пайда болған гетерогенді тобы деп бөлініп белгіленді. Диссертацияның бір құндылығы, қазіргі қырым татар тілінің омонимдердің және омонимдік құбылыстың қысқаша сөздігі ұсынылған [30].
Ноғай тіліндегі омонимдерді тұңғыш зерттеп қарастырған ғалым- З. С. Суюнов. Ол 2004 жылы «Омонимия ногайского языка» атты тақырыпта кандитаттық диссертация қорғап, ноғай тіліндегі омонимдерді жан-жақты зерттеді. Еңбектің ерекшелігі, ноғай тілінің омонимдері басқа да генетикалық тұрғыда жақын тілдермен қазақ, қарақалпақ, территориялық жағынан жақын құмық, татар, қарашай- балқар т.б тілдермен, сонымен қатар омонимдердің түрлері мен типтерін зерттеуде туыстас емес тіл, яғни француз тілімен тілімен салыстыра отырып зерттелді, зерттеудің бұндай жолы омонимия мәселесін жан-жақты аша түсуге мүмкіндік береді [31].
Қарашай-балқар тіл білімінде де омонимия мәселесіне қатысты бірқатар еңбектерді кездестіруге болады. Мәселен, Ф. К. Аппаева «Генетически родственные омонимы в карачаево-балкарском языке»(Нальчик, 2000) атты кандитаттық диссертациясында конверсия және сөздің полисемиясының ыдырауының нәтижесінде пайда болған генетикалық туыстас омонимдерді жан-жақты қарастырып зерттеді.