Жаттардың мәтінін таңдап алу және беру. 2-сағат. 2 страница
Үнпарақтарды баспаханалық данасы бойынша жариялаған кезде археограф, біз атап өткендей, олардың мазмұны мен сыртқы ерекшеліктерін өте мұқият зерттеп, бұл кезде оның жазылу стиліне, өзіне тән мазмұнына, оның басылған материалының сипатына, т.б. баса көңіл бөлуі керек. Жариялаушыны қызықтырған құжат жайлы сөз болатын тиісті ілеспе дереккөздерді тарту археографқа оның түпнұсқалығына немесе, керісінше, жалған екендігіне көз жеткізіп алуға мүмкіндік береді. Мұндай, тіпті сыртқы сын шеңберінен шығып кететін дереккөзтану талдамасы, дереккөздердің осы түрінде қолдануда өзін толық ақтайды – өйткені, мысалы, Ұлы Отан соғысы жылдары Беларустің жаулап алынған жерлерінде неміс басқыншыларының арнайы органдары шығарған жалған үнпарақтардың да көп болғанын ескерсек, әртүрлі үнпарақтарға мұқият қараудың қажеттігі түсінікті болмақ.
Осы жерде 1943 жылдың наурыз айында Гомель және Полесск облыстарының партизандары мен жергілікті халқының арасында таратылған, «бұза-жарып өтуші командалық армия» атынан шығарылған жалған үнпарақты мысалға келтіре кетуге болады. Оның жалған екендігіне дәлелді біз осы облыстардағы партизандық құрамалардың мерзімдік басылымынан, сондай-ақ жеке адамдардың дереккөздерінен (мысалы, Гомель облысындағы партизан қозғалысы басшыларының бірі Е.И. Барыкиннің күнделігінен) кездестірдік.
Кейде стенограммалардың негізгі мәтінін таңдап алуда да археограф қиындыққа тап болуы мүмкін. Олар екіұшты сипатта болады. Бір жағынан, жариялаушы пайдаланушыға оңай оқылатын мәтін ұсынуы тиіс, бірақ, екінші жағынан, сөйленген сөздің өзіне тән ерекшелігін сақтауы керек.
Әдетте стенограммалар мәтіндері өңделген данасы бойынша жарияланады, яғни, сөйлеуші шифрі ашылып жазылған өз сөзінің мәтінін оқып шығып, қол қойған данасы бойынша жарияланады. Алайда бұл кезде түзету дәрежесі қалыптасқан шектен аспауын қадағалау керек (граммматикалық қателерді, қате жазылып кеткен сөздерді түзетуге болады, бірақ сөйленген сөз мазмұнына тиіспеу керек, біз бұл туралы Кеңестердің бірінші бүкілресейлік съезіндегі И. Церетелидің сөйлеген сөзінің стенограммасы туралы сөзімізде айтып кеткенбіз). Автор өзі түзетіп, қол қойған стенограмма мәтіні болмаған жағдайда ол түзетілмеген данасы бойынша, бірақ міндетті түрде бұл туралы мәтінге түсініктемеде ескертіліп басылуы керек.
Телефон, телеграф, телетайп, телефакс, радио, т.б. арқылы берілген құжаттар үшін негізгі мәтін болып жазба (қолтаңба, расталған көшірме) алынады. Кейде біз қолымызға тиген телеграммада қандай келеңсіздіктер болатынын ескерсек, бұл ережеге дауласуға болмайды. Кіріспе мәтін болған жағдайда жарияланып отырған дереккөз онымен салыстырылып, әртүрліліктері жайлы түсініктемеде жазылады.
Құжат жазбасының бірнеше варианттары болған жағдайда (қолжазба, телеграф бланкісіндегі машинка мәтіні, телеграф таспасы) жариялау үшін телеграф таспасындағы мәтін алынады. Таспаның жартысы жоғалған жағдайда, ол басқа дереккөзбен салыстырылып, бұл жайлы мәтінге түсініктемеде ескертіледі.
Құжаттар мәтінін беру
Жарияланатын құжаттың негізгі мәтінін таңдап алғаннан кейін, құрастырушының алдында оны қалай беруге байланысты мәселе туындайды. Даярланып жатқан басылым міндетіне қарай (тарихи, дереккөзтану, палеографиялық, лингвистикалық зерттеулер) құжаттар мәтіні дипломатиялық немесе ғылыми-сыншылдық тәсілдермен, стилистикалық және тілдік ерекшеліктері дәлме-дәл сақталып берілуі мүмкін. Рас, қазіргі украиндық археографтар тарихи құжат мәтіндерін беру тәсілінің біршама өзгеше жіктемесін ұсынып жүр. Олар мәтінді беру тәсілінің ғылыми (немесе дипломатиялық) және ғылыми-сыншылдық (немесе көпшілік) түрлерін бөліп көрсетеді. Мұндай бөлініс, олардың ойынша, қазіргі заманғы эдициялық тәжірибеде орын алып жүрген бір басылымда екі тәсілдің де элементтері субъективті және жүйесіз араласып келуінен қорғайды.
Алайда, біздің ойымызша, бұл – ХVІІІ ғ. соңы – ХІХ ғ. басында Ресейде кеңінен қолданылған, сол кездің өзінде П. М. Строев тарапынан сынға алынған «буквалистік» әдіс деп аталатынған (А. Л. Шлецердің және оның ізбасарлары Я. И. Бередников, А. Н. Олениндердің, т.б.) қайта оралуға тырысушылықтан басқа ештеңе де емес. Реті келгенде айта кетелік, мұндай мәтінді «буквалистік» қабылдау әдісін біз шіркеулік құжаттарды жариялауда, мысалы, «Минская старина» деп аталатын Минск тарихи-археологиялық мұражайының «Епархиальные ведомости» жинағынан кездестірдік. Біздің ойымызша, мұндай әдістің таза техникалық жағынан да болашағы жоқ: ол терімді барынша қиындатып, басылымның қымбаттай түсуіне әкеледі.
Басылымның дипломатиялық тәсілінде мәтін түпнұсқаға және оның ерекшеліктеріне: көнерген орфографияға, қолданыстан шыққан әріптері сақталып, қолданылған қысқартулары, мәтін мен қойылған қолдар сол қалпы, қателері де өзгеріссіз толық сәйкестікпен қалпына келтіріледі. Дипломатиялық тәсіл арнайы ғылыми және оқулық типтерінде (палеографиялық, лингвистикалық, т.б.) қолданылады.
Стилистикалық және фонетикалық ерекшеліктерін өзгеріссіз сақтауды көздейтін ғылыми-сыни тәсіл неғұрлым күрделі әрі даулы пікірталастар тудыратын тәсіл болып табылады. Бұл беларус және орыс тілдеріндегі құжаттарға бірдей қатысты (Нақ осы екі тіл жаңа және қазіргі заман дереккөздеріне неғұрлым сипатты болып келеді).
Орыс тіліндегі құжаттар мәтіндері қазіргі заманғы орфография бойынша берілетіні белгілі; белорус тіліне байланысты да соны айтуға болады, тек қана оның тарихи даму ерекшеліктерін ұмытпау керек.
Бірақ 1920 – 1930-жылдардың басындағы белорус тілінде жарық көрген құжаттарды жариялау қажеттігі туғанда археографқа не істеу керек? Бұл жерде ең алдымен құжаттың авторлығы, оның шығу тегі, түрі, т.б. ескерілетін жіктемелі көзқарас болуы қажет. Заңнамалық, іс қағаздарын жүргізушілік сипаттағы ресми құжаттарды жариялауда қазіргі орфографияны қолдануды ұсынар едім, тек қана архаизмдер мен қолдан енгізілген жасанды сөздердің орнына қазіргі қолданыстағы сөздерді енгізу керек.
Ал белгілі ғылым және мәдениет қайраткерлері тудырған ресми емес құжаттардың жөні бөлек. Бұл жерде археограф пен мәтіншінің әрекеті орфографияны түзету шегінен шықпауы тиіс, ал автор қолданған көне сөздерге тиісу археографияда да, мәтінтануда да жол беруге болмайтын авторлық мәтінді редакциялау болып есептеледі. Гуманитарлық интеллигенция өкілдерінің қатысуымен өткен мәжілістер стенграммалары мен хаттамаларын жариялауға даярлау кезінде де осы принципті ұстануды ұсынар едім (түзетілмеген және қол қойылмаған құжаттарда сөйленген сөз, ерекше фразеологизмдер, т.б. стилін сақтау талаптарын стенографияшы тарапынан жіберілген қателіктерді жөндеу керектігін ескеріп, сәл-пәл жұмсартуға болады. Бірінші бүкілбелорустік конференция хаттамасын басылымға даярлау кезінде біз соңғысымен бетпе-бет келгенбіз: қатысушылардың сөйлеген сөздерін, оның ішінде белгілі жазушы Д.Ф. Жилуновичтің сөзін жазу кезінде стенграфияшы жіберген қаншама қателерді сол күйінде жіберу мүмкін емес деген қорытындыға келдік.
Тарихи құжаттар мәтіндерін беру кезінде археограф қандай ерекшеліктерге тап болуы мүмкін? Олардың саны айтарлықтай көп. Олардың қатарында әртүрліліктерді, қосымшалар мен сызылған мәтіндерді, үстінен қосылғандарды, асты сызылғандарды, авторлық ескертпелерді қалпына келтіру сияқтылар бар.
Белорустік археографиялық басылымдардан алынған нақты мысалдармен дәлелдей отырып, мәтінді беру кезінде туындайтын жағдайларға қысқаша шолу жасаймыз.
Негізгі мәтін мен басқа да тізімдер немесе осы құжаттың редакциясы арасында кездесетін әртүрліліктерді белгілеуден бастайық.
Ғылыми типтегі басылымдарда олар мәтінге ескертпелерде беріледі:
Повелеваемъ же оному Игумену Игнатію съ братіею в томъ святых Богоявленій монастыри благочестно и общежительно...*.
* В другом списке нестяжательно.
(Белорусский архив древних грамот. Ч.І. М., 1824. С. 111)
Жекелеген сөздер мен сөйлемдердің үстемелері құжат мәтінінің тиісті жерінде қалпына келтіріледі де, мәтінге түсініктемеде ескерту жасалады. Ғылыми типтегі мәтіндік түсініктемелерде бір құжатта әртүрлі сиямен немесе қарындашпен жазылған қосымшалар да; сондай-ақ мәтінді қалпына келтіру тәсіліндегі өзгерістер де ескертіледі:
За этот период выведено из города и его окрестностей* 1050 семей.
* Слова «и его окрестностей» дописаны от руки чернилами.
(В непокоренном Минске. Документы и материалы о подпольной борьбе советских патриотов в годы Великой Отечественной войны (июнь 1941 – июль 1944). Мн., 1987. С. 159)
Құжаттың жазылу сипатын (жазудың өзгерісін, сызылған жерлердің, үстінен қосып жазылған сөздердің болуын) зерттеу оның жасалған мерзімі мен орнын, авторлығын, т.б. нақтылауға мүмкіндік беруі мүмкін. Мысалы, БК(б)П жасырын қалалық комитетінің 1941 ж. желтоқсан – 1942 ж. наурыз арасындағы мәжілістерінің хаттамаларының тап-тұйнақтай әрі бірдей қолтаңбасы бізде алдымызда жатқан оқиғаның дәл болған уақытында (яғни, комитеттің отырысы кезінде) қағазға түсірілген құжат екендігіне күдік туғызды. Хаттамалар мазмұнын зерттеу біздің күдігімізді нақтылай түсті: жазбаларда «дәптердің соңындағы сілтемелер», т.б. көрсетіліпті, бұл хаттамалардың кейін көшіріліп жазылғанын айғақтайды.
Әрине, сия түсінің басқашалығы оның бірнеше жерде жазылғанын білдіре бермейді (оның қарапайым себептері де болуы мүмкін: автоқаламның, айталық, көк сиясы таусылып қалып, басқа көк түс болмағандықтан, құрастырушы оны қара сиямен толтыруы мүмкін).
Ал құжатта «оккупация», «в коридор», «сюда» сөздерінің орнына «акупация», «на коридор», «сюдой» сөздерінің жазылуы оның авторы беларус екенін білдіреді. Осыған орай «Наш современник» журналында минскілік автор жазған мақаладағы «шильда» деген сөздің нені білдіретінін қазымыр мәскеулік сыншылар таба алмай қойғанын мысалға келтіре кеткен артық болмайды, ал белорустық оқырман үшін бұл термин («вывеска» – маңдайша) ешқандай түсіндіруді қажет етпейді.
Осындай ұсақ-түйектердің барлығын археограф зерттеушіге баяндауға міндетті, ал ол өз кезегінде, осындай «ұсақ-түйектерге» негізделген қорытынды жасайды.
Құжаттың шығу тарихын, оның редакциялану сипатын, т.б. түсіну үшін археографтың мәтіндегі сызылған сөздерді, сөйлемдерді, айтылуларды, т.с.с. белгілеп қоюының маңызы зор. Ол зерттеушіні құжат жасаушының шығармашылық зертханасына жетелеумен қатар, кейде қоғамдық-ғылыми, саяси, идеологиялық, конфессияаралық, т.б. сипаттағы қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, БССР тәуелсіздігін жариялау декларациясының (31 шілде 1920 ж.) түпнұсқасында Белорус социал-революционерлер партиясы ОК мүшесінің қолы сызылғанына назар аударып, біз осы жарияланымды пайдаланушыларды осы құжаттың жасалу төркініне байланысты жағдайларды анықтауға, сөйтіп, белорустық саяси партиялардың бірінің Декларацияға қол қоюдан бас тарту себептерінің себебін анықтап білуге түрткі жасағандай болдық.
Сызылған сөздер немесе сөйлемдер жарияланатын мәтіннің бөлігі болып саналмайтындықтан, мәтінді беру кезінде олар қалпына келтірілмейді. Мәтінге түсініктемеде бұл: «Бұдан кейінгі сөз (сөйлем) сызылған...» деп беріледі:
Леплевка тұрғыны Багонский Леон атыс кезінде екі тізесінен жараланып, дәрігердің анықтауы бойынша, көп қан жоғалтқандықтан осы жылдың 26 шілдесі күні таңғы сағат 7-де қайтыс болған*.
*Бұдан кейінгі Оның мәйіті Домачевода жатыр деген сөз сызылған.
(Борьба трудящихся Западной Белоруссии за социальное и национальное освобождение и воссоединение с БССР. Документы и материалы. Т.. Мн., 1972. С. 251)
Ал жарияланатын құжатта сызылғандар көп болған жағдайда, мәтінге түсініктемені бұл жайлы мәліметтермен ауырлатпас үшін, оларды негізгі мәтінде қалпына келтіруге де болады. Бұл сызылған сөздерді немесе сөйлемді үшбұрышты немесе өрнекті жақшаға алу арқылы, бұл туралы алғысөздің археографиялық бөлігінде міндетті түрде ескерту беру арқылы жасалады. Мысалы, Кеңестік Ресейдің 1917 – 1922 жылдардағы жоғарғы билік органдары мен басқармалық органдарының декреттерін жариялаған кезде осындай әдіс қолданған:
По <приемке> приему ткани Центротекстиль вносит полностью стоимость принятой ткани на текущий счет данного предприятия.
(Декреты Советской власти. Т. 3. М., 1964. С. 49)
Мәтін үстінен қосып жазылған сөздер мәтіннің қай жерінде берілсе де мәтіннің жалғасы ретінде беріледі. Олардың құжаттағы орыны мен авторлығы мәтінге қосымшада айтылып өтеді. Жекелеген орындардағы автордың астын сызған жерлері басқаша қаріптермен еркшеленеді. Автордың құжатқа жасаған ескертпелерін жариялаушының ескертпелерінен ажырату үшін жақша ішінде («Құжаттағы ескертпе») немесе («Автордың ескертпесі») деген сөздер қосып жазылады:
Между петербургскими моими товарищами я узнал В. К. Калиновского2.
2 Викентия Константина (Примечание источника).
(Восстание в Литве и Белоруссии 1863 – 1864 гг. М., 1965. С. 446–455)
Құжаттың қолтаңбасының өзгерісі немесе мәтінді қалпына келтіру әдісінің өзгерісі мәтінге түсініктемеде айтылады:
Біз шығарған газеттер мен үнпарақтарға қосымша басқа баспаханаларда басылған «Майдан хабарлары» атты үнпарақтар мен басқа да газеттер* таратылып жатты.
* газеттер сөзі қолдан сиямен түсірілген.
(Бас имейтін Минскіде. Мн., 1987. С. 160)
Мәтінде кездесетін өзге тілдегі сөздер мен сөйлемдер түпнұсқа тілінде қалпына келтіріледі, ал мәтінге түсініктемеде ол сөздің аудармасы, қай тілден екені дөңгелек жақшаға алынып беріледі:
Под руководством секретарей райкомов уничтожено имение Зеленевичи, сожжены стайня*, обора**...
* стайня (польск.) – конюшня
**обора (польск.) – коровник
(Комсомол Белоруссии в Великой Отечественной войне. Документы и материалы. Мн., 1988. С. 29)
Құжаттардағы ұзындық, уақыт, салмақ және басқа өлшем бірліктері, егер олардың алдында сандар тұрса қысқартылған күйі, ал ондайлар болмаса, толық түрде қалпына келтіріледі:
3 км. 500 м. (но километр 400 м.); 3 руб. 50 коп. (но рубль 50 коп.).
Құжаттың мазмұнына қатысы бар резолюция мен белгілер (құжатты жібергені, қабылдап алғаны, тіркелгені, т.б. туралы) құжат мәтінінің соңында қойылған қолдардан кейін, жаңа жолдан хронологиялық тәртіппен (егер күндері көрсетілген болса) беріледі. Белгіні қойған адамның аты-жөні, сондай-ақ жазу тәсілі көрсетіледі. Резолюция немесе белгілерге тіркелген редакциялық мәтіндер ерекшелеу үшін басқа қаріппен теріледі:
Телеграмма морского отдела 12-й армии началинику оперативного отдела Днепровской военной флотилии В. Е. Дьяченко о боевых задачах флотилии на Припяти
3 мая 1920 г.
Резолюция командующего флотилией П. И. Смирнова: «А где десант, где пехота? П. Смирнов. 5 мая»
(Борьба за Советскую власть в Белоруссии. 1918– 1920. Сб. документов и материалов в двух томах. Т. 2. Февраль 1919 – 1920 г. Мн., 1971. С. 284)
Манифест Временного рабоче-крестьянского советского правительства Белоруссии*
*Перед заголовком помета карандашом: «По распоряжению т. Розенталя настоящий Манифест передан в Минскую центральную контору для распространения. 2 января. 7 час. 15 мин.»
(Обретение республики: история образования Белорусской ССР и создания Компартии Белоруссии в документах // Неман. 1989. № 1. С. 127)
Құжат мәтінінің жекелеген жерлеріне тиесілі белгілер мәтінге түсініктемеде көрсетіледі:
Показания К. Калиновского в Виленской особой следственной комиссии
30 января 1864 г.
В должности мне было отказано, но я продолжал оставаться в Вильно, потому что осведомился о распоряжении начальства гродненского о моем арестовании*...
Помета чиновника на полях: «За что?»
«К. Калиновский: Из печатного и рукописного наследия. Мн., 1988. С. 78)
Ғылыми басылымдардағы «Іске тігу», «Орындалды», «Бақылауда ұсталсын», т.с.с. іс қағаздарын жүргізу сипатындағы белгілер, егер олардың тақырыпты ашуда маңызы бар болса, құжат мәтінінен кейін беріледі. Ал ғылыми-көпшілік (жалпыға арналған) басылымдарда оларды қалдырып кетеді.
Сызылған сөздер сияқты, белгілерді берудің де зерттеушіге құжаттың шығу төркіні тарихын білу үшін ғана емес, одан да кеңірек планда пайдасы зор болуы мүмкін. Мысалы, 1626 жылғы Клецк ординациясының құрал-жабдықтарын зерттеуші З. Ю. Копысский оларда бұрынғыларының орнына жаңа фамилиялар қойылғанына көңіл аударады. Ғалым да кейбір фамилиялардың тұсына «жесір» деген белгілердің қойылғанын аңғарады. «Екі белгі де, – деген қорытынды жасайды ол, – Клецк 1626 жыл алдында бір күшті сілкіністі – жұқпалы ауру немесе қарулы шабуылды бастан кешіргенін білдіреді. Құралдың өзі бұл оқиғаның орын алу себебі мен болған күнін ашпайды, бірақ белгілердің танымдық мәніне баға жетпейді.»
Бұл жерде біз белгі мен қыстырма сөздердің болуы Клецкіде сондай оқиғаның орын алғанын тікелей білдірмегенімен, ғалымға белгілі бір тұжырым жасауға негіз беріп отырғанын көреміз.
Эпистолярлық сипаттағы құжаттар үшін кейде адрестері, пошта мөртабандары және басқа хат жіберілген конверттен алынған мәліметтер маңызды рөл атқарады. Егер бұлар хат авторын, хаттың жазылған жерін, оның жазылған күнін, т.с.с. анықтау үшін маңызды болған жағдайда, мұндай ақпараттар мәтінге түсініктемеде келітірілуі тиіс. Егер құжат атрибутталған болса, конверттен алынған ақпараттар алғысөз, түсініктеме, т.б. жазған кезде кәдеге асуы мүмкін.
Мәтінді беру кезінде археограф: құжат неғұрлым көне болған сайын, оның жариялануына соғұрлым мұқият қарау керек деген принципті қатаң ұстанғаны жөн. Мысалы, ежелгі дәуір мәтіндерін (ХVІ ғасырға дейінгі) беру кезінде оның орфографиялық ерекшеліктері өзгеріссіз сақталады. Осы кезеңде өмірге келген ғылыми типтегі қолжазба кітаптар мен құжаттардың мәтіні азаматтық әліпбимен, қолданудан шығып қалған кириллица әліпбиінің әріптік белгілері: «и десятиричное», «ять», «фита», «от», «юс большой», «юс малый» сияқтылар қоса беріледі. Бір дыбысты білдіретін қосарлы әріптер (оу – у), сондай-ақ «кси», «пси», «жуандық белгісі» дыбыстарының үйлесімін білдіретін әріптер қалпына келтіріледі. Әріптердің арасы қосылып кеткен қолжазба мәтіндерде сөздер, сөйлемдер, азатжолдар бөлініп, қазіргі пунктуация енгізіледі. Бір қарағанда техникалық сипаттағы болып көрінетін археографтың бұл әрекеттері шындығында олай емес. Мәтінді сөздер мен сөйлемдерге бөлшектеп, дұрыс оқи білу кейде көп нәрсенің бастауы болып табылады.
Осы жерде күлкі ретінде І Петрге қатысты деп айтылатын, бір үтірдің түсіп қалуынан мәні өзгеріп кеткен мынадай жарлықты: «Казнить нельзя помиловать» сөзін немесе Никонов жылнамасынан алынған, ақыр аяғында ғалымдар оны дұрыс бөлшектеп оқу қажеттігіне көздері жеткенше «И ногаи быка Сторохани кочевали» болып қолапайсыз, түсініксіз оқылып келген «И ногаи бы к Асторохани кочевали» сөзін еске түсіре кеткен артық болмайды. Русская правдадан алынған, сөйлемдерді дұрыс бөлшектеп оқуға байланысты мына бір байсалды мысалды да келтіре кеткен артық болмайды – Киев Русіндегі халық санаты «и» әрпінің қалай оқылатындығына байланысты (көмекші сөз бе әлде жалғау ма) шешілетін болған: «смерди(й) холоп» (т.е. смерд, имевший холопа) немесе «смерд и холоп» (т.е. две равнозначные категории).
Сөздердің арасын дұрыс бөлмеу салдарынан Волынск қысқаша жылнамасының мәтінін дұрыс оқымау мысалын ресейлік тарихшы әрі археограф В. А. Кучкин келтіреді. 6907 ж. жылнама мақаласында былай деп жазылған: «А Витовт бһгуся ять месяца августа 5 за 500 верст за Киевом». Осы орынға байланысты түсініктемеде Улащик дұрысы «бился» болып оқылуы керек деп жазған. Шындығына келгенде түпнұсқада ешқандай қате болмаған, тек қана археограф сөздерді дұрыс бөлмеген. Бұл жерде «бһгу ся ять», яғни «ялся бегу», «побежал» деп оқу керек еді.
1552 ж. 29 желтоқсанда Прага қаласында берілген І Фердинанд грамотасын дұрыс оқу нәтижесінде белорус ағартушысы Ф. Скорин өмірбаянының бұған дейін белгісіз болып келген деректері мәлім болды. 1930-жылдары Карлов университетінің профессоры А. В. Флоровский чех археографы Ф. Дворский «Славянский сборникте» жариялаған жоғарыда аталған грамотамен танысады. Сөз король бағбаны болып қызмет еткен өз әкесінің мұрасын алу үшін Прагаға келген Симеон Рус дейтін біреу туралы болады. Әкесінің аты грамотада былай аталыпты: «покойный доктор Франтишек Рус с Корынсполоцко». Грамотаны бірнеше рет оқып шыққан Флоровский чех археографы сөздерді дұрыс бөлмегенін, оның былай оқылатынын түсінді: «Франтишек Рус Скорын с Полоцко». Мұрағаттан түпнұсқасын тауып алған Флоровский онда да солай қате жазылғанын көреді. Король кеңсе қызметкері қалай естілсе, солай жазып, қате жіберген. Ал Скориннің жаңа есімі – 1940 - 1950-жылдары үйреншікті әрі дұрысы – Франциск есімін ығыстырып шығарған – Георгий есімі де қате оқылудың салдары. Мәселе мынада, 1532 ж. 25 қарашадағы Скоринді воеводалар, каштеляндар, старосталар мен қарапайым соттардың соттауынан азат еткен король грамотасында ағартушы есімі Георгий деп аталған. І Сигизмунд король қол қойған бұдан төрт жыл бұрынғы осындай грамотада Скоринді Франциск деп атапты. Алайда бұл есімнің алдына латынша «egrerium et famatum» – «көрнекті әрі даңқты» деген сөздер қосақталыпты. 1925 жылы поляк тарихшысы Г. Ловмянский 25 қарашадағы грамотада кеңсе қызметкері қателесіп, «egreriі» дегеннің орнына «Georgii» деп жазып жіберген деген болжам айтты. Познань қалалық мұрағатында сақталатын жоғарыда аталған грамотаны тағы бір зерттеген замандасымыз скоринтанушы белорус Г. Я. Голенченко да поляк тарихшысының болжамын қостады.
Егерде сөйлемдерді сөздерге дұрыс бөлшектеу мәселесі көбіне ертедегі құжаттарға тән болса, тыныс белгілерінің ережелерін дұрыс сақтау жаңа заман құжаттары үшін де маңызды болып саналады. Мысал үшін Туров аудандық әскери ревкомының 1921 жылғы 6 шілдедегі бұйрығымен Житкович ауданы бойынша «Память» кітабының шығарылуын алуға болады. Құжаттың бірінші параграфын оқиық: «При обходе по отделам 6, 7, 21-го с.м. в 11 час. утра...» Бұйрыққа 6-сы күні қол қойылса, аралап шығу (обход) 7-сі және 21-і күндері болғаны қалай деген сұрақ туады. Мұндай сәйкессіздіктің себебін түсіну үшін түпнұсқаны іздеудің де қажеті жоқ: сандардың арасындағы үтірлер орнына құрастырушылар түпнұсқада бар нүктелерді; «с.м.» орнына – «с.г.» қоюы керек еді.